554
«Шалақазақ» деген сөз жанымызды жаралайды
«Шалақазақ» деген сөз жанымызды жаралайды
Жәнібек хандық құрып, Асан қайғы бабамыз Желмаямен желе жортқан, Доспамбет «толғамалы ала балта қолға алып, топ бастаған» киелі топырақ – «буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы» – Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұрты», Бөкей сұлтан хан атанған, Құрманғазының төкпе күйіне тебіренген өлкеде қаншама қандастарымыз өзге ұлт ретінде күн кешіп жатыр. Саны да біршама. Қазақстанмен іргелес жатқан Құмөзек, Володар, Красный Яр, Харабайлы, Икрян аудандарында бірыңғай қазақтар тұратын ауылдар да бар көрінеді.
Жалпы Ресейдегі қандастардың мәселесі, жай-күйі көп айтыла бермейді. Сол себепті де Астрахан өлкесінде туып-өскен, қазіргі кезде «Астрахан облысының қазақтары» атты өңірлік қоғамдық ұйымды басқарып отырған Данияр Имашевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Қазіргі кезде Астрахан облысында қанша қазақ тұрады? Бізге Ресейдегі қандастардың жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі жайлы біраз нәрсе беймәлім, олардың жай-күйі жайлы әңгімелеп берсеңіз.
– Соңғы өткізілген санақ мәліметтері бойынша Астрахан облысында 150 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұл – ресми деректер, бірақ біз бұл мәліметпен келісе қоймаймыз, себебі мұнда тұратын әрбір үшінші немесе төртінші адам – қазақ. Облыста жалпы 1 миллионнан астам халық бар десек, соның төрттен бір бөлігіміз, яғни аймақтағы қазақтардың саны 250 мыңнан асып жығылады. Ресейдегі қазақтар ең тығыз қоныстанған өлке – осы Астрахан облысы.
Бұл жақта тіршілік бірқалыпты, тыныш. Әркім өз шаруасымен айналысады. Басқа қалалардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақтар да басқалар сияқты қарапайым жұмыстардан бастап жоғары мемлекеттік лауазымға дейінгі әртүрлі қызметте, әртүрлі салада жүр. Араларында шенеуніктер, облыстық деңгейдегі депутаттар да бар.
Жалпы алғанда, өзімізді жақсы сезінеміз, жайлы өмір сүріп жатырмыз. Астрахан – көпұлтты өлке, ал біз сол колориттің ажырамас бөлшегіміз. Жергілікті қазақтардың қалыптасқан өзіндік менталитеті де бар.
– Аймақтағы қазақ тілінің ахуалы қандай? Ресейдегі қазақтар тіл мен мәдениеттен бірте-бірте қол үзіп бара жатқан сияқты...
– Қазақ тілінің жағдайы жыл өткен сайын нашарлап, деңгейі түсіп, түпсіз терең шыңырауға құлдырап бара жатқандай көрінеді. Өкінішке қарай, ешқандай алға жылжу, даму жоқ, кері кетіп, ұмытылып барады.
Біздің алдымыздағы буын – әке-шешелеріміз қазақ тілінде сөйлей алады, әлі ұмыта қойған жоқ. Бірақ тіл күнделікті қолданыста болмағаннан кейін олардың саналарында да көмескі тартқан. Үйде де ешкім ана тілінде сөйлемейді. Тоқсаныншы жылдардан кейін дүниеге келген жастардың басым көпшілігі мүлдем қазақ тілін білмейді, қажетсінбейді де. Қаланы былай қойғанда, ауылдар мен елді мекендердің өзінде қазақ тілі актуалды емес. Облыс бойынша құрамына 3-4 ауыл кіретін бірді-екілі аудандар ғана қазақ тілінде сөйлеп, сақтап қалуға тырысып отыр.
Мен туып-өскен Енотаевка ауылында қазақтар аз болды, әжелеріміз бен аналарымыз ғана бір-екі ауыз қазақша қосып сөйлейтін. Шешендердің және басқа да өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілдерінде сөйлегендерін көріп қызығатынмын. Содан «мен неге ана тілімді білмеймін?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Сөйтіп қазақ тілін үйрендім.
Қазіргі кезде ана тіліміздің деңгейін көтеру мақсатымен көптеген шаралар өткіземіз. Жалпы, «Астрахан облысының қазақтары» аймақтық бірлестігін құрудың басты себептерінің бірі – осы тіл мәселесі еді. Одан бөлек өзім де әлеуметтік желілерде қазақ тілін оқытатын топтар ашып, жергілікті қазақтарға бар білгенімді үйретуге барынша тырысып жүрмін. Себебі мектептерде қазақ тілі пәні факультатив, яғни қосымша сабақ ретінде ғана өтеді. Қазақ мектептері жоқ.
Мәдениет туралы айтар болсақ, ұлттық сәлт-дәстүріміз бен мәдени құндылықтарымызды сақтап қалуды парызымыз деп білеміз, тойлар мен ұлттық мейрамдарды тойлаймыз. Бізде наурыз мейрамына қарағанда көрісу мейрамы кең таралған. Бауырсақ, қуырдақ, ет – барлығы дастарқанымыздан табылады. Бала кезімде әр таң сайын бауырсақ иісінен оянатынмын. Одан бөлек бізде әлеуметтік мәселелерді талқылайтын, мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, қоғамдағы проблемаларды реттейтін ақсақалдар алқасы да бар.
– «Астрахан облысының қазақтары» аймақтық бірлестігінің жетекшісі екенсіз, ұйымның жұмысы қалай жүріп жатыр?
– «Астрахан облысының қазақтары» аймақтық бірлестігі Астрахан өлкесіндегі қазақтардың салт-дәстүрі мен тілін ұмытпауы үшін, түп-тамырынан ажырамауына септігін тигізу үшін құрылып, сол мүддеде жұмыс істеп келеді. Біз қазіргі кезде тіл үйрету, қазақ тілін насихаттауды басты назарға алып отырмыз.
Осы мақсатта екі бірдей жоба жүріп жатыр. Біріншісі – «Қазақша сөйле» деп аталады, аптасына екі рет өтеді, қазақ тілін үйреніп, одан әрі дамытқысы келетін кез-келген адамға есігіміз ашық. Қатысушылар қазақ тілінің грамматикасы, сөйлем құру тәртібінен бастап, бата-тілекке дейін жаттап, меңгеріп шығады.
Екінші – «Әңгіме» сөйлесу клубы. Клуб жұмысы еркін форматта өтеді. Ыстық шай ішіп, қазақша сөйлесіп, қазақ әдебиетін оқимыз. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Сол арқылы «сен ана тіліңді білмейсің, шалақазақсың» дейтін суық сөздердің жолын кескіміз келеді. Тіл мәселесіне қатысты бізге таңылған таптаурындар мен қатып қалған қағидаларды бұзсақ дейміз. Бізге бәзбіреулер «шалақазақ» десе, жанымыз жараланады, жүрегіміз ауырады, намыстанамыз. Бізге ол титтей де мақтаныш емес, бей жай да қарамаймыз. Маңғыстау өңіріне, Атырау жаққа қонаққа барсақ осындай сөздерді жиі естиміз.
Одан бөлек жергілікті жердің ақсақалы, жасы үлкен қариялары да осы қатарлы сын-ескертпелерін айтып жатады. Қазақша-орысша араластырып сөйлесек, «Тілді олай шұбарлап, қадірін кетірмей не қазақша сөйле, не орысша сөйле», – деп реніштерін білдіреді. Мұндай ескертпелер орынды, бірақ қазақша әрең сөйлейтін адамның осыдан кейін, әрине беті қайтып қалады. Сондықтан әзірге түбегейлі тілді меңгергенше орысшамен араластырып сөйлегеннің өзі үлкен серпіліс болар еді.
Бұл жобалардан бөлек тарихымызға, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрімізге қатысты түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырамыз. Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы сияқты ұлы тұлғаларымыз, хандарымыз бен билеріміздің өмір жолы, өнегелі өмірі туралы әңгімелейміз. Бөкей ордасы туралы көп айтамыз, тарихымызды түгендегіміз келеді.
Рухани, әдеби-мәдени шаралардан бөлек, спортта да белсендіміз. «Аманат» атты шағын футбол клубымыз бар. Түрлі турнирлер мен сайыстардан қалмаймыз. Клубымыз спортсүйер қауымға жақсы таныс.
Одан бөлек «Не? Қайда? Қашан?» деп аталатын интеллектуалды клубымыз бар. Көбінесе ойын түріндегі сайыстар ұйымдастырамыз. Түрлі логикалық, математикалық басқатырғыштар, қазақтың салт-дәстүріне, тарихына, қалаларына қатысты сұрақтар қойылады.
Алда әлі де біраз дүниелерді жасаймыз деген жоспарымыз бар. Қазақ басылымын шығарсақ деп ниеттеніп отырмыз.
– Отандастарымыздың Қазақстан туралы ойы, лебізі қандай?
– Тарихи Отанымыздағы қандастарымызбен араласып тұрамыз, байланысты үзбеуге тырысамыз. Екі жақтың аралас-құралас болып, бірінен-бірі алыстамағаны қуантады. Бірақ қалай десек те, екі жақтың менталитеті әрқилы, біздің таным-түсінік басқа, елдегі қазақтардың көзқарасы бөлек деген сияқты...
Қазақстанда тұратын бауырларымыздың көбі өздерінің бақытты екенін білмейді, бағаламайды. Ал Ресейдегі қазақтар мұны жақсы түсінеді.
Менің руым – беріш, Кіші жүзбін. Ресейде, мен тұратын өңірде руластарым көп. Кейбіреулер бізді қазақ диаспорасы ретінде қабылдайды, бірақ біз онымен келіспейміз, бұл – үлкен қателік. Себебі біз өмір сүріп жатқан аймақ бізге ата-бабамыздан қалған, біз сол жердің байырғы тұрғындарымыз.
Бізден алыста болса, да тарихи Отанымыздың бар екенін білудің өзі –үлкен бақыт. Қазақстанның тыныштығы мен бірлігіне әрдайым тілектеспіз.
– Қазақстандағы қазақтардан бөлек, Ресейдің әр аймағында өмір сүріп жатқан қандастардың арасында байланыс бар ма?
– Иә, байланыс бар, мысалы мен Ресейдің қазақтар тұратын барлық аймағымен байланыстамын. Қазақ бірлестіктерінің, ұйымдарының жетекшілерімен араласып тұрамыз. Себебі Ресейдегі қазақтар бір-бірін барлық жағынан жақсы түсінеді, бізге кездескен қиындықтарды олар басынан өткерген, немесе біз еңсерген сынақтарға олар тап болуы мүмкін.
– Қазақстанға көшіп келу ойыңызда бар ма?
– Жеке менің бағамдауым бойынша, бұл жақтағы қазақтардың көбі елге оралу туралы көп ойлай бермейді. Ал менің Қазақстанға әрдайым бір бүйрегім бұрып тұрады. Бұл туралы көп ойлаймын. Алайда мені кім қарсы алатыны және кімге керек екенім беймәлім. Қалай дегенмен, бір елден бір елге көшу оңай емес, жаңа өмір бастауың керек. Екіншіден, Ресейде білім беріп, салт-дәстүрді насихаттап, қазақылықтың тұғырын құлатпау жолында жұмыс істеп жүрмін, яғни осы жаққа пайдам көбірек тиеді. Бірақ ертең не болатынын ешкім білмейді, сол себепті де бірден жоққа шығарып, кесіп айта алмаймын.
Сұхбаттасқан
Ділда УӘЛИБЕК