Google-да жұмыс істеу – қолжетпес арман емес

Google-да жұмыс істеу – қолжетпес арман емес

Google-да жұмыс істеу – қолжетпес арман емес
ашық дереккөзі
50930
Аядай ғана ауылдан шыққан баланың болашақта әлемнің алпауыт компанияларының бірінде қызмет етуі бұрын орындалмас армандай көрінетін. Ал қазір мұның қолдан келетін іс, бағындыруға болатын белес екенін дәлелдеп жүрген отандастарымыз баршылық. Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында өсіп-өнген Бақытжан Төребаев қазіргі таңда Кремний алқабына қарасты Саннивейл қаласында орналасқан Google корпорациясының кеңсесінде жұмыс істейді. Еңбек жолын еліміздегі банктердің бірінде программист қызметінен бастап, қазіргі таңда күллі әлем қолданатын Google Payments жобасында жауапты қызмет ететін Бақытжанға арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Бақытжан, шыны керек, «қазақ баласы Google-да жұмыс істейді» десе, елең ете қала­тынымыз рас. Әңгімемізді Кремний алқабына қалай жеткеніңізден бастасақ. –Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайын, мен 1985 жылы оңтүстік өңірдегі Арыс өзенінің жағасында орналасқан Темірлан ауылында дүниеге келдім. Мұнда бастапқыда Абай Құнан­баев атындағы мектепте, кейіннен 4-сыныптан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте білім а­л­дым. 11-сыныпта оқып жүргенімде Алматыдағы сту­дент ағам демалыс сайын ауылға келгенде менің болашағымды ойлап, «мынадай университет бар, онда осындай мамандық бар, соған дайындалуың керек» деп  бағыт-бағдар беріп кететін. Кезекті бір келгенінде Алматыда Қазақстан-Британ техни­ка­лық университеті ашылғалы жат­қанын айтып, мұндағы қабылдау ем­­тиханына қажетті мате­риал­дар­дың барлығын әкеліп беріп кетті. Сөй­тіп, бағым жанып, 2002 жылы ағам жол сілтеген сол университетке оқуға түстім. Мұнда бес жыл бойы программист мамандығы бойынша оқыдым. Жаңадан ашылған оқу ордасы болған соң, студент саны аз бол­ды, осылайша, бір-бірімізді жақсы та­нып, жақын араластық. Оның үс­тіне, білім беру жүйесі де жаңадан жа­сақталып жатқандықтан, бұған қо­са кадр жетіспеушілігінен ағыл­шын тілінде өтуі тиіс кейбір пән орыс және қазақ тілінде өтті. Ауылдан келген мен үшін орыс және ағыл­шынша тіл сындыру, сонымен қатар бұл тілдерде сабақ оқу оңай болмады. Десек те, қатарымнан қалыспай, ты­ры­сып-тырмысып, оқып шықтым. ҚБТУ-ды бітірген соң, Алматы қала­сын­дағы банктің бірінде борышкерлермен жұмыс істейтін орталықта екі жылдай жұмыс істедім. Мүмкін білерсіз я білмессіз, сол жылдары ха­лыққа несиені көптеп беретін, ақыр соңында мұны халықтан қай­тара алмай, борышкерлер тізімі құ­растырылды, мен сол тізімді сұрып­тап, ақпарат жинайтын орталықта қызмет еттім. Кейіннен тағы бір банк­тің инновациялық технологиялар басқармасында программист қыз­метін атқарып, онда бір жылдай еңбек еткен соң, жұмыстан шығып кеттім.  width= – ІТ саласы бойынша елде жұ­мыс істеген қазақстандықтар «банк­ке жұмысқа бір кірсең, түр­меге кіргендей боласың, бұл жүйе­ден қайта шығу қиын, сөй­тіп, дамымай қаласың» дегенді алға тартады. Банктегі жұмы­сыңызды тоқтатуға осыған ұқсас себеп болды ма? – (Күліп). Мұны түрме деп айта ал­маймын, банктегі жұмыстың да өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен мұнда өз болашағымды елестете алмадым. Оның үстіне, сол уақытта үйленгенмін, бір балам бар. Жас отбасыға Алматы секілді қымбат қалада пәтер жалдап тұру қиынға соғатыны белгілі. Онымен қоса, ұлымның болашағын ойлап, оны жетілдіру керек екенін жете түсініп, тек бір банкпен шектелгім келмеді. Сөйтіп, көзге көрінген барлық мүмкіндікті қарастырып, жан-жақты іздене бастадым. Сол уақытта ҚБТУ-да бірге оқыған достарымның кейбірі Кремний алқабында, енді бірі басқа шетелдік ірі компанияларда жұ­мыс істеп жатқан болатын. Олармен ақылдаса келе, Фримонт қа­ла­сында орналасқан Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (Northwestern polytechnic university) ма­гистратура бөліміне оқуға түстім. Мұн­да екі жыл компьютерлік бағдар­ла­малау бойынша білім алдым. – Сіз оқуға кеткенде отба­сы­ңыз ауылда қалып қойды ма? – Сол уақытта өзіммен бірге отба­сымды алып кетуге жағдайым болмады. Қазір өткен өміріме көз жүгіртсем, «оқимын, дамимын» деген маған қарсы тұрмай, қайта қолдау біл­­діріп, елде баламен қалған әйе­лім­нің түсіністік танытқанына қай­ран қаламын. Негізі, елден кішігірім қара­жат жинап келгенмін, оның үстіне, ағам да қаржылай көмектесті. Сон­дай-ақ қол бос кезде қосымша жұмыс істеп, оқуымның ақшасын өтеп жүр­дім. Сегіз айдан кейін Америкаға ке­ліншегімді алып келдім, ал баламды ауылдағы ата-анамның қарауына қал­дырдық. Мұнда келген соң, жолдасым да құр жатпай, талаптанып, ақы­рында басқару ісі бойынша магистратура бөлімінде білімін шың­да­ды. – Кремний алқабының маңайын­да орналасқан уни­верси­тетте оқитын кез келген сту­дент мұндағы алпауыт ком­паниялардың бірінде қызметке ор­наласуды мақсат тұтатыны бел­гілі. Өмірбаяныңызды оқы­сам, Google компаниясына жұ­мыс­қа тұру үшін үш мәрте құжат тап­сырып, төртіншісінде ғана қа­былданыпсыз. Мұндағы көп­те­ген ірі компанияның ішінен не­ліктен тек Google-ға жұмысқа тұруды көздедіңіз? – Кремний алқабында қаптаған университеттерде оқитын студент­тердің сол маңда орналасқан ірі компанияларда жұмыс істеуге талпынатыны рас. Неге тек Google десеңіз, мұнда жұмыс істеу студент кезден туындаған арман болатын. Со­сын оқып жүрген кезде мұнда жұмыс істейтін таныстар арқылы Google-дың кеңсесіне кіріп, мұндағы қызметкерлердің жұмыс істеу әдісі былай тұрсын, кеңсенің, біздің тілмен айтқанда, компанияның кампусына тамсанып жүретінбіз. Мұндағы жұмыс орындары кеңсе ретінде емес, үлкен бір қалашық ретіне салынған. Сөйтіп, университет бітірерде сонда жұмысқа тұруға құжат тапсырдым, алайда бұл әрекетімнен түк шық­пады, қабылдамады. Есесіне, Сан-Франциско қаласында Brighterion компаниясынан ұсыныс келіп түсті. Сөйтіп, оқуым аяқталған күннің ертесінде сол жұмысқа шығып кеттім. Мұнда екі жыл істеген соң, жұмыс орнымды ауыстырғым келді. Жалпы, өз басым программистке екі-үш жыл сайын жұмысын ауыстырып тұру тиімді деп есептеймін, себебі бір бағыттағы технологияны аз уақыт­тың ішінде тез меңгеріп ала­сың да, ары қарай дамымай қала­сың. Өзіме керектіні игеріп, ма­шық­танған соң, басқа бағыттағы қыз­метті қарастыр­дым. Орындалмай жүр­ген арманым – Google-ға жұ­мысқа тұруға тағы да та­лаптандым, тағы жолым болмады, үшінші мәрте тапсырып едім, тағы да жауап жоқ. Мұ­нымен қатар, тағы басқа ком­пания­ларға құжат тап­сыр­ған бо­латын­мын. Нәтижесінде Ньюарк қа­ла­сында орналасқан Aport компаниясынан ұсыныс түсіп, онда төрт жылдай программист болып жұ­мыс істе­дім. Сосын әлгі Google-мен бай­ла­­ныстырған мақсатым менмұн­да­лап, маза бермей қойған соң, 2018 жылы төртінші рет құжат тапсырдым. Сөйтіп, бұл жолы айым оңынан туып, аталмыш компания қыз­мет­керлерінің қатарына қосылдым. Қазір уақытты кері айналдырса, ҚБТУ-да оқып жүргенде көптеген олим­пиадаға қатысатын едім, сол олимпиадалар арқылы небір есептер шығаруды сол кезде үйренсем, Google-дың есігін үш рет қақпай, бірін­ші реттен-ақ жұмысқа орналасар едім. Өйткені бұл есептерді шы­ғара білмесең, Google-дың кадрмен қамту бөлімі ұйымдастыратын сұхбаттан өте алмайсың. Бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің көбісі жас­тайынан небір жарыстар мен олим­пиадаларға қатысқан, сол себепті оларға мұндай ірі компанияға жұ­мысқа тұру оңай.  width= – Google-да қандай жобаға жауап­тысыз? – Бастапқыда әлемнің он шақты елі­не тегін Wi-Fi тарататын Google stations жобасын дамытуға жауапты командада жұмыс істедім. Десек те, биыл жыл басында бұл жоба компания үшін тиімсіз болу себебінен жабылып қалды. Оның үстіне, интернет таратуға қатысты әр елдің өз заңы бар, біреу мұны құптар, енді біреуі құп­тамас. Бұған қоса, тегін дүние болған соң, компанияға түсер пайдасы да онша болмады-ау. Сосын бұл іске жауапты команданың тең жартысы Google payments жобасына ауыстық. Қазіргі таңда осы жобамен айналысып жүргеніме жарты жылдай уақыт болды. Google payments цифрлық форматтағы әмиян іспетті, мұнда кез келген өнімді Google payments  мобильді қосымшасы ар­қылы сатып ала аласыз. Бұл – маған өте қызық, себебі бұған дейін мен тек серверлік желілер бойынша жұмыс істеуді үйренгенмін, сондықтан мобильді қосымшамен байланысты мұндай үлкен жоба – мен үшін тың нәрсе. Бұған қоса, мұнда көптеген жаңа технологияны үйренуге мүм­кіндік бар. Бүгінде Google инженерлері құрастырған Flutter (dart) технологиясына әлем бойынша сұраныс көп, сол себепті әлем қолданатын әрі тегін тұрған дүниені үйреніп жүрмін. –Мұндай компанияларға жұ­мысқа қабылданудың өзі белгілі бір кезеңдерден тұратын күрделі про­цесс екенін жиі естиміз. Сіз­дің жағдайыңызда қалай болды? –Жұмысқа шақырту, заманауи тілмен айтқанда, оффер алған соң, компанияның кадрмен қамту бөлі­мімен байланыс орнатасыз, мұн­дағылар құжаттарды түгендеп, компания жұмысымен таныстырады. Сосын келесі кезеңде қырық бес минут бойы онлайн режимде есеп шығаруың керек. Кейін кеңсеге ша­қыртыласыз, мұнда күні бойы сонда жұмыс істейтін бес-алты маман сізге бағдарламалауға қатысты әртүрлі бағыттағы сұрақтар қояды. Осы ке­зең­дерден өткеннен кейін, арнайы комиссия нәтижеңізді бағалап, әлгі мамандардың берген бағасын саралап, соңғы кезең – келісімшарт жа­сасуға бағыттайды. Мен мұны саудаласу деп айтамын (күліп). Мұнда ай­лық, еңбек демалысы бойынша сау­даласасың. Елде еңбекақы ай сайын беріледі ғой, ал мұнда олай емес, табыс түрлері көп, апта, екі апта сайын берілетіні бар, сосын қыз­меткерге компания акция ұсы­нады, мұнымен қоса, жыл сайын бел­гілі бір көлемде бонус береді. Мен мұндағылармен ары саудаласып, бері сау­даласып, нәтижесінде екі тарапқа қолайлы ортақ бір мәмілеге келдік, десек те, кейін қарасам олар маған мен күткеннен де көбірек жалақы тағайындапты (күліп).  width= – Сосын мұнда жұмыс істеу тәр­тібінде қатып қалған қағида жоқ екен, сол рас па? – Иә, ол рас. Жұмысқа бару, қайту уақытың өзіңе байланысты. Жұмыс барысымен кездесуді де өзіңе ыңғайлы уақытқа белгілеп аласың. Бар болғаны – өзіңе міндеттелген жұ­мысты дер кезінде аяқтасаң бол­ғаны. Дегенмен мұндай ғима­рат­тың ішіне бір кірсең, шыққың келмей қала­тынын жоғарыда айтып өттім. Онда әр ғимаратта екі-үш тамақта­на­тын орын бар, мұнда әр елдің ұлт­тық тағамдарын әзірлейді. Мә­селен, сушиді ұнатсаңыз, арғы бетте тұрған жапон асханасына бара аласыз, үнді тамағын қаласаңыз, бергі беттегі сол елдің тамағын әзірлейтін кафеден тамақтана аласыз. Сосын арнайы жасақталған ғимараттарда қызметкердің бос кезінде айналысуына тиімді көптеген секция жұмыс істейді. Гитара үйрену, пианинода ойнау, сурет салу секілді үйірмелер бар, мұның барлығы қызметкерлер үшін тегін. Тіпті, жұмыс барысында киіміңізді абайсызда былғап ал­саңыз, үйге бармай-ақ, осындағы арнайы бөлмеде жуып алсаңыз болады. Сосын мұнда спорт секциялары да көп, тиісінше қызметкерлер арасында көптеген сайыс ұйымдас­тыры­лады. Өзім футболға қызыға­тындықтан, әріптестеріммен жиі доп теуіп тұрамын. Жалпы, Google ком­па­ниясының Кремний алқабының әр аймағындағы филиалдарында отыз мыңға жуық қызметкер жұмыс іс­тейді. Әлбетте, мұндай ірі компания басшылығының сан мыңдаған қызметкеріне қолайлы жағдай жасап, өзіндік мәдениет пен ережесін қалыптастыратыны түсінікті жайт. Дегенмен, мен Кремний алқабында ІТ астанасы немесе қолайлы жұмыс орны болғандықтан тұрып жатқа­ным жоқ. Мұнда өзімді қауіпсіз сезі­немін, оның үстіне, ауа райы да қо­лайлы, мұнда қатты суық немесе қат­ты ыстық болмайды. Оның үсті­не, үш ұлымның оқуына да қолайлы жер. 5-сыныпта оқитын үлкен ұлым біз тұрып жатқан қалада өз жасына қатысты категория бойынша қа­лалық футбол командасында өнер көр­сетеді. Ал жұбайым үйде бала­лар­дың оқуына қарайласады, бұған қоса, қазір онлайн режимде оқуға мәжбүр болғандықтан, балалардың оқуына баса көңіл бөлу қажет. – Амстердамдағы Booking.com компаниясының бас кеңсе­сінде жиырмаға жуық қазақ жұ­мыс істейді екен. Ал бірнеше ірі компанияны тоғыстыратын Крем­ний алқабында жұмыс іс­тей­тін қазақтар саны бұдан да көп шығар? – Білуімше, қазіргі таңда жалпы ал­қапта шамамен отыз-қырық қазақ жұ­мыс істеп жатыр. Көпшілігіміз де­малыста, түрлі мейрамдарда бас қосып тұрамыз. Мұнда бір мектеп пен университетте оқыған достарымнан бөлек, тіпті бір ауылда өсіп-өнген ауылдастарым да жұмыс істейді. Сосын осы жерге келіп танысқан қазақтармен де байланысымыз жақсы. Ал Google-дың көптеген филиал­дарында жұмыс істейтін қазақ­тар арнайы құрылған чат арқы­лы жұмысымызға және Қазақстанға қа­­тысты мәселелерді талқылап оты­ра­­мыз. – Өзіңіз секілді әлемнің ірі ком­панияларында жұмыс істейтін қазақтар елдегі ІТ саласының дамуы кенжелеп тұр дегенді жиі айтады. Бұл жөнінде сіз не айта аласыз? – Қазақстан – жас мемлекет, тәуел­сіздік алғанымызға отыз жыл енді толады. Ал ІТ саласы батыста қай заманнан бері дамып келе жатыр. Соңғы он жыл ішінде Қазақстан ба­тысты қуып жетпесе де, ілгерілеу­ші­лік бар деп айта аламын. Әрине, үйренуді, игеруді қажет ететін жаңа технологиялар жетерлік. Дегенмен қазіргідей қолыңды созсаң, қала­ға­ныңды алатын заманда жаңа технологиялар қолжетімді, қолайлы әрі аса күрделі емес. Сосын елде атқарылып жатқан жұмысты жоққа шығаруға болмайды. Елде жаңа технологиялармен таныстыру үшін түрлі зертханалар ашылып жатқанын білемін. ҚБТУ-да оқыған тұрғыластарым да жаңа технологияларды меңгеру ісін үй­ретіп жүргенінен хабардармын. Мәселен, соңғы рет елге барғанымда ел­дегі кең қолданылатын бір банктің мобильді қосымшасының әлемдік стандартқа сай әзірленгенін байқа­дым. Тағы сол секілді жаңалықтар же­терлік. Сол себепті елдегі ІТ саласы кен­ж­елеп қалды дегенге онша келіс­пеймін. – Сіз секілді болашақта Google корпорациясында жұмыс іс­теуді мақсат тұтып жүрген қа­зақ­стандық жастарға айтарыңыз бар ма? – Google-ға жұмысқа орналаспай тұрып, мұндағы адамдар өте білімді, еш қателеспейді, құдды бір роботтар секілді жұмыс істейді деп ойлайтынмын, сөйтсем, мұндағылар да өзіміз секілді қарапайым адамдар екен. Олар да жаңылысады, олар да қате ше­шім қабылдайды. Десек те, олар қатаң дайындықтан өткен, тех­но­логияның «тілін» ерте жастан мең­герген, бірақ мұны үйреніп алу анау айтқандай қиын емес. Мұнда келгенге дейін екі компанияда жұмыс іс­тегенімді айттым, қазір сараптап қарасам, мұндағы мамандықтардың асып бара жатқан түгі жоқ. Ең басты қызметкерлер жұмыс істеу ережесін және ағылшын тілін жақсы біледі. Біз тек жаңа ортаға бейімделу және тіл білмеу жағынан ғана ақсап жат­қа­нымыз болмаса, әлгі мамандармен тең дәрежеде жұмыс істей аламыз. Сізге мынаны айтайын, еңбек еткен қазақ шетелдің мен деген маманынан артық болмаса, кем түспейді. Соған көзім жетті. Арамызда жалқау бауырларымыз да жоқ емес, десек те, бізді көпшілік еңбекқор халық деп таниды. Сосын өзімді өмір бойы бір компанияға жұмыс істеймін деп айта алмаймын. Алдағы уақытта жеке жоба ашқым келеді, сол кезде бұл жобаға тәжірибе жинақтағысы келетін, біліктілігін арттыруды ойлайтын бауыр-қарындастарымды жұ­мылдырып, өз білген-көргеніммен бөлісіп, оларға жаңа нәрсені тиімді қол­данудың қыр-сырын үйреткім келеді.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

     

Серіктес жаңалықтары