Жетістіктерімізді жалғастыратын – жастар

Жетістіктерімізді жалғастыратын – жастар

Жетістіктерімізді жалғастыратын – жастар
ашық дереккөзі
259
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ­Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы қаласына іссапармен келіп, қалалық және аудандық партия филиалдарының ұжымдарымен, «Нұр Отанның» Бостандық ауданындағы жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы ең ірі «Ақсай-нан» нан өндіру зауыты және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымымен кездесті. Алматы қаласы ‒ Тәуелсіз Қазақстанның алтын бесігі. «Елбасы Алматы қаласын Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі деп атайды. Сондықтан тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында «Нұр Отан» партиясының Алматы филиалы Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді орындаудың сапасы мен көлемі жөнінен де бүкіл елге үлгі болуға тиіс. Бұл ең алдымен, «Қазақстан-2050» стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және «Нұрлы жол» ауқымды бағдарламасын іске асыруға қатысты», ‒ дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед. Сондай-ақ, ол Алматы – еліміздің студенттік орталығы болып саналатындықтан, жастар Президент бастама етіп көтерген жалпыұлттық реформалардың негізгі қозғаушы күші болуға қабілетті қоғамның белсенді бөлшегі екенін атап айтты. Жиында есеп берген «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова: «Халықтың бірлігі мен тұрақтылығын нығайту жұмыстарына алдыңғы кезекте маңыз беріп келеміз. Бүгінде қалалық бөлімшеде 77417 партия мүшелерін біріктіретін 690 бастапқы ұйым бар. Шағын және орта бизнес, ПИК базасында бастапқы ұйымдарды құру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 27 БПҰ ашылып, партия қатарына 11 183 адам қабылданды», ‒ деді. Кездесуде партия Төрағасының бірінші орынбасары Үкіметтің Парламентке ұсынған кейбір заң актілеріне сараптама жасалып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына баяндама ретінде дайындалып жатқанын жеткізді. «Қазақстан азаматының мүлкін сот шешімінен өзге ешбір адамның тартып алуға құқығы жоқ. Бұл еліміздің конституциясында көрсетілген. Мәселенің егжей-тегжейіне мән бермей, бірден мұндай қызмет түрімен қарызын қайтарту қаншалықты дұрыс? Коллекторлық қызметпен айналысатындар қорқытып, үркітіп, бопсалап үйін тартып алмайтынына кім кепіл? Онсыз да жұмысынан қысқартылып отырған азаматтың енді баспанасын тартып алса, не болмақ? Осындай маңызды сауалдарды парламенттегі депутаттар қарастырып жатыр», ‒ деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жиында міндетті медициналық сақтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Бүкіл дамыған елдерде қолданыста бар бұл жүйе бізге де қажет-ақ. Бірақ дәл қаржы дағдарысы «қалтаға» салмақ түсіріп жатқан тұста медициналық сақтандыруды енгізу қаншалықты дұрыс? Зейнетақыға бөлінетін 10 пайыздан бөлек, жеке тұлғаларға – 2%, заңды мекемелерден 7 пайыздан сақтандыруға ақша аудару біразына ауыр тимей ме?», ‒ деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Сондай-ақ, Мемлекеттік органдардың кейбір қызмет түрлерін жекелеген Үкіметтік емес ұйымдарға тапсыру мәселелері де қамтылды. «Жылына бір рет «Нұр Отан» фракциясының депутаттары келеді. Әр саладағы мәселелер бойынша сарапшылар шығып, сол депутаттарға сауалдарын қоя алады. Сіздер қала әкімімен арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, әр тараптың проблемаларын жіті зерттеп, мәселелердің түйінін тарқатуға атсалысуларыңыз қажет», ‒ деді қалалық бөлімшенің жауапты қызметкерлеріне бірқатар нақты тапсырмалар берген Мұхтар Құл-Мұхаммед. Ресми жиналыстан кейін партия Төрағасының бірінші орынбасары қаладағы ең ірі нан зауытының жұмысымен танысуға барды. «Ақсай нан-тоқаш комбинатында» жұмыс істейтін 1300-ден астам жұмысшының 720-дан астамы «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылады. Зауыт ұжымымен кездесу барысында Мұхтар Абрарұлы жерді жалға беру, жерді пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді. Бүгінде аталған зауыт тәулігіне 150 тонна нан пісіреді. «Комбинатта мыңдаған адам жұмыс істейді. Мемлекет басшысының отандық зауыт жұмысына қолдау көрсетіп жатқанына алғысымызды білдіреміз. Агро­өнеркәсіп кешендерінің елімізді түгелімен қамтуға қауқарлы екеніне күмәніміз жоқ. Бүгінде «Ақсай-нан» Алматының жартысын қамтып үлгерді», – деді «Ақсай» НБК» ЖШС өндіріс директоры Күләш Әубәкірова. Партия Төрағасының бірінші орынбасары бір күнге жоспарланған іссапары барысында Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне барып, еліміздің ауыл шаруашылығын жаңғырту және жерді игеру тақырыбында дәріс оқыды. «Бүгінде тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып отыр. Елу жылда ел жаңа болатын болса, соның 25 жылы – тұтас бір буынның өсіп-өркендейтін кезеңі. Елбасы Қазақстанды жастар үшін құрғанын айтып, 25 жастан асқан жігіттерді министрдің қызметіне тағайындады. Мұны бүгінгі жеткен жетістіктерімізді келесі буынға жеткізсін деген мақсатпен жасап отыр. Елбасының кемеңгер саясатының арқасында барлық кедергілерден аман-есен өттік», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұдан бөлек, алқалы кездесуде Қазақстанның Жер кодексіндегі өзгерістерге қатысты ғалымдар өз пікірін ортаға салды. «Қазақстанның Жер кодексін жіті зерттедім. Бұл – 2003 жылғы жер реформасының қисынды жалғасы. Онда түбегейлі өзгеріс жоқ. Кодекстің негізгі бағыттары 13 жыл бұрын бекітілген. Егер ауыл шаруашылығы экономика дамуының негізгі қозғаушы күші болғанын қаласақ, онда басқару мен дамудың экономикалық құралдарын қолдануымыз керек. Шетелдік инвесторларды жолатпай, тек аграрлық саланы жетілдіру жөнінде мәлімдеме жасағаннан түк шықпайды. Жерді шетелдік азаматтар мен компанияларға сату жөнінде сөз болған емес. Тек жалға беру туралы айтылып келеді. Жалға беру уақытының ұзартылғаны дұрыс. Себебі инвестор құйған қаражатын ақтап алу қажет. 10 жылда мұны жүзеге асыру қиындау», – деді профессор Алла Сабирова. Ал жиында баяндама жасаған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов: «Нақтырақ айтсақ, 215 млн гектар ауылшаруашылық жерлерінің жартысынан кемі агроқұрылымға пайдалануға берілген. Соңғы 20 жылда егіндік құнарлылығы 30 пайызға төмендеген, суармалы жер көлемі 2,5 млн-нан 1,1 млн гектарға дейін қысқартылған. Топырақтың құнарлылығын қайта қалпына келтіру мемлекеттің құзыретінде деп есептеймін. Екінші мәселе ауылдағы нарықтық субъектілердің құрылымына қатысты. Елімізде ауыл шаруашылығы өндірісімен 190 мыңнан астам агроқұрылым және 1,6 млн үй шаруалары айналысады. Бұл шаруа қожалықтарының басым бөлігінің көлемі қарқынды әрі тұрақты түрде жұмысын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Сол себепті кіші қожалықтардың ірі шаруашылықтан тиімділігі туралы заңды ешкім жоққа шығара алмайды. Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығына инвестиция тартымдылығының төмендігі. Жалпы көлемде бұл шама 2,3 пайыздан аспайды. Бүгінде Елбасының негізгі тапсырмасы – 2020 жылға дейін ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін 4,5 есеге арттыру жүзеге асырылуда. Салалық өндірістің тиімділігі 17-20 пайызға жетіп, банктің пайыздық мөлшерлемесінен асқан жағдайда бұл салаға инвестиция тартуға болады. Осындай жағдайда өзге қаржы қорларына ауыл шаруашылығына ақша тартуға болады. Өндірістің тиімділігі азық-түлік бағасының өсуіне емес, ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуы мен оның өз құнының төмендеуіне байланысты болуын ескеру қажет. Бұл мәселе еліміздің аграрлық секторына аса қажет жаңа технологияларды ендірумен тығыз байланысты», ‒ деді. Сондай-ақ, университет басшысы ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвесторларды тарту аса қажет шетелдік капиталмен бірге, алдыңғы қатарлы зерттеулерді әкеле алатын тиімді жақтарып атап айтты.

Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары