Толғауы тоқсан "Қазпошта"

Толғауы тоқсан "Қазпошта"

Толғауы тоқсан "Қазпошта"
ашық дереккөзі
304
Есімізді білгелі жұрт үстінен арыз айту тоқтамай келе жатқан мекеменің бірі − пошта қызметі. Әри­не, кеңестік дәуірде бүкіл елге хат-хабар, телег­рамма, газет-журнал, сәлем-сауқат жеткізетін, зей­неткерлердің зейнетақысын беретін, тағы басқа көптеген қыз­метті бір өзі атқарған бұл мекемеде ол кезде тәртіп қа­тал болатын. Бірақ соның өзінде пошта қызмет­керлері­нің кінәсінен сәлемдеме, газет-журналдар кейде иесіне жетпей, жоғалып кетіп жататын.  Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл мекеме де ұлттық реңк алып, «Қазпошта» ұлттық операторы де­ген атқа ие болып, қызмет көрсете бас­таған. Бұрынғысынша, ел орта­лы­ғымен шалғай елді мекендерді бай­ланыстырып, елішілік алыс-берісті жолға қойған «Қазпошта» басында жақсы қызмет көрсетті. Еліміздегі барлық елді мекендерінде бөлімшелері бар, қызметкерлерінің саны да көп алып мекеме ана бір жылдары мемлекеттік идеологиялық, экономикалық жағынан біртұтастығы жолында зор еңбек сіңірді десе болады. Өйткені өт­кен ғасырдың соңғы онжылдығы тұ­сында қаулап өскен ұлттық баспасөзді бүкіл елге жеткізіп беріп, ел тағдырына қатысты тарихи шешімдермен, түрлі жаңалықтармен таныстырып отырған да сол пошта қызметі еді. Кезінде түрлі төлемдер пошта ар­қылы жасалып, телефон байла­нысы да осы пошта мекемелеріне қарайтын. Бірақ уақыт өте келе телефон байланысы өз алдына отау тігіп, елде түрлі банктер көбейген шақта пошта қызметінің өрісі тарыла түсті. Енді адамдар байланыс мәселесінде «Қа­зақтелеком» мекемесіне жүгініп, түрлі төлемдерді банк арқылы жасайтын болды. Дегенмен шалғай елді мекендерде зейнетақы, жәрдемақыларды беру, газет-журналдарды, түрлі сәлем-сауқатты жеткізу «Қазпоштаның» қо­лын­да қалды. Сол сияқты қалалық жер­лерде де көптеген қызмет түрлері әлі күнге «Қазпоштаның» қолында. Міне, осыған қарап еліміздегі пош­та қызметінің әлі де өз кү­шінде екенін білуге болады. Алайда соңғы жылдарда орталықтан шығатын газет-журналдардың шалғайдағы аудан-ауылдарға жетпей қалатыны жайында мәселе жиі көтеріледі. Пошта қызметінің осындай олқылығының кесірінен мерзімді баспасөз құралдары өз оқырмандарымыздан айырылып жатырмыз деп жиі дабыл қағады. Бірақ бәрібір мәселенің түбегейлі шешіліп кеткенін естімейсің. Елімізде бірен-саран облыс кө­леміндегі жекеменшік газет-журналдар болмаса, түгелге жуығының тасымалы осы мекеменің қолында. Газет-журналдарға жазылу түгелдей осында жүргізіледі. Сондықтан газет-журналдарға жазылымнан түскен ақша да «Қазпоштада» сақталады. Оны иелері пайдалану үшін де поштаның шарттарына көнуге мәжбүр. Мәселен, жазылым кезінде пошта редакция белгілеген газет-журнал бағасына өз тасымалының бағасын қосып, ката­логқа салады. Сосын жыл басында пош­та газетке жазылымнан түскен жалпы қаражаттың 30 пайызын ғана редакцияға өткізіп береді. Оның үстіне бір жылдық тасымалының ақысын да алып алады. Сосын газет-журналдар ай сайын өздерінің басылымының таралып жатқаны жайында есеп тапсырған соң ғана пошта олардың ақшасын бө­ліп беріп отырады. Міне, баспасөзден түсетін қаражатқа осылай монополия жасап отырған «Қазпошта» тарату мәселесіне келгенде салақтық танытатыны ыңғайсыз-ақ. Тіпті, қалалық жер­лерде болмаса, шалғай елді мекендерде ұлттық басылымдарға жазылу маусымында халыққа жеткілікті дәре­жеде үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гізбейді. Басқасын былай қойғанда, өзім біраз жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Turkistan газетінде пошта қыз­метіне байланысты талай рет оқыр­мандарымыз тарапынан реніш­тер естіген кезіміз болды. Мәселен, осы­дан екі жыл бұрын Сарыағаш қала­сында тұратын Б.Ұ. деген жазылу­шы­мызға жыл басында екі ай газет бар­маған. Бір емес, екі емес, сегіз нөмірі. Сосын оған газетке жазылған түбір­тегіңді алып, поштаға барып талап ету керегін айттық. Тек содан кейін ғана газетті үйге жеткізіп беретін пошта қызметкері зыр жүгіріп жүріп, әрең түгел­деп беріпті (басында газет шық­пай жатқан шығар деп те сылтау айт­қан көрінеді). Бірақ сол оқырманымыз жыл соңына дейін бәрібір ара-арасында газетіміздің кейбір сандарын ала алмағанын айтты. Өзімізден басқа­ларды туралы айтсақ, «Қазақ газеттері» серіктестігіне кіретін, балаларға арнал­ған «Ұлан» газетінің қызмет­кер­лері де мұндай жағдай жиі болатынын айтып, жазып жүр. Жыл сайын отандық және ресейлік мерзімді БАҚ-тың ката­ло­гын жасап, бірнеше мың газет-жур­налға жазылым ұйымдастыратын «Қаз­пошта» АҚ мекемесі биыл да сол дәстүрін жалғастыратыны сөзсіз. Бірақ ендігі жағында олар жұмыстарын қа­лай үйлестіреді, бұрынғы қалпын сақ­тап қала ала ма деген сауал көлде­нең­дейді. Мұны тегіннен-тегін айтып отыр­ғанымыз жоқ, өйткені алдағы кезде «Қазпошта» АҚ-ның иесі өзгеріп, соған сай жұмысы да өзгеруі мүмкін. Өйткені «Қазпошта» ұлттық операторы сатылғалы жатқан көрінеді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қорының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің мәлімдеуінше, Қа­зақстандағы пошта қызметінің ұлттық операторы «Қазпошта» АҚ сатылымға қойылыпты. Ол мәселе Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында шешілген. «Келесі компания − «Қазпошта». Осы жылдардың ішінде қор компа­ния­ға 28 млрд теңге инвестиция бағыт­тады. Шалғай аудандардағы желілерінде 8 млрд теңге шығыны бар. Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлі­нетін субсидия көлемі – 4,2 млрд теңге. Сондықтан кеңесшілер оны сату­ды ұсынады. Әрине, бұл жұмыстар да оңай емес. Дегенмен мақұлданған жағ­дай­да біз оны барынша табысты жү­зеге асыра аламыз деп ойлаймын, –деді бұл жайында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы. Орталық пен шалғайдағы елді мекендерді байланыстырып, халыққа қызмет көрсетіп отырған «Қазпошта» АҚ секілді үлкен компа­ния­ны сатып алғалы отырған инвесторлар да бар екен. Дегенмен оны сатып алғандар қалай басқарады, оның қызметінің тиімділігін қалай арттырады, қандай жаңалық енгізеді, мәселе сонда. Кезінде Алматының энергия өндіру және тасымалдау саласын сатып алып, ешқандай жаңарту жұмыстарын жүргізбей, тек халықтан алатын төлемді бірнеше есеге көтер­геннен басқа түк істемей, елді қанаған «Трактебель» компаниясы сияқты, ал­дағы уақытта «Қазпоштаны» иелейтіндер де газет-журналдарды тасымал­да­ғанының ақысын көтеріп, онсыз да қаржылық жағдайы мәз емес ұлттық баспасөзге салмақ салатын болса, оның зардабы ауыр болатыны белгілі. Демек, еліміздің мерзімді баспасөзінің, оның ішін­де қазақтілді басылымдардың бола­шағы «Қазпошта» болашағының қан­дай болатынына байланысты болып тұр деген сөз...  

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары