Шетелдік компаниялар қазақ әуежайларына болмашы ақша төлейді

Шетелдік компаниялар қазақ әуежайларына болмашы ақша төлейді

Шетелдік компаниялар қазақ әуежайларына болмашы ақша төлейді
ашық дереккөзі
379
1 шілдеден бастап мемлекет әуежай қызметтерін реттеуді тоқтатпақшы. Бұған дейін еліміздегі 18 әуежайда 13 қызмет түрін бақылауында ұстап келген Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті жеке бизнестің шаруасына араласуды доғарады. Бұған шығынға әбден баттық деп шағымданған әуежай иелерінің базынасы себеп. Әуежай қызметтерінің құны бақылаудан шықса, билеттердің бағасы да шарықтайды деген сөз. Яғни, түптеп келгенде салмақ жолаушының қалтасына түспек.

«Билетті қымбаттатуға мәжбүр боламыз»

Әуежай қызметтерінің құнын реттеуден бас тарту жайы өткен айдың ортасында Мәжілісте талқыланған болатын. Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау комитетінің дерегіне сүйенсек, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 6 әуежайдың шығынға батқаны, тоғызының пайдасы төмен екені тізілген. Тек Астана, Алматы және Атырау жемісті жұмыс істепті. «Әуежайлар қазір шамадан тыс реттеліп отыр. 13 қызмет мемлекеттік реттеуде, 4 қызмет табиғи монополия ретінде қадағаланады. Үкімет рұқсат берсе, халықаралық қызметтерге өзгерістер енгіземіз. Нәтижесінде қосымша табыс табуға мүмкіндік туады. Әуежайлар соны сұрап отыр», – деді Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин. Комитет басшысының айтуынша, баға қою еркін әуежайлардың өз еркіне беру арқылы олардың техникалық базасы жаңарып, ИКАО талаптарын толық орындауға мол ақша түсіруге болады. Серік Жұманғариннің мәлімдемесінен кейін іле-шала еліміздегі ірі тасымалдаушылар – Air Аstana мен Qazaq air компаниялары әуежай қызметтерінің құны бақылаудан шықса, билет құны шарықтайтынын ескертті. Себебі трап шығару, жолаушыларды қабылдау, ұшақтың ұшуы мен қонуы сияқты бас-аяғы 13 қызметтің құнын бүгінге дейін мемлекет белгілейтін. «Әуежай қызметтерінің көбісі монопольді болып келеді. Өйткені әр қалада бірнеше әуежай жоқ. Әуе компаниялары тек бір әуежайдың қызметін пайдалануға мәжбүр. Бұл міндетті түрде әуе билеттерінің қымбаттауына, жалпы әуе тасымалы құнының көтерілуіне әкеліп соғады», – дейді Air Аstana әуе компаниясының қоғаммен байланыс менеджері Тілек Әбдірахимов. Компания өкілінің айтуынша, әуежайлардың алымы авиациялық отынға жұмсалатын қаржыдан кейінгі үлкен шығыстардың бірі болғандықтан, қызметтер құнының қымбаттауы әуе компанияларын тасымал бағасын көтеруге мәжбүрлейді: «Әуежай алымдары ішкі рейстер бойынша әуе компаниялары шығындарының жалпы құрылымында 11 пайызды құрайды. Ал халықаралық рейстермен есептегенде 16 пайызын құрайды. Яғни, әуежай алымдары авиациялық отыннан кейін әуекомпанияларда шығыстың ең ірі екінші көзі болып табылады. Сондықтан мемлекеттік бақылаудың алынуы билет құнының елеулі қымбаттауына әкеледі. Соның салдарынан ұшушылардың саны сиреп, бизнесті құрдымға жіберуі мүмкін».

«Тасымалдаушылар бізге болмашы тиын төлейді»

Әуежай басшыларының да өз уәжі бар. Олардың айтуынша, әуежайдағы бірқатар қызметтердің бағасы соңғы рет 2002 жылы белгіленіп, содан бері өзгеріс енгізілмеген. Ұлттық валюта құнсызданғалы шығынға батқандарын алға тартып отыр. Бірақ еліміздегі 18 әуежайдың барлығы да қызмет көрсету бағасының өзгеруі ішкі рейстерге әсер етпейді деп сендіруде. Яғни, олар бұрынғы келісімшарттар бойынша жұмысты жалғастыра береді. Ал шетелдік рейстерді қамтамасыз ететін әуе компаниялары енді жолаушыларды тіркеуден өткізуден бастап, ұшақтың ұшуынан қонуына дейінгі атқарылатын қызметтердің бәрінде жаңа баға бойынша есеп айырыспақ. «Әуе компаниялары табыстарын доллармен тауып, бізбен теңге арқылы есеп айырысып жүр. Шетелдік тасымалдаушылар көрсетілген қызмет үшін тиісті құнын төлеуі тиіс. Яғни, баға доллар бағамына сай өзгеруі тиіс. Қазір шетелдік компаниялардың табысы артқан, ал бізге төлейтіні болмашы тиын», – дейді Алматы әуежайының вице-президенті Серік Мықтыбаев. Яғни, әуежайлар шетелдік тасымалдаушылардан түсетін кірісті арттыру арқылы базаларын жаңартып, қызмет сапасын арттыруға мүдделі екен. Жаңа баға тек шетелдік компанияларға қатысты болғандықтан, олар отандық тасымалдаушыларға бағаны көтеруге еш негіз жоқ деген пікірде. Әйтсе де, еліміздің әуе компаниялары қазірдің өзінде әуежайда көрсетілетін жүзден астам қызмет Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті қадағалауынан алып тасталғанын, бәсекелестік туралы жаңа заң жобасын Мәжіліс мақұлдаған жағдайда монополия жүйесінде жұмыс істеп жүрген әуежайларға тарифтердің құнын белгілеу бұрынғыдан бетер қиындай түсетінін алға тартуда. Отандық тасымалдаушылар дүниежүзілік тәжірибені басшылыққа алуға шақырды. Олардың айтуынша, дамыған елдердің барлығында әуежай алымдары мемлекет бақылауына алынып, жыл сайын халық алдында есеп беріледі. Air Аstana мен Qazaq air компанияларының біріккен мәлімдемесінде қымбат тарифтер аймақтық әуежайлардың жағдайын қиындататынына назар аударылған: «Тиімсіз жұмыс істеп жүрген аймақтық әуежайларға келетін болсақ, тарифтердің қымбаттауы операциялық шығындарды өтемей, керісінше бұл аймақтарға бағытталған рейстердің жабылуына әкеліп соғады. Серік Жұманғарин Алматы, Астана мен Тараз қалаларының әуежайларын аса тиімді мекемелердің қатарына қосып, 2014 жылы Алматы халықаралық әуежайы 7,3 млрд теңге, Астана әуежайы 616 млн теңге және Тараз әуежайы 210,1 млн теңге тапқанын айтып, қадағалаудан бас тарту аймақтық әуежайлардың кіріс көзін өсіруге зор мүмкіндік беретініне кәміл сенеді. Алайда ыңғайсыз географиялық орналасу, нарық мүмкіндіктерінің шектеулігі мен халықаралық рейстердің жоқтығы, аймақтық әуежайларды мүшкіл жағдайға соқтыруы әбден мүмкін». Бүгінде елімізде халықаралық рейстердің көбісі Алматы, Астана, Атырау, Ақтау мен Қарағанды қалаларының кірісі мол әуежайларында орындалатыны белгілі. Сол себепті, ұсынылып отырған өзгерістер тек ірі әуежайларға ғана пайдасын тигізеді. Ұлттық әуекомпания өкілдерінің пікірінше, Қазақстан әуежайлары мен аэронавигация қызметтері ұлттық активтер ретінде, мемлекет тарапынан қаржыландырылуы тиіс. Ал әуежай инфрақұрылымын әуекомпаниялар есебінен жақсарту тек әуежайларды жарылқаудың жолы. «Қазіргі таңда, шығындардың көпшілігі, атап айтқанда, ұшақты күту, қосалқы бөлшектерді алу, техникалық тексерістен өту мен басқа да шығындар шетелдік валютамен төленетіндіктен, әуе тасымалдаушыларының кірісі азайған. Атап айтсақ, ТМРБҚК әуежай қызметтерін қадағалаудан бас тартқан жағдайда, қосымша шығындар әуекомпаниялардың мойнына артылып, соңынан жолаушылардан алынатыны түсінікті. ИКАО халықаралық азаматтық авиация ұйымының әуежай салымдары мен аэронавигация салымдары қағидаларына сай, үкімет экономикалық бақылаумен қатар, әуежайдың қызмет атқаруы мен тиімді басқару жүйесін бақылауы тиіс екенін мәлімдейміз», – делінген Air astana мен Qazaq air компанияларының мәлімдемесінде.   Әуежайға барсаң, тойып бар!   Бұған дейін әуежайдағы сатылатын тағамдардың құнына шағымданып жүрген жолаушылар билет бағасы қымбаттар болса, ұшақпен қатынауды қояр ма екен, кім білсін? Қазақстанның бір қаласынан екінші қаласына, көршілес мемлекеттерге жеткізетін көліктің өзге түрі табылар, алайда алыс шетелге жолға шығатындар әуежайдағы аспандаған бағаға көндігуге мәжбүр. Мәжіліс отырысында депутат Меруерт Қазбекова Астана әуежайында бір шыныаяқ шайға 450 теңге төлегенін айтып, Үкіметке жолаушылардың базынасын жеткізді. «Бүгінде әуежайда бір кесе шай 450 теңге тұрады. Жолаушыларда таңдау болған жағдайда ғана, сіздер бағаны реттеуден бас тартуға құқылысыздар. Яғни, ол үшін тағы басқа жеке әуежай жұмыс істеуі керек. Көріп тұрғандай, дәмханалардың өзі бағаны өзара келісіп алып қояды. Ал жолаушылардың басқа баратын жері жоқ. Амалсыз жалғыз әуежайдағы қымбат қызметтерді пайдаланады», – деді депутат. Әуежайдағы ас-судың құны алғаш рет талқыға түсіп отырған жоқ. Естеріңізде болса, өткен жылдың қазанында жолаушылардың бірі Алматы әуежайындағы тамақтану нүктелерінің бірінен алған түбіртегін әлеуметтік желіге жариялап, көпшіліктің жағасын ұстатқан еді. Онда жарты литр салқын шәй 1000 теңгеге, ал бір шыныаяқ кофе 800 теңгеге сатып алынғаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Әлгі сурет желіде ғана емес, БАҚ-та да қызу талқыланып, әуежайдағы бағалар жұрттың жаппай наразылығын тудырса да, кәсіпкерлер бағаны түсірген жоқ. Алматы әуежайына барсаңыз, 1 дана құртты 1200 теңгеге, 0,3 л сусынды 700 теңгеге, 1 дана круассанды 900 теңгеге сатып аласыз. Өз құнынан бес, тіпті он есе қымбат төлегіңіз келмесе, жүрек жалғайтын асыңызды, тамақтанғаннан соң шайнайтын сағызыңызды да өзіңізбен бірге ала барғаныңыз жөн. Өйткені онда «Дирол» сағызының 1 қорапшасы – 500 теңге, 1 дана чупа-чупс кәмпиті – 600 теңгеден жоғары тұрады. Бұл – ішкі рейс аумағындағы дәмханалардың бағасы. Жолаушылардың айтуынша, халықаралық терминалдағы тамақтану нүктелерінде тағам құны бұдан да жоғары. Желідегі шудан соң қымбат бағаның себебін түсіндірген Алматы әуежайының президенті Айбол Бекмұхамбетов сауда орындарының бағасын бақылауда ұстай алмайтындарын айтып ақталды. Оның айтуынша, әуежай аумағындағы қоғамдық тамақтану және сауда орындары осыдан он жыл бұрын жекеменшікке сатылып кеткен. «Әуежайдың екі қабатындағы 24 мың шаршы метр аумақтың 4 мыңнан астамы жекеменшік сауда орындарына тиесілі. Қымбат бағамен сауда жасайтындар да солар. Арнаулы мемлекеттік органдар болмаса, біз ондағы бағаларды реттей алмаймыз», – деді халықаралық әуежай президенті. Ал тамақтану орындары қызметкерлерінің айтуынша, бағаның қымбат болу себебі, сөредегі ас-судың бәрі шетелден әкелінген көрінеді. Тәттілері Италияда шығарылған, ал бәліштері Францияда пісірілген. Шекара асып келген круассандардың 1100 теңгеден сатылуы заңдылық деп түсіндірді саудагерлер. Телеарналардың біріне түсініктеме берген Алматы әуежайының вице-президенті қымбат дәмханалардың қалтасы қалың азаматтарға, шетелдік қонақтарға арналғанын, ал қалтасы көтермейтіндер үшін арзан терминалдар орнатылғанын тілге тиек еткен еді. Алайда арзан деген терминалдарда тіске басар ештеңе жоқ. Тек сусынның бірнеше түрі ұсынылған. Олардың өзі қала ішіндегі қалыпты бағадан үш есе қымбат. «Ел ішінде іссапарларым көп болғандықтан, аптасына бір немесе екі рет әуе рейстерімен ұшамын. Бір жолы әуежайдан бір кесе қара судың өзін 500 теңгеге алдым. Содан кейін шөлдегенде ішетін суымды, қарным ашқанда жейтін жеңіл-желпі тамағымды өзіммен бірге ала келетін болдым. Әйтпесе бұларға күнің түссе, қалтаңды барынша қағып қалғысы келеді.Қойған бағалары мүлдем ақылға сыймайды. Брендті дүкендердің өзінен бірнеше есе қымбат. Рейстері кешігіп, шөлге шыдамағандар қанша қымбат болса да әуежайдан ас-су сатып алуға мәжбүр», – дейді Асқар Қадыржанов есімді жолаушы. Жолаушылар қалтадағы қаржыны үнемдеу үшін ас-суын өзімен бірге алып жүруден бөлек, қымбат әуе билеттеріне ұрынбаудың жолын іздегені жөн. Мәселен, мереке күндері және аптаның жұма күндері билеттер әдеттегіден жоғары тарифпен сатылады. Әуе компаниялары бүгінде тариф бекіту ісі автоматтандырылғанын айтады. Сұраныс артқан сайын, ұшақ билетінің де құны шарықтай беруі бек мүмкін. «Аптаның соңына қарай сұраныс артады. Мысалы, жұма күні. Баға сұранысқа орай реттеледі. Компаниямызда статистикалық мәліметтерді сараптап, математикалық есеп пен болжам арқылы алдағы күндердің сұранысын анықтайтын арнайы бағдарлама бар. Ол арқылы алдағы күндердің сұранысын алдын-ала біліп отырамыз. Бос орындар бағдарламаның көмегімен, бекітілген тарифтермен бағаланады», – дейді «Air Astana» АҚ тариф менеджері Оксана Перлевская. Өткен жылдың шілде айынан бастап әуе билеттерінің шекті бағасының түзілуіне мемлекет араласа алмайды. Антимонополиялық орган әуе компанияларын тек шағым түскенде ғана тексеруге құзырлы. Сондықтан тасымалдаушылардың баға ойнатуына әзірге тыйым болмайтын сияқты. Сапарды мүмкіндігінше алдын-ала жоспарлап, билетті ұшу мерзімінен әлдеқайда ертерек алсаңыз ғана ақша үнемдеуге мүмкіндік бар. Саяхатшылардың айтуынша, билетке ұшу уақытынан 8 апта, яғни екі ай бұрын тапсырыс берген тиімді. Статистикаға сүйенсек, әуе билетін сапардан бір-екі күн бұрын сатып алатындар 40 пайызға дейін артық төлейді екен. Сонымен қатар, бару-қайту билетін бірге алу, тікелей рейстерден гөрі транзиттік рейстерді таңдау ұтымды екенін ескерген жөн. Ұшақ ауыстыру кезінде біраз уақыт жоғалтатаныңыз анық, есесіне біраз ақшаңыз қалтада қалады. Ұйқысын қиып, таңертең және түнгі уақытта ұшатындар үшін де билет әдеттегіден арзанырақ түседі. Сонымен қатар, әуе компанияларының сайтына жиі кіріп, жаңалықтарды қалт жібермей бақылап отырған жөн. Тасымалдаушылар кейде белгілі бір рейстерге арнайы жеңілдіктер жариялап, билетті өз құнынан 20-50 пайызға дейін төменірек ұсынады. Үнемдеудің осындай қарапайым амалдарын қолданбасаңыз, кірісін арттырғысы келетін әуежай да, пайда құмар тасымалдаушы да қалтаңызды қағып қалуға кетәрі емес екені айдан анық.  

Анар Лепесова

Серіктес жаңалықтары