247
Денсаулық саласы расында да пандемияға дайын болмады
Денсаулық саласы расында да пандемияға дайын болмады
– Президентіміздің 13 шілде күнін коронавирус құрбандарын аза тұту күні деп жариялағанын қолдаймын. Бұл індет жас талғамайды, қаншама азаматтар мен азаматшалардан айырылып жатырмыз. Халықта үрей басым. Өйткені Қазақстанның денсаулық саласы расында да пандемияға дайын болмады. Ауруханаларда орын жоқ, ал амбулаториялық және үй жағдайында вирус жұқтырып, орташа, ауыр дәрежеде ауырып жатқан қаншама адам бар.
Біз коронавирусқа дейін амбулаториялық жағдайда қыстыгүні бронхит, ЖРВИ сияқты ауруларға күніне 10-15 шақырту алатынбыз. Ал коронавирус басталғалы күніне 2 000 тұрғыны бар 1 учаскенің өзінен 20-30 шақырту аламыз, кей кездері тіпті 40 шақырту болып жатады. Бір дәрігер ауруханада емделушілерді қабылдаудан бөлек, 30-40 шақыртуға барып жатады. Бұл дәрігерлер үшін өте ауыр.
Жұмыста сақтық шараларын жасауға барлық жағдай жасалған. Бірақ шақыртуға баратын көлік тапшы. Кей дәрігерлер шақырту көп болған жағдайда алыс жерлерге жаяу барады.
Қаладағы дәріханалардан ацетилсалицил қышқылының өзін май шаммен іздеп таппайсың. Әсіресе, үй жағдайында емделіп жатқандар дәрі таппай әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Өйткені кей дәріханалар үй жағдайында емделушілерге рецептсіз дәрілер сатады. Антибиотиктер қабылдауға негіз жоқ жағдайда оны қабылдап жатқандар өте көп. Бұрынғы министріміз қолынан келгенше жұмыс істеді. Бұл жерде халықтың карантин шараларын сақтамауы да вирус жұқтырушылар санының көбеюіне әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Өзіңіз байқап қарасаңыз, халықтың басым көпшілігі көшеде маскасыз жүреді. Емделушілер әңгімелесу барысында айтқанды мақұлдап тыңдағанымен, былай шыға бере сақтық шараларын орындамайтынын көзіміз көріп жүр.
Сонымен қатар қабылдауға келген науқастардың маска сатып алуға қалтасы көтермейтінін, тіпті сатып алуға ынтасы жоғын байқаймын. Бір реттік масканы түтеленіп кеткенше жуып тағатындарды да көріп жүрмін. Осындай қарапайым сақтық шаралары сақталмай отыр.
Бірақ бізде білікті дәрігерлер өте көп, емделіп жатқан адамдар қаншама. Пандемияның екінші толқынында вирус жұқтырушылар санының артып отырғанына қарамастан, амбулаториялық жағдайда дәрілер тегін беріліп жатыр. Қазір пневмония болып ауырып жатқан емделушілердің 90 пайызына дәріні тегін беріп жатырмыз.
Райхан ФАЙЗИЕВА,
Алматы қалалық №8 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері