281
«Нұр Сұңқар» сыйлығы табыс етілді
«Нұр Сұңқар» сыйлығы табыс етілді
«Нұр Сұңқар» – партия мен БАҚ өкілдері арасында әріптестік пен ынтымақтастықты дамытуға үндейтін ел аумағындағы барлық журналистерге арналып өткізілетін дәстүрлі ашық байқауына биыл барлығы 230 өтініш түскен. Оның 83-і алдын ала іріктеуден өтті. Келіп түскен материалдардың 70 пайызын өңірлік журналистер ұсынды.
«Аймақ айнасы» аталымы бойынша «Нұр Сұңқар» сыйлығына «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, белгілі журналист Оралхан Дәуіт ие болды. Оралхан Дәуіт журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол әр жылдары «Түркістан», «Шымкент келбеті», «Жас алаш», «Оңтүстік Қазақстан» сияқты республикалық басылымдарда абыройлы жұмыс істеген. Өзінің өткір тілімен қоғамның өзекті мәселелерін қаламына арқау еткен журналист бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінде тер төгіп жүр.
Ал «Cөз шебері» аталымы бойынша «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті Астана бюросының жетекшісі Бейсенбай Дәулетұлы лайық деп танылды. Бейсенбай Тәжібаев журналистикадағы кәсіби шеберлік мектебі саналатын газет пен телеарнада ұзақ жыл қызмет атқарып, шыңдалған журналист. Ол облыстық әкімдіктің баспасөз қызметін басқарды және «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы болды.
Ол Тәуелсіздіктің 20 жылында Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған барлық сапарларын жинастырып, «Елбасы сүйген Оңтүстік» атты кітапты жарыққа шығарды. «Айқын» газетінде «Президент пен перзент» деген жобаны жүргізіп, мұны да арнайы жинақ етіп бастырды. Осындай еңбектерінің арқасында Б.Тәжібаев ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталып, “ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл” медалінің иегері атанды.
Кәсіби мереке қарсаңында марапатқа ие болған әріптестерді шын жүректен құттықтаймыз! Қаламдарыңыз қуатты болсын!