274
Лаңкестер кепілге алған автобустың жүргізушісі қалай тірі қалғанын айтты
Лаңкестер кепілге алған автобустың жүргізушісі қалай тірі қалғанын айтты
Лаңкестер кепілге алған автобустың жүргізушісі психологтың көмегіне зәру, - деп жазады aktobenews.kz басылымы. Жүргізуші 32 жасар Мұрат Исекешов 5 маусымдағы қанды оқиғаның қақ ортасында қалыған.
— Ол күні әдеттегідей 1-ші бағыт бойынша жұмысқа шықтым. Сағат түскі 13.00-ге таман автобустың қозғалтқышы қыза бастады. Қаланың ескі бөлігінен шағын аудан жағына бара жатқан жолаушылар аз болғандықтан аялдамаларда көп тоқтаған жоқпын. Көліктің қозғалтқышын қарау үшін соңғы аялдамаға асықтым. Көпірден төмен түскен кезде Әлия Молдағұлова даңғылы бойында көлік кептелісінің бар екенін аңғардым да, кішкене Әлияға қарай бұрылдым. Бәрі сол кезде басталды,— дейді оқиға орын алған сәттерді есіне алған Мұрат. — Қайдан шыққаны белгісіз жол полициясы көлігі пайда болып, жолды жапты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері атып-атып шықты. Бірден атыс басталды. Автобуста отырғандардың айқай-шу мен тарсыл-гүрсілден естері танып қалды. Ал мен қауіпсіздік белдігін ағыта алмай әлек болдым. «Қашыңдар», деп айқайлағаным есімде. Алайда олар еденге жата қалысты. Қасымда келіншегім (кондуктор болып жұмыс жасайды) бар еді, соны қараймын айнала. Бар ойым: соған оқ тимесін, сол аман қалсын. Ол сәтте өзім туралы ойламадым.
— Автобусты кепілге алған кезде, шабуылдаушылар не деді?
— Көлікті кепілге алғаннан кейін олар жолаушыларды бірден босатты. Келіншегім Айгүл мені де босатуларын сұрады. Бірақ лаңкестер оған қаруларын кезеніп, қашуын талап етті. Менің шекеме автоматты тақап, Тұрғындар қалашығына қарай жүруды бұйырды. Еш тоқтамай, жолда кезіккендердің барлығын баса-көктей алға жүруімді талап етті. Дегенмен мен жолдағыларды айналып өтуге тырыстым. Кей жерде жолдың қарсы бағыттағы көліктерге арналған бөлігіне шығып кетсем, кей жерде тежегішке бастым. Өзімнің өмірім үшін басқаларды өлтіруге құқым жоқ қой. Әскери бөлімге жеткенде лаңкестер тірі қалуым үшін бір ғана мүмкіндігімнің бар екенін айтты. Ол үшін бөлімнің қақпасын бұзып кіріп, қоймаға дейін жеткізуім кере еді.
-Осы бір қорқынышты сәтте не туралы ойладыңыз ?
— Шым-шытырық болып кетті бәрі, бірақ қалай болғанда да лаңкестерге кедергі болуым керек еді. Қақпаны бұзып кіре берген кезде автобустың қозғалтқышын өшірдім. Мұны әдейі жасадым. Қарауылдағылар көріп, қылмыскерлерді әскери бөлімнің ішіне кіргізбейді деп ойладым. Бірақ лаңкестер бірден оқ жаудырды. Автоматтары мен басқа да қарулардан атты. Құлағым естімей, көздерім көрмей, есімнен танып қалдым. «Есікті аш» деген айқайдан кейін жидым есімді. Олар бөлімнің ауласына қарай жүгірді. Осы қарбалас сәтті пайдаланып, артқы есікке барып, далаға қаштым. Олар менің артымнан да оқ жаудырды. Мен дуалдың артына жасырынып үлгердім. Содан шығасылы-кіресілі болып, Тұрғындар қалашығындағы автобустар тұратын жерге жеттім.
— Мұндай жағдайларда әрдайым медициналық көмек көрсетіледі. Ондай сәттерді басынан өткерген адамға психолог кеңес беруі тиіс. Сізге ондай көмек көрсетілді ме?
— Облыстық жедел жәрдем ауруханасында қабылдауда болдым. Ондағы дәрігерлер қала сыртындағы ауруханаға жіберді. Аталған мекемеде мені қараған ЛОР дәрігері әрі қарай учаскелік дәрігердің бақылауында болатынымды айтты. Қысқаша айтқанда, бір-біріне сілтеді. Менің әлі де басым ауырады, бірақ маған ешқандай ем тағайындаған жоқ. Қазір туған жерім Қобдадамын. Тыныш жағдай мен туыстарымның ортасы қорқынышты сәттерді тез ұмытуыма көмектеседі деп ойлаймын. Толық медициналық тексеруден өткім келеді. Таныстарымның айтуынша, оған 15 мың теңге қажет екен. Жедел түрде мұндай ақшаны табуым керек. Ал «Автопарк» ЖШС басшылығына көп сеніңкіремеймін. Олар материалдық көмектен үміттенбеуімді онсыз да тұспалдап жеткізді.
Басылымға жүргізушіден сұхбат алған журналист Дидар БІРМАНО, 5 маусымда лаңкестердің қолына түсіп, тірі қалған жігіттің жүйкесінің сыр бергенін жазады. Алайда, аталған азаматқа ешқандай көмек көрсетілмеген.