Жаңыл Мұратхан, кәсіпкер: Қазақстанда қазақы туризм кенжелеп тұр

Жаңыл Мұратхан, кәсіпкер: Қазақстанда қазақы туризм кенжелеп тұр

Жаңыл Мұратхан, кәсіпкер: Қазақстанда қазақы туризм кенжелеп тұр
ашық дереккөзі
256
Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің түрлі үлгілерін бүгінде мұражайлар мен көрмелерден, театрлардан ғана кездес­тіретініміз рас. Жылына бір келетін наурыз мейрамында тігілген киіз үйлер ізін ала қайта жинастырылып жатады. Ал көптеген әлем елдері тарихи мұралары мен әдет-ғұрпын брендке айналдырып, сол арқылы мәдениетін дәріптеп, туризмді дамытып отыр. Қалай дегенмен, ұлттық болмысты боямасыз көрсететін, бәрін бір өзіне біріктіре алған көрнекті жерлер керек-ақ. Бір қуантарлығы, соңғы уақытта халқымыздың салт-дәстүрін, қолөнерін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін этноауылдар қатары көбейіп келеді. Көмескі тартқан, ұмытылуға жақын қалған мұраларымызды санада қайта жаңғыртуға, елімізге келген кез келген шетелдікке қысылмай көрсетіп, «қазақ деген осындай халық екен ғой» деп ой түйгізетін эт­ноауыл­дың бірі – Бурабайда орналасқан. Осы орайда, Ата­мекеніне көшіп келіп, көркіне сөз жетпес өлкеде қазақылықтың қай­мағын бұзбай отырған қандасымыз Жаңыл Мұратханмен сұх­баттасқан едік. – Әуелі «Атажұртқа қашан көшіп келдіңіз?» деген дәстүрлі сауалы­мыз­дан бастайық. Одан кейін эт­ноауыл ашу идеясы жайлы айтып бер­сеңіз. – Қазақстанға 2005 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай өңірінен Тал­ды­қор­ған облысына көшіп келдім. 2007 жылы Ақмола облысына ұзатылдым. Жұбайым да ата­жұртын аңсап, осында көшіп келген қиырдағы қазақтардың бірі. Ал этноауыл ашу жайына келер болсам, жалпы, халқымыздың кең пейілі, қонақ­жай­лығы, мәдениеті хақында көп айтылады, сол құн­дылықтарымыздан алшақтап бара жат­қан­ымыз жасырын емес те. Осыдан 3-4 жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бай­ланысты көптеген жоба жүзеге асыры­лып, өткенімізден қол үзбеуіміз керек екені, тарихымызды дәріптеп, сол арқылы бола­шаққа нық қадам баса алатынымыз айтыла бастады. Алғаш рет этноауыл ашу идеясы сол кезде пайда болды.  Сөйтіп, 2017 жылы бір­ден осы ойымызды жүзеге асырдық.  width= – Осындай ауқымды жобаны қолға аларда ең әуелі қандай мақ­сатты алға қойдыңыздар? – Дәл сол кезде елордамызда «EXPO-2017» мамандандырылған халықаралық көр­месі ұйымдастырылды. Көрменің мә­дени бағдарламасы Қазақстанның басты бай­лығы – халқымыздың дәстүрін жан-жақ­ты, кеңінен насихаттауға бағытталғаны даусыз. Біздің де басты мақсатымыз – этно­туризмді дамыту болды. Себебі қазір Қа­зақ­станда қазақы туризм жоқ десе де болады. Мы­салы, қазіргі уақытта Бурабайда эт­ноауыл ашып отырған жалғыз біз ғанамыз. Алтай өңірінде қазақы туризм өте жақсы дамыған, ал Қазақстанда қалың қазақ оты­рып неге осыны қолға алмаймыз деген ой кел­ді. Сөйтіп, бірінші жер сұрадық, бірақ қол­дау болмады. Кейіннен ойымыз бір адам­ның көңілінен шығып, жол бойындағы жер­ді 1 жылға тегін берді. Бізге өте жақсы кө­мек болды. Адамдар ағылып келе бастады. Бі­рақ орналасқан орнымыздың сәтсіз таң­далғанын көпшілігі айтатын. Кейіннен Бура­байдан 9 шақырым аумақтан, көлге жақын жерден орын алдық, 4 киіз үйіміз бар. Қазақы құндылығымыз жоғалып, жаһан­дану үдерісіне жұтылып кетпесін де­ген ниетпен жұмыс істеп келеміз. Шын мә­нінде, этноауыл келушілерді қазақ хал­қының бай тарихы, мәдениеті, өнері және салт-дәстүрлерімен таныстырып, кез келген адам­ға көшпелі өркениет пен өткен ғасыр­дың хал-ахуалын сезінуге мүмкіндік жа­сай­ды. Бастамамыз одан әрі қолдау тапса құба-құп. – Киіз үйлердегі жабдықтар, ұлт­тық киімдер – барлығы өзде­ріңіздің қол­дарыңыздан шық­қан ба? Қалай жаб­дықтадыңыз­дар? – Этноорталықтағы киіз үй мұражайын өзіміз жабдықтадық. Киіз үйге төселген киіз, алашалардан бастап, құрақ көрпелер, адал­бақан – бәрі қолдан жасалған. Өзім тігін тігуге, қолөнерге жақынмын. Ал жұ­байым ағаш бұйымдарын жасауға шебер. Тағы да туған-туысқан, ағайындар болысып, он екі қанат 4 киіз үйді түгелдей жабдықтап шық­тық. Ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен өмір салтын толық ашып көрсету мақ­са­тымен барлық бөлшектерге мән беруге ты­рыстық, алтыбақан құрдық. Мұнда атпен серуендеуге де болады.   – Этноорталыққа келетіндер са­ны көп пе? Оның ішінде шетелдік­тер­дің үлесі қандай? – Пандемияға байланысты бұл жобамыз қа­зіргі уақытта тоқтап тұр. Бірақ  көшпелі қа­зақ халқының дәстүрі мен өмір салты ше­телдік туристерді қызықтыратыны сөзсіз. Елімізде қазіргі күндері халықтың қалай өмір сүріп жатқаны, нені ұлағат тұтып, нені қалайтыны, жалпы алғанда, жаратылысы, бол­мыс-бітімі қандай екені әлемнің көп­шілігіне бұған дейін беймәлім болып келгені жа­сырын емес. Тіпті, қазақтардың өзі көп нәр­седен бейхабар, бізге келіп талай нәрсені біліп кететіндерін жасырмайды. Тұрақты ке­ліп тұратын адамдар да жетерлік. Мұның бар­лығы – өз тамырымыздан ажыра­ма­ға­ны­мыздың, қазақылыққа сусағанымыз­дың белгісі деп білемін. Шетелдіктердің таңданысы мүлдем бас­қаша. Ұлттық тағамдарымызды, қолөнер үл­гілерін көріп таңдай қағады. Этноауы­лымызға АҚШ, Германия, Польша, Түркия, Сауд Арабиясы сияқты әлемнің 17 елінен ту­­ристер келді. Келген қонақтардың бар­лы­ғы өздерінің ризашылығын айтып, тіпті ті­лектерін жазып қалдырып кетеді. Қазіргі кез­­де жылы лебізге толған бір қалың дәп­те­ріміз бар. Қазағымыздың мәдениеті мен өне­рін, тұрмыс салтын әлемге таныстыру – біз үшін үлкен мәртебе. Тарихымызбен танысқысы келген қауымға мол мәлімет беріп, өз болмысымыздан ажырамауға ықпал етсек дейміз.

Сұхбаттасқан

Ділда УӘЛИБЕК

Серіктес жаңалықтары