352
Моңғолияның Парламент сайлауында үш қандасымыз жеңіске жетті
Моңғолияның Парламент сайлауында үш қандасымыз жеңіске жетті
2020 жылғы Моңғолия Парламент сайлауының қорытындысы бойынша Моңғол халық партиясынан атын ұсынған үміткер Бәделхан Қабдісіләм Баян-Өлгий аймағынан қайта сайланды. Ол 23 379 дауыспен жеңіске жетті.
Сонымен қатар, Моңғол халық партиясынан атын ұсынған үміткер Әубәкір Тілеухан 22 662 дауыспен екінші мандатқа ие болды.
Үшінші мандатты Демократиялық партиядан атын ұсынушы үміткер Бейсен Бұланұлы 22 448 дауыспен жеңіп алды.
Парламентке жаңадан сайлғанған үш саясаткер алдағы төрт жылда Баян-Өлгий халқының мүддесін мемлекеттік деңгейде қорғайды.
Бәделхан Қабдісіләм – қазір Моңғолияның Құрылыс және қала құрылысы министрі. Моңғолияда қазақ халқынан шыққан бесінші министр.
Айта кетейік, 1962 жылдан бері Моңғолияда бес қазақ азаматы министр болған.
- Моңғолия қазақтары арасынан алғашқы болып 1962-1965 жылы, 1968-1982 жылдары Моңғол Халық Республикасының Құрылыс және құрылыс материалдары өнеркәсіп министрі қызметін Тілейхан Орынұлы атқарған. Құрылыс саласында сіңірген еңбегі, өзіндік қолтаңбасы қалған. Ұланбатыр қаласындағы Құрылыс Политехникалық колледжі Тілейхан Орынұлының атына берілген.
- 1980-1987 жылдары Геология және таукен министрі, 1987-1991 жылдары Табиғат қорғау министрі қызметін Мәулет Ұтқанұлы атқарған. Налайхан шахтасының дамуына зор үлес қосып жаңа техника, технологиялық жаңарту енгізгені үшін «Мемлекеттік сыйлық иегері» атанған.
- Моңғолияның тотаритарлық жүйеден нарықтық жүйеге ауысу кезеңі, яғни 1991-1992 жылдары Моңғолияның Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін Зардыхан Қинаятұлы атқарған.
- 1992-1996 жылдары Моңғолияның Көлік коммуникация және инфрақұрылым министрі қызметін Сандалхан Раздықұлы атқарған. Моңғолия Парламентіне Баян-Өлгийден екі мәрте сайланған.
- Бесінші рет моңғол жұртында министрлік қызметке тағайындалған Бәделхан Қабдісіләмұлы. Моңғолияның Құрылыс және қала құрылысы министрі қызметін атқаруда.
Дайындаған - Бақытбек ҚАДЫР