Жабалдың жаласы немесе менің Оразбайыма жауап

Жабалдың жаласы немесе менің Оразбайыма жауап

Жабалдың жаласы немесе менің Оразбайыма жауап
ашық дереккөзі
540
Редакциядан: Газетіміздің өткен санында абайтанушы ғалым Жабал Шойын­беттің сұхбаты жарияланған болатын. Сұхбаттың тақырыбы «Көпшілікке Абай туралы «адас­қан» қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр» деп аталатын. Сұхбат барысында Жабал Шойынбет абайтану саласындағы өзекті мә­селелерді қозғап, кейбір зерттеушілер мен ғалымдардың аты-жөнін атап, олардың абай­тану жөніндегі іліміне күмән келтірген пікірлер де айтқан. Осы тақырыпқа бай­ланысты абайтанушы ғалым Асан Омаров сұхбатқа қарсы жауап хат жазған екен. Біз екінші тараптың да пікіріне құрметпен қарап, газетке жариялауды құп көр­дік. Таяуда Жабал Шойынбеттің сұхбаты «Түркістан» газетіне шықты. Қойылған алғашқы сұраққа берген жауабы соңында Жабекең: «Мен қазіргі күні телеарна, радио, баспасөз беттерінде, сайттарда көп көрініп жүр­ген ағайынды Досым және Асан Омаровты, «жұмбағы» мол Омар Жәлелді нағыз абайтанушы деп мойындамаймын. Олар мен үшін қазақтың, Абайдың мүддесін емес, өздері үшін қымбат әлдебір топтың мүддесін көздеушілер секілді көрінеді» дейді. Бұл жерде «нағыз абайтанушы – мына мен!» деген ойдың құ­лағы қылтиып тұрғаны анық. Тек өзін ғана абай­танушы ғалым санайтын Жабал інім «әлдебір топтың мүд­десін көздеушілер» деген жаласын біздерге жаба са­лыпты. Ұят-ай. Қалай ғана дәті барды екен?! Ғалым­дық – тазалықтың символы емес пе еді? Жабал Шойынбет жалған жаланы қардай боратып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап келе жатқалы қашан. Кемінде жиырма жылдың жүзі болды. Жабал анау-мынау емес, өте ауыр қылмысқа пара-пар айыптар тағады. «Ағайынды Омаровтар қазақтың қас жауы, халықаралық астыртын ұйымның тыңшысы (шпионы)» деген сияқты. Жаңылмасам, осы жылдың басында Президентіміз Қ.Тоқаевтың атына арыз-хат жолдап, онда ондаған зиялы адамдардың есім-сойын атап, түгелдей қатаң жазаға тартуды өтін­ген болатын. Сол тізімде аталғанның бірі, оқу-ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері Роза Мұхамет­жан­қызы апай маған телефон шалып: «Оқу-білім саласында қы­рық жыл адал еңбек еттім, мына Жабал деген абы­ройымды айрандай төкті-ау, еш жазықсыз күйдім-ау?!», – деп қатты күйзелген халде кемсеңдей берген-ді. Шүбәсіз, әр адамда бала-шаға, орта, дос-дұшпан бар, Жабалдың жаңағы жалалы хаты, онда аталған жан­дар жүрегіне терең жара салғаны анық. Бүкіл өмі­рін ғылым деп, ұлт мүддесі деп сарп еткен адамға жа­ланың қай түрі болмасын, ауыр тиері сөзсіз. Әттең-айы, Жабал Шойынбетке біреуді қаралай салу түкке де тұрмайды. «Шіркенде ес болсайшы сезед деген» (Абай) демекші, есі әлі кірмеген баладай шоқ­парын оңға да, солға сілтей салады сабаз. Паронойя ма, әлде шектен шыққан қызғаншақтық па? Шыны керек, аң-таң қаласың. Әйтеуір, ғалым адамның қы­лығы я ісі емесі айдан анық. Айтқан сын – шын, таққан айып – дәлелді бол­ғанға не жетсін?! Әсіресе, ғылым саласында болмай қал­майтын пікірталас, түсінбеушілік әділет пен ізгі­лікті тірек еткені маңызды. Өз жайымды ғана айтсам, соңғы отыз жылдай өмірім «Шәкәрімнің өмірбаяны» (2008), «Шәкәрім және Мұхтар» (2010), «Бүгінгі абай­тану» (2011), «Абай: ашылмай келген қырлары» (2015), «Абай шығармаларының хронологиясы» (2017), «Цензурасыз Абай» (2020) атты зерттеу кітаптарды жазу­мен өтті. Сондай-ақ «Абай. Жаңа үлгідегі басы­лым» деген Абай шығармаларының екі томдық то­лық жинағын баспаға дайындаған жайымды да айта отырайын (мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларым өз алдына бір төбе). Міне, Жабал шіркін осы аталған көл-көсір еңбек­тің арасынан әлдебір ұлтқа қауіпті қатені тапса, мі­неки, бұрмаланған я қасақана жазылған жері деп сы­наса, тіпті көзіме шұқыса да арман жоқ. Қайдағы? Жа­бал пақыр тек жалалы хат жаудырудың ғана хас ше­бері болып көрінді маған. Құр сөз болмауы үшін жо­ғарыда аталған сұхбатынан бір мысал алайын. Жабал: «...Омаровтар Абай туралы жазғандарында мы­нандай ойлар айтады: «Абайды бір діннің шең­берінде қойып түсінуге болмайды, ол – бір діннің шең­беріне сыймайды» депті. Көрдіңіз бе, жау ғып көрсеткен, әшкере еткен сиқы осы. Әлсіз тұсты тап­тым деген түрі де осы. Ғалым емес, прокурор ма дер­сің... Ей, жарығым Жабал-ай, Абай бір діннің я бір мә­де­ниеттің шеңберіне сыймайды. Мұны алғаш айтқан – Мұхтар Әуезов. Дәлелге «Абай Құнанбайұлы» атты мо­нографиясында: «...Абайдың діні – ақылдың, сын­шыл ойдың діні болуға бет алады. Ислам схоластикасы көзімен қарағанда, Абайдың мұнысы – мұсылман ғұла­малары ұсынған дін жолы емес, күпірлік. Шари­ғат ойланбай илан десе, Абай илану үшін ойланам, – дей­ді». Ұққан адамға Мұхаң бұл жерде Абай дін қа­ғидасы шеңберіне қамалған дінші фанатиктер түгіл, мұсылман ғұламалары санасынан да жоғары сатыға шыққан хакім екенін көрсеткен. Егер сен білгендей, Абай бір дін шеңберінен шыға ал­маған көп ғұламаның бірі болса, онда несіне «Әлем­нің Абайы», «Бүкіл адамзаттың ұстазы» деп кеуде қа­ғамыз?! Онда қайтіп адамзатқа ортақ кемеңгер бол­мақ? Абайдың Құдайтану, жантану, үш сүю ілімдері бар­шаға ортақ! Қазіргі таңда мына пандемия көрсетті, адамзат, әсіресе, ойшылдың «толық адам» іліміне зәру. Абай – толық адам, яғни толық білімнің иесі. Әрбір ха­кімнің санасы дін шариғатынан (ислам, христиан, мейлі, буддизм) жоғары. Осындай оқушы балаға да аян ақиқатқа күмәнмен қарауың жарамас, Жабал! Үнемі ислам діні тасасына тығылып тұрып, қойныңа тық­қан тасты атасың. Өзіңді ғана шын мұсылман, өз­ге­ні кәпір көресің. Бұл – сау ақылдың ісі емес. Сұхбат тақырыбы – «Көпшілікке Абай туралы «адас­­қан» қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр». Па, шір­кін, атойлап тұр! Оқырманға түсінікті болу үшін ай­тайын, бұл жерде сөз «Абай болмаған» деп жазған Зәуре Батаеваның мақаласына түсіндірме беру жайын­да. Мен таяуда жазған қарсы мақаланы – «адасқан қа­зақтың түсіндірмесі» дейсің, міне, халыққа сол да жет­­кілікті дейсің. Батаеваның жазбасы үш тілде бүкіл жер-жаһанға таралды. Сен болсаң, оған түсіндірме беру­ден бас тартасың. Бұл қалай? Абайды, халықты қор, ал өзіңді зор санағаның ба? Менсінбейтін деңгей­ге шыққан, тым биікке әуелеген әулиесің бе? «Абайды зерттеген 30 жылдың ішінде универ­си­тет­тің «Ұлағат» баспасынан бірінші рет «Абайдың қара сөздерінің ерекшеліктері» кітабын шығарып едім, кітабым университет ішіндегілер мен таныс­тары­ма ғана жетті. ...Мен өзімді абайтанушы деп айту­ға батылым жете бермейді, ал жоғары оқу орын­дарын­да ұстаз болғанымды мақтаныш етемін». Бүкіл сұх­бат барысында айтқандарыңнан шындық ауылына жақыны осылар сияқты. Не зерттеп жүр осы Жабал деген жігітім деп жүре­тін­мін. Сонан өткен қыста елордалық Ұлттық кітап­ханада жаңағы аталған кітабыңды тауып алып, та­нысқаным бар. Масқара, оның мазмұнынан төбе ша­шым тік тұрды, бір түйір жаңалық болсайшы, тіпті өз пікірің де жоқ, өңкей анау айтты, мынау айттымен өзгенің сөздерін тізе беріпсің. Құдай біледі, өте таяз, сту­денттің дипломдық жұмысы деңгейінде орын­далған осы еңбекпен кандидаттық атақ алғаныңа қайран қалдым. Оның таралмағанына шүкір де, та­рал­са, ұятқа батасың, бауырым. Сол шала білігіңмен жо­ғары оқу орындарында Абайды оқытсаң, жас­тар­дың санасы қайтіп жаңғырмақ, ә? «Өзімді абайтанушы деп айтуға батылым жет­пейді» дегеніңді жақсы түсінем. Өйткені аярлық пен жа­лақорлық қылықтан арыла алмадың (ондай пен­денің ұстаз болуға моральдік құқысы күмәнді). Ше­неунік сияқты шіренген сөзіңнің соңында: «Көп­шілік­ке Абай туралы кімнің түсіндірмесі тез жетіп жатыр, әрине, қаржылай демеушісі бар «адасқан» қазақтар­дікі» депсің. Таза жалақорлық емей не? Моральдік шы­ғын сұрап, сотқа жүгінсем обал жоқ. Өзгені «сат­қын», «адасқан» деп қоғамда сенімсіздік уын себесің. Мұ­нан асқан жөнсіздік бола ма? Зейнеткер кісіге ұлт­ты сатып, не көрініпті? Бірақ көпшілік қайдан біл­сін, абайтанушы дегеннің сықпыты осы болса, өз­ге­лерден не қайыр деп түңіліп, жерге бір түкірері сөз­сіз. Осымен, Жабал шырақ, сөзімді сабақтайын. Кезінде Абай атамыз: Ортаға көп салдым, Өзімде барымды. Япырым-ау, неңді алдым, Сау қоймай арымды? ...Жасырдым, жасырдым, Енді айттым зарымды (1898), – деп налыған-тұғын. Бұл өлеңін жүйкесін жұқартқан дұш­пан басы – Оразбайға арнағаны аян. Міне, аттай жиыр­ма жыл, сен де оразбайлықты жасап-ақ келесің ма­ған. Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос көр» я бол­маса «Пендесіне қастықпен кінә қойма» дегенін түсі­нер, қояр деп сендім. Бірақ олай болмады. Сөз болып отыр­ған сұхбатың, қайткен күнде қара тақтаға жаз­бақшы бұзық ниетің, тостағанды толтырған соңғы там­шыдай, еріксіз қолға қалам алғызды. «Тентек Құдайын танымас». Шоқпары шошаңдаған бауырға бер­ген тойтарысым да, жаңағы Абай айтқандай, жа­сыр­ған, айтылмай келген зарым да осы, оқырман қауым.

Асан Омаров,

абайтанушы

Серіктес жаңалықтары