Ұшпайтын ұшақтың билеті: ақшасы қайтпағандар қайтпек?

Ұшпайтын ұшақтың билеті: ақшасы қайтпағандар қайтпек?

Ұшпайтын ұшақтың билеті: ақшасы қайтпағандар қайтпек?
ашық дереккөзі
881
Төтенше жағдайға байланысты елімізде әуе рейстерінің 95 пайызы тоқтаған болатын. Мәселен, сәуір айында 4 340 рейс ұшпаған. Жолаушылар мен саяхатшылар да бірден билеттерін қайтарып алуға әрекет жасады. Әдетте қазақстандық жолаушылардың тек 7 пайызы ғана билеттерін кері өткізсе, төтенше жағдай кезінде бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып кеткен. Билетті қайтаруға өтініш білдіргендер ақшасын ала алмай жүргендерін айтып шағымданған болатын. Одан кейін билеттің құны толық қайтарылмайды деген де ақпарат тарады. Ұшпаған ұшаққа билет алғандардың біразы әлі күнге дейін қаражатының қалтасына қайтпағанын айтып, әуе компаниялардың әлеуметтік желідегі парақшаларына шағымдарын жазған. Билет бар, ұшақ жоқ, ақша қайда?

Үкімет тарапынан атқарылған шаралар

Тек біз ғана емес, мұндай қиындыққа әлемнің барлық әуе компаниясы тап бол­ды. Атап айтар болсақ, Италияда әуе би­леттерін брондау өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 63 пайызға, Испанияда 84 пайыз­ға, Германияда 65 пайызға, Францияда 74 пайызға азайған. Сарапшылардың пікірінше бұл – соңғы жүз жылдағы ең төменгі көр­­сеткіш. Әуе сапары мен туризмге арналған The Blue Swan Daily порталының де­ре­гінше, Қазақстанда жыл сайын үш мың­дай әуе рейсі арқылы жолаушылар тасы­мал­да­нады екен. Оның екі мыңға жуығы ішкі рейстер болса, қалған бөлігі сыртқы рейс­тер­ге тиесілі. 2019 жылы жолаушылар ағы­ны тіптен артқан. Төтенше жағдай мен карантин ал­дын­да сапарға немесе саяхатқа шы­ғып үлгергендерді мемлекет кейін арнайы ұшақ­тармен алдыруға мәжбүр болды. Тө­тен­ше жағдай жарияланған уақытта 5 914 қа­зақстандық шекара сыртында жүрген. Олар­ды қайтару үшін шамамен 1 млрд теңге қар­жы қажет болды. Ал шетелге шығып үл­гермегендерге туристік агенттіктер әуе би­леттері үшін төленген 4,6 млрд теңгені қай­таруы керек еді. Саяхатшылардан бөлек басқа мақ­сатта сапарға шығуға ниетті болған жо­лаушылар да «күйіп кеткен» билетінің ақы­сы қайтпай қала ма деп алаңдады. Елі­міздегі ұшақ билеттерінің құнын ескерсек, алаңдамауға негіз де жоқ емес: 2012-2018 жыл аралығында еліміздегі әуе билетінің бағасы тұрақты түрде өсіп отырған. Әуе билеттерін кері өткізудің ережелері әр компанияда әуелден бекіті­ліп қойғандықтан, алғашында сол тәртіп бойынша билет құны толық қайтарыл­май­тыны айтылған еді. Кейіннен Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму министрі Бей­біт Атамқұлов әуе билеттерінің еш­қан­дай айыппұлсыз қайтарылатынын мә­лім­деген еді. «Әуе компанияларына төтенше жағдай ке­зінде тоқтатылған рейстердің билет құ­нын айыппұлсыз, толық көлемде қайтару ту­ралы тапсырма беріліп, қайтаруға мін­дет­тел­ді. Бір айта кетерлігі, бізде агрегатор ком­паниялар (Aviata, tickets.kz) арқылы да көп билет сатылған. Олар дербес жұмыс іс­тейді және агрегаторлардың бір бөлігі өзге мем­лекеттер аумағында орналасқан. Бұл да біз­ге қиындық тудырып жатыр. Кей турис­тік агенттіктер билетті шетелдегі кеңселері арқылы сатып жатыр. Мұнда әрине, қайтару мәселелерін азаматтық-құқықтық алаңда сот органдары арқылы шешу қажет», – деген еді министр Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен есеп беру брифингінде. Сауда және интеграция министрлігі сәуір айының соңында SCAT, Air Astana, Qazaq Air, Fly Arystan әуе компанияларымен келіссөз жүргізіп, ақшаны қай­тару­ға келіскен болатын. Бірақ бұған уақыт керек екені де сол кезде айтылған еді. Сонымен қатар шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағ­дайды ресми түрде форс-мажорлық жағ­дай деп бекітті. Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ бас­қар­масы жолаушылар билеттерін өткізген жағ­дайда ақшалары толық көлемде қай­тарылатынын төтенше жағдай енді жа­рия­ланған уақытта-ақ мәлімдеген-ді. Теміржол би­леттерінің құны бұрын 3 күн ішінде қай­тарылған болса, пандемия кезінде қара­жат жолаушыларға дереу қайтарылып отыр­ды. Қазіргі кезде жағдай біршама оңалды. Ел ішінде ғана емес, көптеген шет мем­лекетке ұшатын рейстер қайта жанданды. Бірақ қаншама уақыт өтсе де, осы кезге дейін ақшасын ала алмай жүргендер әлі де же­терлік.

Бұған компаниялар не дейді?

SCAT әуе компаниясы 3 қыркүйек күні Instagram желісіндегі парақшасында тө­тен­ше жағдай кезінде тоқтатылған рейс би­леттерінің құны 99 пайыз қайтарылғанын мә­лімдеген болатын. Бірақ оған жазылған пікір­лердің басым көпшілігі кері мазмұнда. Пі­кір жазғандар әлі күнге дейін билетке тө­леген ақшалары қайтпағанын айтып ша­ғымданған. Қаражатым қайтты деп алғыс айт­қандар да бар, бірақ ондайлар ілуде біреу. Осы мәселені назарға ала отырып, SCAT әуе компаниясына хабарласып көрген едік. Компания ақшаны қайтару жұмыстарының 99 пайызы орындалғанын, қайтарылған қа­ра­жат сомасы шамамен 1,8 миллиард тең­ге болғанын айтты. – Әлемді пандемия қаупі құрсағаннан бері барлық салада үлкен өзгерістер болды. Өкі­нішке қарай, Қазақстан да бұдан сырт қал­ған жоқ. Қазақстандағы төтенше жағдай ке­зеңінде SCAT 3 000-ға жуық рейстен бас тартуға мәжбүр болды. Бұл – 98 000-нан ас­там билет. Карантин шараларын қайта-қай­та ұзарту, алыс-жақын шетелдерден Қа­­­з­ақстанмен әуе қатынасын шектеу бұл жағ­дайды одан әрі ушықтырды. Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап SCAT компаниясы жо­лаушыларға көмек көрсету бойынша штаб құрды. Қолдау орталығы командаларының тәулік бойғы жұмысы үштік құраммен нығайтылды. Бүгінгі күні әлемдік оқиғаларға байланысты дағдарыстың ықпалына түс­пеген бірде-бір адам жоқ. Әуе компания­сы өзінің негізгі функциясы – тұрақты жо­лаушылар тасымалын жүзеге асыра алмаған кезде кері қайту процесін ішінара тоқтатуға тура келді. Рейстерді ұшыру қайта басталған кезде біздің компания жолау­шы­ларға тоқтатылған рейстерді қайтару процедураларын жеделдетті. Компания барлық сұранысты жоспарлап, жоспарға сәйкес өңдеуді аяқтап, төлемдердің кестесін жария­лады. Сонымен қатар жолаушылар мына ақпаратты назарға алса дейміз: Қа­зіргі уақытта әуе компаниясына түскен бар­лық өтініш қаралып, мәселелер реттелді. Егер қандай да бір себептермен ақша қайтарылмаған болса, билетті сатып алу орнына хабарласқан жөн. Біз төтенше жағ­дай кезінде тоқтатылған рейс билеттерінің ақшасын 100 пайыз қайтаруға кепілдік береміз. Осы қиын кезеңде шыдамдылық пен түсіністік танытқан барша халыққа ри­замыз, – дейді компанияның қоғаммен бай­ланыс бөлімінің басшысы Виктория Даш­кина. Бүгінде әуе билетін онлайн рәсім­дей­тін жолаушылар өте көп. Арнайы кас­саға барып билет алатындар саны мүлде аз десек, әуе компанияларының ресми сайты арқылы да билет алатындар көп емес екен. Көбісі Tickets.kz, Aviata.kz, Chocotravel.com сияқты билет сату сервистері арқылы онлайн билет рәсімдеуді әлдеқайда қолайлы көреді. Халықтың көпшілігі осы билет сату сервистері арқылы билет алғандарын, олар ақшаны әуекомпаниялары қайтарады десе, әуекомпаниялары керісінше сілтейді деп реніш білдірген. Осы мәселе турасында Tickets.kz компаниясының пікірін білген едік. – Біз әуе компаниялар мен халық ара­сын­да делдалдық қызмет атқарамыз. Яғни, сатылған билеттердің құнының азын-аулақ бөлігі ғана қызмет көрсеткеніміз үшін ұста­лады. Нақты қанша пайызы екенін жа­рия­лап айта алмаймыз. Қалған негізгі билет құны әуе компанияларға аударылады. Ал би­леттерді қайтару процесі тура осы заң­дылық бойынша жүзеге асырылады. Ақ­шаның белгілі бір пайызын әуе ком­па­ниялардың қайтарғанын күтеміз. Содан кейін ғана өтініш берушіге ақшасы қай­тары­лады, – дейді компания өкілі. Әуе компанияларының уәдесі мен Үкімет тарапынан жасалған шара­ларға иек артсақ, халықтың алашағы толық қайтарылады деуге негіз бар. Ақшаны қай­тарудың әдісі – билетті сатып алған жеріңіз­ге жүгініп, өтініш беріп, сәл күту керегін бәрі бірауыздан айтады. Пандемиядан кейінгі халықтың жағдайы белгілі, онымен қоса әуе көліктерінің билет құны аспандап тұрған уақытта қайтарылмаған ақшаны шығын емес деп айта алмаймыз. Алда пандемияның екінші толқыны ке­ле жатыр деген болжамның бар екенін де біле­міз. Күтпеген жерден келетін індет ол кез­де де осы тектес қиындық тудырмасына еш­кім кепілдік бермейді.

Серіктес жаңалықтары