984
Ерлік тарих есіңде жүрсін...
Ерлік тарих есіңде жүрсін...
Адам өмірге келгеннен кейін өсіп ержетіп, ыстыққа күйіп, суыққа тоңып талай тар жол тайғақ кешуден өтпек. Халықтың да тарихы сол тақылеттес. Мұның бәрін осы жасқа келгенше көріп, бастан өткеріп келдік. Аз-көпті жас жасаған, ел-жер көрген, қоғамдық өмірге белсенді ел ағасы ретінде өткен тарихтан бірер сөз айтуды жөн көрдім.
Қазақ ел болып, жоғын түгендеп, барын бағалап жатуы – осынау егемендіктің арқасы. Осы тұста біз де ата-бабамыз жатқан атажұртқа бүтін рулы ел болып көш түзедік. Баян-Өлгий аймағынан шыққан байсалды көшіміздің бұйдасын Ақмола облысы Атбасар ауданына келіп байладық. Оның да өз себебі бар еді. Өйткені Атбасар жерінде Киікбай батыр бабамыздың сүйегі жатыр. Бабалардың басқан ізі, жүрген жолы, халқы үшін қасықтай қаны қалғанша жауымен күресіп, дұшпанымен тіресіп өткен екі ғасырға жуық тарихы өз алдына ұзақ әңгіме. Міне, Атбасар жеріне қоныс тепкенімізге 28 жыл толды, жергілікті жұртпен қыз алысып, қыз берісіп, құдаласып, құрмаласып береке-бірлікте күн кешіп жатырмыз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласы аясында жазылған кітап халқымыздың рухани құндылығын жаңартатын ұлттық салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, мәдениетімізді заманға сай одан ары байытуда. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, патриоттық өнеге беру жолын ашты. Бұл туралы Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары кітабында (Региональные сакральные объекты Казахстана) толық жазылған. Аталмыш еңбекте Атбасар ауданы Сергеевка ауылында жерленген Киікбай батыр Байғараұлының күбезі де қамтылыпты. Онда Киікбай батырдың жоңғар шапқыншылығы заманында өмір сүріп, жасаған ерлік тарихы жазылған.
Қазақтың ұлан байтақ кең даласында өткені болжаусыз, ертеңі тұрлаусыз ауыл болмауға тиіс. Әр ауыл – халық тарихы, ұрпақ тамыры. Ендеше тамырымызды солдырмай, тарихымызды жаңғырту үшін мұндай тарихи жерлер әлі де зерттеліп, зерделенуі қажет. Кешегі елім-айлап елінен-жерінен атажұртынан ауып, ақтабан шұбырындыға ұшыраған тарихын бүгінгі ұрпақ ұмытауы ләзім. Ал сол тарихты ұрпақ санасында салып отыратын қашанда – көнекөз ақсақалдар. Менде сол бір ауылдың ақсақалы ретінде Киікбай батыр жайында бірер сөз шығармақпын.
Киікбай батыр 1693-1741 жылдар аралығында өмір сүрген. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста ерлік көрсетіп, атақты батырлардың бірі. Есімі 12 рулы Керейге мәлім, тұтастай бірі Шеруші-Бақат руының қол бастаған батыры һәм кесіп айтар биі болған. Жаугершілік заманда туған тұңғыш баласының атын ашаршылық заманда туған деп Арық деп қойса, екінші баласын бір тәңірге ғана құл боламыз деп Құл қойыпты. Ел көбеңсіп қалденген кезде туған үшінші ұлын Көбеген деп ат қойыпты. Заман сонда да оңала қоймағандықтан төртінші ұлын Оңбай қойыпты дейді бұрынғылар. Және Аман, Оман деген екі қызы болған. Киікбай Байғараұлы Абылайхан заманында өмір сүрді. Үш жүздің басын біріктірген ұлы хан Абылайдың Сарыарқа жерінде тарихи іздері көп. Әсіресе ел ауызындағы жыр-дастандар. Одан бөлек тарихи деректерді де келтіруге болады. Ал Киікбай батыр Арқалық, Атбасар, Қалқатон, Көкшетау жерлерінде болғаны анық. Халықтың ауызша тарихи деректеріне сүйенсек, Абылай хан мен Киікбай батырға қатысты әртүрлі аңыз әңгіме көп.
Бір жорықта Абылай бастаған қазақ қолы дұшпандарын ойсырата жеңіп, зор қуаныш, мол олжамен қайтып келе жатып, жол бойы Абылайхан бір төбенің басына шығып, сарбаздарына:
– Біз жауды жеңдік, енді ешкімнен қорықпаймыз, – дейді, әскерлері қуанып шуылдасады. Сонда Киікбай батыр атын екпіндете хан алдына келіп:
– Ел ішінде бақ таластық, бек ішінде тақ таластық, деген болады. Бақ таластық болған елде береке болмайды, тақ таластық болған бекте пәтуа болмайды. Мен сол екеуінен қорқамын деген екен.
Киікбай Байғараұлы 1723-1756 жылдары аралығында төрт мәрте айналып соғып, қазақтың үштен бірін бостырып жіберген «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» деген атаумен тарихта қалған, қалмақ қырғынына қарсы шайқаста бел ортасында болыпты. Осындай соғыс жылдары талай тар жол тайғақ кешуден өтіп, ел басына күн туған ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен су кешкен замандағы бабаларымыздың көбі батыр. 18 ғасыр қазақтың батырлық дәуірі деуге де болар.
Бұрынғы қариялардан жалғасқан ауыз деректерде бұл кісінің қайтқан жерін Арқалық жақ, Алғадай, Ашыкөл деген жерде қайтыс болғаны туралы толық айтылады. Ерте заманнан қазіргі Сергеевка ауылынның жанында Киікбай адыр деген жер атауы күні бүгінге дейін солай айтылады. 2008 жылы 4 желтоқсандағы Ақмола облысының Арқа ажары газетіндегі: «Көне бейіт Киікбай батыр Байғараұлы кім?» деген мақала Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, драматург Баят Жанатұлы, шежіреші-тарихшы, ақпарат саласының үздігі Асылбек Байтанұлы жазған мақалада да Киікбай батыр Байғараұлы туралы деректер толық көрсетілген. Ресей мұрағатында көрнекті орыс ғалымы И.Ерофееваның құрастырумен шыққан 1675-1821 жылғы «Эпистолярное наследие казахской правителей элиты» деген дерегінде Керей тайпасының Шеруші руының басшысы Байтайлақ батыр мен Киікбай батыр дәрі-дәрмек алу үшін Ресей патшасына барып жолыққаны туралы мұрағат материалында анық көрсетілген. Бұл туралы өлкетанушысы Клара Әмірқызының «Қиылған ғұмырлар», «Ауылым атамекенім» тарихи кітаптарында жазылған. Кезінде жергілікті өлкетанушы атбасарлық Бектұр Жәкішұлының «Батыр ата мәңгілік қалады» мақаласы бәрінде де толық тарихы да жазылған.
1995 жылы ауданымыздың 150 жылдық торқалы тойы кезінде Атбасар ауданының шешімімен қазіргі зират көтеріліп, сол кездегі әкімі Тасболат Қасенов, аудан әкімінің орынбасары Сатыпалды Жұмағатов, құрылыс мекемесінің бастығы Бейсембек Құрманқұлов және Серік Есболов, Жамал Пішенова, Жылқыайдар Сабиренов, Қайролла Өтеуов, Клара Әмірқызы қатарлы азаматтар зиратты жөндеп, басын көтерген.
20-ғасырдың басында 1950 жылғы тың игеру кезінде сол жерден егін жыртып жүріп, батырдың сауыты табылыпты. Ол қазір Атбасар ауданының өлкетану музейіне сақталған.
1999 жылы 4 маусымда жергілікті баспаларға: «Ұрпақтар сыр шертеді» және «Киікбай батыр Байғараұлы туралы кім не біледі?» деген мақалалар жарияладым. Сондай-ақ, Моңғолияның Жазушылар одағының мүшесі, Дүниежүзілік Шыңғыстану академиясының академигі, жазушы, тарихшы Шынай Рақметұлы да батырдың тарихи деректерін таянақты келтіріп жазды.
Қытай Халық Республикасының Алтай аймағының уәлиі, Қытай Орта Азия мәдениетінің зерттеу қоғамы ұйымы басшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Қадыс Жәнәбілұлының «Шеруші ата тарихы» кітабында да Киікбай батыр туралы жазылыпты. Сонымен қатар батыр бабамыздың жатқан жері – саясаткер, тарихшы Берік Әбдіғалиұлы бастаған Артықбаев Жамбыл, Аяған Бүркітбай, Абжанов Қанкелді, Әжіғали Серік т.б сол сияқты редакция алқасы қостаған 25 ғалымның құрастырған «Қазақстандық өңірлік қасиетті нысандары» кітабына шықтты. Қазақстанның киелі нысандары тізіміне алынып, арнайы шығарылған кітапқа еніп, картада белгіленгені барша аудан халқы әсіресе батырдың ұрпақтары үшін үлкен қуанышты жаңалық болды.
Еліміздің киелі жерлерінің бірі екі ғасырға жуық тарихы бар Ұлы Жібек жолындағы төрт тарапты жалғаған жер кіндігі – Атбасар ауданы. Ауданның орнағанына биыл 175 жыл толып отыр. Қазіргі әлемді жайлаған індетке байланысты ауданның торқалы тойы тойланбады.
Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов, аудан әкім орынбасары Абай Бекбаев, мәдениетүйінің бастығы Әділхан Серікбай, ішкі саясат бөлім бастығы Нұржан Рахымжанов қатарлы мырзалардың және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қолдауымен ауданымыздың 175 жылдығына орай, Киікбай батырдың кесенесі қайта жаңғыртылды. Кесенені жаңғыртуға және мәдени іс-шара өткізуге демеушілік жасаған батыр бабаның өз ұрпақтары. Қытай, Түркия, Монғолияда тұратын ағайындармен бірге халқаралық дәрежеде белгілеуді жоспарлаған едік. Жағдайға қарай осылай шағын (белгіленген тәртіп) қылып өтікіздік.
Батыр бабамыз Киікбай Байғараұлының ерлік тарихы келешек ұрпақ есінде жүрсін. Атбасар қаласының торқалы тойы құтты болсын!
Қазы БӘКЕЙҰЛЫ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі, ардагер ұстаз