447
Сынық көңіл, сыңар қанат...
Сынық көңіл, сыңар қанат...
Газетімізде қандастарға арналған Atajurt жобасы басталғалы көптеген мәселе көтеріліп келеді. Соның ішінде әртүрлі әлеуметтік көмекке зәру жандардың мұң-мұқтажын газет бетінде жазып қана қоймай, тиісті орындарға арнайы хат жазып мәселенің заң аясында да шешілуіне атсалысып келеміз. Сонымен қатар елдегі қалталы атымтай жомарт азаматтардың да қаперіне салып, мұқтаж қандастар арасына дәнекер де болдық. Ішінара мәселесі шешіліп, жағдайы түзеліп кеткен қандастарымыз да бар. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны жалғызбасты ана, туберкулезбен ауыратын Бақытгүл Ғибадатқызы газетімізде өз жағдайын айтып, көмек сұраған болатын. Қандасымыз мемлекеттік деңгейде және кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен баспаналы болғаны газетіміздің оқырмандарына мәлім.
«Айран сұраған шелегін жасырмас» дегендей, бұл жолы да сондай аса қиын жағдайда қалып отырған екі отбасы жайлы айтпақпыз. Әлемді жайлаған алапат індет миллиондаған адамдарға өз зардабын тигізді. Әсіресе, індетке байланысты жарияланған шектеу шаралары көптеген қандастың жағдайын одан бетер ауырлатып жібергені жасырын емес. Карантин тәртібіне байланысты отбасы мүшелері екі жақта қалып қою немесе азаматтық ала алмай қалу секілді жағдайлар қоғамда жиі кездеседі.
Мүгедек болып қалудан қалай құтқарамыз?
Ермек Нугзай – 1987 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туған. Ұлты қазақ. 2016 жылдың желтоқсан айында Павлодар облысына көшіп келген. 2013 жылы отбасын құраған, қазір бір баласы бар. Азаматтыққа тапсырып, бір құжаттарының қателігіне байланысты кедергілерге тап болған. Құжаттарын қайтадан реттеп, азаматтық алуға тапсырған. Алайда биылғы карантин режиміне байланысты азаматтық ала алмай қалған. Қазір пәтер жалдап тұрады. Жұбайы Қазақстан азаматы – Сақтаған Қизатхан.
Ермек Нугзай Нұр-Сұлтан қаласы (Дауылпаз көшесі 45) жаңа салынып жатқан мектептің құрылысында жұмыс істеп жүрген. 18 мамыр күні кұрылыста жүріп, 3 метрлік биіктіктен екі тізесімен құлап, мертігіп қалған. Қазір ол өздігімен жүре алмайды.
Ауруханаға қаралған. Барлығынан азаматтығы болмағандықтан ақылы түрде өтіпті. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша екі тізесіне шұғыл операция жасатуы қажет екен. Операция жасату құны – 700 000 теңге. Алайда Ермек Нугзайда қазір ондай қаражат жоқ. Ал егер шұғыл операция жасатпаса, екі аяғынан бірдей айырылып қалу қаупі басым дейді дәрігерлер.
Ермек Нугзай мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын салымын төлеп отырған. Енді оған қандай жолмен тез арада көмектесуге болады? Келе жатқан кеселдің алдын алу үшін, арыстай азамат аяғынан тік тұрып қатарға қосылып кетуі үшін не қажет?
Жалғызбасты анаға кім пана болады?
Жайнат Бейімбетова – 1991 жылы Қарақалпақстанда туған. 2016 жылы Қазақстанға көшіп келген. Қазақстан азаматы. Торсық шеке екі ұл өсіріп отырған ана. Ана болғанда қазір – жалғызбасты ана. Өйткені жолдасы елде карантин жарияланбас бұрын Өзбекстан шекарасынан өтіп кеткен. Қазір екі ел арасындағы шекара бекеттері жабық. Тіптен ашыла қалған күннің өзінде Жайнаттың жолдасы (аты-жөнін жазбауды өтінді) сол кеткен күйі хабар-ошарсыз. Жайнаттың бұл жақта қамқорлық қылатын туған-туыстары мүлде жоқ деуге де болады. Екі баламен ешқайда жұмысқа шыға алмайды. Он айлық баласына ай сайын алатын 18 мың теңгелік жәрдемақыдан басқа кіріс жоқ. Пәтер жалдап тұрады. Ал пәтер жалдау құны – 35 мың теңге. Карантин кезінде 42 500 теңгелік әлеуметтік жәрдемақыны да ала алмаған. Себебі балаға жәрдемақы алады. Әкімшілік тарапынан да берілетін көмектің көлемі арасында бір берілетін азық-түлік қана.
Сонымен, мұндай қараусыз қалған отбасы мүшелеріне кім көмектеседі? Ол әуелі Қазақстан азаматы. Екі бала өсіріп отырған ана. Қандасымыз қайда жүгініп, кімнен көмек алуы қажет? Әлде осы бір қиын жағдайдан шығарып жіберер атымтай азаматтар табылар ма екен? Егер көмектескісі келген азаматтар болса, редакцияға хабарласуға болады.