Түркістан тарихи туризмнің ошағы болуы керек

Түркістан тарихи туризмнің ошағы болуы керек

Түркістан тарихи туризмнің ошағы болуы керек
ашық дереккөзі
695
Биыл Түркістан облысының құрылғанына екі жыл толды. Бізге пікір білдірген сарапшылар облыстың экономикалық әлеуетін, Мақтааралдағы су тасқынынан болған апаттарға қатысты өз ойын айтты.

Шекарадағы су қоймасын Қазақстан мен Өзбекстан бірдей қадағалауы тиіс – Темірхан Медетбек

Ақын, мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Темірхан Медетбек азын-аулақ кем-кетіктер бола береді, бастысы Түр­кі­станды облыс ретінде сақтау керегін және Өзбекстанмен шекарадағы су қоймасын екі ел бірдей қадағалау керегін айтты. – Түркістан облысының жеке облыс бо­лып құрылғанына қуанғандардың бірі­мін. Тіпті, кешігіп қалдық десек те болады. Бұдан да ертерек қимылдау керек еді. Дегенмен жақсылықтың ертесі мен кеші жоқ. Мен өзім осы облыстың тумасымын. Азын-аулақ кем-кетіктер бола береді. Бір үйден екінші үйге көшсең де оңай емес. Оның қасында облыс орталығын бір қаладан екінші қалаға ауыстыру әжептәуір жұмыс. Көш жүре түзеледі ғой. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, коронавирус індеті халықты біраз еңсіретіп тас­тағаны рас, – дейді Темірхан Медетбек. Мемлекеттік сыйлықтың иегері осы ретте облыс орталығынан қашық жат­қан аудандармен қарым-қатынасты, яғ­ни логистика құралдарын көбейту керек деп отыр. – Түркістан облысында жол мәселесі бар. Бұл жерде Мақтааралдың облыс ор­та­лығынан қашық жатқанын айта аламын. Сырдарияның арғы жолымен болсын, бергі жолымен болсын қашықтықты жақындату жағын ойластыру керек. Мен өзім Маң­ғыстауда 25 жыл тұрғанмын. Облыс орта­лығы Ақтаудан алыс орналасқан ауылдар көп. Бір шеті анау Гурьевтің бір жағында, бір шеті Түркіменстанмен шекараға тіреліп жатыр. Бір жылдары Маңғыстау қиыншы­лыққа тап болды деп облысты жауып тас­таған. Қайтадан амалсыз ашты. Сондық­тан облыс орталығы қашық екен деп Түркі­стан­нан айырылып қалмау керек. Қиын­шылықтарды жеңуге болады. Жолды жақ­сартса дұрыс болар еді. Сосын автобус, пойыз, қысқа маршруттарды жиілетіп, қа­рым-қатынасты жеделдету қажет. Түркістан өзі Шымкенттен 160 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Жалпы, Түркістан облысының болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді ақын. Ал көктемде Мақтааралдағы су тас­қынынан кейін келісімшартта екі елді бірдей қадағалауға құқығы бар деген пункт болуы қажетін және бұл мәселені президенттер ғана шеше алатынын айтты. – Естіп отырмыз, сол бұрынғыдай қыз­ған­шақтық жасап, суын жөнді бермей, қой­мадан ағып кеткен ғой. Қанағатсыздық де­ген сол емес пе? Бұл бір жекелеген адам­дардың немесе топтардың тіршілігі. Енді олармен келісімшартқа отырыпты. Әрі қарай қараймыз. Осындай жағдайды бол­дырмау үшін мемлекеттік дәрежеде шешілуі тиіс. Бұл мәселені екі көршілес облыстың әкімдері емес, Тоқаев пен Мирзиеев сөй­лесіп, шешу қажет. Талай қоймаларды біле­мін, етек жағында елдімекендер тұрады. Енді осы жағдайлар қайталанбасын десе, екі жақ бірдей қадағалауы керек. Жалғыз Өзбекстан емес, Қазақстан тарапы да қада­ғалап отырсын. Келісімшартқа сондай пункт­тер енгізілуі шарт, – дейді қоғам қай­раткері.

Екі жылда Түркістан қаласы алып құрылыстардың мекеніне айналды

Филология ғылымдарының кан­ди­даты, Қазақстан Журналистер ода­ғының мүшесі Ноябрь Кенжеғараев Түр­кістан облысындағы жетістіктермен қатар проб­лемаларды да көтерді. – Елбасы Жарлығымен 2018 жылғы 19 маусымда  Түркістан  облысының құрылуы аза­маттарды түрлі ойларға жетелегені бел­гілі. Бірі құптаса, кейбіреулер қарсы болып та жатты. Соңғы кезеңдері демократияшыл күштердің белсенділігімен Назарбаев, қазақ елінің астанасын оңтүстіктегі Алматыдан, арқадағы Ақмолаға ауыстырғандағы стра­те­гиялық көрегенділігі сынды көзірі екінші мәрте Оңтүстік Қазақстан облысы атауын өзгертіп, облыс орталығын Түркістан қала­сына ауыстыру туралы шешімі, Елбасы ертеңгі күні президенттіктен кетсе де, кейін­гі уақытта елдің алдында ауыз толты­рып айтып, тарихта жақсы атпен қалу үшін жасалған стратегиялық, имидждік, пиар қа­дамы дегендер де болды. Түркі жұртына ор­тақ, рухани пірі – Қожа Ахмет Ясауимен қа­тар, қазақтың маңдайына біткен хан­дары, сұлтан, би, батырлары жатқан қа­сиетті мекенге берілген басымдық Елба­сының атына жағылған барлық күйеден ақтап алады деген пікірлер айтылды, – дейді Ноябрь Кенжеғараев. Оның айтуынша, мәртебесі өзгерген соңғы 2 жылда Түркістан қаласы алып құрылыстардың мекеніне айналып, түрленіп сала берді. – Қаланың инфрақұрылымы қарқынды дами бастады. Түркі дүниесінің астанасы делінетін Түркістанның екінші тынысы ашылды. Дегенмен Түркістан қаласының облыс орталығы болып өзгертілуі, Мыр­за­шөл өңіріндегі шалғайда жатқан Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Шардара аудан­дары үшін қиындықтар туғызғаны да анық. Соңғы кездері 710 мың халқы бар осы 5 ауданнан жаңадан Мырзашөл облысын құру керегі жөнінде көтеріліп жатқан бастамалар негізді деген де ой келеді. Оның үстіне осы жылдың 1 мамырында Өзбек­станның Сардоба су қоймасындағы апаттан кейін, Мақтаарал өңірінің ауылдарын су басып қалуы, ше­кара­лас аймақта орна­ласқан аудандардың шоғырланған, шешілуі керек мәселелері шаш-етектен екенін көр­сетті. Аталмыш 5 аудан еліміздің құнарлы топырақты, аграрлық аудандары. Жерді емген халық жыл сайын су тапшылығын көреді. Ал су мәселесін шалғайдағы Түр­кі­станға (500 шақырымға жуық) барып шешу қиын шаруа, – дейді ғалым. Сондай-ақ ол осы өңірдегі дін, идео­ло­гия, білім мәселелеріндегі ол­қы­лық­тар бар екенін айтты. – Қазіргі таңда Түркістан қаласында 175 нысанның құрылысы жүріп жатыр екен. Тарихи қаламыз үшін өте қуанышты жағдай. Алайда барлық назар мен қаржы облыс орталығына бөлініп, қалған өңірлер кенже қалып жатқаны тағы бар. Оның бір көрінісі деп былтырғы әскери қойма­лар­дағы жарылыстардан зардап шеккен Арыс ауданын айтуға болады. Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген, ірі өнеркә­сіптері жоқ аудан. Жарылыстан кейін Үкі­мет «Арыс қаласын қалпына келтіру жә­не жаңғырту бағдарламасын» қабылдауы ке­рек деген сенім болды. Өкінішке қарай, қа­ланы жаңғыртуға арналған Үкіметтік бағ­дарлама жоқ болып шықты. Қала жа­рылысқа дейінгі келбетінен анағұрлым жақ­сарды дегенмен, кешенді даму стра­тегиясы мен жоспары жоққа ұқсайды. Тари­хи қала Түркістанның өркендеп дамыға­ны­на өңір жұртшылығы қуанбаса, ренжімесі анық, дегенмен өңірдегі басқа да  аймақтар­дың қолайлылығын, дамуын, өркендеуін естен шығармай, қатар өрбіту керек, – дейді Ноябрь Кенжеғараев.

Дағдарыс уақытында инфрақұрылымдық жобаларды көптеп бастау керек – экономист

GSB UIB бизнесті талдау орталы­ғы­ның сарапшысы, экономист Мақсат Халық Түркістан облысының құрылуының экономикалық жағынан қандай пайдасы бар екенін айтты. – Расымен де, Түркістан облысының құрылуы орынды болды. Көптеген кісінің идеологиялық мәні бар деген пікірге келісемін. Сонымен қатар идеологиялық мәннен бөлек, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар екенін де ұмытпау керек. Тізбелеп айтып беретін болсам, қазіргі таңда Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының өркендеуі мен дамуына қарайтын болсақ, екі жылдың ішінде үлкен өзгерістердің болып жат­қанын байқаймыз. Енді оның аймақтарын­да инфрақұрылымдардың жасақталуы, сол жерде жолдардың жасақталуы және қосым­ша тұрғын үйлердің салынып жатқаны, әрине көңілден шығады. Сондықтан мұн­дай тенденцияның болғаны дұрыс, – дейді Мақ­сат Халық. Оның айтуынша, дағдарыс уа­қытында, яғни экономикалық кризис, пан­демия кезеңінде облысты инфрақұры­лым жағынан жасақтау маңызды. – Осы инфрақұрылымның өзі жол салу, электр жүйелері мен газ тарту, қаланы жаб­дықтаумен реттеу бұл экономикалық мәнге ие.  Сонымен қатар қосымша жұмыс ашып жатқан жағдайы бар. Сондықтан да бұл ха­лықты қосымша жұмыспен қамта­ма­сыз ететіні анық. Сыншылар бұл уақытша мау­сымдық жұмыс қой деп айтып жатады. Олардың келтіретін мысалы, инфрақұры­лым біткен соң, құрылыста жүргендер жұ­мыс­сыз қалады. Бірақ бірден айтқым келеді, дағдарыс уақытында екі қолға бір күрек та­былғаны жақсы емес пе? Осындай қиын кезеңде жұмыс табудың тиімді тетігі. Осын­дай инфрақұрылымға байланысты және тұрғын үйге қатысты көптеген жоба жүзеге асырылуы керек. Сәйкесінше, мемлекет жұ­мысынан айырылып қалған азаматтары­мыз­ды баламалы жұмыспен қамтудың жол­дарын шешеді. Кейін экономика қал­пына келген кезде инфрақұрылым эко­но­микалық өсімге импульс береді. Сондықтан оның ұзақмерзімді жоспар тұрғысынан маңызы жоғары, – дейді экономист. Оның айтуынша, дағдарыс уақытында инфра­құ­рылымдық жобаларды көптеп бастау ке­рек. Тұрғын үй салуды да қолға алған дұ­рыс деп отыр. – Әрине, халықтың қазір сатып алу мүмкіндігі жоғары емес. Дегенмен де, бұл жобалар біраз жұмыс орнын ашатыны анық. Екіншісі, туризм мәселесі. Бұл өңірде тарихи орындар, табиғаты тамаша жерлер өте көп. Сондықтан ішкі туризмді дамыту бойынша үлкен қадамдар жасауға болады. Әсіресе, инфрақұрылымды реттесе, келу­шілер саны артар еді. Үшіншісі,  адам капи­талының әлеуеті жоғары. Бұл өңірде халық тығыз орналасқан. Бірақ халықтың орташа жалақысы төмен өңірлердің бірі. Сондық­тан халықтың табысын арттыру, орташа жалақыны көбейту мәселесін реттеу қажет. Бұл әрине, мемлекет тарапынан орын­да­латын дүние. Ең төменгі жалақыны 42 500 емес, 70 мың қылып қою керек деген ұсы­ныс дайындап жатырмыз. Одан кейін орта­ша жалақыны арттыруға тиіспіз. Табыс арт­қан сайын экономикамыз да қарыштап да­ми береді, – дейді GSB UIB бизнесті талдау ор­талығының сарапшысы. Ол сонымен қа­тар, ауыл шаруашылығы мәселесі де өзекті еке­нін атап өтті. – Бұл жерде ауыл шаруашылығымен ай­налысуға ауа райы қолайлы. Көкөніс, жеміс-жидек өсіремін десе, қиындық жоқ. Тек төтенше жағдайда қырыққабаттардың дала­да босқа шіріп кеткенін көрдік. Сон­дық­тан бұл жерде проблема агломерацияны дамыту. Ірі қалаларды тиімді қамтамасыз ету.  Аймақтардың таза табиғи өнімімен ірі қалаларды қамтамасыз етудің логисти­калық тізбектерін ұйымдастыру. Өкінішке қарай, бұған дейінгі жылдарда камаздар өздері алып кетіп жүрген. Шаруалар соған үйреніп қалған. Ендігі жерде ол шаруашы­лық ұйымдастыру азаматтарға белгілі дәре­жеде біліктілік қажет. Бір жағынан бұл – цифрландыру. Өнімдерін супермаркет, тұтынушыға дейін жеткізудің логистика­лық тізбектерін ұйымдастырудың жаңа технологиясы керек. Осындай ұтымды ше­шімдер болса негізінен бұл өңір дамитын болады, – дейді Мақсат Халық.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристік хабтың орталығы болуы тиіс

Экономика ғылымдарының доценті, белгілі экономист Бауыржан Ысқа­қов Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи ке­се­несін мемлекеттің ішінде жеке сала ретінде туристік хабтың орталығы етіп қалып­тастыру керек деген ұсыныс айтты. – Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл болды деп жатырмыз ғой. Жалпы, тәуел­сіздік жылдары бірнеше облыстың орталығын көшірдік. Сондықтан тәжірибе бар. Ақмола облысының орталығын Көк­ше­тауға, Алматы облысының орталығын Тал­дықорғанға ауыстырдық. Өйткені бұл қа­лалар бір кездері облыс орталығы мәр­тебесінен айырылып, басқа облыстың орта­лы­ғына қараған кезде экономикасы тө­мендеп кеткені белгілі. 1997 жылдары сон­дай жағдай болғанын жақсы білесіздер. Қа­зір Семей осындай жағдайды бастан ке­шіп отыр. Сондықтан дотациялық қалаға ай­налды. Талдықорған мен Көкшетау об­лысы орталығы болғандықтан, эконо­ми­ка­с­ы көтерілді. Облыс әкімшілігі отырады, қан­шама аппарат барады. Түркістан облы­сының, Түркістан қаласы болуының бір­не­ше ұтымды тұсы бар. Оған әрине саяси, де­мографиялық, өзбектердің қысымына көп ұшырамау керек деген секілді. Сонымен қатар экономикалық жағынан тиімділігі бар, – дейді Бауыржан Ысқақов. Оның ай­туын­­ша, Шымкент қала ретінде өсті, енді Түр­кістанды дамытудың тиімді жақтары бар. – Шымкент үшінші мегаполис. Осыған дейін облыс орталығы болды. Қаншама өндіріс орталықтары ашылды. Өзін-өзі қам­титын қалаға жеткендіктен республикалық қалаға айналдырып, облыс орталығын Түркістанға көшірді. Қазір енді бұл қалада облыс әкімшілігі отыр, көптеген құрылыс салынып жатыр. Мұның, әрине экономи­калық жағынан қайтарымы бар деп айта аламын. Сонымен қатар туризмді дамытуға ық­палы тиері анық. Түркістанның символы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қайта жөн­деуден өтуі де сөзіміздің айғағы болса керек. Инфрақұрылымды жақсартуға көп­те­ген қаржы бөлініп жатыр. Осының бәрі туристік хабқа айналуға мүмкіндік береді,  – дейді сарапшы. Қаржы маманының айтуын­ша,Түркістан облысы құрылған кезде оның қалыптасуына деп 900 миллиард теңгедей қаражатты есептеген. – Оның ішінде 400 миллиарды респуб­ли­калық бюджеттен, 30-40 миллиарды жер­гілікті бюджеттен, ал жартысынан көбі ин­вестициялық көздерден болады деп жос­парланған. Өйткені инвесторлар қара­жат­тарын салу арқылы пайда көре алады. Яғни, салықтық жеңілдіктер, каникулдар беріледі. Сондықтан қазіргі кезде инвесторлар ауыл шарушалығы, туризм, басқа да салалардың барлығына қаржы құйып жатыр,  – дейді Бауыр­жан Ысқақов. Ол осы ретте өз ұсыны­сын да айтты. Италия секілді тарихи ту­ризмді әлемдік дәрежеге жеткізу керек деп санайды. – Жалпы, бұрын Оңтүстік Қазақстан об­лысы болғанда жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде мақта кластерінің дамығаны белгілі. Енді Түркістан туризмге көңіл бөлуі керек. Әсі­ресе, тарихи туризмді қолға алған дұ­рыс. Мұндайды Италияға барғаннан кө­ріп жүрміз ғой. Сондай әлемдік дәрежеге жеткізуіміз керек. Арнайы бағдарлама бол­ған дұрыс, жергілікті бюджеттен қаржы­лан­дырудың қажеті жоқ. Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесінің төңірегінде арнайы мемлекет­тік бағдарлама қалыптасу керек. Мемле­кет­тік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асыруға болады. Жеке секторды қызық­ты­рып, осыған тартқан дұрыс. Яғни, Қожа Ах­мет Ясауи кесенесін мемлекеттің ішінде жеке сала ретінде туристік хабтың орталы­ғы етіп, қалыптастыру керек деген ұсыны­сым бар. Ауыл шаруашылығы секілді сала­лар жергілікті бюджетке түсім беретін бол­са, туризмнен түсетін қаражат арнайы есепшоты бар өзін-өзі ақтайтындай жеке болса деген ұсынысым бар. Яғни, облыстық бюджетке кетпегені жақсы. Сол жердің дамуына жұмсалып, хабқа айналатындай дәре­жеге жету керек,  – дейді экономист.

Дайындаған Еркебұлан БЕК

Серіктес жаңалықтары