308
«Нұр Отан» партиясы: Ел сенімі – ынтымақ кепілі
«Нұр Отан» партиясы: Ел сенімі – ынтымақ кепілі
«Нұр Отан» партиясының өңірлердегі филиалдары көшпелі қоғамдық қабылдаулар жұмысын жандандырды. Партия мүшелері азаматтардың өтініш-тілектеріне құлақ түріп, тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық қатынастар, жұмыспен қамту, қоғамдық көлік пен жолдар және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша құқықтық кеңес беруді және заңнама нормаларын түсіндіруді жалғастыруда.
Өткен аптада «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы №28 мектепте көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Шараға «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мамытбеков Еділ Құламқадырұлы, Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Сенғазиев Қасымхан Сенғазиұлы, қалалық мәслихат депутаты А.Р. Оралов, «Алматы» ауданы прокурорының орынбасары Исабеков Бауыржан, «Алматы» аудандық ІІБ басшысы, полиция полковнигі Төлебаев Марат Сағынтайұлы, Астана қаласы Әділет департаментінің жетекшісінің орынбасары Сағын Ербол Ұбайдоллаұлы, Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы жетекшісінің орынбасары және басқа да 20-дан астам мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің жетекшілері қатысты.
«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Мамытбеков көшпелі қоғамдық қабылдаулардың маңызына тоқталды. «Бүгінде елорда тұрғындары кеңес алуда жүгінетін мекеме бар. Ол – «Нұр Отан» қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі. Қазіргі уақытта осындай қабылдау бөлімдері кейбір мәселелерді шешуде маңызды орын алады. Қоғамдық қабылдау бөлімі – партия мен халықтың арасын тығыз байланыстыратын құрал. Қабылдау өткізу арқылы мемлекеттік органдар қарапайым азаматтардың мәселелерімен танысады, ал қала тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алады. Өйткені тұрғындардың әрбір мемлекеттік және жеке меншік ұйымдардың басшыларына тікелей өз өтінішін жеткізуге мүмкіндіктері бола бермейді. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қаланың шеткі аудандарында және сайлау округтерінде жүйелі түрде қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Көшпелі қоғамдық қабылдаудың маңыздылығы – жергілікті жерде азаматтарды қабылдау арқылы уақытты үнемдеу, проблемалардың уақытында және тиімді шешілуіне септігін тигізеді. Қабылдау жұмысында кәсіби құқықтық көмек, кеңестер беріліп, заңнамалық нормалар түсіндірілді. Қабылдау жұмысы мемлекеттік орган өкілдерінің азаматтардың өтініштерін қарастырудағы ұқыптылығы мен жауапкершілігін арттырады, жүйелі сараптау жүргізіп, нақты шешімдер қабылдауға себеп болады. Азаматтардың өтініштері партия тарапынан қатаң қадағалауда болады», – деді Е. Мамытбеков.
Сондай-ақ, өткен аптада «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құрылымдық бөлімдерінің жетекшілері азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі – Астана қаласының тұрғыны Наталья Абеле жұмыссыздық бойынша төленетін әлеуметтік жәрдемақы алу мәселесі бойынша жүгінді. «Бүгінде ешқандай әлеуметтік жәрдемақы алмаймын. Денсаулығыма байланысты жұмыс істеуге қабілетсізбін. Көз жанарымның 80 пайызынан айырылдым. Күнделікті өмір сүруге аз-маз ақша табамын», – деді елорда тұрғыны.
Бұл мәселені өз бақылауына алған министрліктің тиісті комитет өкілдері Н.Абеле жуық арада әлеуметтік жәрдемақы алатынын жеткізді. Биылғы жылдың тамыз айынан бастап Н.Абеле мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатарына жатқызылмақ. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға бағытталған оқу орталығына өтініш білдірген болатын. «Жұмыспен қамту орталығына мүгедектігіне қарамастан кез келген адам өтініш білдіре алады. Бос жұмыс орындары болған жағдайда сіздерге хабарланатын болады. Сондай-ақ, оқыту мәселесі де қарастырылған. Мүгедектік дәрежесі берілгеннен кейін жұмыспен қамту мәселесі қарастырылады», – деді министрліктің өкілдері.
Бұған қоса, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары Астана қаласының тұрғыны Қалия Бәйтерекованың өтінішіне құлақ түрді. Ол кәмелетке толмаған мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу мәселесі бойынша жүгінді. Қалия Бәйтерековамен тілдескен Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғалиева Сәуле № 5 қалалық емханада балаларға тегін ем көрсетілетінін айтты.
«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалында әр сенбі сайын жер мәселесі бойынша қоғамдық қабылдаулар жүргізілуде. Әдеттегідей өткен сенбіде де қабылдауға келген адамдардың қойған сұрақтары мұқият тыңдалып, ұсыныстары тіркелді.
Азаматтарды «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбек Сағиев, облыстық мәслихаттың депутаты Д.Довматенко, облыстық Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Е.Жаржанов және тағы да басқа партияның белсенді мүшелері қабылдады.
Ақтөбе облысы аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Селбай Қожықов: «Бүгін қабылдауға келген адамдардың көкейтесті мәселелерін мұқият тыңдадық. Әрине ең бірінші мәселе – жер мәселесі. Біз заңға енгізілетін өзгерістер неден туындайтынын, қандай мақсатта қабылданатынын түсіндіріп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы қоғамдық кеңестер туралы, қоғамдық бірлестіктер туралы заң толықтырылып, жаңғыртылды. Құқықтық мәртебелер берілді. Соған орай көптеген жұмыстар атқарылуда. Көптеген игі істерге «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы атсалысып отыр. Бүгін де міне, қаланың ортасында, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында қабылдау жүргізілуде. Қабылдауға әр саланың мамандары келді. Мен кәсіподақтар өкілі ретінде қатысып отырмын», – деп қоғамдық қабылдау жұмысы барысын әңгімеледі.
«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі Аманкелді Мектепбаевтың айтуынша, қоғамдық қабылдауға келетін азаматтардың арасында жер мәселесінен бөлек, шағын және орта бизнес, тұрғын үй салу сынды түрлі мәселелер бойынша жүгінетіндер көп. «Өткен сенбіде қабылдауға 51 азамат келіп жолықты. Оның 21-і жер алу кезегі бойынша, 13-і жұмыс жөнінде мәселе қозғады. Жер сатуға қарсылық білдіріп келген 6 адам болды. Қалғандары кәсіпкерлік құру, тұрғын үй алу сынды жеке жұмыстарымен келді. Бүгін де адам аз емес. Бәрі бірдей жерге қатысты мәселені қозғап отырған жоқ», – деді ол.
Жамбыл облысындағы нұротандықтар да азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, өтініш-тілектерін қанағаттандыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Мәселен, апта басында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы аудандық прокуратурамен бірлесе Бесағаш ауылдық округінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауды «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Несіпбеков Нұрлан Күдербайұлы мен аудан прокурорының орынбасары Асылбеков Алмас Әбдінұрұлы жүргізді.
Қабылдау барысында ауыл тұрғындары жеке сұрақтары мен ауылдың күрделі, шешімін таппай жүрген мәселелерін қозғады. Атап айтсақ, Түрксіб ауылы, Қарой көшесі №1 үйдің тұрғыны Жанұзақ Исақұлы 2016 жылдың қаңтар айында жеке шаруақожалығынан 3 бас ірі қара малы жоғалып, әлі күнге табылмағанын айтты. Ал Аса ауылынан келген Шекербай Базарбеков мал ұрлығының жиі орын алатындығын және осы жайттарды болдырмау үшін прокуратура тарапынан бақылау күшейтіліп, ішкі істер қызметкерлері түнгі рейдтер жүргізсе деген өтініштерін білдірді. Өтініш иелеріне заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көтеріліп отырған мәселелердің орынды екенін және алдағы уақытта шешімін табуға ықпал ететіндіктері туралы айтылды.
Қостанай облыстық партия ұйымының қоғамдық қабылдау бөлмесінің есігі де нұротандықтарға талап-тілегін, арыз-шағымын жеткізгісі келген жергілікті тұрғындарға әркез ашық. Мәселен, сейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық Қоғамдық Кеңес төрағасының бірінші орынбасары О.Ә. Әбдікәрімов Қостанай облысына іссапары барысында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Алдын ала БАҚ-та жарияланған хабарландыру бойынша қабылдауға 14 азамат тіркелген болатын. Олардың төртеуі мемлекеттік органдардың іс-қимылдарына наразылығын білдірді. Мысалы, Қостанай ауданынан келген азаматша Л.И. Красноженова Затобол елді мекенінің әкімі мен аудан прокурорының әрекетсіздігіне шағымданса, Т.Е. Радько «ЖерҒЗО» РМК ҚФ жер телімінің шекарасын белгілеп бермеуіне және қалалық сәулет басқармасына, Ф.А. Ахатаев Тобыл бекетінде «ВЖДО» АҚ атқыштар командасының күзетшісін заңсыз жұмыстан шығарылғаны туралы өтінішпен келген. Оларға тиісінше түсініктеме және ұсыныстар берілді. Сарыкөл ауылының тұрғыны А.С. Багдасарян өзін міндеттемесін дұрыс орындамайтын тауар ұсынушы етіп жариялаған мемлекеттік мекеменің үстінен шағымданды. Оған сот шешімімен келіспей, Бас прокуратураға жүгінуге, содан кейін аппеляцияға беруге кеңес берілді. Ал «Ұзынкөл аудандық білім беру» ММ басшысының әрекетіне Қостанай облысының прокуратурасына арыз жазу ұсынылды.
Келесі 6 адам құқыққорғау органдарының қанағаттанғысыз іс-қимылдарына шағымданды. Л.А. Дехтярева құқыққорғау органынан заңсыз босатылғаны және сөзбұйдаға салушылық туралы өтінішін білдірсе, оған Республикалық Қоғамдық Кеңеске жазбаша түрде өтініш жазып беруі ұсынылды. Ал азамат В.А. Грицай Қостанай қалалық МАИ қызметкерлері өзін заңсыз түрде жол апатын жасаушы деп кінәлауына қарсылық білдірді. Сот шешімі бойынша оның шағымы қанағаттандырылған. Бірақ өтініш иесін полиция қызметкерінің бұйрығын тыңдамағаны үшін (жылдамдықты шектен асыру, теміржолды кесіп өту, қызметкердің бұйрығына қарамастан тоқтамауы) айып тағылған. Бұл кінәлар туралы хаттама жоқ. В.А.Грицайға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро департаментіне жазбаша түрде шағымдану ұсынылды. Қылмыстық істер бойынша сөзбұйдалыққа салу туралы өтінішпен келген Н.И. Скворцова, С.С. Востров, П.В. Самойленкоға түсініктеме беріліп, олардың мәселелері қолма-қол облыстық ІІД мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро департаментінің бақылауына алынды. Ал И.И Родионованың құқыққорғау органдары қызметкерлерінің әрекетсіздігіне шағымданған арызы бойынша оған жаңадан анықталған жағдайлар нәтижесінде сатып алу-сату келісімшартын кері шақырып алу жөнінде азаматтық сотқа жүгіну кеңесі берілді. Және Қостанай облысының прокуратурасына бұл істі бақылауға алу ұсынылды.
Қоғамдық қабылдаулар жұмысының жүйелілігіне жіті мән беретін партияның Павлодар қалалық филиалы да қала тұрғындарын толғандырған мәселелердің шешімін табуға атсалысып келеді. Сейсенбі күні Павлодар қаласының прокуроры Ержан Бөлегенов «Нұр Отанның» Павлодар қалалық филиалында азаматтарды жеке сауалдары бойынша қабылдады.
Прокурорға келіп түскен сұрақтардың ішінде жалақысын ала алмаған құрылысшылар бригадасының ұжымдық өтініші болды. Өтініш берушілер Ақсу қаласында бірқатар жұмыстарды атқарғанымен, жұмыстарды алдын-ала еңбек келісім-шартын жасамай орындаған. Осы себепті даулы жағдай орын алды. Прокурор құрылысшылардың жазбаша өтінішін қабыл етіп, бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеуді қолға алатынын айтты.
Алдағы уақытта да «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдаулар жұмысын жалғастырып, халықпен байланысты нығайта түспек.
Анар ЛЕПЕСОВА