290
Бақытгүл Ғибадатқызы: Журналистердің арқасында жанайқайым "жоғары жаққа" жетті
Бақытгүл Ғибадатқызы: Журналистердің арқасында жанайқайым "жоғары жаққа" жетті
Газетіміздің 2020 жылғы 28 мамырдағы №21 санында «Мүгедектігін дәлелдей алмай жүр» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Онда Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз Бақытгүл Ғибадатқызының басындағы тұрмыс тауқыметі, пәтерден-пәтерге көшіп жүріп жұқпалы дертке шалдыққаны, дертіне байланысты мүгедектігі үшін берілетін әлеуметтік төлемді де ала алмай әуре-сарсаңға түскені жайлы жазған едік. Газет қозғаған мәселені аяқсыз қалдырмай, бақылауда ұстап отыратын бұлжымас дағдымыз бар екені оқырманға мәлім. Бұл мақала газет бетіне шыққаннан кейін бірден Алматы облысына қарасты тиісті орындарға газет атынан хат жолдадық.
Қандасымыздың мәселесі оң шешімін тауып жатқаны туралы Бақытгүл Ғибадатқызының өз аузынан естідік.
– Сабырмен күте білген адамға ең жақсы нәрсе бұйырады деген рас екен. Осыдан екі ай бұрын, өмірім басқаша, тұңғиыққа батып бара жатқандай ауыр халде болды. Біріншіден жалғыз басты, аурушаң үш қыздың анасы едім. Туберкулездің ең ауыр түрімен ауырып, бір өкпеден айырылып, жұмыс істеуді айтпағанда, жүріп-тұруым мұң еді. Ауруханада бір жыл жатып шыққан менде, қайдан кіріс болсын? Туған-туыс, жақыныңнан еш қайыр жоқ, олардың маған бөліп берері болмады. Жергілікті әкімшіліктен де қайыр болмады. Сонымен, тағдыр мені аямай сынады. Мен әр сүрінген сайын қайта тұруға талпындым. Себебі қыздарым тым кішкентай, мен оларды қатал тағдырға тастағым келмеді. Өкпесі жоқ, мүгедек болсам да мына қиындықтармен күресемін деп шештім. Мен өз құқығымды қанша қорғасам да, маған тиесілі мүгедектік берілмеді. Балаларым үшін алуға тиіс жәрдемақы да тимеді. Жұмысқа ешкім ала қоймады. Себебі маңдайымда тайға таңба басқандай ауру екенім көрініп тұр. Мешіт жағалап, қайыр сұрауға арым жібермеді. Мен зайырлы мемлекетте тұрып, не үшін қайыршының күнін кешуім керек? Қатты жалғызсырадым. Бармаған жерім қалмады, қақпаған есігім жоқ. Мемлекеттік әлеуметтік сараптама бөлімі мені көрсе, жау көргендей, әр барған сайын менің құжаттарымды қарамай, дұрыс шешім шығармады. Әр кез көрсеткен мінездері еңсемді баса берді. Осыдан кейін менің бір өзімнің шамам жетпейтінін түсіндім. Үмітім үзіліп, қолды бір сілтеп, бәрінен баз кешуге шақ қалдым. Осы кезде маған еліміздің білікті журналистері қол ұшын созды. Менің жағдайыма бей-жай қарамай, көңіл бөлген халықаралық Тúrkistan газетіне алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Qazaqstan dauiri басылымы және басқа да ақпараттық сайттардың журналистері менің жанайқайыма құлақ асқанына дән ризамын.
Ал «31 арнадағы» «Кел, татуласайық» бағдарламасының журналисі Айбек Нұрқасымұлы хабарласып, «бірге күресейік, тек бағдарламаға келіңізші» дегенде мен жығылған орнымнан қайта тұрғандай болдым. Бағдарламаға шыққан соң маған уақытша баспана берілді.
Осы уақыт аралығында халық та менің жағдайымнан хабардар болды. Қолдау көрсетті. Содан жеке қордың төрайымы Эльмира Ешниязова деген ханымнан мен өзім көмек сұраған едім. Ол кісі Солтүстік Қазақстаннан үй алып беруге келісті, үйге келіп менің жағдайымды көріп, интернетке салып, халықтан ақша жинады. 770 000 теңге жиналған кезде, мен жарқ етіп «31-арнадан» шыға қалдым, сонымен бұл кісі маған жиналған ақшаны беруден бас тартты. Себебі мен солтүстіктен үй алғаныммен, ол жақтың қысы қатты, ал менің денсаулығым оны көтермейтінін айттым.
Шынымды айтсам, күресуден шаршап, қажып кеттім. Журналистердің араласуының арқасында бұған дейін жүре сөйлесіп келген, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының әкімшілігі жұмысқа шақырды.
Әлеуметтік жәрдемақыны да бітіріп береміз деген уәделерін алдық. Күтпеген жерден, маған ұялы телефоныма мүгедектік тағайындалды деген хабарлама келді. Заңды құқығым қорғалғанына қуандым. Талайдан бері шешімін таппай жүрген ең басты мәселе бір жарым айда шешілді. Жеке кәсіпкер әрі түрлі кәсіппен айналысатын атымтай жомарт Жанат Алтынғадысұлы маған екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Бұл шынымен түсіме кірмеген жағдай. Алғысым шексіз ол кісіге. Жақындарым істей алмаған жақсылықты жасады. Мені және қыздарымды баспаналы етіп, төбемізді көкке жеткізді. Пәтерден-пәтерге көшіп қиналған ауыр күндер артта қалды. Оның үстіне құрт ауруына бола, жұрт менен қорқып, қанша пәтерден қуып шықты. Менімен кейбір адамдар араласудан қалды. Мен ауруды сұрап алғам жоқ, Алланың сынағы. Ең басты уайымым, басымызда баспанамыздың жоғы еді, мен өлсем балаларым қаңғып далада қала ма деген ой мені қатты қинады.
Өмірдің тосын сыйы мұнымен бітпеді, бір кездері тұрмыстың қиыншылықтарымен ажырасып кеткен жолдасыммен қайта табысуға мүмкіндік туды. Балаларым бір кездері қол үзген әкелерімен табысты. Отбасым толыққанды болды. Мұның барлығы өз ісінің шебері, әр тағдырға ерекше жауапкершілікпен қарай білетін жанашыр білікті журналистердің адал еңбегінің арқасы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, қарапайым халықты денсаулық саласы болсын, әкімдіктегілер болсын, білім саласы болсын сергелдеңге салып, арлы-берлі сабылтқанды қоймайынша, қарапайым халық құқығын қорғай алмайды. Кәдімгідей шаршап, өздеріне тиесілі көмекті де алудан бас тартып, қолды бір сілтеп, бәрінен күдер үзеді. Міне, өздеріңіз куәсіздер, мен тоқтамадым, қаншама кедергіге қарамастан, жалған намысты жиып қойып, өз құқығым үшін соңына дейін күрестім. Соңғы үміт аялдамасы мен үшін төртінші билік өкілдері болды.