601
Қандастар кедергісіз білім алуы тиіс
Қандастар кедергісіз білім алуы тиіс
Ел егемендік алғаннан бастап шетелден келген қазақ жастары жоғары оқу орнының даярлық курсында оқи бастады. Сонымен қатар бірден ЖОО-на да түсіп, білім алып шыққандар көп. Бұл көші-қон саясатындағы тиімді стратегиялық бағыттың бірі десек те болады. Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылы шығарған №554 бұйрығы 2014 жылғы қазанда толық жүзеге аса бастады. Еліміздің 24 жоғары оқу орнында шетелдік қазақ жастарын оқытатын Foundation факультеті құрылды. Бұл бөлімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру. Сонымен қатар қандастарды Қазақстанда өмір сүруге бейімдеу.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттік гранттың арқасында әлемнің 9 елінен келген 1 101 ұлты қазақ талапкер емтиханнан өтіп, дайындық курсында оқыды. Өзбекстаннан – 557, Қытайдан – 282, Моңғолиядан – 186, Түркіменстаннан – 17, Қырғыз Республикасынан – 10, Ресейден – 2 және Австрия, Түркия, Иорданиядан бір-бір студент келген. 900-дей талапкер оқуға түсіп Қазақстанда тұрақтап қалып, кейін Қазақстан азаматтығын алған. Білім және ғылым министрлігі республика бойынша дайындық бөліміне жыл сайын 1 мыңға жуық грант бөліп келеді. Атап айтсақ, 2018-2019 оқу жылы 1 200 грант бөлініп, 992 қандасымыз оқуға келген болатын. 2019-2020 оқу жылына 1 238 өтініш тапсырып, оның 1 000-на грант бөлген еді.
Білім алушылардың визасы ұзартылды
Биыл әлемді жайлаған пандемия салдарынан көптеген шетелдік студент өз елдеріне қайта алмай қалды. Оның ішінде шетелден келіп білім алып жатқан қандастар да бар. Осыған орай, «С9» санатындағы білім алуға арналған виза Қазақстанның білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне беріледі. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанға келуіне шақыру ресімдеу, Қазақстан визасын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ оның қолданылу мерзімін ұзарту және қысқарту қағидасы қолданыстағы заңнаманың 49-тармағымен (Қазақстан Сыртқы істер министрінің м.а. 2016 жылғы 24 қарашадағы №11-1-2/555 және Қазақстан Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 қарашадағы №1100 бірлескен бұйрығы) реттеледі. Ал визаның қолданылу немесе Қазақстан аумағында болудың рұқсат етілген визасыз мерзімі өткенге дейін Қазақстанның аумағынан кетуге кедергі болған форс-мажорлық жағдай орын алса, я болмаса рейс, пойыз немесе өзге көліктері кешіккен жағдайда «В20» санатындағы виза беру қарастырылған. Осыны ескере отырып, көші-қон мәртебесін реттеу және шығу визасын ресімдеу үшін көші-қон қызметінің аумақтық басқармасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе отырып, Қазақстан азаматтығы жоқ ұлты қазақ студенттердің елде жүру мерзімін ұзартуға жеңілдік жасалды.
733 қандасымыз ҰБТ-ға онлайн қатысты
Биыл тұңғыш рет ҰБТ онлайн форматта өтті. Ол шетелден елге келе алмай қалған қандастарға жасалған үлкен жеңілдік әрі мүмкіндік болды. Қандастарды оқуға қабылдауға арналған квота 2 пайыздан 4 пайызға өсті. Атажұртта білім алғысы келетін талапкер жастардың саны жыл сайын артып келеді. Биыл ҰБТ тапсыруға 2025 қандасымыздан өтініш келіп түскен. Талапкер жастардың басым бөлігі ҰБТ-ны ел ішінде тапсырды.
– Әлемдік пандемияға байланысты елге келе алмай ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен шет қалған қандастардың мәселесі туындады. Бұл жұмыс үш ай уақытқа созылды. Нәтижесінде, Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Ұлттық тестілеу орталығының қолдауымен, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында шетелде қалған талапкер қандастарға ҰБТ-ны онлайн өткізу шешімі қабылданды. Бұған дейін елімізде ҰБТ онлайн режимде өткізілмеген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірігіп атқарған жемісті қызмет аясында 733 қандасымыз 19 шілдеде онлайн ҰБТ-ға қатысты. Қандас талапкерлердің онлайн тест тапсыруына атсалысқан барша маманның қызметіне ризашылығымды білдіремін», – дейді «Отан-дастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов. Шеттегі қандас талапкерлеріміз «Отандастар қоры» көтерген мәселенің оң шешім табуына ықпал еткен Ұлттық тестілеу орталығы, Сыртқы істер министрлігі және Білім және ғылым министрлігіне алғысын жеткізді.
Қандастарға арналған ҰБТ нәтижесі
2020-2021 жылғы оқу жылына 1 300 білім гранты бөлінді (дайындық бөлімдеріне). Ал ҰБТ-ға қандастар арасынан 2 025 талапкер өтініш тапсырған. Нәтижесінде 909 қандасымыз ЖОО-на арналған білім грантын жеңіп алды. Шектік балл жинағандар саны – 477. Қалған 700-дей талапкер колледждерге тапсырады. Оның нәтижесі қыркүйек айында шығады. Тағы да бір айрықша айта кетер жайт – Назарбаев университетінде ашылған Абай гранты. «Отандастар қоры» және Назарбаев универсиеті бірлесе отырып, қандастарға арналған Абай грантын биыл алғаш рет қолға алды. Оған жалпы шетелден 400 талапкер өтініш тапсырған. Оның 53-і ұлты қазақ, яғни шетелдік қандастар. Нәтижесінде алғаш рет ашылған Абай грантын 13 қандасымыз иленіп отыр.
– Бір қызығы Абай грантын иеленгендердің ішінде АҚШ және Канада елдерінен конкурсқа түскен қандастар да бар. Сонымен қатар Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан қандастар Абай грантын иеленді. Биыл алғаш болғандықтан, бұл нәтиже де жаман емес, – дейді «Отандастар қоры» Білім бағытының жауапты қызметкері және Білім гранттарын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссиясының мүшесі Нұрымжан Жұмағазиев.
Дайындық бөліміне қабылдау басталды
Қандастарымыз мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде білім ала алды. Осы мақсатта Қазақстан Үкіметінің 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 199 қаулысына сәйкес 2021-2022 оқу жылына республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында жоғары оқу орындарының дайындық бөлімінде Қазақстанның азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды оқытуға 1 300 орын бөлінді. Оқуға түсуге арналған құжаттарды қабылдау 2020 жылғы 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Білім және ғылым министрлігінің Балон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының веб-порталы https://enic-kazakhstan.kz арқылы онлайн режимде жүргізіледі. Сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі мекемелеріне жеткізу үшін Сыртқы істер министрлігіне хат жолданды. Үміткерлерден құжаттарды қабылдау ережесінің нұсқаулығы төменде көрсетілген. Құжаттарды онлайн режимінде тапсыру бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда +7 (7172) 287526 нөміріне және admission@n-k.kz поштасы бойынша хабарласып білуге болады. Сонымен қатар, шетелдегі қандастар сол елдегі «Отандастар қорының» бөлімдеріне хабарласу арқылы да ақпараттарды біле алады.
Биыл Foundation факультеттері қалай білім береді?
Бұл жөнінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Foundation факультетінің деканы Алмагүл Абдолханқызынан сұрап білген едік.
– М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне ұлты қазақ шетелден келген жастар 90 жылдардан бастап жоғары оқу орнына дейінгі бөлімде дайындықтан өтіп, оқуға түсетін еді. 2016 жылы жеке Foundation факультет құрылды. Алғашқы факультет болған жылы 100 бала дайындық бөлімін оқып, 60 пайыздан астамы ЖОО оқуға түсті. 2017-2018 оқу жылы 70 тыңдаушы білім алса, 2018-2019 оқу жылында 23 тыңдаушы білім алып, 100 пайыз грант ұтып алумен ерекшеленді. Биылғы оқу жылында, яғни 2019-2020 оқу жылына мемлекеттік білім грантының конкурсына өтініш берген талапкерлердің 92 пайызы (38 тыңдаушы) грант иегері атанды. Ал университеттерге грантқа түсе алмаған түлектерді Петропавл қаласында орналасқан мемлекеттік тапсырыспен оқытатын колледждерге бағыттаймыз.
Жалпы, біздің университетте дайындық бөлімінде оқитын қандас жастарға жан-жақты қолдау бар. Ортаға бейімделу жұмыстары жүргізіледі. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» КеАҚ СҚО фронт-офисі де тыңдаушыларды қолдап, мәдени іс-шаралар өткізіп, азаматтық алу мәселелерінде көмектесіп, әлеуметтік жағынан да қолдау көрсетеді. Атап айтсақ, Қытай елінен келген 11 студентке ықтиярхат алу мәселесін шешуде. Олар қазір біздің университеттің грант иегерлері атанып отыр.
2020-2021 жаңа оқу жылында да Қазақстан Білім және ғылым министрлігінде ұлты қазақ шетел азаматтарына арналған квота саны 1 300 болып бекітіліп, әлемдегі пандемияға байланысты 5 қыркүйекке дейін тіркелу онлайн жүзеге асып жатыр. 10-15 қыркүйек аралығында дайындық бөліміне қабылдау емтиханы да онлайн түрде жүзеге асады. 1 қазаннан бастап бірінші тоқсан заманауи бағдарламалар арқылы қашықтан оқытылады деп жоспарлануда, – дейді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Foundation факультетінің деканы Алмагүл Абдолхан.
Алайда карантин жағдайына байланысты бірінші тоқсан онлайн оқыған тыңдаушылардың стипендияларын беру мәселесі жайлы әлі ресми мәлімет жоқ.