453
Емхана таңдау науқаны басталды
Емхана таңдау науқаны басталды
Бүгіннен бастап Қазақстанда емхана таңдау науқаны басталды. Жыл сайынғы дәстүрлі науқан екі айға созылады.
«Тіркеу процесінің автоматтандырылуы азаматтарды емханаға «сырттай» тіркеу фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, еркін таңдау принципі бойынша азамат өзі тұрып жатқан бір әкімшілік бірлік аумағындағы емдеу мекемесінің біріне тіркеле алады. Облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда бір аудан ішіндегі емхананы таңдауға болады», – деді Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 74 емхана қызмет көрсетеді. Оның жартысына жуығы – жеке меншік.
«Тіркеу науқаны барысында тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік емдеу ұйымдарына да тіркелуге болады. Тек таңдап алынған клиника Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен болуы шарт. Жеткізуші компаниялардың толық тізімімен Қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады», – деді филиал басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, биылғы науқан кезінде басқа емханаға тіркелген тұрғындар таңдаған емхана қызметін 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап пайдалана алады. Яғни, жылдың соңына дейін бұрынғы емханаға қаралады.