50439
Венгриялық ғалым: Қазақстанда Әл-Фарабиден қалған білім мәдениеті бар
Венгриялық ғалым: Қазақстанда Әл-Фарабиден қалған білім мәдениеті бар
Көшбасшылықтың қыр-сырын үйрету мақсатында шет мемлекеттерден Қазақстанға арнайы шақыртылатын мамандар жетерлік. Соның бірі – Венгрияға есімі белгілі профессор Золтан Бузады. Студенттермен қатар жергілікті компания басшыларына да тренинг өткізіп жүрген венгриялық ғалым Будапештте тұрады. Алты жыл қатарынан Қазақстанға үзбей келіп, дәріс оқып жүрген маманмен арнайы хабарласып, әңгімелескен едік.
– Өзіңізге хабарласқанымда «Қаланың қай жерінен хабарласып тұрсыз? Анау жер ме?» деп тұрған орнымды дәл таптыңыз. Соған қарағанда осы алты жыл ішінде елорданың әр бұрышын жаттап алғанға ұқсайсыз?
– Иә, бір көргеннен жаттап алатын әдетім бар. Нюанстарды байқап жүремін. Оның үстіне Қазақстанға, әсіресе Нұр-Cұлтан мен Алматыға жиі келемін. Есептесем, жұмыс істеген алты жылдың ішінде Қазақстанға он жеті рет келіппін. Алдағы уақытта жағдай түзелсе, қазан айында тағы бармақпын.
– Сонымен қатар «мені Хан Сұлтанбек деп атасаңыз болады» дедіңіз, неліктен бұл есімді таңдадыңыз?
–Бұл – әзіл-шыны аралас әңгіме. Негізінен мен өте байсалды профессормын (күліп). Десек те, өмір қызыққа толы болуы керек, сол себепті осы есімді өзіме еншілеп алдым. Алматыда оқытқан алғашқы шәкірттерімнің бірінің есімі – Сұлтанбек. «Бек» сөзі венгр тілінде кішкене ханзада деген мағынаны білдіреді. Ал менің есімім Золтан Сұлтан, яғни билеуші сөзінен шыққан. Сосын әлгі студентімнің осы екі мықты сөзді біріктіре қойылған есімін есті-
генде таңғалдым. Бірде сол Сұлтанбек: «Мен студентпін, сіз – профессорсыз, сіздің шеніңіз менен жоғары, өзіңізді Хан Сұлтанбек деп атауыңыз керек» деп өз ойын айтты. Мұны қалжыңмен айтсам да, десек те бұл есімнің маған пайдасы зор. Әсіресе, Қазақстанда кофеханаға барғанда есімімді Золтан десем, көбі түсінбей мың мәрте сұрайды, ал Хан Сұлтанбек десем бірден түсінеді. Сөйтіп, бұл есім менің адамдармен жақындасуыма септігін тигізді.
– Өзіңіз айтқандай, Қазақстанға арнайы келіп, көшбасшылық туралы дәріс оқып жүргеніңізге алты жыл болыпты. Жалпы, Қазақстанға деген қызығушылығыңыз әу баста неден туып еді?
– Будапештте мен дәріс оқитын университетте Азия аймағының студенттері оқиды, соның ішінде қазақстандықтар да бар. Осыдан алты жыл бұрын менен дәріс алған қазақ шәкірттерімнің бірі Алматыдағы ҚБТУ университетіне қарасты бизнес мектебінің директор лауазымына тағайындалды. Сөйтіп ол елге келіп, сол сала бойынша білім алатын студенттерге лекция оқуымды өтінді. Осылайша өзіме «Қазақстан» деген жаңа «әлем» аштым. Негізі, бұл елмен бұрыннан аз-маз таныспын, себебі өзіңіз білесіз, қазақтар мен венгриялықтарға ортақ тарих бар. Қазақстан мен Венгрияның арасында ортақ ерекшеліктер баршылық. Соның ішінде, экономика жағынан бірнеше ұқсастық бар екенін байқадым. Алматыдан бізге өте ұқсас әлеуметтік инфрақұрылымдарды көрдім. Психологиялық тұрғыда көшбасшылық қырынан да ұқсастықты сезіндім. Сөйтіп, осы салада маманданып жүргеннен соң, осы бағытта жұмысымды жалғастыруды құп санадым. Жалпы, алты жыл ішінде берген дәрістерім нәтижелі болды деп айта аламын. Еуропа немесе басқа құрлықтан келетін көптеген маман мұнда бір рет келген соң, қайта келмейді. Олар тек ақшаны ғана көздейді, сосын келесі ретте қарасаң Дубай немесе Африкада тренингтер өткізіп жүреді. Мен оларға ұқсағым келмейді. Бір рет жылт етіп, екінші мәрте мұны аяқсыз қалдыру менің ұстанымымда жоқ нәрсе. Сөйтіп, биыл қол үзбей барып, дәріс беріп жүргеніме алты жыл болды.
– Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан басқа өңірлерде дәріс өткіздіңіз бе?
–Бірде Алматыда жолда келе жатсам, такси жүргізуші: «Астана ұнай ма, әлде Алматы ма?» деп сұрады. Жауап беруге қиналдым, себебі екі қаланы да бөле-жара қарағым келмейді. Осы тұста өзімді жолым болғыш деп есептеймін, себебі екі қалаға да жиі шақыртылып тұрамын. Тек жұмыс кестемнің тығыз болуы себебінен мұнда бір я екі апта ғана уақыт өткіземін, мұндай әсем қалаларда мейлінше көп уақытқа тұрақтағым келеді. Басқа қалаларды сұрасаңыз, Атырау, Қарағанды, Көкшетау өңірінде болдым. Келесі кезекте Шымкент пен Түркістан қалаларына барғым келеді. Жалпы, маған Қазақстанда дәріс өткізген ұнайды.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін венгр тілінде оқыдыңыз, дәріс туралы бір видеоңызда көкпар ұлттық ойынын кіріктірдіңіз. Қазақстанның тек бизнес саласына ғана қызығып қоймай, сонымен қатар мәдениетіне де қызығатын секілдісіз?
– Жалпы, Венгрияда өзімді Қазақстанды жақсы танитын маманның бірі деп есептеймін. Абайдың сол өлеңін бір халықаралық сайысқа қатысу үшін оқыдым. Венгриядағы жергілікті университеттің бірінде қазақ тілін үйрететін бір әйел маман бар. Ол кісі Абайдың дәл осы өлеңінің мазмұны менің жұмысыма жақын екенін ескеріп, арнайы аударып беріп, дәл осы өлеңді таңдауымды ұсынды. Көкпарды тренингте мысал ретінде жиі келтіремін.
– Бір сұхбатыңызда екі халықтың бір-бірін толықтырып тұратынын айтыпсыз. Сіздіңше, екі ел бір-бірін қалайша толықтырады?
– Жеке басым Венгрия мен Қазақстан арасындағы қатынасты мыңжылдықтар бұрын қалыптасқан туыстық қатынас тұрғысынан ғана айтқанды құп көре бермеймін. Мәселен, жыл сайын құрылтай кезінде қазақпен ынтымағы жарасқан елдер бас қосып, жылқы мініп, киіз үйден қымыз ішеміз де, жан-жаққа тарқасамыз. Әрмен қарай ештеңе өрбімейді. Бұл дәл қазір бізге қажет емес нәрсе. Бізге өзара бизнес қатынас орнату керек. Ал бизнесті жүргізу жағынан біз әлдеқайда алдамыз. Оның үстіне, Еуропалық одаққа кіргенімізге он алты жыл толды. Қазақстан – он сегіз миллион халқы бар ірі мемлекет, ал бұл – бизнесті дөңгелету үшін үлкен басымдық. Бізге АҚШ, Канада секілді ірі мемлекеттермен ынтымақтастық орнату тиімсіз, сол себепті біз өзімізбен көлемі жағынан ұқсас мемлекеттермен серіктестік орнатуға ынталымыз. Сосын Венгрия Қазақстанның ресми стратегиялық серіктестерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда байланыс орнатуға әбден негіз бар деп айта аламын. Тағы айта кетерлігі, екі халықтың да, көмектесуге әзір тұруы көшпенді мәдениеттен қалған әдет деп білемін.
– Мұнда дәріс оқи жүріп, елдегі білім беру жүйесімен таныс екеніңізді айтып қалдыңыз. Жалпы, сізден дәріс алып жүрген студенттердің әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Жалпы, Қазақстанның студенттері өте зейінді, ұйып тыңдайды. Тағы бір байқағаным ұстазды ерекше сыйлайды. Біз Батыс Еуропада дәл осы қасиетті жоғалтып алдық деп ойлаймын. Ал Қазақстандағы ұстазға ерекше қарауды әл-Фарабиден қалған білім мәдениеті деп білемін. Десек те, сабаққа уақытылы келу жағынан кемшін тұстар бар. Мәселен, әбден ұқыптылыққа бой үйреткен мен кездесуге он минут бұрын келіп, сол жерде әлі ешкімнің келмегенін байқасам, мазам қаша бастайды. Десек те, бұл сабақты іліп әкетуге кедергі емес. Мәселен, еуропалық студенттер кешігіп келген жағдайда сабақты үзіп, сұрақтарды төпелете қояды да, ақырында тақырыптан ауытқып кетеді. Ал Қазақстанда тақырыпты бірден түсініп, іліп әкетеді. Осыған таңғалдым. Сосын көптің ішінен суырылып шығуға жүрексінетін тәрізді. Әсіресе, қыз балаларда ұяңдық басым. Десек те, дәріс алушылардың бойынан мейірімділікті жиі байқаймын. Біреуге көмектес десе, алып-ұшып тұратын бұл мінезді көшпенді мәдениеттен қалған әдет деп білемін.
– Қазақстанда студенттерден бөлек, түрлі компаниялардың топ менеджерлеріне әлемге танымал венгр-америкалық психолог Михай Чиксентмихайидің «Ағын» моделі бойынша тренинг өткізіп жүргеніңізді білеміз. Жалпы, бұл модельдің көптеген психологиялық амал-тәсілдерден айырмашылығы қандай?
– Қазақстандағы жұмыскерлер басқа елдердің азаматтары секілді көп ақша табу үшін жұмыс орындарын жиі өзгертеді, бір компаниядан екінші компанияға ауысуды әдетке айналдырып алған. Тіпті, жалақысы жақсы болса да, жұмыста өздерін еркін сезінбейді. Кезінде қызық болған жұмысы біраз уақыттан соң тартымсыз көрінуі мүмкін. Олар өз қабілетін, өз дағдысын жетілдіргісі келмейді. Өздерін жұмыста бақытсыз сезіндіретін себептерді іздегісі келмейді. Сөйтеді де, қарапайым жұмыстың өзінен байқауға болатын жағымды да жақсы тұсты байқамайды. Оларға ең оңайы – басқа жұмысқа ауысу, осылайша жаңа жұмыста бақытты болып кетемін деп ойлайды. Ал негізінде олай емес екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Себебі...
– Себебі қай жаққа көшсеңіз де, өз проблемаңызды бірге арқалап жүресіз...
– Дұрыс айтасыз. Қайда барсаңыз да, көңіліңізге қаяу түсіретін солғын күй қыр соңыңыздан қалмайды. Қарап отырсақ, мұның барлығы басқару ісінің деңгейі төмен екенін көрсетеді. Ал жолды кес-кестеген қиындыққа морт сынып, орта жолдан бұрылып кетпей, мұның өзінен бір күннің сәулесін таба білуді зерттеген Михай Чиксентмихайи жаңа бағыт ойлап тапты. Бұл бағыт шеңберінде кез келген ортада бақытты сезіну әрі өз ортаңда шығармашыл тұлға болудың тәсілі насихатталады. Бұл бағыт бойынша дәріс алған басшылар әу баста қиын секілді көрінген тапсырманы еңсеру оңай екенін енді ұғынып жатыр. Бұл тек басшыларға қатысты бағыт емес, мұны көзге қиын көрінген кез келген іс, мәселен, спорт командасында сайысқа түсуді, айталық, медитация жасауды қиын көретіндер, біреумен әңгімелесуде өзін ыңғайсыз сезінетіндер, кітап оқуды әдет қыла алмайтындар үшін де өте қажетті нәрсе. Жоғарыда, тренингке көкпар ойынын қосқанымды айттым. Мұндағы адамдардың қазіргідей көздің жауын алатын неше түрлі заманауи ойындарға мән бермей, көкпар секілді байырғы ойынға неліктен жүрегі бұрып тұрады? Себебі бұл оларды қызықтырады, ұнайды. Жуырда басшыларға арнайы ойын құрастырдық, мұның ережесіне сәйкес олар қол астындағы қызметкерлерге жұмыс істеуге ыңғайлы атмосфера ойластырады. Бұл ойынға қатысқан қызметкерлер: «Маған бұл ойын ұнады, жұмыста ара-тұра осылай ой жүгірткен керемет екен!» дегендей жауап беретін деңгейге жетуі керек. Осы_лайша, қазақстандық басшылар қолайлы атмосфера жасау арқылы қол астындағы білікті мамандардан ажырап қалмайды, олардың бәсекелес өзге компанияға кетіп қалмауына, тіпті шетел асып кетпеуіне жол бермеу керек. Сонымен қатар «Ағын» моделі бойынша дәріс алатын басшылар қызметкерлерінің шығармашыл тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізеді. Жалпы, «ағын» – өздігінен болатын психологиялық құбылыс, біз маман ретінде бұл пайда болғанда атмосфераны жақсартуға тырысамыз. Жұмысты, ортаны жиі ауыстыру – біліктіліктің жоқтығы, ақылдың кемдігінен емес, қызығушылықтың төмен болу себебінен туындайтын мәселе. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстанда жұмыс істеген маған ұнайды, сол себепті әр келген сайын мұндағы көшбасшылыққа ұмтылған студенттер мен басшыларға көрген-түй_генімді үйреткім келіп тұрады.
Әңгімелескен Әлия ІЗТІЛЕУ