273
733 қандасымыз ұбт-ға онлайн қатысты
733 қандасымыз ұбт-ға онлайн қатысты
Шетелдегі қандастардың Қазақстанда оқуы үшін шақыру алу мәселесі Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүйелі жолға қойылған. Олардың елге келіп, білім алып, кейіннен мамандығына қарай жұмыс істеп, отбасын құрып атажұртта қалуына жағдай жасалды. Десе де, өзге елде сауат ашып, орта мектепті сыртта тәмамдаған жастарға елімізде бірден ҰБТ тапсыру қиынға түсетіні рас. Сол үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан талапкерлерді ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлайтын дайындық бөлімі ашылды. 2018-2019 жылдары 992, 2019-2020 жылдары 1 300 қандасымыз дайындық бөліміне қабылданды.
Қандастарды оқуға қабылдауға арналған квота 2 пайыздан, 4 пайызға өсті. Атажұртта білім алғысы келетін талапкер жастардың саны жыл сайын артып келеді. Биыл ҰБТ тапсыруға 2025 қандасымыздан өтініш келіп түскен. Талапкер жастардың басым бөлігі ҰБТ-ны ел ішінде тапсырды.
«Отандастар қоры» әлемдік пандемияға байланысты елге келе алмай ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен шет қалған қандастарымыздың мәселесін көтерген болатын. Бұл жұмыс үш ай уақытқа созылды.
Нәтижесінде, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің, Ұлттық тестілеу орталығының қолдауымен, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында шетелде қалған талапкер қандастарға ҰБТ-ны онлайн өткізу шешімі қабылданды. Бұған дейін елімізде ҰБТ онлайн режимде өткізілмеген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірігіп атқарған жемісті қызмет аясында 733 қандасымыз 19 шілдеде онлайн ҰБТ-ға қатысты. Қандас талапкерлердің онлайн тест тапсыруына атсалысқан барша маманның қызметіне ризашылығымды білдіремін», – дейді «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов.
Шеттегі қандас талапкерлеріміз «Отандастар қоры» көтерген мәселенің оң шешім табуына ықпал еткен Ұлттық тестілеу орталығы, Сыртқы істер мен Білім және ғылым министрлігіне алғысын жеткізді.
«Бүкіл әлемді жайлаған COVID-19 індетіне байланысты шекара жабылып, біз Қазақстандағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу мүмкіндігінен шет қалдық. Дегенмен «Отандастар қоры» мәселе көтеріп, Ұлттық тест орталығы, Сыртқы істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелде қалып қойған қазақ балаларына онлайн ҰБТ тапсыруға рұқсат берілді. Бұл бізге жасалған үлкен жеңілдік болды», – дейді Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің тыңдаушысы, Баян-Өлгей аймағындағы қандасымыз Ержан Аманжол.
Ескерте кететін жайт, Қытай, Моңғолия және Өзбекстандағы қандастар назарына! Онлайн тапсырған ҰБТ нәтижелерін https://certificate.testcenter.kz/. сайтынан ЖСН, ТЖК енгізіп біле алады. Содан кейін ЖОО-ның виртуалды қабылдау комиссиясына конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру қажет. Контактілерді келесі сілтемеден жүктеп алуға болады http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php?ID=2059. Талапкерлер 2020 жылғы 19 шілдеде өткізілген онлайн тестілеу барысының бейнежазбасын Ұлттық тестілеу орталығына жібермесе, тест нәтижесі шықпайды. Тестілеу нәтижесі бейнежазба қаралғаннан кейін ғана жарамды. Бейнежазба Ұлттық тестілеу орталығының nct-kt@mail.ru поштасына жіберілмеген жағдайда, тестілеу нәтижесі жойылатын болады.
Талапкерлер тесттен алған бағасына қарай ел ішіндегі оқу ордаларының студенті атанады. Бұл әр талапкердің тесттен алған ұпайының нәтижесіне қарай жеке қаралады.