966
Дархан Мыңбай: Жауапкершілігі бар сөз бостандығына не жетсін?
Дархан Мыңбай: Жауапкершілігі бар сөз бостандығына не жетсін?
28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбаймен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Дархан Қамзабекұлы әлемдегі және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының даму үрдістері, ұлттық журналистиканың өзекті проблемалары, ғаламдық пандемияның өмірдің барлық саласына, адамдардың қоғамдық санасына әсері, оқырмандар мен көрермендердің талғамын, сұранысын қанағаттандыру мен кәсіби журналистердің әлеуетін арттыру жолдары туралы сөз қозғайды.
– Дүние көз алдымызда жылдам өзгеріп, ақпарат технологиялары тез дамып жатқан тұста бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы, оны заман талабына сай дамытудың көптеген мәселесі туындап отыр. Ақпарат саласында кезек күттірмей атқарылуға тиісті істер деп қандай ұсыныс айта аласыз? Жалпы, қазіргі журналистикаға не жетіспейді?
– «Сөз бостандығы» деген ұғымның айтуға жеңіл, қабылдауға ауыр кездері болған. Жалпы, қоғам түзеліп, бағыт айқындалғанда, әр сөздің, терминологияның салмағы, жауапкершілігі болады. Соған қарамастан, қайсыбіреуге ол қазір де кереғар нәрсе ретінде ұғынылуы кәдік. Ал мына интернет ақпараты аузы-мұрнынан шығып жатқан дәуірде «енді бұдан артық не дәметесің?» деп өзіңді де, өзгені де сабырға шақырғың келеді. Ойлансаң, бүгінгі журналистикаға бәрібір бірдеңе жетпей тұрғандай көрінеді. Ең маңыздысы – қоғамның қарапайым адамының құқығы мен ұлт құндылықтарын қорғап, қастерлеу шығар. Қай елдің болсын журналистерін елдік-ұлттық мүдде біріктірсе, Қазақстан қаламгерлері осы бірлік пен табандылықтың қай шебінде тұр? Алдында ма, соңында ма?
Бәлкім, қоғамымыздың әділ, бақуатты өмір сүріп, өрлеу жолына түсуі үшін әрбір азаматтың санасын өзгертуге күш салу керек шығар. Осыны ойлағанда, іліктес сұрақтар туа бастайды. Қазіргі журналист сөзі қоғам үшін салмақты ма? Қаламгер дәрежесі мен мәртебесі бұрын қандай еді, қазір қандай? Халық оларға сене ме? Сенімі бар ма?
Әлде, шындықтың шырақшысындай ғұмыр кешкен Шерхан Мұртаза мамандығына, «сен тұр, мен атайын!» деп халқына қызмет еткен оның әріптестерінің кәсібіне қызығушылық кеміп тұр ма?
Қарап отырсаң, әр елдегі журналистердің жұмыс, кәсіп мәнерінде ептеп өзгешелік болғанмен, қызмет міндеті, функциясы ұқсас. Барлық елде журналистика қатерлі мамандықтар тізімінің алдыңғы қатарынан орын алған. Алайда әлемде бұл кәсіптің бекітілген халықаралық стандарты жоқ. Тіпті, оның қажеті де шамалы. Әйтпесе, батыс елдеріндегідей түрлі ұлттың, топтың танымына, сеніміне, нанымына, жасына, жынысына, тіліне т.б. ерекшелігіне байланысты кемсіту мен қорлау деп қабылданатын қайсыбір сөздер мен ұғымдар жеткілікті.
Айтуға тікелей не жанама тыйым салатын, айыптайтын норма журналистің аяғын жиі шалатыны да рас. Олар сәнге арналған терминін әспеттеп, саяси дұрыс ұстаным (political correctness) деп алға тартады.
Әрине, әр елдің өз өркендеу жолы, өсу деңгейі болатыны секілді, әрбір мемлекеттегі журналистиканың да даму жолы біркелкі емес.
Ақпараттық кеңістік аясында бұрыннан медиа-майдан, ақпараттық қақтығыстар болып келген, келешекте де жалғасатыны жасырын емес. Сондықтан қазіргі саясатшылар мен сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарын жаппай қырып-жоятын қаруға теңестіреді. Ғарышты игеріп, күн сайын жаңа технологиялар енгізіліп жатқан заманда жер шарында мүлдем жабық, томаға-тұйық ел жоқ десе де болады.
Осы жайттарды ескеріп, «саяси журналистиканың заманы өтті» деп айта алмаймыз. Қазірдің өзінде алпауыт елдерде тарихты бұрмалауға, өздерінен басқаны қаралауға күш салып жатқан топтар жетіп артылады. Ғаламды жайлаған пандемия салдарынан осы саланың журналистері саяси садағын асынып, қорамсағына қол салып жатқанын да сеземіз.
Ал әлемдік бәсеке ендігі жерде өзгеше өршитінін ескерсек, экономикалық журналистиканың жұлдызы да басқаша жанатын болады. Яғни текетірестің де, тартыстың да көрігін солар қыздырады. Қайсы мемлекеттің ғаламдық індеттен кейінгі экономикасы тезірек қалпына келіп, дамитын болса, сол елдің журналистері әлемдік ақпарат тізгінін ұстайды. Олар бүкіләлемдік және ұлттық экономиканың жаңа ұстынын, өндіріс түрлерінің, дүниежүзілік сауданың қалай, қай бағыттарда қарқын алатынын, ықпалдастықты, нарық, еңбек күші бөлінісін, тұтынушы мемлекеттердің тәуекелін, тұрақты даму үстемдігін сараптауда үстемдікке қол жеткізеді. Оның үстіне, бұл тақырып төңірегінде жалданып жазатындардың, көзбояушылықпен айналысатындардың қатары көбейетінін де ескерген жөн.
Әрине, сондай кезде халыққа ең жақыны да тартымдысы әлеуметтік журналистика болмақ. Оның өкілдері шынайы өмірде адамдарға жасалатын нақты көмектерді, шиеленіскен проблемаларды дер кезінде ортаға салып, әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бастамалардың қалай жүзеге асқанын, асатынын байыптауы тиіс. Журналистиканың ешқашан ескірмейтін тағы бір түрін атап өткеніміз жөн. Ол – көптің көңілінен шығатын, ауқымы мен тереңдігі жағынан кез келген рейтинг бәйгесінде топ жаратын, телехабарларға, аналитикалық, деректі фильмдерге де дес бермейтін, баспасөздің көп жанрын қамтып, бойына сіңіріп алған мазмұндық журналистика. Көлеміне қарамастан, бұқаралық ақпарат құралдарының қайсысынан орын бұйырса да, әлеуметтік желілердің өзінде де оның айдарынан жел есіп тұрады. Өйткені бұл саладағы журналистер эмоция жетегінде кетпей, азаматтық позицияны дәріптейді, халықтың немесе тарихтың өзі бағалаған оқиғаны немесе кейіпкерлерді нақты фактілерге сүйеніп қана айтады. Мұндай материалдар көбінесе жекеменшік басылымдарда немесе жеке студияларда әзірленетіні де құпия емес.
«Жалпы, қазіргі журналистерге не жетіспейді?» деген өте-мөте таныс сұраққа «уақыт және қаржы жетіспейді» деп одан да келте жауап қайыруға болар еді. Бірақ жаңа заманның талабын айтуды парыз санаймыз. «Газет – ұжымдық насихатшы, ұжымдық үгітші ғана емес, сонымен бірге ұжымдық ұйымдастырушы» деген Лениннің анықтамасы 120 жыл ішінде көкейкестілігінен айырылғанын ескерген жөн. Баспасөздің міндеті тым ұлғайып кетті, тіпті күн өткен сайын оған қосымша жүк артылатын сияқты.
Біріншіден, қандай «насихатшы» болса да, оның сапасы заманға сай өсіп отыруға міндетті еді. Қазіргі талғамы биік оқырманның таңдау құқығына қол салмай, оның азаматтық көзқарасының қалыптасуына мүмкіндік жасауды мойнына алған баспасөз ғана заманауи ортаны қалыптастырушы бұқаралық ақпарат құралына айналады. Бұл – бүгінгі күннің талабы.
Екіншіден, оқырман мен көрермен жаңа ақпараттық технологияларды үйренбей-ақ келеді. Олар бұрынғы дағдысына салып, жалған ақпараттың өзін құлағына құйып алады. Қазіргі ақпараттық саясатқа, саяси технологияға ойлы, көзі ашық аудитория ғана бейімделе алады. Ал қалған қалың бөлігі дұрыс насихат пен бұрыс ақпараттың аражігін ажыратуды әлі күнге дейін өз міндетіне алғысы келмейді. Десе де, интернет, басқа да ақпарат көздері дамыған заманда бұл – әр адамның құқығы мен жауапкершілігі.
– Жақында Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту бойынша Үкімет қаулысы шыққаны белгілі. Осы ұлттық жоспарда мерзімді баспасөзді сараптамалық бағытта дамытудың маңызы, мәтінді деректермен, инфографикамен байытудың артықшылығы баса айтылған. Біз өз газетімізде осы бағытты мүмкіндігінше ұстануға тырысып келеміз. Десе де, аналитика жасайтын, зерттей білетін білікті кадр жетіспеушілігі анық сезіледі. Оның сыртында, газетті жеткізу, таратуда олқылықтар жетіп артылады. «Өзіңмен өзің бол» дейтін емес, мемлекеттік деңгейде шешімін күтіп отырған мәселелер бұл, меніңше. Сіздің пікіріңізді білсек.
– Әрине, Үкіметтің ақпарат саласын дамытуға арналған ұлттық жоспарды бекітуі еліміздегі медиа нарығының талабынан туындап отыр. Өйткені дүние бір орнында тұрмайды, қоғамдық қатынастар, еларалық байланыстар түрленіп, әлем өзгеріп жатыр. Соның бәрін күнделікті, тіпті сағат сайын бізге жеткізіп отырған – ғаламдық ақпараттық кеңістік. Қазақстандық БАҚ аталған кеңістікке кірігіп, өз орнын табуы үшін жұмысты жаңаша құруға тырысып жатыр. Айтарлықтай жетістіктері де бар. Жан-жақты сараптама негізінде түзілген жоспардың мақсаты мен міндеттері ашық, нақты әрі айқын. Алайда елеулі, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін ең бірінші кезекте кәсіби журналистердің жұмыс істеуіне, жақсы табыс табуына мүмкіндік беретін заманауи механизмдерді іске қосу керек. Ол – әр түрлі дәстүрлі марапаттар ғана емес, жалпыұлттық журналистиканың деңгейін көтеретін, кадрлық сапасын арттыратын шараларды қамтитын жаңаша көзқарасты қалыптастыру үрдісі. Оның ішіне жиі айтылып жүрген салалық журналистиканы дамыту, халықаралық журналистиканы жолға қою кіреді. Мәселен, өте беделді әлемдік басылымдарда 50-60 сарапшы маман жазған зерттеу, талдау материалдарының негізінде, бұрын-соңды басқа жерде жарияланбаған толымды бір ғана мақала басып шығаруы мүмкін. Сол арқылы кәсіби журналистер іріктеле бастайды. Мұндай тәжірибені еліміздегі БАҚ-тар жекелеген үлкен, дара тақырыптарда пайдалана алар еді. Сонда ғана БАҚ-тың ықпалы артып, қалың оқырманның ықыласы, қызығушылығы таралымды көбейтеді, тиісті министрліктер мен ведомстволар, басқа да мамандар санасатын болады.
Шындығын айтсақ, бұл сала қазір қиын кезеңді бастан өткізіп жатыр. Өйткені ақпараттың көлемі ғана емес, жылдамдығы да бірнеше еселеп көбейген заманда өмір сүріп жатырмыз. Ақпарат атаулы жарықтан кейінгі ең жедел, барынша шұғыл, аса қымбат тауарға айналды. Әлем осылай бағалаған нәрсеге біздің басқаша қарауға құқымыз да жоқ.
– Қазір жыл өткен сайын мерзімді басылымдардың тиражы кеміп, көп басылымдар «шықпа жаным, шықпалап» күн кешіп жатқаны жасырын емес. Әрине, нарықтық кезеңде біз не нәрсенің де алдымен экономикалық пайдасын көбірек қарастыратынымыз түсінікті. Десе де, газеттің шығыны көп болып, өзін-өзі ақтамағанмен, оның идеологиялық тиімділігін ұмытпаған дұрыс шығар. Мәселен, бірқатар Еуропа елдерінде БАҚ-ты, оның ішінде газет-журналдарды қолдау үшін мемлекеттен субсидия бөлінеді. Сол секілді біздің елде ақпарат құралдарын қолдаудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Журналист мамандығы кедейленіп барады. Ол қарқынды, қызу бәсекенің, жарнама көлемінің кемуіне, таралымның азаюына байланысты. Ақпараттың балама көзі – әлеуметтік желінің де әсері жоқ емес. Дамыған өркениетті елдерде олар қатар өмір сүріп жатыр және ең беделді БАҚ-тар оқырманы мен көрерменіне қосымша өзінің сапалы сайтын ұсынады. Мұны мәртебе, мақтан деп емес, нарықтың, яғни тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру деп түсінеді. Ал олардың талғамы да ұдайы өсіп отырады. Яғни қоғамдық сананың өзгеруіне қарай шығармашылық жұмыстың өрісі де кеңейе бермек. Үш-төрт айдан бергі мәжбүрлі карантин салдарынан көптеген кәсіпорын амалсыз жұмысын тежеді. Бұл жағдай жалпы БАҚ-қа ауыр тиді. Сауда-саттық, шағын бизнеске көрсетіліп жатқан қолдаудан журналистер де шет қалмауы үшін тиісті талдау жүргізу артық болмас еді. Өйткені тауарлар мен қызметтерді тұтыну нарығы көп нәрсені шешетінін ескерген жөн. Мемлекет тарапынан ақша бөлудің орнына жәрдем көрсетудің басқа да жолдары бар. Мәселен, баспасөзді таратқаны үшін поштаның қызметіне мемлекеттік және өңірлік субсидиялар мен жеңілдіктер беру. Жалпы, газет-журнал басып шығаруға, таратуға тек «шығындар статьясы» деп қана емес, жауапты саланың, жауапты бизнестің маңызды әлеуметтік қызметі деп қарайтын уақыт келді.
Сондай-ақ қағаздың құны валютаның өсіміне тәуелді екені белгілі. Қазір Қазақстанда өндірілмейтін, жасалмайтын қағаз, бояу, басқа да материалдарға бажды жоққа шығаруды (обнулить) неге қарастырмасқа? Сонымен бірге басылымдарды таратушыларға қосымша құн салығын да азайту керек. Үкімет қосымша қаржы бөлмей-ақ, баспасөздің қаржы табуына, яғни бірқатар мәселені өзінің шешуіне мүмкіндік туғызғаны абзал. Сонда Ұлттық жоспарда көзделген сараптамалық аналитика да, инфография жайы да, қаламақы кестесін қайта есептеу де шешілер еді. Баспасөз әлеуметтік тауар болғандықтан, қазіргі 12 пайыз қосымша құн салығын 4-5 пайызға кеміту арқылы медиа саласында дағдарыстың алдын алуға болады деп есептейміз. Мұндай қадам елімізде журналистік кәсіпке, мамандыққа деген қызығушылықты сақтап қалуға әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге республикалық бюджеттен 56,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Құбылған әлем жарысында еліміздегі телевизия саласының, баспасөз индустриясы мен әлеуметтік желілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бұл қаржы толық жетпейтінін де ашық айтуға тиіспіз. Сондықтан мемлекетіміз алға қойған ауқымды міндеттерді орындап, биік мұратқа жету үшін, рухани жаңғыруды үздіксіз жүзеге асыру үшін әрбір журналистің отаншылдық қасиетіне, кәсіби адалдығына үміт артып, сенім білдіреді. Ел сұранысы мен қаламгер ниеті үйлескенде нәтиже де оң, еңбек те табысты болмақ.
– Тағы да сол ұлттық жоспарда азаматтық журналистика өкілдері мен блогерлердің құқықтық мәртебесін айқындау жөнінде жазылған. Мұны әлеуметтік желі күш алып тұрған шақта, блогерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған шара деп ұқтық.
– Азаматтық журналистика өкілдері мен блогерлердің құқықтық мәртебесін айқындау қос тарапқа да пайдалы болады деп ойлаймын. Тіпті, қалай аталса да ол БАҚ өнімін береді. Осыған байланысты грузин жазушысы Нодар Думбадзенің жазғаны еске түсіп отыр. Америкадағы бір кездесуде одан: «Социалистік реализмнің мәні не?» деп сұрағанда, ол: «Шынымды айтсам, соны өзім де жақсы білмейді екенмін. Біздің елде «Завтрак туриста» деп аталатын балық консервісі шығады. Бір жолы соны алып, түскі аста жеп көрдім, бәрібір тәтті екен» деп жауап қайырған екен. Сол айтқандай, бар мәселе – оқырманға арналып жазылған дүниесінде. Ол үшін міндетті түрде журналист болу да шарт емес, сөз өнерін шебер меңгерген азаматтардың жазғанын оқырман әрқашан жақсы қабылдайды.
Сұхбаттасқан Қуат ӘУЕСБАЙ