50877
Аpple компаниясында жұмыс істейтін қазақ: Кремний алқабы дүниеге көзқарасымды өзгертті
Аpple компаниясында жұмыс істейтін қазақ: Кремний алқабы дүниеге көзқарасымды өзгертті
Әлемдегі ІТ саласының астанасы саналатын Кремний алқабында Apple, Facebook, Google, Yahoo! секілді алпауыт компаниялардың бас кеңсесі орналасқаны мәлім. Болашағын ақпараттық технологиямен байланыстырған әр кәсіби маман дәл осы алқапта жұмыс істеп, өсіп-өнгісі келеді. Сондай-ақ бұл саланың қыр-сырын енді танып-біліп жатқан студенттер де сол жердегі әйгілі Стэнфорд университетінде білімін шыңдауды армандайды. Сөйтіп, олар аталған университеттің қабырғасында оқи жүріп, Google компаниясының негізін қалаған әлемге танымал кәсіпкерлер Ларри Пейдж және Сергей Брин секілді жаңалық ашып, жаһанға танылғысы келеді.
Сайдың тасындай кіл мықтылар оқитын бұл университеттің магистратура бөлімін тәмамдаған Тараз қаласының тумасы Темірлан Сейдахметов бүгінде сол Кремний алқабына қарасты Купертино қаласындағы Apple компаниясының бас штаб-кеңсесінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда Apple өнімдерінің ішінде Apple Books жобасына жауапты командада аналитикалық мәліметтерді талдауға жауапты маман қызметін атқаратын Темірланмен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Темірлан, ақпараттық технология бойынша маман әзірлеуден ешкімге дес бермейтін әйгілі Стэнфорд университетінде білім алу екінің бірінің қолы жете бермейтін мүмкіндік екені рас. Бұған сіз қалай қол жеткіздіңіз? Жалпы, ІТ саласын таңдауыңызға не түрткі болды?
–Негізі, бұл университетке түсуіме де, ІТ саласын таңдауыма да себеп көп. Әңгімені әріден бастасам, алдымен Тараз қаласындағы №45 гимназияда оқып, кейіннен қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Мектепте әрі лицейде оқып жүргенде физика пәнінен мектепішілік, облыстық, президенттік, республикалық, халықаралық олимпиадаларға көп қатысатынмын. Бұл сайыстарға қатысу менің білімге деген құштарлығымды арттырды. Сөйтіп, шетелдің мықты университетінде білім алғым келіп, өз бетімше дайындалдым. Сөйтіп жүргенде мен мектеп бітірген жылы Астанада Назарбаев университеті ашылды. Университет өкілдері Таразға арнайы келіп, алғашқы студенттерді қабылдау үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осылайша, аталған университетке оқуға түсіп, бастапқыда бір жыл дайындық курсын оқыдық, кейіннен мамандық бойынша түрлі бағыттарға бөліп оқытты.
Мектеп қабырғасынан бері физиканы оқып келе жатқандықтан, мұны әрі қарай жалғастыра бергім келген. Алайда мұның пайдаланылу аясы тым тар екенін түсіндім. Зерттеу жағы жоқ. Сосын Қазақстанда физик болып, нені зерттеймін деп, химиялық инженерия саласын таңдадым. Мұны бітірген соң, жоғарыда айтқан шетелде білім жетілдіру арманымды жүзеге асырғым келіп, іздене бастадым. Маған ғалымдармен топтасып жұмыс істейтін, тәжірибе жинайтын орта керек болды. Сосын Алматыда жыл сайын он үздік оқушыны дүниежүзілік зертханаларға жіберіп, кейіннен жетекші университеттерге түсуге көмектесетін Шахмардан Есенов атындағы білім қоры бар екенін білдім. Шетелде оқуды бірден бастап кету қиын, себебі көпшілігінің тәжірибесі жоқ, әрі жаңа ортаға үйрену де уақыт алады. Аталған қордың ережесі бойынша, грант ұтып алған студентті ортаға бейімделуі үшін алдымен үш айға оқуға жібереді. Сөйтіп, осы қордың грантын ұтып алып, үздік бестікке кіретін Калифорния технологиялық институтына үш айлық оқуға бардым. Мұнда жергілікті студенттермен бірлесе оқи жүріп, олардың білім-білігі менен асып түспейтініне көзім жетті. Қазақстандық студенттер арасында «шетелдік студенттер кілең ақылды, бізден күшті» деген пікір қалыптасқан ғой. Ал мен олай демес едім. Менің байқауымша, Қазақстанда нақты ғылымдар, мәселен математика мен физика бойынша оқу бағдарламасы жақсы. Сыртқа шықпаған соң, мұны көбі біле бермейді. Осындай оқу бағдарламасының нәтижесінде тоқтап қалмай, біліміңді әрі қарай жетілдіргің келіп тұрады. Негізінен, сол уақытта өз мамандығым бойынша тәжірибе жинақтау үшін Ақтау қаласындағы мұнай-газ компаниясында үш ай, Ресейдің Тула қаласында Procter & Gamble компаниясында бірнеше күн тренингтен өтіп жүргенмін. Қайсысына барарымды білмей жүргенде, мен құжат тапсырған әлемдік университеттерден оқуға қабылдау туралы ұсыныс хат алдым. Сөйтіп, арасынан Стэнфорд университетінің ұсынысын қабыл алып, осында келдім.
– Сонда оқуыңызды Шахмардан Есенов атындағы қор қаржыландырды ма?
– Иә. Жалпы, Стэнфорд университетінің магистратура бөліміне грант сирек беріледі. Әу баста қордың грантын ұтып алғандықтан, олардан оқуымды қаржыландыруды сұрадым. Жалпы, бұл университетте үш тоқсаннан құралған тоғыз айлық және бір жарым жылдық оқу бағдарламасы бар. Ұзағын оқысаңыз қаражат көп төлейсіз, мерзімі азын оқысаңыз, сәйкесінше аз төлейсіз. Оның үстіне, тұратын жерің, тамағың, киімің бар. Сөйтіп, шамаға қарап, қордағыларға үш тоқсандық оқу жүйесін таңдағанымды айтып, тоғыз ай ішінде бітіруге тура келді. Мұнда ғылым және инженерияны басқару мамандығы бойынша білім алдым. Десек те, ІТ саласына қатысты түрлі бағдарлама, жобаға қызыққаным соншалық күні-түні зерттей бастадым. Сосын оптимизация, мәліметтерге талдау жүргізу бағыты бойынша да іздендім.
– Тоғыз айдың ішінде күрделі бағдарламаны интенсивті оқу оңай болмаған шығар?
– Әлбетте, оңайға соққан жоқ. Ең қиынға түскені – оқу мерзімінің қысқа болуы, бұл маған екі есе жүк болды. Бұған қоса, жаңа орта, жаңа жер, сіңісіп кету үшін уақыт керек болды. Сосын сабақ бірден басталып кетті. Оның үстіне, Назарбаев университетінде барлық сабақты ағылшын тілінде оқысам да, мұнда келгенде тілдік кедергілерге тап болдым. Бірден сөйлесіп кете алмайсың, түсінісуің керек. Тағы бір қиынды-ғы – бірінші мамандығым химиялық инженерия болғандықтан, аналитикаға қатысты оқуға қажетті кейбір маңызды кітаптарды оқымағанмын. Түптің түбінде барлығының негізі бір болса да, жаңадан оқуды қажет ететін тұстары баршылық. Сөйтіп, уақытым тапшы болып, бір қиын кезеңнен өттім. Десек те, адамның уақыты неғұрлым аз болса, жұмысы соғұрлым тиімді болады екен. Оқумен жанталасып жүріп, каратэ класына бардым. Дәл сол жылы жұбайым Әселмен таныстым. Қазір шегініс жасап, артыма қарасам, қанша қиын болса да, ең нәтижелі жыл болды деп еске аламын.
– Жаңа өзіңіз нақты ғылымға маманданған студенттер шетелдіктен асып түспесе, кем түспейтінін айттыңыз. Десек те, америкалық білім беру жүйесінің құрылымын біздікімен салыстыруға әлі ерте екені сөзсіз. Екі елдің оқу жүйесімен етене таныс маман ретінде бізде нені жақсартып, нені жетілдіру керек деп ойлайсыз?
– Назарбаев университеті шетелдік жүйе бойынша толығымен ағылшын тілінде оқытса да, мұнда өзге университеттермен бәсекелестік аз, сосын университет және индустрияның арасында ынтымақтастық жоқ, ақша тек бюджеттен келеді. Теория жағы жақсы оқытылғанымен, практикаға келгенде ақсап жатады. Мәселен, мен оқыған Стэнфорд университетіне түрлі компаниялар ақша құяды, университет әкімшілігі сол компаниялармен байланыс орнатып, студенттерді жұмылдыру арқылы ғылыми жаңалық жасайды. Мұндағы профессорлардың әрқайсысы гений, ғылым саласында әйгілі адамдар. Студенттердің түгелі дерлік кілең үздік оқуға тырысады, мұнда екілік алу деген түсінік жоқ. Олардың әрқайсысы өз елінің, өз саласының маңдайалды маманы екенін байқайсың. Ал бізде көп студенттер төрт жыл бойы оқығанын бұйым көрмей, көп жағдайда басқа мамандықтың жетегінде кетіп қалады. Оқыған білімінің пайдасын көрмейді. Мәселен, машина құрастыру мамандығын ескірген технология бойынша оқытады. Қазіргідей технологияның бәсі биік заманда мұны ешқайда қолдана алмайсың. Таныстарымның арасында «Әйтеуір оқуды бітірсем болды. Дипломды қайтсе де алу керек, әйтпесе ұят» деп жүргендер көп болды, әйтсе де диплом алудың жұмысқа тұруға түк ықпалы жоқ секілді көрінеді.
– Ендігі кезекте Apple компаниясындағы қызметке орналасуыңыз жайлы сөз етсек. Мұнда Стэнфорд университетін бітіре сала, жұмысқа тұрдыңыз ба?
– Жоқ. Стэнфорд университетінде оқып жүргенде үш ай бойы мобильді қосымша дәрігер шақыра алатын стартап жобада тәжірибе жинақтадым. Ол кезде, яғни 2015 жылы бұл жобаның пайдасы қаншалықты екеніне бас қатырып, ізденіп жүр едік, ал қазіргідей пандемия кезінде мұндай қосымшалардың қажеттігіне көз жетті ғой. Сосын университеттің студенттік порталында Чикагода орналасқан CCC компаниясының жұмыскер іздеп жүргенін көріп қалып, құжат тапсырдым. Олар бірден жұмысқа шақырып, ақырында сол қалаға көшіп бардым. Мұнда мәліметтерді талдау маманы болып жұмыс істедім. Жалпылама айтсақ, аталмыш компания көліктер апатқа ұшырағанда оны суретке түсіріп, жөндеу жұмысының құнын бағалайды. Соңында бұл мәліметті жөндеуге жауапты сақтандыру компаниясына жібереді. Бұл ортада екі жыл жұмыс істеген соң, Калифорния штатына қайтып оралғым келді, мұндағы Кремний алқабында орналасқан компаниялардың бірінде жұмыс істеуді көздедім. Осылайша, түрлі компанияға құжат тапсырып, жауабы келгенше өз бетіммен дайындалып жүрдім. Сөйтіп, жүргенде Apple және Google компанияларынан шақыру келді, мұның арасынан ұсынған позиция, бірге істейтін команда әрі істелініп жатқан жоба жағынан Apple компаниясын тиімді деп таптым. Бүгінде Apple-дің осындағы, яғни Кремний алқабына қарасты Купертино қаласындағы бас кеңсесінде жұмыс істеп жатқаныма екі жылдың жүзі болды.
– Мұндағы нақты міндетіңіз қандай?
– Мұнда аналитика жасауға жауапты команда қатарындамын. Apple-дің Iphone, Macbook, Іpad секілді құрылғыларына орнатылатын түрлі қосымшаларымен жұмыс істеймін. Дәл қазіргі таңда Apple Books жобасындамын. Біздің команда Apple Books жүйесінде оқырманды кітап оқуға қызықтыру үшін дизайн, инженерия жағынан қолайлы жағдай жасауға жауапты. Жалпы, оқу процесін немесе аудио кітап тыңдауды жақсартуға атсалысу өте қызықты іс. Бұл жоба арқылы тегін кітаптар сатып алуға болады, сатып ала алмасаңыз, аудио және электронды нұсқадағы кітаптарды оқысаңыз болады. Таппай жүрген кітаптарды осы қосымшадан табуға болады. Айналысып жүрген ісім адамзатқа пайдалы іс болғандықтан, өзіме қатты ұнайды. Кітап оқығаннан зиян көрген адамды кездестірген емеспін.
– Қазақстанның ІТ индустриясында жұмыс істемесеңіз де, оның аяқ алысын, даму барысын ара-тұра бақылап тұрасыз ба?
– Өзіңіз айтқандай, Қазақстандағы ІТ саласында көп жұмыс істемегендіктен, әрі бұл салаға енді бас сұғып жатқандықтан, елдегі ол саланың мән-жайы туралы білетінім аз. Десек те, қазір әупірімдеп дамып жатқанын білемін. Бірақ бізге даму қарқынын жоғарылату керек. Қазіргі таңда data science Америкада өте қатты дамып жатыр. Data science дегеніміз – ақпаратты талдау, сан мыңдаған мәліметтің ішінен пайдалысын табу. Сонымен қатар бұл – үш саланың қосындысы, мұнда бизнес, математика және бағдарламалауды жаңғақша шағуың керек. Мәселен, бүгінде Тesla компаниясы көлікті автопилот арқылы, яғни өздігінен жүргізу жобасын дамытып жатыр. Мұнда көліктің жан-жағына орнатылған камерадан экранға картина ұсынылады, бұдан көліктің алдында, артында не тұрғанын біліп, жолдың қай жолағына шығу керек екенін басқарып отырасың. Бұл кәдімгі математикалық алгоритм, компьютерлік модель. Енді бұған сұраныс қалай болады, өтімді өнім бе, бұл бизнес мамандарының бас қатыратын ісі. Осылайша, осы үш саланы біріктіру арқылы көп табысқа кенелуге болады. Қазақстанда осы data science саласын дамытуға күш салып, ІТ саласында алдына жан салмай дамып келе жатқан мемлекеттердің қатарына кіруге тырысу керек.
– Күн сайын небір жаңалықтар ашылып, түрлі қызықты жобалар әзірленіп жатқан ортада жұмыс істей жүріп, жеке стартап жоба ашу туралы ойланатын боларсыз?
– Әлбетте, ойланамын. Алдағы уақытта Қазақстанға пайдасы тиер жоба жасағым келеді. Негізі, бастапқыда сыртта бірнеше жыл жұмыс істеп, елге ораламын деп ойлағанмын. Десек те, елге келіп елең етерлік жаңалық ашу үшін тәжірибе жинау керек екенін ұқтым, оның үстіне дәл қазір бір үлкен жоба ашуға дайын емеспін. Оның үстіне, Қазақстанда ІТ жобаны өрістетудің проблемасы көп, әрі қиынға түсетіні анық. Оған қоса, он сегіз миллион халықтың ішінде қазақ тіліндегі қосымшаларды қолданатыны тіпті аз, сол себепті қазақ тіліндегі стартап жобаны әзірлеу тиімді болмай тұрғаны рас.
– Орыс журналисі Юрий Дудьтің Кремний алқабы туралы түсірген деректі фильмінен кейін көпшілік, соның ішінде ТМД елдеріндегі жастардың бұл салаға қызығушылығы арта түскендей. ІТ астанасы атанған, өзіңіз жұмыс істеп жүрген Кремний алқабы жайлы сіз не айтасыз?
– Иә, бізде ақша табу көзін дүкен, мейрамхана немесе автокөлік жуу орындарын ашумен байланыстырады, одан қалса, сауда-саттықпен айналысып, түрлі елден тауар тасиды. Ал ІТ өнімдері арқылы бұдан да жақсы, сапалы әрі нәтижелі дамуға болатынын түсіне бермейді. ІТ саласының ең ұтатын тұсы – сенің әзірлеген жобаңды күллі әлемнің қолданушылары пайдалана алады. Мысалы, сіз белгілі бір өніммен айналысатын зауыт ашсаңыз, бұл өнімді дүние жүзіне өткізу қиын, себебі мұның логистикасы бар, өзге елдерде тура осы өнімді шығаратын бәсекелесіңіз бар әрі шетелдіктерге мұның сапасы ұнамай қалуы мүмкін. Ал ІТ саласында басқаша. Жалпы, бағдарламалау тілін білсеңіз, әлемнің кез келген ірі компаниясында жұмыс істей аласыз. Сосын өз еліңізге тәжірибелі маман статусында келіп, өз жобаңызды аша аласыз, өзгелерді үйрете аласыз. Кремний алқабы туралы сөз етсек, мұнда әлемдік ірі компаниялардың бас кеңселері мен бірқатар университеттер орналасқан. ІТ десе, ішкен асын жерге қоятын мамандар осында шоғырланған. Кішігірім стартап жобаларды әзірлеушілердің барлығы осында келеді, себебі мұнда сол беймәлім, шағын жобаңды әлемдік деңгейге көтеруге көмектесетін инвесторлар бар. Мәселен, ақшасы бар адамдар бір жобаны әзірлеушілерге қаржылай көмек білдіріп, айналымға түсіп, өзін мойындатқан компания деңгейіне жеткенде инвесторлар да, стартап әзірлеушілер де пайдасын көреді. Мысалы, мен тұрып жатқан қалаға ІТ саласында жұмыс істеу үшін әлемнің әр түкпірінен ағылып келеді. Мұнда «мен әлемге әйгілі Apple компаниясында жұмыс істеймін» деп кеуде соқпайсың, себебі мұнда бұл компанияда мен сияқты жұмыс істейтіндердің қарасы көп.
– Тіпті, демалыстың өзін тиімді өткізбесең, қатарыңнан қалып қалғандай сезінетін боларсыз?
– Ол рас, мұнда қай жағынан болсын бәсеке жоғары, тіпті демалысты да тиімді өткізуге тырысады. Үйде жай отырып, ештеңе істегің келмей, демалғың келсе, айналаңдағы адамдар жатпай-тұрмай, қимылдап, түрлі әрекеттер жасап жүреді. Мұндайда өзіңді әлемнен қол үзіп қалғандай сезінесің. Мұндағы тұрғындардың өмір сүру мотивациясы жоғары, сол себепті пайдалы тамақ, салауатты өмір салтын ұстанады. Осы жағынан алғанда Кремний алқабы менің дүниеге көзқарасымды өзгертті деуге болады.
– Жоғарыда Стэнфорд университетінде оқи жүріп, болашақ жұбайыңызбен танысқаныңызды айтып қалдыңыз. Оның да мамандығы ІТ саласымен байланысты ма?
– Жоқ, әйелімнің мамандығы – дизайнер. Степногорск қаласының тумасы. Алдымен сол қалада көркемөнер мектебінде оқып, кейіннен Сан-Францискодағы өнер академиясында білім алған. Танысқаннан кейін екі жылдан соң, Таразда тойымызды өткізіп, осында қайта оралдық. Қазіргі таңда архитектура бойынша әлемдегі ірі компаниялардың бірі саналатын Gensler компаниясында интерьер дизайнер болып жұмыс істейді.
– Болашақта сіз секілді Apple компаниясында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағысы келетін оқушыларға, студенттерге не айтар едіңіз?
– Қазір барлығын саралап қарасам, мен оқыған қазақ-түрік лицейі, Назарбаев университеті, Стэнфорд университетінің түлегімін деп айту оңай-ақ, десек те ешқайсысы оңайға соқпады. Мәселен, физика пәнінен олимпиадаға дайындалғанда сабақтан келе сала, кешкі он бірге дейін дайындалатынмын. Стэнфорд университетінде оқып жүргенімде, күн сайын таңғы алтыда тұрып алып, сабақ басталғанша ағылшын сөздерін жаттайтынмын. Apple компаниясына жұмысқа келерде де көп іздендім. Мәселен, Малкольм Гладуэлл «Генийлер және аутсайдерлер» кітабында әлемдік деңгейдегі маман атану үшін 10 000 сағат жұмыс істеу керек, ал егер орташа деңгейдегі маман болғыңыз келсе, 2 000 сағат жұмыс істеу қажет екенін алға тартады. Сол секілді егер оқушы немесе студент 2 000 сағат өз білімін арттыруға арнаса, алдағы уақытта кез келген ірі компанияға жұмысқа тұратын әлеует қалыптастырады. Осылайша, күніне өзінің осал тұсын жақсартып, ал мықты жағын одан сайын ұштай түссін деймін. Тағы бір айта кетерлігі, мен бастапқыда, математика мен физика, сосын химиялық инженерияны оқыдым, ақырында ІТ саласына келдім. Алдыңғы екеуін жұмыста қолданбаймын, десек те техникалық база бар. Сол себепті бірінші мамандығыңды дұрыс игере алмай қалсаң, бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Тек дер кезінде өзіңе қажетті бағытты таңдай біліп, бар біліміңді мұнымен байланыстырып, өз жолыңды тауып алсаң болғаны, қалғаны өз ретімен болады. Болашағын жарқын еткісі келетін жас маман алдымен дүкен ашудан да ауқымды, үлкен жоспарлар құрса деймін.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ