Booking.com-да жұмыс істейтін қазақ: Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған баладай

Booking.com-да жұмыс істейтін қазақ: Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған баладай

Booking.com-да жұмыс істейтін қазақ:  Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған баладай
ашық дереккөзі
50816
Әлемнің алпауыт компанияларында шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттырып жүрген қазақтар саны жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, ақпараттық технологияның қыр-сырын жақсы білетін қазақ жастарына шетелдік компанияларға жұмысқа тұру еш қиындық тудырмайды. Мәселен, қонақүй мен тұрғын бөлмелерді брондау бойынша әлемдік көшбасшы саналатын Booking.com компаниясының Амстердамдағы кеңсесінде қазіргі таңда жиырма қазақ жұмыс істеп жүр. Соның ішінде мобильді қосымшалар әзірлеумен айналысатын алматылық Нәрікби Мақсұтпен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Қонақүйлерді брондау бойын­ша әлемде нөмірі бірінші сана­латын Booking.com ком­паниясына жұмысқа тұру – әркімге беріле бер­­мейтін мүмкіндік. Жалпы, Алма­ты­дан Амстердамға  жолыңыз қалай түсті? – Алматыдағы №173 мектеп лицейде оқи жүріп, информатика пәнінен олим­пиа­даларға көп қатыстым. Бағдарламалаудан мек­тепаралық, республикалық, халық­ара­лық жарыстардан топ жарып, түрлі гранттар жеңіп алдым. Сөйтіп, осы мамандыққа деген қы­зығу­шылығым ұлғайды. Мектеп бітірген соң, Алма­тыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялық универ­си­тетіне оқуға түсіп, мұн­да ағылшын тілінде білім алдым. Сөйтіп, жүргенде үшінші курстан ірі компаниялар мен корпорациялардың тапсырысын орындап, жұмысқа араласа бастадым. Қо­лыма диплом тиген соң да, елде өз маман­ды­ғым бойынша әртүрлі компанияларда бес жылдай жұмыс істедім. Сөздің шыны керек, Қазақ­станда жағдайым жақсы болды, үй де, күй де болды. Десек те, білік­тілігімді шыңдау жағынан бір орында тұрып қал­ғанымды сезіндім, дамымай жүргенімді түсіндім. Бей­нелеп айтсам, Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған бала секілді. Кенжелеп дамуда. Мұнда ІТ маманына дамуға мүмкіндік жоқ. Сөй­тіп, ойлана келе шетелге, со­ның ішінде Амстердамдағы Booking.com компаниясына жұмысқа орналастым. Мұнда аталмыш ком­панияның мо­бильді қосымшасын әзір­леу­мен айналысып жүргеніме бір жыл болды. – Әдетте шетелдік компанияда тәжірибесі жоқ мамандардың әлем­нің ірі компанияларына жұмысқа бір­ден қабылдануы екіталай. Ал сіз­дің жағдайыңызда барлығы тіпті бас­қаша. Жұмысқа шақыртуды қа­лай алдыңыз? – Шетелдік компанияға жұмысқа тұру бе­л­гілі бір спорт түрімен айналысумен тең. Мә­селен, ұзақ қашықтықтағы марафонға қа­тысатын жеңіл атлет күндіз-түні шыны­ғып, өз-өзін баптайды ғой. Сол секілді мен де ұзақмерзімді қамтитын жұмысқа құжат тап­сыру процесіне тыңғылықты дайын­далдым. Негізінен, бір емес, бірнеше компа­нияны көздейсің. Мәселен, Google компа­ния­сына дайындалып жүрсең де, мұнымен деңгейлес он шақты ұйымға бірден құжат тапсырасың. Сосын арасынан сенің жұмыс тәжірибеңе қызыққан компаниялардан сұхбаттасуға шақырту аласың. Сөйтіп, бір­неше кезеңнен құралған сұхбаттасу про­цесінен өтесің. Кейіннен жұмысқа қабылдау туралы ұсыныс келіп түскенде, барлығын тара­зыға салып, өлшеп, арасынан өзіңе ың­ғайлысын таңдайсың да ұсынысын қабыл­дайсың.  width= – Сол ұсыныстардың ішінен не­ліктен дәл Booking.com компа­ния­сын таңдадыңыз? – Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен ағыл­шынтілді елде жұмыс істегім келді. Сосын шетелдегі жұмыс орным белгілі бір ин­дустрияда өзін мойындатқан мықты ком­пания болуы шарт, себебі мұндай бәсі биік, бәсекелесі жоқ компанияда жұмыс істеудің ықпалы зор екені айтпаса да түсінікті. Со­сын үшіншіден, маған қазақтардан құралған орта керек болды. Бөтен мемлекетке барып алып, бірде-бір қазақ таппай қалсам, қи­налар едім, себебі өзің шетелге енді келіп жат­қанда, қасыңда сені жақсы түсінетін, дем беретін достарың болмаса, жұмыс істеу қиын­ға соғады. Қазіргі күні Амстердамдағы Booking.com компаниясының он бес кең­сесінде менімен қосқанда жиырмадан астам қазақ жұмыс істейді. Бос уақытты бірге өт­кізе­міз, жиі бас қосамыз. Негізі, мұндай орта­ның ауадай қажет екенін көбі ескере бермейді. Кез келген мемлекетке барсаңыз, Үндістан, Түркия, Бангладеш елдерінің азаматтары үнемі топтасып, өзіндік орта құрып алғанын байқайсыз. Бұлай топтасып, жат елде бір-біріңе демеу болып жүру маңыз­ды. Осылайша, барлығы келісіп тұр­ған соң, неге бармасқа деп шешіп, осында кел­дім.  Осы тұста айта кетерлік жайт, мұн­дай ортаның пайдасы зор. Осыдан он жыл бұрын Facebook, Amazon, Google секілді алып компанияларда жұмыс істейтін қазақ саусақпен санарлық қана болатын, әрі оларды ешкім танымайтын. Ал қазір мұның әрқайсысында жұмыс істейтін қазақтар саны көп әрі олар бір-бірін жақсы таниды. Сосын олар осы компаниялардың арасында жұмыс орындарын жиі ауыстырады, бірі Facebook-тан Google-ға ауысса, екіншісі Google-дан Booking.com қатарына қосылады. Мұндайда түйіндемемен қатар, сені сипаттайтын мінездеме қажет. Сөйтіп, ол бауы­рымызға мінездеме жазып, жұмысқа орналасуына септігімізді тигіземіз. Мәселен, менің берген мінездемемді оның басшылығы «Booking.com-да жұмыс істейтін бала сипат­тапты. Демек, бұл белгілі бір деңгейі бар ма­ман болғаны ғой» деп, оны жұмысқа бір­ден қабылдауы ықтимал. Жалпы, кімге кө­мек қажет болса, аянып қалмаймыз, бар­лығымыз қол созамыз.  width= – Әлеуметтік желіде қазақ тілді подкаст ашуыңызға да қазақтілді ортаны қажет етуіңіз себеп болып тұр ғой? – Ол да бар. Сосын Қазақстанның даму мә­селесін ортаға салғым келді. Зерттеп қа­расам, елде әлеуметтік желіде көпшілік, өнер адамдары, блогерлерді ерекше көріп, тек олар­дың өмірін бақылаумен таңын атырып, кү­нін батырады. Үлгі тұтатын өзге маман­дарды көрмейді, танымайды. Әншілерді жа­ман демеймін, десек те болашақта мем­лекетте барлығы әнші, актер, блогер, вайнер бо­лып кетсе, ел қайдан дамиды? Сол себепті өзім әзірлеген подкаст арқылы жастарға ба­ғыт-бағдар беріп, белгілі бір мамандықтың шыңын бағындырған қарапайым адамдар­мен әңгімелесемін. – Вирус салдарынан саяхат жа­сауға тыйым салынған қазіргі­дей жағ­дайда қызметі туризммен ты­ғыз байланысты Booking.com қиын­шылық көріп жатқан жоқ па? – Пандемияның салдарын еңсеру ком­па­нияның ауқымы мен қорына байланысты. Қазір көбіне кішігірім компаниялар зардап ше­гу­де, себебі мұнда үлкен бюджет жоқ. Мә­се­лен, тұрғын үйді жалға берумен ай­на­лы­сатын Airbnb компаниясы үлкен қиындыққа тап болып жатыр. Мұндай компаниялар үлкен нарықта жұмыс істемейді, қолда бар ақ­шаны жаратады, қор жинамайды. Ал Booking.com-да олай емес, мұнда артылған ақшаны жаратпай, қазіргідей қиын ке­зең­дерді еш қиындықсыз еңсеру үшін ар­найы бюджет құяды. Ірі компаниялардың артық­шылығы осы. Сол себепті бізде барлығы ойдағыдай. – Әлем бойынша ІТ мамандарға сұраныс көп болғанымен, өзіңіз айт­қандай, Қазақстанда дәл осы сала кенжелеп дамуда. Сіздіңше, мұ­ны ерекше бақылауда ұстап, шап­шаң қарқында ілгерілетуге не ке­дергі? – Аталмыш саланың Қазақстанда та­ны­мал болғанына жеті жылдай уақыт болды. Ал ТМД елдерінде, мысалы Ресей, Украина жә­не Беларусьте ІТ жиырма жыл бойы да­мып келеді. Себебі оларда шетелдіктермен бай­ланыс орнатқан ірі компаниялар бар, нарық ауқымы үлкен. Ал Қазақстанда олай емес. Бізде ІТ мамандары өз өнімдерін тек Қазақстанға ғана арнап жасайды. Мәселен, мамандар кәсіби байланыс орнату үшін Instagram желісін пайдалану керек деген пі­кірді ұстанып алған, негізі олай емес. Өзіңді, өніміңді дамытқың келсе, LinkedIn секілді таза жұмысқа арналған желіні қолданған жөн. Ал егер маман өзін тек Қазақстанға өнім әзірлеумен шектейтін болса, онда оған LinkedIn түк те қажет емес. Себебі Қазақ­станда Instagram желісі былай тұрсын, тіпті таныс арқылы керек-жарағыңды тауып аласың. Бізде ІТ мамандар санының аздығы соншалық, мен Амстердамда отырып, Қазақстанның бүкіл ІТ маманын танимын. Біз өте азбыз. Үнемі айтатыным, шетел нарығына шығуды көздеп, шетелдік ком­панияда біліктілігіңді арттырғың келсе, LinkedIn секілді халықаралық аренадағы платформаларды қолдануың керек. Ал бізде қалай? Бізде көпшілік әлеуметтік желілердегі парақшаларында немен айналысатынын орысша немесе қазақша жазып қояды. Ағыл­шын тілінде титтей де ақпарат жоқ. Айта­лық, бір компания өкілдері сіздің өніміңізге қызығып, профайлыңызды ашып көрсе, ағылшын тілінде ақпараттың жоқтығынан ары ашпай, ысырып қояды. Мысалы, Booking.com-да әлем бойынша таланттарды табу­ға жауапты бір маман отырады. Оған сені қай елден, қай жерден екенің бәрібір, бас­тысы тәжірибең мен біліктілігің болса бол­ғаны. Ол LinkedIn-де кіріп, «бізге програм­мист керек» деп іздесе, қазақтарды тап­пайды, себебі біздің мамандар мұндай бай­ланыс жолына қызықпайды. Сосын Қазақ­стан­да ІТ мамандары жақсы жалақы алады. Олар соған масайып, әрі дамығысы келмейді. Же­ке өзімді айтар болсам, Қазақстанда ме­нің позициям жоғары болды, оның үстіне мамандар көп емес, сұраныс та жоғары. Десек те, жайлы зонаға бой үйретсең, одан шығуың қиын екенін түсіндім. Қазіргі таңда елдегі ІТ мамандардың 90 пайызы делік осы зонадан шыққысы жоқ. Оларға барлығы қо­лайлы, оның үстіне Қазақстанда өмір сүру өте арзан. Сосын бізде ІТ мамандардың ба­сым көпшілігі банктерге бір жұмысқа тұрса, сол жерде көпке дейін тұрақтап қалады, банк деген бір түрме секілді, мұнда адам жұмысқа бір кірсе шықпайды. Сосын Қа­зақстанда бастық болып жүрген маман мұн­да келгенде, қатардағы қызметкер дең­гейіне түсіп қалады. Амстердамға келгенге дейін жеті жылдық жұмыс тәжірибем болса да, мұнда келіп, бұл жинаған біліктілігімнің түкке жарамайтынын, шындап кірісу керек екенін түсіндім. Жоғарыда айтқанымдай, біздің мамандар өнімін тек ішкі нарыққа арнап әзірлейді, бұлай шектеуді қою керек, тек Қазақстанға арналған өнімді жасауды доғару керек. Мәселен, Sogym.kz желісі – тым кішкентай нарыққа арналған жоба. Себебі тек Қазақстан тұрғындарына арнал­ған, тіпті көршілес Ресей азаматтары қол­дан­ғысы келсе де, оларда соғым деген тү­сінік жоқ. Бұл істің өсуі екіталай, бұдан көп ақша да жасай алмайсың. Ауқымы аз. Ал өзім жұмыс істеп жатқан Booking.com-да ең ал­дымен сервис ауқымының кең болуына баса көңіл бөледі. Біздің компания адам әлемнің қай бұрышына барса да, мұнда кіріктірілген керемет таңдаулар арқылы өзіне керегін тауып алуына жағдай жасайды. Ал Қазақ­стандағы әріптестерім мұндай ауқым туралы көп ойланбайды. – Десек те, көңіліңізден шыға­тын, Қазақстанда әзірленген мо­биль­ді қосымшалар бар шығар? – Әрине, бар. Мысалы, намаз оқу уа­қы­тын қамтитын Sajde kz деген мобильді қо­сым­ша бар. Мұны өзімнің досым Алмас Әділ­бек деген маман жасайды. Бір қарағанда бұл тым оңай қосымша секілді көрінеді, де­сек те мұнымен көп жұмыс істелінгені бай­қа­лады. Бұл қосымшаны тек Қазақстан тұр­ғындары ғана емес, сонымен қатар, шетел­діктер де қолдана алады. Өзім де осын­да жүріп, сол қосымшаны пайдаланамын, мұнда көптеген тілде жазылған мәлімет бар. Алмастың айтуынша, Англияның Манчестер қаласында тұратын мұсылмандар мұны көп қолданады екен, сөйтіп олар сол қаланы қосуын өтініп, оған өтініш айтыпты. Жалпы, қо­лыңда керемет өнімің болса, экспансия жасау оңай. Қазіргідей ақпараттық тех­ноло­гия заманында ІТ саласы ең тиімді бизнес көзі. Мысалы, сіз әзірлеген сабын өніміне шет­елдік тұтынушылар тапсырыс берсе, бұл өнім бірнеше айдың ішінде жеткізіледі. Ал ІТ өнімі бір секундта жететін нәрсе, сіздің бүгін жасаған өніміңізді, ертең күллі әлем тұтына алады. Қазіргі таңда Оңтүстік шығыс Азиядағы Сингапур, Малайзия, Вьетнам елдерінің нарығы мықты дамып жатыр. Қазақстан мамандары мұнда жетіспей жатқан бір өнімді жасап, олардың нарығына кірсе, әрмен қарай Еуропа нарығына да жол ашылады. Мысалы, Украинада Serpstat деген компания бар, бұл танымал болмаса да, мұны бүкіл мемлекет қолданады. Бұл интернеттен іздеу кезінде сайтыңызды бірінші шығып тұруына жәрдемдесетін компания. Олардың кеңсесі Одессада. Одессада тіпті Snapchat-тың кеңсесі бар. Ал Одесса Қазақстанның деңгейімен салыстырғанда Тараз секілді кішігірім қала. Таразда да осылай неге жобаларды іске асырмасқа? Одессада ешқандай инвесторсыз өз күнін өзі көріп жатқан компания өкілдері жетерлік. Америкалық компания олардың қызықты стартап жобаларын сатып алып, «Көшпей-ақ, сонда жұмыс істей беріңдер, біз жіберген ақшаға кеңсе ашып алыңдар» деп қызметтестік орнатқан. Бізде де мұны істеуге болады. Өскеменде бір досым шетелдік компанияларға жұмыс істейді, сөйтіп, ол Еуропада жұмыс істейтін кез келген маманнан да көп ақша табады. Десек те, бастапқыда бұл мамандықты дұрыс та­нымай, бұған енді бет бұрып жатқандардан «Әкем өз мамандығыммен жұмыс істеме­генімді құптамай, үнемі ұрысып жүреді» де­генді жиі естимін. Ата-ананың қас-қабағына қарайтын болса, ол маманның алысқа бармайтыны анық, себебі ол өзінің емес, ата-ананың үмітін ақтауға бас қатырып, икемі келмейтін мамандықпен айналысуға құр уақыт кетіріп алады. Бұл дұрыс емес, себебі елімізде кенжелеп дамыған салаға бас сұққан бала бастапқыда үлкен нарыққа шыққанға дейін қинал­ғанымен, ертең жемісін молынан жейді. Жалпы, ІТ мамандығына қызығатын оқу­шыға Қазақстандағы ең мықты алты уни­верситеттің (Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ, КИМЭП, ҚБТУ және Халықаралық ақпараттық технологиялық университеті) біріне оқуға түсуге тырысуы керек, себебі программист ретінде жетілу үшін белгілі бір орта болу керек. Ал бұл ортаны дәл осы уни­вер­ситеттерден табасыз, мұнда бір қазанда қайнап жүрген жас мамандар бар, олар бұл саланы толық білмейтін студентке жөн сілтеп, жол көрсете алады. Негізі, мүмкін бол­са шетелге оқуға түсуге барын салуы керек, себебі қазір бұрынғыдай емес, тегін грант­тар мен тағылымдамалар көп. Сосын ағылшын тілін еркін меңгеруге тырысу қажет. – Әлеуметтік желідегі парақ­шаңызға Booking.com компа­ния­сына жұмысқа тұрғаныңызды ха­барлап жазғаныңызда «Бұл деген Қазақстанды мәңгіге тастап кету деген сөз емес. Жоқ, халықаралық компанияларда жұмыс істей жүріп, шыңдаған қабілетім мен алған білі­мімді қолдану үшін Қазақстанға міндетті түрде ораламын. Егер сен расымен ауқымды әрі мақтауға тұрар­лық бірдеңе құрастырғың келсе, мұны жақсы істейтін­дер­­ден үйренуің керек» депсіз. Алдағы уақытта Қазақстанға ІТ саласының жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде орал­ғаныңызда нені өзгер­тіп, нені түзейтініңізді ойыңызға қа­зірден бастап түйіп жүрген бо­лар­сыз? – Әлбетте, ойыма тоқып жүрген идея­ларым бар. Әлбетте, Қазақстанға түбі орала­мын. Сізге мынаны айтайын, мұнда бір азғыру­шы күш бар, себебі Голландия секілді елдер тым жақсы өмір сүру сапасымен баурап алады. Мұнда көңіл тоқ, уайым жоқ. Бес жылдан кейін, бұл елдің азаматы атана аласың. Оның үстіне, бұл елдің төлқұжа­тымен көптеген елді шарлап, дүниетаны­мыңды кеңейтуге мүмкіндік көп. Ал біздің төлқұжатпен тек санаулы елге ғана саяхат­тай аласың, көп жағдайда арнайы виза жа­сату қажет. Десек те, мұндай басымдықтар көп болғанымен, мен мұнда не үшін, қандай жағдайда келгенімді жадымнан шығар­маймын. Мен мұнда мемлекеттен қысым көріп, тауым шағылып келсем бір жөн, бұл елге өз елімде алған білім, жинақтаған тә­жірибемнің арқасында келдім. Ал Голландия мемлекеті маған түк берген жоқ, керісінше, түрлі төлемдерді төлеу арқылы мен бұл елдің қоржынына қаражат салып жатыр­мын. Жалпы, жайлылыққа бойы әбден үйрен­ген Голландия жастары талапкер емес, ай­тарлықтай амбиция жоқ. Ал біз елде қыруар істі түзеу керек екенін көріп, біліп өскен соң, мақсатымыз да үлкен, уайымы­мыз да көп. Сол себепті, қанша мемлекетке барсақ та, түбі сол уайыммен, түбі сол мә­селені ойлап, шешу жолдарын іздеп жүресің. Мен де Алматыда Амстердамдағыдай жұмыс ортам, жайлы кеңсем болғанын қалаймын. Барлығы уақытында болады, болатынын білемін. Десек те, шама келгенше шетелде шынығып, шыңдалып алған жөн. Егер өз еліңде әзірге мұндай орта жоқ болса, басқа ортаға бару қиын емес. Эйнштейн «Пробле­маңды тек бір жолмен шешкісі келетін адам – ең ақымақ адам» дейді, сол себепті ортаны ауыстыру, жұмыс орнын өзгерту өте тиімді қадам. Ме­нің түсінігімде, қырық жасқа дейін елді, жер­ді көру керек, сосын елге оралғанда жи­наған тәжірибең бар, бөлісетін құпияң бар, өтетін сөзің бар, сөйтіп барлығын өз аузыңа қаратып, кәсіптің дөңгеленуіне үлкен үлес қоса аласың деп білемін.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары