50751
Назгүл Кенжетай: Сирия мен Ливаннан репортаж жасағаным – ерлік емес
Назгүл Кенжетай: Сирия мен Ливаннан репортаж жасағаным – ерлік емес
Соңғы жылдары ел арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш әскери тілші ретінде танылып жүрген Назгүл Кенжетай небәрі 25 жаста. Назгүл – әлемдегі қауіпті аймақтар саналатын Сирия, Таяу Шығыс елдеріне арнайы барып, хабар таратып, соның ішінде босқындардың тұрмыс-тіршілігін зерттеп жүрген саяси журналист. Қазіргі таңда Түркияда білімін жетілдіріп, мұнымен қоса Қытайдың Орта Азия елдеріне ықпалын зерттеп жүрген Назгүлмен арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Назгүл, Түркияда өзіңіз оқыған университеттегі оқытушыларыңыздың ықпалымен саяси журналистикаға бет бұрғаныңыздан хабардармыз. Университетте оқып жүріп-ақ, журналистикадағы көптеген саланың ішінен дәл осы бағытқа қалайша қызықтыңыз?
–Жалпы, Түркиядағы оқу орындарының журналистика факультетінде оқудың Орта Азия, тіпті Ресейдегі оқу жүйесінен айырмашылығы едәуір. Себебі мұнда практикаға баса мән беріледі. Оның үстіне, Түркия екі континенттің ортасында орналасқан мемлекет болған соң, дүниежүзіндегі журналистер бұл елді жұмыс істеуге қолайлы жер жәннаты деп атайды. Бұған қоса, мұнда секунд сайын жаңалық шығып, түрлі өзгеріс болып жатады және әлемде болатын ірі оқиғалардың көпшілігінің Түркияға қатысы бар. Сол себепті мұндағы журналистиканы үйрететін оқытушылар да сол қайнаған қазанның ішіне араласуың үшін сізді әбден жетілдіріп, икеміңіз келетін өз салаңызды таңдауға жағдай жасайды. Студент болсам да, өзімді журналист ретінде сезініп, саясат тақырыбына қатысты түрлі жобаларға атсалысып, жарыстарға жиі қатысатынмын. Бұл сайыстардан құр қол қайтпай жүргенімді байқаған университеттегі ұстаздарым: «Түсінгеніміз, сенің тақырыбың осы саясат екен. Мұндағы саяси сарапшылар барлық нәрсені Түркияның төңірегінде талқылайды, ал бұл тақырыптың өрістеу шеңберін шектейді. Сен өзге елден келген жас маман ретінде ойлауың да, толғануың да басқаша. Осы бағытта жүре берсең, еңбегің жемісті болады» деп ақыл-кеңесін айтты. Сөйтіп, еңбек жолымды саяси журналистикадан бастадым. Бұған қоса, өзім де жеңіл-желпі тақырыптардан гөрі, күрделі мәселелерді қарастыруды құп санадым.
– Фотоаппаратыңыздың объективіне іліккен босқындардың суретін шебер түсіре білгеніңізге қарасақ, фотожурналистиканың да қыр-сырын меңгеріп алғанға ұқсайсыз. Жалпы, фотожурналистика сіз үшін хобби ме, әлде мамандық талабы ма?
– Негізі, суретке түсіру әдеті бұрыннан қалыптасқан. Десек те, Түркияда журналист қызметін атқарсаң, сен фотожурналист те болуың керек. Бізді бес жыл бойы оқытқан ұстаздар әмбебап журналист болуға үйретті. Нәтижесінде, фотожурналистика екінші куәлігім ретінде қалыптасқан мамандыққа айналды. Әйтсе де, өзімді мықты фотографпын деп есептемеймін, бар болғаны дер кезінде керек жерден табылып, көзге ілінген көріністі түсірдім. Сосын сізден сұрайын, босқындарды неліктен сурет арқылы сипаттадым деп ойлайсыз?
– Себебі көпшіліктің назарын сөзден гөрі, суретпен жаулау үшін...
– Дұрыс айтасыз. Бастапқыда олар туралы мақала да жазып көрдім, ақырында аудиторияның қалауын зерттей келе, фото арқылы жеткізуді жөн санадым. Қазір, байқасаңыз, көпшілік жылдам ақпарат алуды қалайды. Бүге-шігесіне дейін талдап-таразылап, тексеріп жазған бес беттік анализді ары кетсе он бес адам оқуы мүмкін. Мұнымен қоса, босқындардың хал-ахуалын бейбіт өмір сүруді қалайтын әркімнің көкейіне қондыруымыз қажет. Бұған тек қақтығыс болған елдің азаматы емес, әркім жауапты болуы шарт. Қарапайым халық әлемде не болып жатқанынан хабардар болуы тиіс, жетім балалар, соның ішінде мына өмірдің қызығын көріп үлгермеген сәбилердің химиялық қарудың залалынан мерт болып жатқанын жете түсінуі керек. Ал құр анализ жасау арқылы бұған көп адамды қызықтыра алмаймыз. Мұндағы басты құрал – айтқың келгеніңді фото немесе видео арқылы жеткізу.
– Түркияда босқындар көп тұратындықтан, осы мәселеге баса көңіл аударуды ұйғарғаныңыз белгілі. Десек те, әлемнің «ыстық нүктелері» деп аталатын мұндай қауіпті аймақтарға кез келген журналисті апара бермейтіні анық. Студент бола жүре, жан-жақта жойқын жарылыс болып жатқан мұндай аймаққа қалай барып жүрсіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, университетте практикалық жұмыстар көп жүргізілді. Сол кезде мұндай аймақтарға барудың жолын жақсы біліп аламыз. Мұндай жерге жол бастап, жөн сілтеп апаратын ешқандай да жоба жоқ. Өзің қимылдамасаң, ешкім де апармайды. Өз басым көп жағдайда онда барып, жұмыс істеуге өзім сұранатынмын. Оның үстіне, Түркияның саяси қақтығыстарды шешуде тәжірибесі мол, сол себепті мұны практикада үйренгім келді. Бір қызығы, мені енді тани бастаған қазақстандық жас журналистер хабарласып: «Анау аймақтарға қалай барамыз? Бізге де қызық, ақыл айтыңызшы!» деп жазады. Көпшілігі мені дайын бір ұйымның атынан барады-ау деп ойлайтын сияқты. Мүлде олай емес. Өзің талаптануың керек, дегенмен мұнда халықаралық мамандар мен агенттіктерден құралған үлкен қолдаушыларың болуы керек. Сіз онда барған соң әр басқан қадамыңызға рапорт жазасыз, қайтып келген соң, қайда не жазғаныңызды тексеріп отырады, сосын сіздің айналаңызды тексереді, бәлкім террорлық ұйымға қатысыңыз бар шығар, мүмкін арнайы біреудің тапсырмасын орындап жүрген боларсыз, барлығы егжей-тегжейлі тексеріліп, тергеледі. Ал мұны жеңілдетіп, сізге ниеті ақ, көңілі таза маман екенін сендіру үшін басқа бір мықты қолдаушы керек. Мәселен, мен Таяу Шығысты зерттеп жүрген журналистің бірімін, бұрын-соңды жасаған жобаларымды шетелдік ақпарат агенттіктеріне жолдап, олар арқылы әлгі елдің аумағына кіруге рұқсатнама алуыма болады немесе сол жақтан ақпарат тарату үшін олар мені арнайы жіберуі мүмкін. Ал жеке журналист ретінде мұндай қауіпті аймақтарға кіріп, зерттеу жасаудың екінші жолы тағы бар. Мәселен, Ливан мен Израиль елдерінің арасында БҰҰ қарауына кіретін Гаджа деген ауыл бар. Онда бару үшін алдымен БҰҰ-ның арнайы бөлімінен, сосын Ливан үкіметінен рұқсат аласыз. Ал белгілі бір телеарнаның атынан барсаңыз, аккредитация алудың жолы сәл жеңілдеу. Өз басым фрилансер журналист болған соң, мұндай жерлерге бару үшін маған көп әуреленуге тура келеді.
– Фрилансер демекші, жұмыстарыңыз BBC, Financial Times, Bloomberg секілді әлемдік ақпарат құралдарына жарияланып, БҰҰ және ЮНИСЕФ секілді ұйымдармен бірлесе жұмыс істесеңіз де, әңгіме басында белгілі бір агенттік қызметкері ретінде жұмыс істеуді құп көрмейтініңізді айтып қалдыңыз. Қазір саяси тақырыпта жазатын шетелдік журналистер арасында ешкімге тәуелді болмай, белгілі бір тәртіпке бағынбай, еркін жұмыс істеу белең алған секілді...
– Ол рас, қазір шетелдік агенттікте жұмыс істейтін әріптестермен үнемі байланыста болғандықтан, олардың жағдайы мәз емес екенін жиі естимін. Басым көпшілігі жұмыстан өз еркімен шығып, фрилансер ретінде жұмыс істеуде. Қазір тек бір ақпарат агенттігіне бағынышты болу дәуірі өтіп бара жатыр. Оның үстіне, қазіргідей жағдайда ол агенттіктерге жарнама берілмейді, тұрақты демеушілері де жоқ. Сол себепті нақты бір жұмыс орнында жұмыс істеу тиімсіз деп санадым. Қазіргі таңда Washington Post немесе Middle East Times секілді газеттер Таяу шығыс, Орта Азия және Кавказ елдеріне қатысты жақсы талданған материалдарды қуана-қуана жариялайды, онда шыққан мақалаңызды өзге БАҚ қолданып, сізді дереккөз ретінде көрсетуі мүмкін. Осылайша, сізге фрилансерлік келісімшарт бойынша жұмыс істеу жайында көптеген агенттік тарапынан ұсыныстар келіп түседі. Сосын болашаққа құрған мақсатым да басқаша, шынымды айтсам, өз жолымды әлі іздеу үстіндемін, өз орнымды таппай жүрмін десем де болады. Бәлкім, алдағы уақытта академиялық қызметке кетуім мүмкін немесе саясатқа араласып кетуім де ықтимал. Негізі, бір жерде көп қала алмаймын. Үйрену процесінде жүруім керек, ал бұл процесс тоқтап қалса, орнымнан тұрып кетіп қала беретін әдетім бар. Байқап қарасам, қазіргі таңда академиялық қызмет маған жақынырақ секілді. Өйткені ғылыми жұмыстың жүйесі қазір өзгерді. Оның үстіне, қазіргі таңда Стамбұл коммерция университетінде (Istanbul Commerce University) саясат ғылымы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Қазіргі таңда диссертация жазудамын. Сосын аталған оқу орнының жанынан ашылған зерттеу орталығы бар, сонда бір топ ғалымдармен бірге Қытайдың Орта Азия елдеріне ықпалы жайлы жобаны зерттеудеміз.
– Сұхбаттасуға хабарласқанымда күні кеше Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ аймағында болған әскери қақтығысқа қатысты жиналыстан шыққаныңызды айтып қалдыңыз. Қазіргі таңда аталған қауіпті аймаққа қатысты материалдар әзірлеп жатырсыз ба?
– Иә, Қарабақ аймағында жаңалық тарататын жергілікті журналистер бар, солармен байланысқа шығып, Түркияның ақпарат құралдарына дереккөз ретінде хабар таратудамын. Жалпы, белгілі бір территорияны білетін журналист ретінде танылған соң, сенен мәлімет сұраушылар көп. Мәселен, менің зерттеу алаңым Таяу Шығыс, Орта Азия және Кавказ елдері болған соң, осыған қатысты ақпарат алу үшін агенттік өкілдері маған жүгінеді, көп ретте Орта Азияға қатысы бар жаңалық болса, «Не болып жатыр?» деп маған хабарласады.
– Сіз түсірген сол фотосуреттердегі босқындардың аянышты халі көрген адамды бейжай қалдырмай, ерекше толғандырмай қоймайтыны белгілі. Ал өзіңіз мұндай көріністі бетпе-бет бақылағанда қандай күйде боласыз? Үйіңізге оралған соң да, жазықсыз жандардың жантүршігерлік жағдайын көпке дейін ұмыта алмай, әлек болатын кездер болған шығар...
– Негізі, қанша жерден ойламайын десең де, есіңнен кетпей қояды, сол елдің орнына өз еліңді, өз жеріңді елестетіп көресің де, ерекше толғанасың. Бастапқыда адамзаттың осындай қатігездікке баруға қалайша дәті баратынын, әділетсіздік салдарынан еш кінәсі жоқ адамдар жапа шегіп жатқанын көріп, қатты қиналдым. Сізге мынаны айтайын, шындап келгенде көп нәрсені білген де, көрген де жақсы нәрсе емес, себебі бұл сіздің бақытсыз болуыңызға әсерін тигізуі мүмкін. Жоспарланған ойын ойналып жатыр, мұнда келген біз тек бақылаушылар рөлін атқарамыз. Я мұны осылай қабылдап, жұмысты істеп жүре бересіз я босап, жеңілдеу үшін жанайқайыңызды шығаруыңыз керек. Дегенмен кәсіби журналист болған соң, біз мұны істей алмаймыз, себебі біздің міндетіміз – әділеттілікті талап ететін бұқара халықтың санасын ояту, «Қараңдар, сендер ұйықтап жатқан кезде, әлемнің мына бір бұрышында мынадай болып жатыр!» деп олардың назарын аудару. Осы мақсатта бес жылдай еңбектендім, әлі де жалғастыра бермекпін. Сириямен қатар Ливан және Түркияның бірқатар аймағында болдым. Көп нәрсе түйдім. Тағы бір айта кетерлік жайт, босқындар мәселесін зерттеймін деп Қазақстанда және Түркияда бірнеше жүлдені жеңіп алғаныммен, журналистерге берілетін World Press немесе Pulitzer секілді үлкен жүлдені алып жатқан жоқпын. Дегенмен мені көпшілік, соның ішінде Қазақстан халқы асыра сілтеп мақтап жатады. Оларға Сирияға барып жұмыс істеу батыл іс болып көрінуі мүмкін, ал Түркияның көзқарасымен қарасақ, бұл түк те емес, сосын соғыс, төңкеріс орындарынан хабар тарататын журналистер үшін бұл анау айтқандай айтулы нәрсе емес. Қазақстанда менің Сирияға қорықпай барып, түсіріп әкелген материалдарымды тілге тиек етіп, батылдығыма қайран қалады. Ал бұл жерде менің қазақ қызына тән қайсар мінезді емес, біздің де бұл аренада бола алатынымызды көрсеткім келді. Ел Үкіметі үндеп жатқандай, мықты ел болғымыз келсе, әлем бойынша бейбітшілік орнауына өз үлесімізді қосқымыз келсе, мемлекет ретінде жеке көзқарасқа мұқтажбыз, өзге біреудің көзқарасына қарауға міндетті емеспіз. Ал егер өзгелердің айтқанын қайталап, жазғанын көшіре беретін болсақ, колониялық режимнен шыға алмай қалу қаупі бар. Мұндай орындарға Қазақстанның бейбіт ел екенін көрсету мақсатында барып жұмыс істеу қиын қадам, дегенмен арамызда біреуіміз шығу керек болды.
– Сол суреттеріңізді көрмеге қояр кезде, мұның тұсына тек аты-жөніңізді емес, сонымен қатар Қазақстан деп жаздыртуды талап етуіңіз де осы себептен бе?
– Әлбетте! Көп жағдайда тек аты-жөнім беріліп, қай елдің тумасы екенімді ұмыт қалдырады, ал мен жоғарыда айтқан көзқарасты айқындау үшін талап етемін. Әйтпесе, Ресей немесе Түркияның ықпалынан туындаған көзқарас деп ұғынып қалады, ал мен жеке бөлініп, қазақстандық азаматшаның көзімен жасалған дүние екеніне басымдық бергім келеді. Дейтұрғанмен, мұнымды дұрыс түсінбей жүрген теріс пиғылды әріптестерім баршылық. Олар өз рейтингтері түсіп қалған соң, менің әрекеттерімді қара басыма пиар жасап жүр деп ойлайды. Біреудің қабырғасын қайыстырған қайғысына, азапқа толы тағдырына пиар жасайтындай адамгершіліктен жұрдай емеспін. Десек те, қазір бұған құлақ аспайтын болдым. Менің бұл әрекетім – әлемге біздің таза пиғылымызды көрсетуге бағытталған кішкене ғана қадам. Сосын мені әскери журналист деп атап жатады, ал мен бұл алаңда жүрген журналистерге қарап өзімді олай айта алмаймын, себебі олардың көргенінен аз нәрсені көрдім. Дұрысы, мені әскери қақтығыстарды зерттеп жүрген саяси журналист деп атағанды жөн көремін. Ал үйге оралғандағы күйімді сұрасаңыз, шынымен де түсірген суреттерімді екінші мәрте қарамауға тырысамын. Негізі, жұмыс ережесі бойынша редакторға барлығын реттеп беру үшін қайта қарау керек, ал мен «Арасынан қалағаныңды таңдап алшы» деп басқа біреуді қолқалаймын. Өйткені өзім түсірген сол суретті қайта парақтағанда сол жерде жүріп сезген эмоцияға қайта берілгім келмейді. Жалпы, көңілге қаяу түсіретін суреттерді көргім келмейді. Мұндай суреттерді көру үшін мазохист немесе садист болуың қажет. Менімен бірге еріп баратын кейбір әріптесім осындай болып алған, ал кейбірі робот секілді сезімге берілмейді. Жалпы, өз басым Сирия босқындарына қатысты аяушылықты оятатын оқиғаларды айта бергенді жөн санамаймын. Өйткені бұл өз ауруыңды ұмыттыру үшін ауырсынуды басатын дәрі ішумен тең секілді. Тағы да қайталап айтамын, әрқайсымыз бейбітшілікті қалайтын әлем тұрғыны ретінде жауапкершілікті сезінуіміз керек, өскелең ұрпақты бейбітшілікке баулуымыз қажет. Босқынды қоғамнан тысқары қалып қалған адам деп, оған аянышпен қараудың қажеті жоқ.
– Өзіңіз әзірлеген фотосуреттер, материалдардан құралған «Отансыздықтың жүзі» атты кітабыңыз биыл жарыққа шыққалы жатқанын естіген едік, десек те, көп нәрсеге кедергі келтіріп, кідіртуге мәжбүр қылған пандемия салдарынан бұл еңбегіңіз әлі жарияланбаған секілді. Жалпы, өз материалыңызды кітап етіп шығару идеясы қайдан туындады?
– Иә, бұл кітапты биыл басып шығарғым келген, алайда өзіңіз айтқандай, коронавирустың салдарынан барлық жұмыс тоқтап, келесі жылдың еншісіне қалды. Ал жазған-сызғандарымды кітап қылып шығару идеясы өзімдікі, дегенмен босқындар мәселесі тың тақырып болған соң, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінде Қазақстандағыдай реакция мен резонанс туындаған соң, бұл ұсынысты айтушылар жиілеп кетті. Негізі, мен Сириядағы азаматтық соғыстың аяқталуын күтіп, соңына қарай орта азиялық журналистің көзқарасы ретінде үлкен бір кітап шығарамын деп жоспарлағанмын. Десек те, шыдай алмай, кітаптың мазмұнын әзірлеуге кірісіп кеттім. Оның үстіне, соғыс әлі жалғасып жатыр. Сосын әріптестерім «Соғыстың аяқталуын күтпей, бірнеше сериядан құралған кітап ретінде шығара бер» деп ақыл-кеңесін айтты.
– Шетелдік ірі ақпарат агенттіктеріне жиі материал беріп тұрсаңыз да, Қазақстандағы бірде-бір БАҚ-пен байланыс орнатпапсыз. Неліктен?
– Негізі, Қазақстанда жұмыс істегім келген, мұндағы медиа алаңда, соның ішінде телевизияда өз орнымды іздедім, бірақ таба алмадым. Әу баста ұсыныс тастаған адамдарға менің позициям ұнамады ма, әлде еркіндігім кедергі келтірді ме, білмедім, менімен жұмыс істегісі келмеді. Қазақстандық БАҚ-та жұмыс істемесем де, қазақ журналистикасына уақыт арнағым келеді, мұны жетілдіру үшін қызмет еткім келеді. Қазақстаннан жырақ жүріп те, елге қызмет ету үшін ештеңе кедергі емес. Жалпы, елдегі БАҚ-тың ақпарат таратуына көз қырымды салып жүремін, сонда байқағаным бізге өте көп жұмыс істеу қажет. Ақпарат тарату бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, күрделі мәселе. Сосын саяси сананы жетілдіру үшін тәуелсіз медиа қажет, өмірін журналистикамен байланыстырған әр маман еркін ойлай білуі керек. Отандық телеарнадан шығатын бір бағдарламаға қатысқанымда, террорлық ұйымдарды сөз еттік, сол кезде білдірген пікіріме қарсы шыққан саяси сарапшы маған: «Жоқ, сен олай айтпа. Бұл айтқаның араб пен біздің елдің арасына іріткі салады» деп байбалам салды. Сол кезде қатты таңғалдым. Біріншіден, мен Үкімет мүшесі емеспін, журналиспін. Екіншіден, Қазақстан демократиялық қоғам қалыптастыруға бет алған мемлекет болған соң, әрбір азаматтың өз ойын еркін білдіруге құқы бар.
Туған жылы: 1995
Туған жері: Қызылорда қаласы
Білімі: Ақдениз университеті, Түркия (Akdeniz University), Стамбұл коммерция университеті, Түркия (Istanbul Commerce University)
Зерттеу алаңы: Сириялық босқындар мәселесі, сондай-ақ Таяу Шығыс, Орта Азия және Кавказ елдерінің тұрмыс-тіршілігі
Марапаттары: Екі мәрте TRT телерадиокорпорациясының нұсқауымен «Жыл жобасы» (Project of the year), Қазақстандық «100 жаңа есім» жобасының лауреаты.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген: Назгүл Кенжетай.