572
Елбасы індеттен тез арада айығып кететініне сенеміз – Зарема Шәукенова
Елбасы індеттен тез арада айығып кететініне сенеміз – Зарема Шәукенова
Зарема Шәукенова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
– Белгілі болғандай, өкінішке орай, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да коронавируске тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Қазіргі таңда Елбасы оқшауланып, қашықтықтан ел саясатына қатысты қызметін жалғастыруда. Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесі баспасөз қызметінің хабарлауынша алаңдауға еш негіз жоқ. Өз тарапымыздан біз де Елбасымыздың жай-күйіне үлкен алаңдаушылық білдіріп, Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің физикалық формасына, спортпен шұғылдануға едәуір көңіл бөлетіндігін ескере отырып, бұл індеттен тез арада айығып кететіндігіне сенім білдіреміз. Үнемі елінің мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан Елбасымызға зор денсаулық, қажымас қайрат, биік рух, амандық-саулық тілей отырып, жасалып жатқан емінің шипа болуына, жұқтырған дерттен тезірек сауығып кетуіне ниеттеспіз. Осы тілегімізге барша Қазақстан халқы қолдау білдіретіндігіне сенімдіміз.
Бүгінгі таңда жаһандық індетке айналған Covid19 пандемиясының қарқыны әлі де бәсеңдер емес. Географиялық тұрғыдан 213 мемлекетті қамтып, вирусқа шалдыққандар саны 8,5 млн адамға жетіп отыр. Қазақстанда да коронавирус бойынша статистика күннен күнге ұлғайып, қоғамның және билік органдарының зор алаңдаушылығын тудырып отыр. Мемлекет тарапынан жасалған індетпен күресу шаралары халықтың асқан жауапкершілігімен ұштасуы қажет екенін соңғы айлардағы тәжірибе анық аңғартты.
Осы орайда, ғасыр індетімен күрес, оның экономикалық, әлеуметтік, психологиялық салдарын еңсеру адамзатқа берілген үлкен сынақ. Бұл сыннан сүрінбей өтіп, дамудың жаңа белесіне көтерілу үшін Қазақстан халқына асқан төзімділік, береке-бірлік, ынтымақ, жақындарына, қоршаған ортаға деген қамқорлық көрсету, айтылып жатқан карантин талаптарын сақтауға байланысты кеңестерге аса мұқият болу қажет.