715
Бейбітгүл Шүршітбай: Көші-қон тарихы зерттелмейінше, «ауған жүкті» түзеу қиын
Бейбітгүл Шүршітбай: Көші-қон тарихы зерттелмейінше, «ауған жүкті» түзеу қиын
Бейбітгүл Шүршітбай – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты. «Қазақ баспасөзіндегі оралмандар (қандастар) мәселесі: тарихи талдау» оқу құралының авторы.
– Қазақ диаспорасының тарихы мәселесін қарастыру қоғамдық сұраныстан туындаған. Себебі қазір шетелдерде шамамен 5,5 миллионға жуық қазақ ирриденттері мен диаспора өкілдері тұрады. Біз оларды жинақтап «этникалық қазақтар» деп атаймыз. Шетелдегі қазақтардың саны біз ойлағаннан кем немесе одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қалай дегенмен де, Қазақстаннан сырт, алыс-жақын шетелдерде қазақ диаспорасы мен ирриденттерінің қомақты бөлігі өмір сүріп жатқаны белгілі. Қазақ ұлтының шетелдегі бұл өкілдері түрлі тарихи кезеңдерде, әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты қалыптасқан. Оған қазақ жерінің отарлануы мен қазақ халқының өз ұлттық мемлекетінің жойылуы, сыртқы күштер әсер етті. Шекара сызықтарының әділ жүргізілмеуі, отаршылдық езгі, геосаяси ойын, т.б көптеген фактор қазақтардың бүгінгі Қазақстан шегінен сырт аймақтарға, алыс шетелдерге қоныстануына мәжбүр болды. Шетелдегі отандастар туралы мәліметтерді алу, қазақ халқына жасалған тарихи әділетсіздікті ашық айту тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында сөйлеген сөзінде Отанынан тыс жердегі қазақтардың болашағы туралы былайша ой толғаған еді: «Қазір Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын қазақтардың саны 5 миллионнан асады. Міне, осыны ойлағанда 40 пайыздан астам шетелдерде тұратын бүкіл дүниежүзіндегі қазақтың үштен бірін құрайтын бауырларымызды ертең не күтіп тұр деген сауал көкірегімізде еріксіз оянады». Елбасының қазақтар тұратын мемлекеттердің басшыларымен кездесулерінде қандастарымыздың хал-ахуалына қатысты мәселелер сан мәрте ресми түрде қозғалды.
Бүгінде шетелдегі отандастардың келемін деушілерін елге оралту Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиялық саясатының құрамдас бөлігі болып отыр. Елбасы бастамасымен мемлекет бұл іске ұдайы көңіл бөліп келеді. Бүгінгі күнге дейін отандық тарих ғылымында жүйелі қарастырылмаған өзекті мәселе – шетелдегі қазақ диаспорасының өздерінің отанына оралу тарихы мен бұл үрдістің бүгінгі қазақ баспасөзінде көтерілу мәселесі. Еліміз үшін аса игілікті істі одан ары жалғастыру және оның барысында кездескен түрлі мәселелерді тиімді шешу, анағұрлым кемелденген, кешенді іс-шараларды ойдағыдай жүргізу үшін көші-қон үрдісін ғылыми тұрғыдан зерттейтін, отандастарымыздың елге оралуын, жерсіндірілуін, еліміздің экономикасы мен мәдениетіне, әлеуметтік жағдайына тигізген оңды әсерін жан-жақты бағамдайтын уақыт жетті. Әсіресе, отандастардың елге оралу үрдісін, қандастар мәселесін төртінші билік деп аталатын бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөз беттерінде көтерілуін зерттеу және ол мәселелерді тарих тұрғысынан саралап, зерделеу өзекті.
Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы, елдің саяси тұрғыдан құқықтық-демократиялық даму жолына түсуі, экономикалық салада нарықтық қатынастарға көшуі, бәрінен бұрын елдегі жергілікті ұлт қазақ халқының жан-жақты дамуына мол мүмкіндіктердің жасалуы шетелдегі қазақтардың елге оралуының басты алғышарты болды. Ұзақ уақыт бойы тарихи әділетсіздік салдарынан атажұрт аумағын тастап кеткен немесе Қазақстаннан сырт және оған шекаралас өзінің тарихи атақонысында тұрып жатқан қазақ ирриденттерінің өкілдері Қазақстан тәуелсіздік алу қарсаңында елге орала бастады. Бұл қазақ халқының төл тарихындағы өте айтулы оқиға ұлттың ұлт болып ұйысуының, үлкен елдіктің белгісі еді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Германия, Израиль секілді елдер шетелдегі өз отандастарын елдеріне шақырды және олардың саяси, әлеуметтік, экономикалық жағынан сол елдерде тұрып жатқан тұрғылықты халықпен түбегейлі теңесуіне жағдай жасады. Ал жапондықтар тіпті Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан азаматтарының мүрделеріне дейін түгендеп, өз еліне алып кетті. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін елдің жаңа басшылығы шетелдердегі қытай диаспорасымен тұрақты байланыс жасап, ең алдымен олардың арасындағы үздік ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің елге оралуына, елдің экономикалық-саяси өміріне атсалысуына, ғылыми-техникалық зерттеулер жасауына жағдай жасады. Шетелдегі қытай диаспорасы өкілдерін, зиялыларын елдің тұтастығын іске асыру сынды аса келелі саяси іске пайдаланды. Демек, шетелдегі отандастарын іздеу, олармен тұрақты байланыс жасау, отандастарының елге оралуына жағдай жасау, әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бұл елдерде диаспораны зерттеу (диаспорология) іргелі ғылымға айналған. Өз кезегінде бұл саладағы кешенді зерттеулердің сол елдердің саяси, экономикалық және мәдени дамуына әкелетін пайдасы шексіз. Қазақстан өз тәуелсіздігінің қарсаңында-ақ шетелдегі отандастарының өз тарихи атамекендеріне қоныс аударуына жағдай жасады. Мысалы, 1991 жылдың наурыз айында «Еңбек шарты» деген айдармен Моңғолиядағы ағайындарды елге көшіру ісі басталды. Тәуелсіздіктен кейін ел үкіметі шетелдегі қандастарды көшіріп алуды арнайы мемлекеттік бағдарлама және заң шеңберінде іске асыруға көшті. Бұл ретте ең алғаш «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстанда болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» министрлер кабинетінің қаулысы, одан соң, «Халықтың көші-қоны» туралы заңды атауға болады. «Шетелдердегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Соның әсерімен шетелдегі отандастарымыз өз бетімен елге орала бастады. Егемендіктің екпінімен Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Иран, Ауғанстан, Түркия елдерінен келуші ағайындар күннен-күнге көбейді. Қандастар мәселесі баспасөз беттерінде көтеріле бастады. Тәуелсіздік жылдары қандастардың елге оралуы, ұлттық-патриоттық тәрбие, Отанға оралудың түрлі қиындықтары, ел ішіндегі түрлі кедергілер, арнайы қаулылар мен бағдарламалардың, заңның қабылдануы т.б. мәселелер қазақ баспасөзінде кең қамтылды. Тәуелсіздік алған соң қазақ баспасөзі, оның ішінде еліміздің «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Жас алаш», «Айқын», «Қазақ елі», «Шалқар», «Көш», т.б. облыстық газеттері, «Жұлдыз», «Ақиқат», «Жалын», «Парасат» журналдары шетелдегі қазақтар мен олардың елге оралуы, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық, қандастардың азаматтық алуы мен бейімдеу т.б. мәселелер төңірегінде көптеген ақпараттық және проблемалық мақалаларды жиі жариялап келді. Қазақ баспасөзіндегі қандастар мәселесі және шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты бұл үрдіс әлі де өз жалғасын таба бермек. Бас-аяғы жиырма жылдан бері қазақ баспасөзінде жарияланған мақалалар бүгінде Қазақстанның тәуелсіздік тарихының дереккөзіне айналды. Оларды шетелдегі қандастардың елге оралу үрдісіне қатысты дерек ретінде қарау, саралау, көтерілген мәселелердің ауқымын анықтау, жүйелеу, жетістіктер мен кемшіліктерді көрсету қажет. Сол себепті тәуелсіздік алғаннан қазірге дейінгі қазақ көшінің мән-жайы, жетістіктері мен кемшіліктері, көші-қон үрдісінің жалпы ауқымы, мемлекеттік көші-қон саясатының орындалуы, заңдылықтың сақталуы, ортаға бейімдеу мен оларға мемлекет тарапынан жасалған материалдық және рухани көмектің жағдайы, ұлттық-патриоттық тәрбие т.б. мәселелердің қазақ баспасөзінде қаншалықты көтерілгенін зерттеп, жазып шықтым.
Қазақ диаспорасының тарихи Отаны Қазақстанға оралу тарихын бүгінгі тарих ғылымы талабына сай жаңа көзқарас тұрғысынан талдау жасалды.
Шетелдегі қазақ диаспорасы мен ирриденттерінің қалыптасу тарихы олардың біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі екенін дәйектеу және оларды тарихи Отанына тарту, көшіп келгендерді оңтайлы орналастыру мемлекетіміздің ұзақмерзімді стратегиялық саясаты екенін және бүгінде атқарылып жатқан барлық іс-шаралардың нәтижесін айқындау Қазақстанның озық ойлы зиялыларының, қазақтілді басылымдардың қашанда алыстағы ағайынды назардан тыс қалдырмағанын, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тұсында да оларға қол ұшын беру, олармен мәдени-рухани қарым-қатынас жасау мәселесінің қазақ зиялылары тарапынан ұдайы өзекті болып келгенін зерделеу, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ұлт зиялыларының тың бастамаларының арқасында мемлекеттік қолдау мен шетелдердегі қазақтардың атамекенге, тарихи Отанына оралу мүмкіндігіне ие болғанын, шетелдердегі қазақтарды атақонысына қайтару саясатындағы қол жеткізген табыстар көлеңкесінде шоғырланған қиыншылықтар мен келеңсіздіктерді зерделеудегі қазақ баспасөзінің орнын дәйектеу, тарихи деректер мен ресми құжаттарға, баспасөз материалдарына талдау жасай отырып, қазақ ұлтының өсіміне, басқа ұлттармен салыстырғандағы үлес салмағының артуына тигізетін оң әсерін бағалау, көші-қонның халықтың әлеуметтік-кәсіби құрамына тигізген әсерін анықтау, қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне талдау жасау және осыған қатысты Қазақстанның заңдары мен құқықтық нормативтік актілеріне өзгертулер мен толықтырулар жасауды қажет ететін тұстары егжей-тегжейлі зерттелді.
Бұл оқу құралынан үлкен тарихи сабақ алармыз деген үміттемін. Болашақ тарихшылар зерттесе және көші-қон саласын дамыту үшін мұндай нақты зерттеусіз болмайды. Еңбектің өзектілігі осы.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ең өзекті мәселе осы тәуелсіздікті сақтап қалудың тетігі бола алатын құндылықтарды айқындау болды. Мұнда ең басты мемлекеттің өзегіне айналған байырғы, әрі негізгі ұлт қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау, кеңестік дәуірде нақты болмысынан ажырап, дінін, ділін жоғалтып, тілі қоғамдық қолданыстан шеттеп мәңгүрттене бастаған халықтың рухын көтеру, құндылықтарын қалпына келтіру, демографиялық тұрғыда өсім қалыптастыру болды. Мұндай келелі мақсатқа қол жеткізудің ішкі мүмкіндігі ұлттық идеология қалыптастырып, халқымыздың рухын көтеру, ұлттың табиғи өсімін қамтамасыз ететін демографиялық ахуалды жақсарту, шараларды белгілеу, құрып бара жатқан тілін, дінін, салт-дәстүрін қалпына келтіру, ол үшін қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, қазақ балабақшалар мен мектептер санын көбейту болса, сыртқы мүмкіндік шетелдердегі қазақ диаспорасын өзіне тарту болды.
Осы мақсатта Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған шетелдегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына қатысты белгіленген шаралар, ұйымдастырылған жұмыстар мүлтіксіз болмаса да, біртіндеп табысты жүзеге асқаны зерттеу барысында айқындалды деген қорытынды жасауға болады. Басты жетістігіміз ұлы мақсат жүзеге асырыла бастаған 30 жыл ішінде арнайы мемлекеттік квотамен және квотадан тыс өз күштерімен миллиондаған алыстағы ағайын ортамызға оралды.
Бірақ шетелдегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына мемлекеттен белгіленген шараларды атқарушы биліктің жүзеге асыруы барысында кеткен ең негізгі қателіктер мен кемшіліктерді, халықтың, мемлекеттің көзі һәм құлағы болған баспасөздің атқарған рөлін саралап көрсету, алда ескеретін жайларға бағыт сілтеу болды.
«Оралман» атауы көп адамға, әсіресе шетелден келген қандастарымыздың өзіне ұнай бермейтіні жайлы көп айтылды. Баспасөздің пәрменділігімен біз қазір осы орашолақтау атаудан құтылдық. Президентіміз Қ.Тоқаев мырза өзі қолдап, бұл атауды «қандас» деп өзгертті. Бұл да жетістіктің бірі.
Екінші бір жайт, жалпы қоғамда шетелдегі қазақ диаспорасының түгелге жуығы қуғын-сүргінге ұшырап, жат жұртқа кеткен қандастарымыздың ұрпағы деген түсінік болғаны да бүкпесіз шындық еді. 1997 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан Г.Меңдiқұлованың «Қазақ диаспорасының тарихи тағдыры, пайда болуы мен дамуы» атты еңбегінде: «Осы жерде шетелдегi қазақтардың бәрiн «диаспора» деп атүстi айта салудың өзi қай жағынан болсын (ғылыми, заң жүзiнде және т.б.) дұрыс болмайтынын ескерген жөн. Себебi, «диаспора» деген сөз ұлттың өз Отанынан басқа елге шашырап кеткен топтарын бiлдiредi. Өз атамекенiнде қалып қойған Ресей, Өзбекстан мен Қытайдағы қазақтарды «ирридент» деп атау жөн болар», – деген пiкiр ұсынады.
Шетелдегі қазақ диаспорасы мен келген қандастардың мәселесін көтеруде зерттеу нысанасы болған негізгі басылымдардың барлығының бірдей ерекше белсенділік танытып, өздерінің басты бағыттарына айналдыра білуі қазақ баспасөзінің ұлт рухын көтерудегі мәртебелі міндеттерін, борыштарын абыроймен атқарып келе жатқанын көрсетеді. Әрі бұл салада бірін-бірі қайталамай, өзіндік ерекшеліктерімен таңдалғанын атау қажет.
Осы ретте халықаралық Turkistan газетін де айрықша атай кеткен жөн. Шетелдегі қазақ диаспорасы мен елге оралған қандастар мәселесін жақсы көтеріп келесіздер. Бұл тақырыпты зерттеп еңбек жазған ғалым ретінде алғысымды білдіремін.
Жазып алған Бақытбек ҚАДЫР