882
Үнзила Шапақ: Конституция – мемлекет пен азаматтар арасындағы жария шарт
Үнзила Шапақ: Конституция – мемлекет пен азаматтар арасындағы жария шарт
– Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл болады. Ширек ғасыр уақыт ішінде Ата заңымыздың айбары, заңдық қуаты қай деңгейде болды? Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіз жас мемлекеттің азаматтарын құқықтық тұрғыдан толық қорғай алды ма?
– Конституция дегеніміз – ұлттық саяси-құқықтық жүйенің өзегі, еліміздің мемлекеттілігі мен егемендігінің, қолданыстағы заңнама мен құқық қолдау практикасының, заңдылықтың құқықтық негізі. Конституция – мемлекет мен адамдардың арасында құрылған қоғамдық жария шарт. Қазақстан Конституциясы «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталады. Кіріспеде Қазақстан Республикасы мемлекетінің, оның егемендігінің, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысының тұғыры Қазақстан халқы екені көрсетілген.
Осы жылдар ішінде Қазақстанның Конституциясы өзінің жоғары әлеуетін көрсетіп, бейбітшілікті, татулықты және елдің берекелі дамуын, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етті.
Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – ол елдің бүкіл аумағында тікелей қолданылуы және бұлжытпай орындалуы. Қолданыстағы Конституцияда мемлекет адамның және азаматтың әлеуметтік құқықтарына шынайы кепілдіктер берген.
Оларға неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болуы, әркімнің еңбек ету және кәсіпкерлік қызметпен айналысу бостандығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, заңмен мөлшері көрсетілген медициналық тегін көмек алу, тегін орта білім алу, конкурстық негізде ақысыз жоғарғы білім алу, жасына қарай әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, сонымен бірге ауырған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру және қайырымдылық көтермелену т.б. жатады.
Бүгіндері осы конституциялық құқықтар қолданыстағы заңдардың нақты нормаларында баянды етіліп, адамдардың күнделікті өміріне берік енді.
Мысалға, мемлекет азаматтарға тегін орта білім алу құқығына кепілдік береді. Бұл ретте азаматтардың орта білім алу міндеті белгіленген. Азаматтардың орта білім алу міндеті әлемнің көптеген дамыған демократиялық мемлекеттерінің конституцияларында бекітілген. Көрсетілген міндет олардың азаматтығына қарамастан, осы мемлекеттің юрисдикциясындағы барлық жеке тұлғаларға қатысты. Нәтижесінде мұндай міндет тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да жүктеледі, сондай-ақ отбасына қосылу мақсатында Республикаға келгендердің де білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуына Республика азаматтарымен құқығы бірдей. Қазақстан Республикасында азаматтардың жоғары білім алуы міндетті емес. Азамат мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқылы.
Халық денсаулығы туралы ҚР кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан азаматтары мен қандастарға, сондай-ақ Қазақстанның аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады және барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетуді қамтиды. Қазақстан Үкіметі белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейірбике күтімі кіреді.
Бұдан басқа, белгілі бір жағдайларда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету көзделген.
Қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және басқа да жағдайлардың жетілуіне қарай Республиканың Конституциясы да қазіргі заманғы сын-қатерлер мен трендтерге барабар жетілдірілді. Осылайша, оның жасампаздық мүмкіндіктері кезең-кезеңімен кеңінен ашылып, азаматтар мен мемлекеттік органдардың оған деген қажеттілігі артты. Ширек ғасыр ішінде: 1998, 2007 және 2017 жылдары үш конституциялық реформа жүргізілді.
– Бұған дейін үш рет конституциялық реформа жүргізілді дедіңіз. Қарапайым халық Ата заңға не себептен өзгеріс енгізілетіні жөнінде хабарсыз. Қандай жағдайда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі? Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.
– Конституцияға қандай жағдайда өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні жөнінде Конституцияда арнайы бап бар. Ол 91-бап. Мұнда кейбір баптарға мүлде өзгеріс енгізуге болмайтыны да айқын көрсетілген. Конституцияға екі жолмен ғана өзгеріс енгізуге болады. Оның біріншісі, референдум арқылы жүзеге асады. Референдум өткізілген жағдайда халық түгел қатысып дауыс бере алады. Қазіргі Конституция 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Екіншісі, Парламент депутаттарының дауыс беруі арқылы негізгі заңға өзгеріс енгізуге болады. Парламент депутаттары дауыс бермес бұрын енгізілетін өзгеріс жөнінде алдын ала қоғамдық талқылау болады. Егер талқылауларда халық өкілдерінің қарсылығы басым болса, онда өзгеріс енгізілмейді. Мәселен, 2017 жылы Конституцияның 26-бабына қатысты енгізілетін өзгеріс халық қарсылығы ескеріліп, өзгертілген жоқ.
1998 жылғы 7 қазандағы Қазақстан заңына сәйкес Негізгі заңның үш жылдық қолданылуы негізінде Конституцияның он тоғыз бабы нақтыланды және толықтырылды. Парламент Мәжілісінің тепе-тең өкілдік ету жүйесі бойынша ауыстырылатын құрамы он мандатқа артты. Президенттің айрықша құзыреті және қосымша депутаттық бақылау өкілеттігі, сондай-ақ заң шығарушылардың Мемлекет басшысы келіспейтін конституциялық түзетулер енгізу мүмкіндігі есебінен Парламенттің позициясы біршама күшейтілді. Конституция әкімдерді (облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астанадан басқа) Республика Президентi айқындайтын тәртіп бойынша сайлау (немесе тағайындау) туралы ережемен толықтырылды.
Еліміз XXI ғасырдың басында қол жеткізген жетістіктердің жаңа жағдайында саяси жүйені ауқымды түрде демократизациялау 2007 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан заңы негізінде жүзеге асырылды. Екінші рет Конституцияның қырық бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– Үшінші рет – 2011 жылғы 2 ақпандағы Қазақстан заңымен Конституцияның бір ғана 41-бабы түзетілді. Ол Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мүмкіндігі туралы 3-1-тармақпен толықтырылды. Толықтыру енгізу Парламент қабылдаған заңмен және Конституциялық Кеңестің шешімімен Республика Президентінің өкілеттігін референдум арқылы ұзарту туралы бес миллионнан астам қазақстандықтың бастамасы арасындағы кенеттен туындаған коллизияны алып тастау бойынша ел Президенті – Елбасының әрекетімен болды.
Конституциялық реформаның төртінші кезеңі 2017 жылғы 10 наурыз-дағы ҚР заңына сәйкес жүзеге асырылды. Конституциялық Кеңестің Жолдауында атап өтілгендей, 2017 жылғы конституциялық реформа «Қазақстан – 2050» Стратегиясының, Қазақстанның бәсекеге қабілетті отыз мемлекеттің қатарына кіруі аясында қоғам мен мемлекетті кезең-кезеңмен және жан-жақты өзгеруі жолында жаңа әрі заңды саты болды. 2017 жылғы 10 наурыздағы ҚР заңына сәйкес мемлекеттік биліктің бірлігі мен бөлінуі принципі негізінде Президент, Парламент және Үкімет арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу жүзеге асырылды, Мемлекет басшысының конституциялық мәртебесі нақтыланды, оның кейбір функциялары Үкіметке берілді, Үкіметтің Парламентке есеп беруі және бақылауында болу тетігі күшейтілді, Жоғарғы Соттың сот жүйесіндегі функцияларын айқындайтын түзетулер және т.б. енгізілді. Бесінші рет – елорда Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.
– Жалпы, біздің халқымыздың құқықтық сауаты қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Құқықтық сауаттылықтан бұрын құқықтық мәдениет деген ұғым бар. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырмайынша, конституциялық құндылықтарын толық түсінбейінше әлеуметтік теңдікті ұғыну, толыққанды бостандықты сезіну, мейірімділікке бөлену және бақытқа ұмтылу сияқты басты құндылықтардан қағылатын болады. Конституцияда көрініс тапқан, бекітілген құндылықтар мен адам толыққанды игерген нақты құндылықтар сәйкес келгенде ғана әлеуметтік теңдік орнайды. Адамдар армандаған, Негізгі заңда бекіткен қоғамында өмір сүре алады. Құқықтық мәдениет деңгейі төмен қоғамда конституциялық құндылықтар да қауқарсыз. Олар тек жазылған декларациялық сипаттағы ережелер болып қалады. Конституциялық Кеңес негізгі қызметінен бөлек, конституциялық құндылықтарды түсіндіру мен насихаттау және қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру жөнінде жүйелі шаралар өткізеді. Оқушы жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізілуде (конкурстар, іскерлік ойындар, кездесулер, ашық есік күндері, отырыстарға шақыру және басқалар). Биыл жылдың басынан бастап мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар оны іске асыруға кірісті. Ұлттық жоспардың шеңберінде 25 жыл ішіндегі Конституцияның тарихына, адамның конституциялық құқықтарының дамуына арналған деректі фильмдер дайындалды. Қазірдің өзінде Президенттің Телерадиокешені, Қазақстан ұлттық арнасы, Хабар телеарналары, Nur Media холдингімен және басқа да БАҚ-тармен бірлесіп фильмдер, бейнероликтер түсірілді. Жыл басынан бері барлық өңірде конференциялар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, ашық сабақтар және басқа да іс-шаралар өткізілуде. Оларға еңбек ұжымдары, ЖОО, колледж пен мектеп оқушылары тартылды. Практика көрсеткендей, қатысушылар өздерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін, оларды қорғау мен қалпына келтірудің заңды құралдарын білуге үлкен қызығушылық танытады. Арнайы әдебиетті шығару бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Конституциялық Кеңес 7 кітап пен жинақ басып шығарды. Өздеріңізге белгілі болғандай, елорда күні қарсаңында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлі» кітабының таныстырылымы өтті. Негізгі заңды әзірлеу мен оның ережелерін іске асырудың бастауында Елбасы тұрды. Биыл «Жыр арқауы – Ата заң» деген ақындар өлеңдерінің жинағы жарық көрді. Жинаққа қазақстандық ақындардың Конституция мен онда бекітілген құндылықтар туралы шығармалары енгізілген. Сол сияқты «Бала өрген Ата заң» атты балалар суреттерінің жинағы, еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесіп, алғаш рет «Қазақстан Республикасы Конституциясының энциклопедиялық анықтамалығы» қазақ тілінде жарық көрді.
– Сіз Конституциялық Кеңестің мүшесісіз. Кеңесте 7 мүше болатынын білеміз. Не себептен тек қана 7 адам? Сонымен қатар осы кеңестің қызметі және кеңес мүшелерінің мәртебесі мен міндеті жөнінде айта кетсеңіз.
– Қазақстанда Конституциялық бақылау институты 1989 жылғы Қазақ КСР Конституциясына толықтыру енгізген кезден бастау алады. Конституцияның алтыншы бөлімі Республикада конституциялық бақылауды іске асыратын Конституциялық Кеңестің тұғырын қалайтын нормаларды баяндайды. Ол Сот жүйесіне кірмейді, Қазақстан бүкіл аумағында Негізгі заң ретінде Республика Конституциясының жоғары тұруын қамтамасыз етеді. Конституциялық Кеңес жеті мүшеден тұрады. Төрағасы мен екі мүшесін ел Президенті тағайындайды, Парламенттің Сенат мен Мәжілістен екі-екі мүшеден алты жылға тағайындалады. Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестің мүшесі болып табылады. Осылайша, Конституциялық Кеңестің құрамы Конституцияның кепілдігі – Мемлекет басшысының, сондай-ақ Парламент палаталарының қатысуымен қалыптасады. Конституциялық Кеңес өз мәртебесіне сәйкес өкілеттігін жүзеге асыру кезінде дербес және мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдардан және азаматтардан тәуелсіз, Республика Конституциясына ғана бағынады әрі саяси және өзге себептерді негізге алмайды. Конституциялық өндіріс Қазақстан Президентінің, Парламент палаталары Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша қозғалады. Конституциялық Кеңеске жүгінетін субъектілердің қатарына азаматтар кірмейді. Олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары тек жалпы юрисдикциялы соттарда қорғалады, ал Конституциялық Кеңесте Конституцияның 78-бабына сәйкес, сот қолданып отырған заңы немесе нормативтік құқықтық актісі адам және азаматтың Конституцияда көзделген құқықтар мен бостандықтарына қысым жасап тұрғаны байқалса, қол астындағы өндірісті тоқтата тұрып осы актіні Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы өтініш түсіреді. 1996 жылғы қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін Конституциялық Кеңеске 200-ге жуық өтініш келіп түскен, оның ішінде. Мемлекет басшысынан – 26 өтініш, Парламент палата Төрағаларынан және оның депутаттарынан – 80, Премьер-Министрден – 27, Соттардан – 71. Конституциялық Кеңестің қызметі азаматтар құқықтарының үстемдігін және жалпы мемлекеттік құндылықтарды бекітетін елдің Негізгі заңының мызғымастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
– Алда Конституция күні – мереке. Биылғы пандемия жағдайына байланысты бүкілхалықтық мерекелік шаралар өткізу қиын. Жалпы, осы Конституция күнін тойлаудың халық үшін тәрбиелік мәні қандай?
– Жоғарыда атап өткенімдей, қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін, азаматтардың заңдық сауаттылығын көтеру үшін, ақпараттық, насихаттық, конкурстық негіздегі іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы ерекше. Конституцияның 25 жылдығына арналған ұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Конституциялық Кеңес 24 тамыздан бастап 30 тамыз аралығында «Негізгі заң аптасы» жобасын өткізеді. Жобаның мақсаты – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы Конституцияның рөлін терең ұғыну, Негізгі заңға халықтың кең ауқымының назарын аудару, Рухани Жаңғыру жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру.
Конституциялық Кеңестің негізгі серіктестері – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да ұйымдар. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты олардың барлығы онлайн режимде өтеді.
Осы жоба шеңберінде бүкіл ел бойынша онлайн конференциялар, дөңгелек үстел, тегін заң консультациялары, вебинарлар, қайырымдылық акциялары, жаңа объектілерді пайдалануға беру, пәтер кілттерін табыстау, жеке куәліктерді табыс ету және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Іс-шаралар күнтізбесін бірлесіп ұйымдастырушылардың, оның ішінде Конституциялық Кеңестің сайттарынан табуға болады.
Сұхбаттасқан
Бейбіт ТОҚТАРБАЙ