489
Әуелден қатарынан туысы артық...
Әуелден қатарынан туысы артық...
Биахмет Сәрсенұлы хақында
Тарбағатай – түркі өркениетінің алтын бесігі. Үш мың жылдық ұзақ тарихымыздың өн бойында тарлан Тарбағатайдың алар орны ерекше. Піл сауырлы осынау қарт тау ежелдің ең күнінен бері қарай арысы түркінің, берісі Алаштың сан кешулі асқақ тарихының тірі куәсі болып келе жатыр. Барқытбел, Көктау атанған кездерінен Алаш баласы айнала қонған, тірлігінің қазаны бұрқылдап жатқан ұйық жұрт, Алаштың алтын бесігі. Қазақ ренессансы атанған Алаш қозғалысы кезінде де Тарбағатай өңірі мен осы аймақтан шыққан қазақ зиялыларының атқарған қызметі көл-көсір болды. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Тоғыз жолдың торабында, екі үлкен империяның мүдделері мен шекаралары тоғысқан географиялық нүктеде орналасуы бұл аймақтан кең ойлы, кемел адамдардың көбірек шығуына бір себеп болса, екіншіден, Абылай хан заманының ерлік дабылы құлағынан әлі кете қоймаған асау қазаққа Кенесары ханның қайғылы қазасы мен ауыр жеңілісі өзгеше ой салса керек. Ырғызбай әулие, Ақтайлақ би, Құнанбай мырза, Тана мырза сияқты ел жақсылары, ендігі дүниенің кілті тек білімде екенін жақсы түсінді. Сондықтан қолы жеткен адамдар балаларын орыстың үлкен қалаларынан оқыта бастады. Қысқасы, кеткенмен теңдік дағуасына жетудің жалғыз жолы осы екенін қазақ элитасы жақсы ұғынды. Тарбағатай өңірінде туып Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі сапында қазақ елінің болашағын айқындайтын үлкен ұлттық іске белсене кіріскен азаматтар тіпті көп. Тек ұлттық деңгейдегі қайраткерлер Алашорда бүркіті, қаһарман қайраткер Отыншы Әлжанұлы, Алаштың тұңғыш құрбаны Қазы Нұрмұхаммедұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Ережеп Итбайұлы сияқты тұлғалы қайраткерлердің алақандай Ақсуат, аядай Тарбағатай ауданынан шығуы онда қоныстанып отырған Алаш баласының ұлттық потенциалынан да хабар беріп тұрғандай. Отыншы Әлжанұлы мен Қазы Нұрмұхаммедұлы турасында Алаш қозғалысын зерттеген көптеген қаламдасымыз қалам тербеген. Олар туралы талай деректі фильмдер түсіріліп, қалың жұртшылық есімімен таныс болып, рухына бас игенін білеміз. Олардың Алаш баласының, қазақ елінің ертеңгі жарық күні үшін төккен қаны Тәңірі Тағаланың әділ есебінде. Біздің бүгін айбарлы ел болып отырғанымыз сондай шаһит кешкен асылдардың қаны мен терінің беделі. Мен бұл шағын мақалада қызметі қазаққа көп өтсе де, есімі жұрт жадында аз сақталған Алаштың аяулы арысы Биахмет Сәрсенұлы турасында толғанып отырмын. Белгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының әйгілі «Таныстыру» поэмасын осы арада еске түсірудің реті келіп тұр. Сол назым сөзінде Биахмет Сәрсенұлы турасында: ...Біреуі Биахмет Сәрсенұлы, Ыңғайлы, қырғиға оқсар көрсең түрі. Түрінен де, сөзінен, жүрісінен, Екенін біле алмайсың қандай қыры. Ақылы да оның көп, айласы да, Көңілінің жылдам сезгіш айнасы да. Бар дейді бұрынырақ ұмтылатын, Түлкідей жалт ететін таймасы да. Ісі де, таланты да қалыспайды, Жұмсаса тегіс халық пайдасына. Жастардың біреуінен кейін емес, Қазақ деп жүрегінің қайнасы да. Халел мен Әлімханды ай деп айтсақ, Шолпандыққа жарайды ай қасында. Әуелден қатарынан туысы артық, Сондықтан күн-түн сайын барады артып. Ілімнің аймағында жоқты бағы, Еріксіз туысымен алар тартып», – деп толғайды. «Әуелден қатарынан туысы артық» Алаш арысын замандастары «Алаштың Биашы» деп әспеттеп өткен. Ол 1885 жылы Зайсан уезіне қарасты Нарын болысында, Ақсуат ауылында өмірге келген. 1921 жылы Орынборда Қазақ АСР-ның оқу министрі Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметін атқарып жүргенде небәрі 36 жасында оба ауруынан қаза табады. Қазақ прозасының атасы Жүсіпбек Аймауытұлы «Биаш» атты қайғылы қазанама жазған. Қазанамада «...Әлеумет ісіне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Биашты керек қылды, сүйреді. Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа араласса да тереңнен, тез бітіретін Биаш болатын... Оқу комиссариатының қандай ісі болсын, бір өзі басқарып бара жатыр еді. Әкімшілік жұмыста арқасы босағандай болып Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) Биашқа сеніп отырушы еді...» деп күңіреніпті. Алаштың екі арысы Сұлтанмахмұт Торайғырұлы мен Жүсіпбек Аймауытұлының осы екі лебізін қатар бердік. Бұл – сол алағай заманды бірге көрген замандастың көзімен берілген баға. Сонымен бірге, екі қаламгер де – кесіп-пішіп дәл айтатын таразы көңіл данышпандар. Ал енді Биахмет Сәрсенұлының қайраткерлік қызметіне келер болсақ, қазақ баласын ағарту жұмысынан бастаған арыстың күрес жолы қазақтың алғашқы партиясы мен ұлттық үкіметін құрған ұлы қозғалысқа ұласады. Ақпан төңкерісі – қазақ оқығандарының көңіліне үміт шырағын жақты. Жер-жерде қазақ комитеттері құрылып, белсенді жұмыс атқара бастады. Сол белсенді жұмыс атқарған қайраткердің бірі – Биахмет Сәрсенұлы. Оның қайраткерлік қызметінен айрықша үш ісін атап өткім келеді. Ол 1917 жылғы Семей облыстық қазақ сиезін ұйымдастырушылардың бірі болды. Сонымен бірге сол сиез төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл сиезде қазақ халқы үшін ең маңызды саналатын он алты мәселе қаралды. Сол жылдың жазында ол Орынборда өткен бірінші бүкілқазақ сиезінде Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасовтармен бірге Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылды. Бірінші жалпықазақ сиезіне дейін Семей, Торғай, Орал қазақтарының сиезін ұйымдастыру Алаш партиясын құрудың, жалпы қазақтың ұлттық мемлекетінің басқару формасы мен мемлекеттік ұстынын қалыптастыруға арналған дайындық сияқты болды. Бұл облыстық сиездердің дұрыс ұйымдастырылуы қазақтың саяси белсенділігі мен сауатының көтерілуіне де айрықша әсер етті. Сондықтан бұл облыстық сиездердің маңызы ерекше. Жоғарыда атап өткеніміздей, Биахмет Сәрсенұлының қайраткерлік қызметінің ерекше көрінген тұсының бірі – 1918 жылы 2 сәуірде Алашорда мен Совет үкіметі арасында болған келіссөз. Келіссөз телеграф арқылы өтті де, Алаш атынан Халел Ғаббасұлы, Совет үкіметі атынан Сталин сөйледі. Осы келіссөзде Халел Ғаббасұлының Совет үкіметіне қойған талаптарын алдын ала Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсекұлы, Әлімхан Ермекұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы қатарлы қайраткерлер қатысқан арнайы мәжілісте тұжырымдаған болатын. Бұл келіссөздің де тарихи маңызына толық баға берілген жоқ. Осы келісім арқылы Алашорда өкілдері Совет билігінің құрамына кіре алды. Бұл – біздің автономиялы республикамыздың шекарасын белгілеу, оқу-ағарту саласын ұлттық бағытқа бұру қатарлы мемлекеттік саланың барлығында репрессияға дейін Алаш азаматтарының басым болып, ұлттық мемлекетті негіздеуіне мүмкіндік берген тарихи келісім. Сол шешуші сәтте ұлт көсемдерінің қасында Биахмет Сәрсенұлының болуы оның тұлғалық болмысын тануымызға әсер етері анық. Биахмет Сәрсенұлының қайраткерлік қызметінің тағы бір қыры – ағартушылық қызметі. Ол екінші жалпықазақ сиезінде қабылданған қазақтың үлкен педагогикалық және мәдени бағдарламасын іске асырушы басты тұлғалардың бірі болды. Екінші жалпықазақ сиезінің қаулысына сай, Ахмет Байтұрсынұлы басқарған оқу комиссиясы құрылды. Биахмет Сәрсенұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлдарымен қатар комиссия мүшесі болып сайланады. 1920 жылы құрылған Қазақ АССР Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары болғанын жоғарыда айттық. 1921 жылы Биахмет Сәрсенұлы өзі орынбасары болып отырған Халық ағарту комиссариатының арнайы қаулысымен қазақтың алғашқы оқулықтарын жазу туралы авторларға жүктеме беріледі. Биахмет Сәрсенұлы қазақтың алғашқы оқулықтарының бірі геометрияның авторы болды. Бұл санат құралдары 1929 жылға дейін қазақ мектептерінде оқытылып келді. Қуғын-сүргін жылдары бәрі өртеліп, көзі жойылды. Биахмет Сәрсенұлы өзінің 36 жылдық қысқа ғұмырында елі үшін аянбай қызмет қылды. Тумысы бөлек, тұлғасы биік азаматтың Алаш жұртының бағы үшін атқарған ұшан-теңіз қызметі әлі де толық зерттеліп, нақты тарихи бағасы берілген жоқ. Құрсағы құтты Тарбағатайдың бауырында туып, тасында түлеген азамат Алаштың аспанындағы алтын қыранның бірі болды. Құрсағы құтты жер мен көңілі берен ел аман болса, әлі талай асыл туары хақ.Берік Уәли