Еңбегін атажұртқа арнаған ерлі-зайыпты дәрігерлер (+видео репортаж)

Еңбегін атажұртқа арнаған ерлі-зайыпты дәрігерлер (+видео репортаж)

Еңбегін атажұртқа арнаған ерлі-зайыпты дәрігерлер (+видео репортаж)
ашық дереккөзі
1072
Жақында қандастарға арналған Atajurt жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысына қоныс тепкен қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтудың сәті түсті. Әуелі сол өңірдегі «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының бөлімшесіне барып, қан­дастардың хал-ахуалын сұрадық. Шығыс өңірі басқа об­лыс­тар­мен салыстырғанда жұмыссыздық және құжаттандыру мәселесін біршама шешкен. Бірақ кво­та алу және пайдалануға қажетті жер алу мәселесі бар. Сонымен қа­тар қандастардың мәдени-рухани, әлеуметтік, кәсіптік жағынан да бір­­­шама мағлұматтар алдық. Соның ішін­де ерекше атап өтерлігі ерлі-зайып­ты дәрігерлер – Айдын Тө­кен­ұлы мен Күниса Үркім­бай­қызы­ның жеке ауруханасына қалай да соғып кетуге бекіндік. Өйткені шығыстағы ел-жұрттан осы дәрі­гер­лер отбасы жайлы көп естідік. Ал­ғашында ол кісілерге хабарласып, сұх­баттасу үшін кездесуге ниет біл­діріп едік, дәрігерлер таңның аты­сы, күннің батысы қауырт, қарбалас еке­нін жеткізді. Десе де, Өскеменде болған екі-үш күндік сапарымызда жұрт мақтаған ерлі-зайыпты дә­рі­гер­лердің жекеменшік ауруха­насы­на барып, олармен тілдесудің орайы келді. Ерлі-зайыпты дәрігерлер 2008 жылы Қытайдан көшіп ке­ліп, ондағы оқыған білім-қабілеті мен ж­инаған тәжірибесін атажұрт­та жалғастырып жатыр екен. Айдын Төкенұлы мен Күниса Үркімбай­қы­зы­ның қызық та қилы тағдыры со­нау студент шақта Үрімжі ме­ди­ци­налық академиясында оқып жүр­ген кезден басталыпты. Содан бері міне отыз жылдай медицина са­ласында жұп жазбастан бірге қыз­мет істеп келе жатқанын мақ­та­нышпен айтады олар. Отағасы Ай­дын Төкенұлы Қытай елінің Шың­жаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Дөр­білжін ауданының тумасы. Әйел­дер дәрігері және жалпы сыртқы ауруларға қарайды. Дәрі­гер­лік бұл кісіге бабадан балаға жал­­ғас­қан атакәсібі болып шықты. Ал жары Күниса Үркімбайқызы Қытай елі­нің Шыңжаң өлкесі Алтай ай­ма­ғы Қаба ауданының тумасы. Бала­лар дәрігері, ішкі аурулар және ине­мен емдеу маманы. Әкесі Үркім­бай Алтай аймағында көптеген жер­де басшылық қызмет атқарған елге белгілі тұлға болыпты. Қос дәрі­гер де текті атаның ұрпағы еке­ні тіптен олардың шежіресінен ға­на емес, әрбір іс-әрекетінен де дег­дар­лық білініп тұрды. – Ел астанасынан ат сабылтып келген тілшілердің тілегін жерге тастай алмадық, әйтпесе көп жерге сұх­бат бермейтін едік, мұнымыз бәл­сіну емес, қарбаластан қолымыз­дың босауы қиын,  – дейді Айдын Төкенұлы. Әуел баста кештетіп жеткен бізден біршама тіксініп оты­рыпты. Қазір бүгінгінің тілімен айт­қанда хайп қуып, сөзіңді бұрма­лап, өзіңді кінәлап кететін пы­сықай­лар көп қой, сондай жүрген көл­делең көк аттының бірі ме деп ашыл­мағанын да жасырмады. Со­нымен әңгімеміз жарасқан соң, дә­рігерлер «таңертең ерте 8-ден қал­май ауруханаға келіңіздер, бүгінгі сұх­батымыз дұрыс болмай қалды. Біз­дің жұмысымызды өз көздеріңізбен көріп, танысасыздар. Сон­да тағы әңгімелесейік. Дәрігер­лік­тің қыр-сырын айтып беруге ты­ры­сайық» деді. Сонымен таңер­тең межелі уақытта жеттік. Расында Айдын Төкенұлы мен Күниса Үркімбайқызының ша­ғын ауруханасы емделушілерге лық толы. Көбі тұрақты келіп екпе, сис­тема алып тұрады екен. Шағын ау­рухананың ерекшелігі – қаралу­шылар үшін УДЗ-ға түсу, науқастың диаг­нозын анықтау тегін. Тек ем­делу мен дәрі-дәрмектің ғана ақы­сын алады. Ал Айдын дәрігердің ерек­шелігі – әйелдерге жақсы қа­рай­тынында. Әрине, бұл сөз әзіл үшін емес.  Дәрігердің жеке ауру­ха­насы іске қосылғалы бала көтере ал­май жүрген 300-дей әйел қара­лып, нәтижесінде 280-нен астам әйел «ана» атанған. Әсіресе, жа­тыр­да пайда болатын ісік, байланған тас және ұрықтың жетілмеуі секілді әртүрлі бедеулікті емдейді. Расында, еліміздің демографиялық ахуалы үшін бұл үлкен жеңіс. Аналардың де­ні сау болу үшін Айдын секілді дә­рі­герлер қажет-ақ, шіркін. Шетелден көшіп келген қан­дастар азаматтық ал­ған­ға дейін мемлекеттік ауруханада қа­ралуына және емделуіне хақылы. Бі­рақ бұл заңды мүмкіндікті қан­дас­тар толықтай пайдалана алмай­ды. Оралман куәлігімен немесе ық­тиярхатпен емделе алмай жүрген қан­дастардың көбі жеке ауруха­налар­ды жағалайтыны жасырын емес. Мұндай барар жері қалмаған қан­дастар да бұл ауруханаға көп ке­леді екен. Егер өз көзімізбен көрмесек сен­бес те едік, тіптен шетел­ден де қаралушылар арнайы іздеп келіп отырғанын көрдік. – Біз Қыр­ғыз Республика­сының Жалал-Абад облысы Ақ­су ауда­ны­нан келдік. Жол­да­сым екеуміз жыл­­да Айдын дә­рігерге келіп, емделіп тұра­мыз. Ол кісі жақсы емдейді. Жол­дасым бұрын да келген. Алған ек­пелеріміз жақсы әсер етеді. Жыл сайын Айдын дәрігерге келіп қара­ла­мыз. Жақсы жәрдем береді, – дейді Алатауды арғы жағы, қырғыз елінен келген Динара Қалиева. Дәл осынау кішкентай ғана ау­руханаға еліміздің түк­пір-түкпірінен келіп емделетін­дер­дің көптігіне қарап, таңғалғанымыз жоқ. Өйткені мұнда келгендердің ті­зімінде Ресейдің Екатеринбург, Но­восибирск қалаларынан, Қырғыз Республикасынан және Еуропаның бір­неше елдерінен де келіп емделе­тін­дер бар екен. Мұның сырын дә­рі­герлердің өзінен сұрағанымызда, Күниса Үркімбайқызы былай деп ағы­нан жарылды: «Медакадемияда оқып жүргенімізде бізге «дәрігерлік мо­раль» пәні кіретін еді. Онда нау­қас­тармен өте жақсы қарым-қ­а­тынас жасау, адамға деген шынайы мейі­рім, жанашырлық таныту туралы оқытылады. Өйткені дәрі­гер­д­ің алдына адам жетіскенінен келмейді, бар амалы таусылған соң, дерті жанына батып, қиналып ке­леді. Сондықтан бірінші ол адам­мен жақсы тіл табыса білуің қажет. Науқаспен әңгімелесіп, жағдайын сұ­рап, саған дейін қандай дәрі қол­данды, оны да білген жөн. Сосын мұқият қарап, диагнозын қойып, бір­ден дәрігерлік көмек көрсету керек. Оны әрі-бері сабылтып қою дұ­рыс емес. Кез келген адамға бірден қарау қажет. Оның ұлты, қай ел­дің адамы деген болмайды. Қо­лымыздан келген дәрігерлік кө­ме­гімізді аямаймыз. Біздің мақсаты­мыз, кім болса да науқасынан айы­ғып, сырқатынан жазылып, адам қатарына қосылып кеткені керек. Таяққа сүйеніп келген кісі, аяғымен жүріп кетсе қуанамыз». Осы отбасылық ауруханадан ем алып жүрген жандардың бір-екеуін әңгімеге тарттық. Соның ішінде тоқсаннан асқан қос қария – ерлі-зайыпты Мәмиевтер Айдын дәрігерге қаралып, ем-дом алу үшін ай сайын Қатонқарағай ауданынан арнайы келеді екен. Өскеменге әр келген сайын бұл кісілер дәрігер­лердің құтты қонағы болып, Күниса дәрігердің қолынан дәм татпаса көңілдері көншімейтін көрінеді. 2008 жылы барлық аурухана «енді емделуі қиын» деп шығарып салған Қайырғалым Мәмиев ақсақалды Айдын дәрігер емдеп: «енді ден­саулығыңызға10 жыл кепілдік бере­мін» депті. Биыл міне содан бері 12 жыл өтіпті, осы кезге аман-есен жеткен ақсақал Айдын дәрігерден тағы 10 жылға кепілдік сұрап жүр­генін айтады. Осы ретте, «маған көбіне осындай «актіге» шы­ғып қал­ған кәрі-құртаң ата-апалар ке­ле­ді» деп күлді Айдын Төкенұлы әзіл-шыны аралас. – Дәрігерлер алғаш келгеннен бері қаралып ке­леміз. Айтары жоқ, жақсы адам­­­дар. Туыс­қа­ны­мыз­дай бо­лып кетті. Ау­дан­нан әр кел­ген сайын емдеп қана қоймай, асты-үстімізге түсіп, күтіп қоя береді. Жы­­лына бір рет он күн жатып сис­те­ма алып қайтамыз. Алған дәрі­лері­міз бойымызға ем бо­лып қонып жатыр. Біздің Өскеменге Құдайдың өзі айдап келген дәрігерлер болып тұр, – дейді кейуана Гүлжан Мә­миева. Ал ем­де­лу­­ші Сырым Нұр­сұл­танұлы өз ойын бы­лай жет­кізді: «Бі­раз жыл бұ­рын денсаулы­ғым сыр беріп, қа­ралмаған же­рім қалмады. Со­дан шетелден келген бір дәрігер жақсы қарайды екен, жақсы ем-дом жасайды екен дегенді естіп, Айдын дәрігерге келдім. Ол осыдан 12 жыл бұрын болатын. Нә­тижесі болмайынша адам ештеңеге сенбейді ғой. Ау­руым­нан сақайып шықтым. Содан бері Айдын мен Күнисаның ауру­ха­насына келіп, қаралып тұрамын. Мен әбден ауыр­ғанда емес, жыл сайын алдын ала денсаулығымды қаратып отыра­мын. Негізінде елге келген бұл аза­мат­тар – Тәуелсіздік ал­ған­нан кейін Елбасының жүргізген Көші-қон саясатының табысты нә­тижесі деу­ге болады. Шетелдегі қандас­та­ры­­мыздың елге оралуына үлкен ең­б­ек етті. Бұл кісілер елім-жерім деп келген азаматтар. Көшіп кел­ген­нен бері қаншама қиыншы­лық­тар болса да, халыққа қалтқы­сыз адал қызмет етіп, көптің алғы­сын алып келеді. Мұндай білікті ма­ман­дарды әлі көптеп тарту қа­жет-ақ, шіркін». P.S. «Баламыз Арыстанбек Айдынұлы биыл 11 сынып бітіріп жатыр. Барлық сабағы өте жақсы. Мектепті үздік бітірді. Ол атасы мен әкесінің жолын қуып, медицина саласына, соның ішінде нейрохирург болғысы келеді. Енді соның тілеуін тілеп отырмыз», – дейді Күниса Үркінбайқызы. Анасының  баласына тілеген адал ниетіне біз де тілеулес болдық. Дәл осындай ата-ананың тәрбиесін көріп өскен, дәрігерлікті атакәсіп қылған шипалы шаңырақтан шыққан ұл  ертеңгі елдің ең білікті дәрігерлерінің бірі боларына сенім мол.

Бақытбек ҚАДЫР

https://www.youtube.com/watch?v=I95zjvCx6XE    

Серіктес жаңалықтары