1830
Сәлеміміз түзу болсын!
Сәлеміміз түзу болсын!
Жаһандық індет бірсарынды тірлігімізге түрлі өзгерістер әкелді. Бұлжымас заңдылыққа айналған әдеттеріміз бен дағдыларымыз да басқаша бағыт алды. Ең бергісі амандасып, қал сұрасудың өзі әдепкіден басқа арнаға бұрылды. Коронавирус инфекциясы енді күш ала бастаған кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірқатар нұсқау мен ережелерді бекіткені есімізде. Содан бастап бүкіл әлем дәстүрлі қол алысудан және басқа да физикалық жақындық туғызатын амандасу түрлерінен бас тартып, сәлемдесудің басқа тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Ал әлем мәдениеттанушылары орта ғасырларда пайда болып, сәлемдесудің ең негізгі түріне айналған қол алысудың қолданыстан шыққаны жаһандық мәдениетке жаңалық әкелгенін айтады.
Мемлекет басшылары мен саясаткерлер де маңызды жиналыстар мен қабылдаулар кезінде сәлемдесудің түрлі формаларын қолданып жатыр. Франция президенті Эммануэль Макрон ресми қабылдауларда қол алысып амандасудан мүлде бас тартты.
Ал Германияның Ішкі істер министрі Хорст Зехофер, тіпті федералды канцлер Ангела Меркельдің ұсынған қолын қайтарған. Сақтықты сыпайылықтан артық көрген министрдің қылығын канцлер көңіліне алмай, керісінше күлімдеп жауап қайтарды.
Амандасу үшін қолдың орнына аяғын ұсынып жатқандар да бар. Ресей Энергетика министрлігінің басшысы Александр Новак ОПЕК ұйымының Бас хатшысы Мұхаммед Баркиндомен кездесу кезінде аяқпен амандасуды құп көрген. Сәлемдесудің бұл ерекше түрі қазіргі кезде Иранда да кеңінен қолданылуда.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға шынтақпен немесе тіземен амандасу тәсілін ұсынды. Бұдан бұрын осы әдісті АҚШ-тың Небраска штатының губернаторы Джон Риккетс қолданған болатын.
Кей саясаткерлер қолды сүйірлете біріктіріп, сәл иілетін үнді халқының амандасу үрдісін қолайлы санайды екен.
Қытайда да бір қолды жұдырыққа түйіп, екінші қолдың алақанына тигізетін сәлемдесудің ұлттық формасы дәріптеліп жатыр.
24 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Ұшақтан түскен Президенттің қолын жүрек тұсына қойып амандасуы бірден жұрттың назарын аударған еді. Әлеуметтік желі қолданушылары Президентті қолдайтындарын, сәлемдесудің бұл формасы дәстүрімізде де барын әрі өте жарасымды көрінетінін жарыса жазды.
Ата салтымыздағы амандасу дәстүрі қандай еді?
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде танымал академик, Қазақ тамақтану академиясының президенті және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ құрметті профессоры Төрегелді Шарманов қол алысып амандасу қазіргі жағдайда өте қауіпті екенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар профессор дәстүрге сүйене отырып, қолды жүрек тұсына қою арқылы сәлем беру формасын ұсынды. Сәлемді жасы кішілер беретінін, ал жасы үлкендерге жауап ретінде тағзым етудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Қазақтың амандасу дәстүрі және оның формалары жайлы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысы, тарихшы-ғалым, этнолог Батырхан Жұмабаев өз пікірін білдірген еді. «Қазақ «Сәлем – сөздің атасы» деп, амандасуға ерекше мән берген, саулық сұраспағандарды үлкенді сыйлай білмейтін, көргенсіз, жетесіз санаған. Жасы кіші – үлкенге, атты кісі жаяуға сәлем беру – қазақтың бұлжымас заңы еді. Қазақ ислам діні келгенге дейін «Армысыз», «Армысың» деп амандасқан. «Армысыз» деп амандасқан адамға «Бармысыз», «Бармысың» деген жауап қайтарылған. Шамамен ХІ ғасырда «Ассалаумағалейкүм», «Уағалейкүмассалам» деп амандасу үрдісі қалыптасқан. Қазақтың амандасу үрдісіндегі айта кететін бір ерекшелік – шаңыраққа сәлем беру. Үйге кірген адам босағадан аттай бере қолын кеуде тұсына қойып, дауыстап сәлем беретін болған. Ақсақалдар да осылайша амандасқан. Пандемия кезінде осы үрдістің жаңғырып жатқаны мені қуантты. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осылайша амандасып жатқанын теледидардан көзім шалып қалды. Қазақ қоғамында жасына, қоғамдағы орнына қарай, әйел адамдардың, балалардың, жасы үлкендердің амандасуы әртүрлі болған. Әйел адамдар қол алысып амандаспаған. Тек немерелері әжелерінің қолын алып есендескен. Бұл үрдіс әженің аялы алақанын сезіну, мейіріне бөлену мағынасында орындалған». Қазіргі кезде ұлттық сәлемдесу мәдениетіміздің көптеген элементі мен формалары сақталған. Бірақ көбісі бұрынғыдай ретімен орындала бермейді. Одан бөлек, артстраттық құбылыстардың әсерінен, жаһанданудың ықпалынан қоғамда кең тараған беттен сүйіп амандасу, жұдырық түйістіру, алақан соғыстыру сияқты амандасудың түрлері көп. Әр ұлттың дәстүрінен бөлек, ресми бекітілген нормалар да әлемдік амандасу мәдениетінің бөлшегі саналады.Іскерліктегі саулық сұрасу ше?
ХХІ ғасырда іскерлік ынтымақтастық әлемдік деңгейде дамыды. Соған орай амандасудан қоштасуға дейін жүйелеп, реттейтін түрлі ережелер мен қағидалар пайда болды. Дипломатиялық хаттама мен этикетті барлық мемлекет сақтауға тиіс. Соның ішінде сәлемдесу – дипломатиядағы маңызды әрі ресми бөлім саналады. Соған қарамастан, амандасуға қатысты қатып қалған қағида жоқ, көбінесе делегаттар мен саясаткерлер өз ұлттық ерекшелігіне қарай амандасуды жөн көреді екен. Бірақ ыңғайсыз жағдайлар туындамас үшін делегация мүшелеріне барлығы алдын ала хабарланады. Мысалы, Ресейде қонақтарға нан мен тұз ұсынылса, Үндістанда делегаттардың басына гүлдесте кигізіледі. Жалпы, дипломатиядағы сәлемдесудің негізгі формасы – қол алысу. Бірақ бұл әдіс кей жерлерде әйелдер үшін рұқсат етілмейді. Сондықтан, егер қонақтың өзі қол ұсынбаса, қабылдаушы тарап жеңіл бас июмен шектеледі. Дипломатиялық практикадағы этикет ережелері жалпы қабылданған нормаларға сәйкес келеді. Яғни, жасы кіші үлкенге, лауазымы төмендер лауазымы жоғарыларға, ер адамдар әйелдерге бірінші болып амандасуы керек. «Байырғы қазақ дипломатиясында хандарға, билерге, дәрежесі үлкен тұлғаларға қос қолдап сәлем берген. Олар да өз кезегінде жауап ретінде қол алысып амандасқан. Ал сырттан келген елші, жаушылар тізерлеп, «Ар ма, хан ием!» деп иіле амандасатын болған», – дейді этнограф Батырхан Жұмабаев. Сөзімізді мәдениеттанушы Бердалы Оспанның келесі деректерімен дәйектесек: «Қарапайым қазақтар хан, төре-сұлтандармен амандасқанда оларды «Алдияр» деп атап, екі қолын кеудесіне, немесе тізерлеп тұрғанда оң қолын оң тізесіне қоюы шарт болған. Төремен жол үстінде кездесіп қалған жағдайда қарапайым қазақ атынан түсіп бір тізесін бүгіп амандасуы керек болған. Ал төре оң қолын оның иығына қойып: «Аман ба?» деп жауап беретін. Хандар елшілердің де иығына қолын қойып амандасқан. 1756 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ордасында болған елші Джон Кестль былай деп естелік қалдырған: «Үш сағаттай уақытты алған қабылдау барысында хан менің иығыма қолын қойды. Кейін білуімше бұл адамды сыйлаудың ең үлкен көрінісі екен». Осылайша, пандемия кезінде әлемдік мәдениеттің қоржыны амандасудың жаңа түрлерімен толығып жатыр. Австралияда қол алысудың орнына жауырын тигізуді ұсынса, Біріккен Араб Әмірліктері, сондай-ақ Катар дәстүрлі мұрынды мұрынға тигізіп сәлемдесуден бас тартты. Енді француздарға сәлем беру үшін бір-бірінің көзіне қарау жеткілікті. «Әр елдің салты басқа», дегенмен қандай жағдай болмасын, сәлеміміз түзу болсын!