50876
Америкадағы қазақ: Қаным қазақ болған соң, Қазақстанға аңсарым ауып тұрады
Америкадағы қазақ: Қаным қазақ болған соң, Қазақстанға аңсарым ауып тұрады
Сонау 1989 жылы ағайынды Табыс және Жолды Келбатыровтар бала-шағасымен бірге мұхит асып, Қазақстаннан Америкаға қоныс аударған болатын. Араға отыз жыл салып, Табыстың кенже ұлы Михаил Келбатыров әлеуметтік желілердің біріндегі шетелдегі қазақтарға арналған топта өз басынан өткен оқиғасын жазыпты. Онда ол қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениетімен танысқысы келетінін де атап өткен. Осыған орай есейген шағында тума-туыстарын іздеп, ата-тегі, тарихи Отанын танып-білуді көздеген алыстағы Михаилмен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Михаил, Facebook желісіндегі Kazakhs in America тобына өзіңіз туралы мәліметті қалдыруыңызға не түрткі болды?
– Шыққан тегім, ата-бабам, туған жерім туралы көп мәлімет білгім келді. Себебі отбасымның тарихы, соның ішінде әкемнің туыстары туралы аз-маз білемін. Сол себепті қазақтарға қатысы бар топтың бар екенін білген соң, сонда жазғым келді.
– Сол жазбаңызда 1989 жылы отбасыңызбен Қазақстаннан Америкаға көшіп келгеніңізді айттыңыз. Ал көшкенге дейін Қазақстанның қай өңірінде тұрдыңыздар?
– Жалпы, әкем Табыс, анам Галина да Қарағанды облысына қарасты Абай ауданының тумалары. Мен де осы жерде дүниеге келдім. Менімен қоса, туған бауырларым да сол Абайда туған. Үйдің кенжесі Джессика есімді қарындасым ғана Америкада дүниеге келді.
– Әкеңіздің сіздерді Америкаға көшіріп әкетуіне не себеп болғанын білесіз бе?
– Бар білетінім, әкем інісі екеуі Америкаға жақсы табыс, жайлы өмір іздеп көшіп кеткен. Оның үстіне, ол уақытта қандай қиын заман болғанын білесіз. Негізі, әкем атам қайтыс болғанда небәрі бес жаста болған. Ал әкемнің анасы денсаулығы сыр беріп, балаларына жөнді қарай алмай, ақырында әкемді балалар үйіне тапсырған екен. Кейіннен ауруынан айығып, қайта қолына алса да, әкем өз бетімен өмір сүріп, көп қиындық көрген. Есейе келе сол Абайда би кешінде ұлты орыс анамды кездестіріп, бұл кездесудің соңы махаббатқа ұласып, көп кешікпей екеуі отбасын құрған. Сөйтіп, інісі екеуі ақылдаса келе тәуекелге бел буып, бізді, яғни бүкіл бала-шағасын Америкаға көшіріп әкелген. Өкінішке қарай, әкем осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті.
– Әлеуметтік желіде көпшіліктің қалдырған пікіріне қарағанда, Қазақстаннан туыстарыңыз табылған көрінеді. Олар сіздерді әлгі жазбаңыз арқылы тапты ма, әлде?
– Иә, әкемнің Алматыда тұратын туыстары табылды. Негізінен жазбама дейін түрлі әлеуметтік желілерден Келбатыров деп тіркелгеннің түгелін қарап жүргенбіз, сөйтсек олар бізді атамыздың есімі бойынша іздепті. Ал Келбатыр – арғы атам, яғни әкемнің атасының есімі. Сол себепті бір-бірімізді іздеуде жаңылысып, жуырда ғана өздері бірінші болып бізді іздеп тапты. Бүгінде олармен жақсы араласып тұрамыз.
– Туыстарыңыз ата тегіңіз туралы айтып берген болар?
– Иә, адай руынан тарайды екенбіз. Алматыда тұратын қарындасым ру, соның ішінде жеті атаға қатысты көп мәліметпен бөлісіп, нәтижесінде қазақ шежіресіне қызығушылығымды оятты. Алдағы уақытта сол шежірені асықпай қарап, кімнің кімнен тарайтынын толық түсінгім келеді.
– Қазақ шежіресімен таныс болмасаңыз да, Қазақстанды сыртынан бақылап жүрген боларсыз. Шетелде тұратын көпшілік Қазақстан десе, бірден Геннадий Головкин немесе Димаш Құдайбергенді айта жөнеледі. Ал сіз бізден кімді танисыз?
– Әлбетте, екеуін де танимын. Біздің жақта Головкиннің өнеріне көпшілік тәнті. Ал Димаштың жөні тіптен бөлек. Айналамда K-pop, яғни кәріс поп музыка бағытына қызығатындар Димаш десе ішкен асын жерге қоятынын білемін. Айта кетерлік жайт, Димаштың қазақ тіліндегі бір әні қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығымды одан сайын арттырып жіберді. Мұнда тек әуені ғана емес, сонымен қатар, сөздері де маған бір ыстық секілді көрінді. Жалпы, қазақ тілінің дыбысталуы ұнайды. Сондықтан қазақ тілін үйренгім келеді, десек те қазақ тілін мұның тартымдылығына бола емес, менің тарихымның бір бөлігі болғандықтан үйренгім келеді. Қазақстанды сыртынан бақылап жүретінім рас. Қазақстан десе, елең ете қалатын Америка тұрғындарының біріміз. Жалпы, Қазақстан табиғи ресурсқа бай мемлекет екенін білемін, елді көбіне-көп мұнаймен байланыстырамын. Сосын интернеттен видеолар мен суреттерді арнайы іздеп, қарағанмын, сол кезде қалалардың, әсіресе мегаполистердің сәулеті заманауи стильде салынғанына таңғалдым. Айта кетерлік жайт, қазақ жастары білімін тереңдетуге құштар келеді екен. Жоғарыда айтқан туысқандарыммен сөйлескенде үлкенінен кішісіне дейін өте білімді, кішіпейіл, ашық-жарқын екенін байқадым. Сосын қазақтардың өте қонақжай халық екенін білемін.
– Тіл үйрену демекші, Америкада білім алып немесе жұмыс істеп жүрген қазақтардың қарасы көп. Оларға қазақ тілін үйрету туралы ұсыныс айтсаңыз, бас тартпайтыны анық.
– Иә, өзім де осында тұратын қазақтармен кездесу ұйымдастырып, арасынан біреуіне сұрау салғым келіп жүрген. Жалпы, биыл әйелім екеуміз жақын тұратын қазақтардың басын қосып, жақыннан танысқымыз келген еді. Оның үстіне олар ұлттық мерекелерге қатысты фестиваль өткізіп тұратынын еститінмін, алайда биыл пандемияға байланысты біз ұйымдастырғымыз келген кездесу де, фестиваль де өтпей қалды. Сөйтіп тіл үйренуге қатысты жоспарым іске аспай тұр. Бұрын көп сөзді білетінмін, қазір ұмытып қалыппын, «ассалаумағалейкумнан» ары аса алмаймын. Жалпы, есейе келе барлығы басқаша болады екен. Әлі есімде, мектепте оқып жүргенде орысша сөйлейтініме, есімімнің Михаил екеніне ұялып, Майкл деп айтатынмын. Себебі достарымның барлығы америкалықтар. Түптің түбінде адам баласы тұрған жері, өскен ортасының тұрмыс салтына мойынсұнбай қоймайтыны анық. Ал қазір есейіп, ес жиған кезде тұрған жеріңнен бөлек, туған жеріңді, шыққан тегіңді іздеуіміз де заңдылық. Тілді ұмытыңқырап қалғанымыз рас. Әйтсе де, туыстармен араласу, сабақ алу арқылы тілді жетілдіріп аламыз деп сенемін. Сосын тағы бір айтарым, Америкада балалар тек ағылшын тілінде сөйлейді. Өзімнің екі жасар ұлымды қазақшаға да, орысшаға да кішкентай кезінен үйретпекшімін. Балам шыққан тегін, кімнің немересі екенін білсе екен деймін. Айтпақшы, әлгі менің жазбамның астына бір кісі «Не үшін білгің келеді, неге артқа қайтқың келеді, мұнда келіп керек емес!» дегендей пікір қалдырыпты. Мұны оқығанда шыны керек таңғалдым. Тегім Келбатыров, қаным қазақ бола тұра неге білмеуім керек?! Бұл – тарих. Қан тартып тұрады. Түп-тұқиян, тек-тарихыңды білмесең, тіпті білуге ұмтылмасаң, онда қандай адам болғаның?! Ел ішінде жүргендерге бұл басқаша болуы мүмкін, десек те мен үшін менің атам, әкеме қатыстының барлығын білу маңызды. Сол себепті келер жылы Қазақстанға баруды жоспарлап отырмын.
– Әкеңіздің інісі Жолды аға қазақша білетін болар?
– Иә, Жолды аға қазақша сөйлейді. Ол кісі өмір бойы бизнеспен шұғылданып, қазір зейнетке шықты. Өте еңбекқор кісі, өз ортасында өте сыйлы кісі. Десек те, қазақ тілін үйрет дейтіндей, жиі кездесе бермейміз. Себебі ол кісі бала-шағасымен Пенсильвания штатында тұрады, үлкен әпкем Джорджия, ал қалғанымыз Калифорния штатында тұрамыз. Отбасымызда інім Жорадан басқамыз үйлі-барандымыз. Анамның он тоғыз немересі бар.
– Ал өзіңіз қандай іспен айналысасыз?
– Он тоғыз жасымда АҚШ теңіз жаяу әскерінің қатарына қабылдандым, десек те Ауғанстан немесе Ирак елдеріндегі әскери ұрыстарға қатыспағанмын. Мен мұнда көбінде мылтық атудан инструктор қызметін атқардым. Сонымен қатар Таиланд, Филиппин, Сингапур, Австралия, Жапония секілді мемлекеттердің әскери күштерімен байланысты болдым. Әртүрлі елге саяхат жасау арқылы түрлі мәдениетке толы үлкен әлемді басқа қырынан тани бастадым. Оның үстіне теңіз бетінде жолай кезіккен достарымның түгелі дерлік басқа ұлт өкілдері болды. Айтпақшы, олардың арасында бір қазақ жігіт болды, бірақ есімін ұмытып отырмын. Сөйтіп әртүрлі ұлтпен таныс болуым психология ғылымына қызығуыма түрткі болды, ақырында осы сала бойынша оқуға түстім. Десек те, көп нәрсені өз бетіммен үйреніп алуға болатынына көз жеткізген соң, бұл оқуды жалғастырмауды құп көріп, қазіргі таңда бухгалтер және есеп мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бұған қоса теріден түрлі бұйымдар жасаймын.
– Жаңа бір сөзіңізде келер жылы Қазақстанға саяхат жасауды көздеп отырғаныңызды айттыңыз. Саяхатты қай қаладан бастамақ ойыңыз бар?
– Ең алдымен Алматыны аралағым келеді. Себебі таулы әрі жасыл желекке толы аймақ екенін жақсы білемін, сондықтан сол қалаға қызығамын. Оның үстіне жоғарыда айтқандай бұл қалада туыстарым тұрады. Сосын туған жерім Абай қаласына барғым келеді. Мені нәресте кезімде алып келген үйімді, әкем мен анамның өскен үйін, жүріп өткен көшесін, оқыған мектептерін көргім келеді. Мүмкін болса әкемнің жұмыс істеген жерін көрсем деймін. Жалпы айтқанда, әулетіме қатыстының барлығын өз көзіммен көргім келеді. Өзіммен бірге анамды да апарып көрсеткім келеді-ақ, өкінішке қарай, ол кісі денсаулығына байланысты келе алмайды.
Әңгімелескен Әлия ІЗТІЛЕУ