Ахуалың қалай, Алматы?

Ахуалың қалай, Алматы?

Ахуалың қалай, Алматы?
ашық дереккөзі
238
Алматының қашанда орны бөлек. Күллі қазақтың ғашы­ғын­дай әсем қалада қандай оқиға болса да, бейжай қара­майтынымыз рас. Алатаудың бөктерінен алыс жүрсек те, елең­­деп, әркез құлағымыз түрік жүретіні де тектен-тек болмаса ке­рек. Әлемді әлек қылған індеттің де әуелгі белгілері Алматыдан білінгені жанымызға батты, енді тез-тез Алматыдан аулақ кет­се, тұтас еліміз кесірлі кеселден құтыла­тын­дай көрінеді. Сон­дықтан мұндағы ахуалдың жақсарғаны бәріміздің көңі­лі­мізге медеу болары анық. Жуырда Алматы қаласының әкімі Ба­қытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде өткен Akimat LIVE бағдарламасында алматы­лық­тардың сұрақтарына жауап берді. Эфир ба­­­рысында  әкім карантин шараларын жеңіл­дету барысы және шағын орта бизнес кә­сіпорындары мен нысандары жұмысын қайта бастағаны туралы айтты. Қазіргі уа­қытта Алматыда 17,5 мыңнан астам шағын ор­та бизнес субъектілері жұмысын жан­дан­дыр­ған. Қалалықтардың сұрақтарына жауап бере келіп, Бақытжан Сағынтаев эпи­де­миологиялық қауіпсіздік ержелерін сақтау  өмір­лік нормаға айналуы кереіктігін, ін­деттің беті қайтты десек те, босаңсуға бол­май­тынын қадап айтты. Алматыдағы эпид ахуалға шолу жа­сасақ, 19 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19-дың 13 938 оқиғасы тіркел­ген. 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш  698,09-ге тең. Олардың ішінде 11 935 адам ем­деліп шыққан, бұл – науқастардың 85 пайы­зы. Вирусты симптомды жұқтыру­шы­лар саны – 8 322 адам болса, симптомсыз 5 616 адам тіркелген. Тәуліктік өсім  0,2 пайыз­ға тең. Стационарлардың 86 пайызы бос. Қала әкімі вирустың таралу тізбегін жою мақсатында адамдар көп шо­ғыр­ланатын орындарға баруға уақытша тыйым салынғанын да еске салды, оның іші­не Ұлттық саябақ аумағы да кіреді. Соны­мен қатар демалыс күндері базарлар мен қ­о­ғамдық көліктер жұмысын тоқтатады. Шағын орта бизнес субъектілері жұмыстарын жандандырды Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, шағын және орта бизнес субъекті­лері­нің жұмысын қайта жандандыру infokazakhstan.kz порталында тіркелгеннен кейін кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бұл мәселе 24 тамызға дейін толыққанды рет­телуі керек. Санитарлық-эпидемио­ло­гия­лық ережелермен танысқан соң кәсіп­кер­лер санитарлық нормаларға сай акт ала­тын болады. Кәсіпкерлер нысанның то­лық жұмыс істеуі жөніндегі талапты орын­дауы тиіс. Барлық субъектілердің 90 пайызы, яғ­ни сауда және ойын-сауық орта­лық­тары, сауда орталықтары (бутиктер), бөл­шек сауда желілері және сыйымдылығы 30 пайыз және жалпы көлемі 4 шаршы метрден аспайтын жабық базарлар, сұлулық салон­дары, шаштараздар, СПА орталықтары, жал­пы көлемі 4 шаршы метр болатын сұлу­лық салондары және тағы басқалары жұ­мыс­тарының қайта жанданғаны туралы ха­барландыру беруге міндетті. Ал вирустың таралу қаупі жоғары қал­ған субъектілер жұмыс комис­сия­­сының тексеруінен өтетін болады. Олар – сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда алаңы 2 000 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендер, сонымен қатар қыз­мет­кер­лері арасында COVID-19 вирусының көр­сет­кіші жоғары нысандар. 19 тамыздағы жағдай бойынша 17 698 өті­ніш түскен екен, олардың 14 043-і (79 пайыз) мақұлданған. Оның үстіне, кәсіп­кер­лердің басым бөлігі (13 807) жұмысын ша­қыру тәртібі бойынша бастады. Қалған­дары (236) аудандық әкімдіктер жанындағы мониторинг тобы тексеру жүргізген соң ғана жұмыстарына оралмақ. Егер белгілі бір се­бептер бойынша рұқсат етілмесе, онда кем­­ші­ліктерді түзетіп, жұмысты қайта бас­тауға болатыны да айтылды. Қауіпсіздік ережелерінің сақталуы халықтың бақылауында Әкім алматылықтарды санитарлық-эпи­­демиологиялық қауіпсіздік ере­желері бұ­зылған жағдайда бейжай қарап, сал­­ғырт­тық танытпай дереу хабарлауға ша­қырды. Қалалықтар режим талаптарын бұз­ған­дар туралы infokazakhstan.kz пор­талы ар­қылы хабарлай алады. Ол үшін сурет­ке тү­сіріп жіберу жеткілікті. Осы ар­қылы кә­сіп­керлер мониторинг тобы келгенше кем­шіліктер мен олқылықтарды түзей алады. Әкім бұл шаралардың да белгіленген нор­ма­лардың сақталуына ықпал ететінін айтты. Шектеу шаралары кезеңінде кәсіп­кер­­лердің санитарлық-эпидемио­логиялық та­лап­тарды сақтауын бақылау үшін іріктеу мо­ниторингі Денсаулық сақтау ми­­нистр­лігінің биылғы 5 шілдедегі «Са­ни­тарлық-эпи­демияға қарсы және санит­ар­лық-про­филактикалық шараларды ұйым­дас­тыру мен өткізудің кейбір мәселелері ту­ралы» бұй­рығы негізінде Әкімшілік-құ­қық­тық ко­дексінің 802-бабына сәйкес жү­зе­ге асады. Әкім­шілік шаралар Әкімшілік-құ­қықтық ко­декстің 425-бабының 1-тарауы бойынша қа­былданады. Мониторинг топтары биылғы 5 шіл­деден бастап 7 550 нысанды тексерген, олар­дың ішінде 2 952 обьектінің ка­ран­тин ре­жи­мін және маска тағу талабын бұз­ға­ны анық­талды. Рейдтер нәтижесі бойынша 4 496 субъектіде түсіндіру жұмыстары жүргізілген, 696 нысан жұ­мыстарын өз еріктерімен тоқтатқан. Әкім­шілік-құқық бұзушылық негізінде 3 150 хаттама толтырылды, оның ішінде заңды тұл­ғаларға – 126, жеке тұлғаларға 3 003 айыппұл салынған. Маскалық режимді бұз­ғандары үшін 2 952 адам 30 АЕК көлемінде айыппұл төлеген. 177 көшеге жол салынады Бақытжан Сағынтаев тікелей эфирде жол инфрақұрылымын жасқарту бойын­­ша атқарылатын бірқатар іс жөнінде айтып берді. «Жол, сумен қамту желісін салу, жа­рықтандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, балабақшалар мен мектептердің құрылысын жүргізу жө­ніндегі барлық маңызды шешім тұр­ғын­дар­мен кездесу арқасында қабылданды», – деп атап өтті Алматы әкімі. Бұдан бұрын Түрксіб ауданындағы «Қай­рат» ықшамауданының тұрғы­ны аймақтағы жолдардың жағдайы нашар еке­нін айтып шағымданған. Биыл осы «Қайрат» ықшамауда­нын­да­ғы 51 көшеге сумен қамту және судан бөлу желілері тартылып жатыр. 51 кө­шенің 26-сына асфальт бұрыннан тө­селген. Қалған жолдар бойынша жұмыстар жү­ріп жатыр, оның ішінде 7 жолда жұмыс то­лық аяқталыпты. 25 топырақты кө­шелердің 10-ына инертті материалдар тө­сел­ген, 15-і бойынша жұмыстар жүргізіліп жа­тыр. Аталған көшелерге жаңа жол салу ке­лер жылға жоспарланыпты. «Бірінші кезекте қандай мәселені шешу қа­жетін сол аумақта немесе ауданда тұра­тын адамнан артық ешкім білмейді. Мен тұр­­­ғындармен кездесу кезінде нақты ақ­парат алатыныма талай рет көз жеткіздім. Мұн­дай кездесулердің қаншалықты пайдалы екені жөнінде сұрақ қойған жанмен то­лық келісемін. Әрине, жұмыстың бұл түрі одан әрі жалғасатын болады. Мен өзім ашық­тықты әрі қала тұрғындарымен еркін әңгімелесуді қолдаймын», – деді әкім. Жалпы, Алматы қаласы бойынша биыл ұзындығы 47,4 шақырым бо­латын 177 көшеде жол салу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Оның ішінде ұзындығы 18,6 шақырым болатын 112 көшеде жұ­мыстар сәтті аяқталған. Жыл соңына дейін ұзындығы 28,8 шақырым болатын қалған 65 көшедегі жолдардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа жолдар «Өжет», «Ұлжан-1», «Ұл­жан-2», «Шаңырақ-2», «Әйге­рім-1», «Әйгерім-2», «Дархан-Байбесік», «Тру­­­довик» («Томирис»), «Алғабас-АЗТМ», «Жас қанат», «Қарасу», «Көкқайнар», «Ақ­бұлақ», «Саялы-2» ықшамаудандарында пай­да болады. Бұларда шамамен алғанда 122 мыңнан астам тұрғын бар. 2020 жылға ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі кезде ұзындығы 62,6 шақырым болатын 91 кө­шеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қа­ланың 300 мың шаршы метр көше-жол же­лілеріне асфальт төсеу де көзделіп отыр. Ал жоспарланған тротуардың жартысынан көбі салыныпты. Бүгінгі күні 151 мың шаршы метр аумақтың жұмысы аяқталған. Бұл – Akimat Live бағдарламасының үшін­ші эфирі, осы жолғы тікелей эфир барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағын­таев қала тұрғындарының  20-дан астам өзекті сұрағына жауап берді.  

Серіктес жаңалықтары