242
COVID-19 бойынша әлемдегі ахуал
COVID-19 бойынша әлемдегі ахуал
COVID-19 жұқтырған халқының саны миллионнан асқан АҚШ-тан кейінгі екінші мемлекет – Бразилия болып отыр. Ал Австралия ахуалдың өршуіне байланысты шектеу шараларын қайтадан күшейтпек.
Британияда екі апталық карантин енгізбеу үшін әуежай арқылы елге кірген азаматтарды ақылы тестілеуден өткізуде. Әлем халқының коронавируспен күресі жайлы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлаймыз.
Джонс Хопкинс Университетінің мәліметінше, әлемде 8,5 млн адам коронавирус жұқтырды деп хабарланғанымен, бұл көрсеткіш айтарлықтай көп болуы мүмкін. Себебі көп адамда ауру симптомсыз өтуі мүмкін. Тестілеуден өтпей жатқандары да қаншама.
Ал коронавирустен келген өлім-жітім жағдайы әлем бойынша 454 мың адамнан асты.
Ресейде індетті жұқтыру жағдайлары өткен тәулікте 7889-ға жетіп, жалпы ауырғандардың саны 580 мыңға таяп қалды. Эпидемияға қарамастан Мәскеуде Жеңіс шеруіне қызу дайындық жүргізілуде. Мәскеу қаласында бір тәулікте жаңадан 1057 жағдай анықталды. Бұл – сәуір айынан бергі ең төменді рекордтық көрсеткіш. Бір тәулікте елде 161 адам коронавирустан қайтыс болған. Ресейде індеттен жан тапсырғандардың жалпы саны - 8002.
COVID-19-дан ем-дом қабылдағаннан кейін өткен тәулікте ауруханалардан 10100 адам шыққан. Жазылғандардың жалпы саны 335 мың адамға жетті. Владимир Путин аймақтардағы медициналық қызметкерлерді «коронавирусты басып жаншуға» шақырды. Ел Президенті ақ халатты жандарға Мәскеудегі тәжірибені негізге алуды ұсынып отыр. Себебі ресейлік астанада эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді.
Медицина қызметкерлерімен видеоформатта әңгімелескен Путин вируспен күресте көзге түскен медицина қызметкерлерін орденмен және медальмен марапаттауға уәде берді.
Бразилия миллион шегінен асып кетті
COVID-19 жұқтырған халқының саны миллионнан асқан АҚШ-тан кейінгі екінші мемлекет – Бразилия. Жаңадан жұқтырғандардың саны бұл елде тоқтайтын емес. Бразилия Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы тәулікте 54 мың адам коронавирус жұқтырып, рекордтық санды көрсеткен. Эпидемия алдағы уақытта алыс аймақтарға кеңінен тарап, Амазонка аймақтарын шарпуы мүмкін. Бразилиядағы тағы бір өкінішті рекордтың бірі: қатарынан төртінші күн елде коронавирустан көз жұмғандардың саны 1200 маңайында тұр. Жалпы елде 49 мың адам қайтыс болған. Елде коронавирусқа тестілер санының жетіспеуі шынайы статистика ресми мәліметтен бөлек деген болжам жасауға мәжбүрлейді. Сарапшылардың пайымдауынша, мемлекет аурудың шырқау шегінен әлі өте қоймаған.
Ауру деңгейі өршіп барады
Австралиялық Виктория штатының билігі індеттің тәуліктік өсімі 25 адамға жеткеннен кейін шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүр болып отыр. Штаттың премьері Дэниел Эндрюс аурудың қайта өршуіне өкініш білдірді.
Оның айтуынша, сәуір айынан бері жаңа жағдайлардың жартысы отбасының ішінде бір-бірінен жұқтырудан немесе туған-туыстардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауынан келген. Алдағы аптада үйге келетін қонақтардың санын 20-дан бес адамға дейін қысқарту көзделген. Ал көшеде он адамнан артық жиналуға болмайды.
Мейрамханалардың бір уақытта 50 адамды күтерлік жоспары тағы үш аптаға шегерілді. Қазіргі таңда бұл штаттағы мейрамханалар 20 мейманнан ғана қабылдай алады.
Жаңа Зеландияда жаңа ережелер бойынша елге келген азаматтар ауру белгілері жоқ болса да 14 күн сайын коронавирусқа тест жасауға міндеттеледі.
Оңтүстік Кореяда кейінгі тәулікте 67 жаңа жағдай тіркелген. Бұл – кейінгі үш аптадағы ең үлкен көрсеткіш.
Қытайда жаңадан жұқтырғандардың саны – 27. Оның төртеуі шеттен келгендер болса, 23 жағдайдың 22-і Бейжіңде, ал бір жағдай Хэбэйде болған.
Covid-19 ауруына шалдығу жағдайы Мексикада да өсіп барады: кейінгі тәулікте ол елде 5030 жаңа жағдай тіркелген. 647 адам жан тапсырған. Мексикада жалпы ауырғандардың саны 170 мың адам. Алайда ондағы билік жұқтырғандардың саны одан да көп болуы мүмкін екенін хабарлады. Мексикада коронавирустан қайтыс болғандардың саны 647 адамға жетті.
Тесттік режимдегі тесттер
Британиядағы ірі әуежайлар елге келетін жолаушылардың сілекейінен анализ алып, коронавирусты анықтау шаруасын тесттік режимде енгізгелі отыр. Коронавирус расталмаған жағдайда бұл шара Британияға кіретін азаматтарға 14 күндік карантиннен босауға жол ашады. Тестілеудің осыған ұқсас жүйесі Гонконгте де енгізілуде. Интернет бойынша жазылуға болатын мұндай тесттің бағасы – 140 фунт (172 доллар). Тест нәтижесі 5-24 сағат ішінде дайын болады. Тесттік режим жақын арада басталады. Сонымен бірге Англияда қонақүй бизнесінің қысымымен екі метрлік әлеуметтік қашықтықты қысқаруы мүмкін. 4 шілдеде Англияда пабтар мен мейрамханалар ашылуы керек. Осыған байланысты ондағы билік екі метрлік әлеуметтік қашықтықты қысқартпақ. Жаңа норманың қандай болары әлі белгісіз. Франция, Дания, Қытай, Литва секілді елдерде бұл қашықтық 1 метр болып отыр.