488
Дизель отынына мемлекеттік реттеу алынып тастала ма?
Дизель отынына мемлекеттік реттеу алынып тастала ма?
ҚР Энергетика министрлігі дизель отынына мемлекеттік реттеуді алып тастау қажет деп есептейді. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті.
«Расында біз жазғы маусымда дизель отынына жасалатын реттеуді алып тастау бойынша бастаманы көтеріп отырмыз. Оған себеп бірқатар факторлар бар. Бірінші кезекте бағаның көрші елдердегі бағадан алшақтығы, Ресей Федерациясында оның құны литріне 185 теңге болса, Қазақстанда - 99 теңге", - дейді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, дизель отыны Ресейге де, Қырғызстанға да көп мөлшерде тасымалдануда.
«Қазақстанның шекараға жақын өңірлерінде дизель отынының тұтынуы жоғары екенін байқаймыз. Транзиттік көліктер Қазақстаннан дизель құйып алуды жөн санайды. Сонымен қатар жүк көліктері де заңға сай дизель отынын өздерінің бөшкелеріне толтырып, күніне бірнеше рет тасымалдауды кәсіп етіп алған», - деді ол.
Осы себептен министрлік дизель отынына мемлекеттік реттеуді алып тастауды жоспарлауда.
Бұның алдында хабарлағанымыздай, реттеу алынып тасталатын болса, күзгі мезгілде Қазақстанның дизель отыны 115 теңгеге дейін жоғарылауы ықтимал. Дегенмен қысқы уақытта сұраныстың жоқтығынан, ол қайтадан 99 теңгеге түседі.