Ералы Оспанов: 110 мың долларға сатылған картинамның ақшасын балалар қорына аудардым

Ералы Оспанов: 110 мың долларға сатылған картинамның ақшасын балалар қорына аудардым

Ералы Оспанов: 110 мың долларға сатылған картинамның ақшасын балалар қорына аудардым
ашық дереккөзі
743
Суретші-график, безендіруші Ералы Оспанов көне гравюралар мен фотосуреттер негізінде жасалған көптеген графикалық туындылар­дың авторы. Оның жұмыстары Қазақстанмен қатар шет елдерде де танылған. Сурет өнері арқылы қазақ ру­­ханиятына  үлес қосып жүрген суретшімен сұх­бат­тас­қан болатынбыз.  width= – Қазақ графика саласында фо­льк­лор­­ды ерекше мазмұнда ұсынып, жаңа леп әкелген суретшілердің бірісіз. Гра­фи­калық жұмысыңызға қажетті мәлі­меттерді қайдан аласыз, қалай ізденесіз? – Менің графика саласына жаңаша леп алып келген жерім – ойыма келген идеяны дөң­гелек ішіне үйлестіріп салып шығатын әді­сім. Ал енді фольклорда мен бұрыннан бел­гілі тақырыптарды сапалы үлгіде салу ар­қылы ғана ерекшеленемін деп ойлаймын. Мы­салы, мифологиялық бейнелерді жи­нақ­тап, оқуға ыңғайлы әрі көркемдеп оқырманға қай­та ұсынамын. Бұл жерде суреттен гөрі зерт­теушілік пен жазушылық жағым басым бо­лады. Ал ондай материалдарды қайдан ала­сыз деген сұраққа айтарым – шын мә­нін­де қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәс­түрлеріне, дүниетанымына қатысты деректер бастан асып жатыр, тек қол созсаң болды. Мәселе бұл жерде олардың шашыраңқы болып таралып кеткенінде. Кейбірде жай бір кем­пірдің айтып отырған әңгімесінен қылаң етіп бір қызық дерек шыға келеді, тек соны есте сақтап, дер кезінде хаттап алу керек. – Суретші болу үшін Жаратқанның бер­ген талантынан өзге еңбекқорлық, із­денімпаздықпен қоса шеберлік керек дей­міз. Ал осы шеберлікті қалай қалып­та­с­тырдыңыз? – Шеберлік көз бен қолдың ма­шық­тануымен, ойдың шыңдалуымен келеді. Ол үшін тынбай оқып, суреттер қарап, ерінбей қағаз шимайлап жұмыс істеу қажет. Құдай адам­ның жүрегіне өнердің отын жағады, ал оның қалай алаулап жанатыны немесе бық­сып өшіп қалатыны адамның қаншалықты қара терге түсіп еңбектенгеніне тікелей бай­ла­нысты. Тек өзіңнің ұлтыңның, айналаңның тыныс-тіршілігіне қатысты кітаптарды оқумен шектелмей, әлем халық­тары­ның, адамзат тарихында бол­ған ұлы өркениеттердің жи­ған-терген, артына қал­­дырған мұрасымен та­нысып шығуға талпыну керек. Әйтпесе өнерің сәби кезіңде әжең­нің арқасына мі­ніп алып әлемді шар­лаған деңгей­де қала береді. Көп дарынды қа­зақ жігіттерінің өне­рінің өсе алмай қалғаны сол «қа­зақтан басқа да­на жоқ», «қазақ әде­бие­­­тінен артық мұра жоқ» деген тоқпейіл болуы­нан деп санаймын. Мы­салы, Мұқағали Мақа­таев анда-санда Асқар Сүлей­ме­новтің үйіне барып Моцарт, Бах, Бетховин, Чайковский сынды әйгілі комп­озиторлардың оркестрмен орындаған шы­ғармалары таспаланған пластинкаларды са­ғаттап тыңдайды екен және онымен қой­май досынан олардың өмірі мен өнері жайлы әң­гімелеп беруін өтінеді екен. Соның бір жемісі Мұқағалидың Дантенің ұлы шы­ғар­масын қазақ тілінде сөйлеткені. Қытайдың бір данышпаны айтып кеткен «Ақымақ әлем­ді айналып келіп түк көрмейді, ақылды үйін­де отырып әлемді шарлап келеді» деп. Бір-ақ ауыз сөзбен бүкіл халқына жол көрсетіп кет­кен, бірақ оның астарында данышпанның өмірлік жинаған ілімі, тәжірибесі жатыр.  width= – «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» секілді сериалы кітабыңыздың жалғасы бола ма? Жалпы, алдағы уақытта кітап шығару жоспарыңызда бар ма? – Иә, жалғасы бар. Мәскеуде өткен көр­ме­де сол кездегі Ресейдегі елшіміз Иманғали Нұрғалиұлы кітапты жалғастырып жазуымды өтінген болатын, содан елге оралған соң бү­гінгі күндері керек болады деген тағы 20 шақ­ты салт-дәстүрді қостым. Соларды кітап­тың макетіне енгізіп дайындап қойдым, бірақ шығуы екіталай. Демеуші жоқ. 2015 жылғы нұсқасын «Орда-Инвест» деген компанияда іс­тейтін іскер азаматтар 5 мың данамен шы­ғарып берген болатын, бірақ сол жылы күзде орын алған кризистен соң олар төртке бөлі­ніп кетті де, жағдайлары болмай қалды. Сұра­ғаннан өткен қорлық жоқ, содан әзірге шет­ке қоя салдым. Үкіметтен де қайыр жоқ. Егер де демей қалған жағдайда да қаламақысы түкке тұрғысыз, тиын-тебен болады. Бүкіл кітап­ты мемлекеттік кітапханаларға таратып жі­береді, содан ел көрмейді. Былай қарасаң, үкі­мет көмек берген секілді болады, ал шын мәнінде еңбегіңді мемлекетке қарасты ме­кемелер­ге таратумен шектеліп, әдіре қал­дырады. Олардың қаламақысы Алматыдағы бас­паханаларға барып, кітап сапалы болсын деп басы-қасында болғаныңа жетсе шүкір дей­сің. Солай еңбегі жарық көргендердің қуан­ғанын көрсең, неткен қорлық деп таң­ға­ла­сың. – Сіздің қазақтың ою-өрнектері тура­лы да зерттеп жүргеніңізден хабардармыз. Бұл жұмыстың нәтижесі қалай бо­­лып жатыр? – 10 жыл бойы зерттеп жазған қазақтың ою-өрнектері туралы кітабым дайын тұр. Кі­тап 712 бет болды, тек оюлардың 1 000-нан ас­там аттарын анықтап жинадым, аттары мен үлгілері бар 500-ден астам оюды салып кел­тірдім. Сақ заманынан бүгінге дейінгі дамуын дәлелдеп, түбі бір түркі халық­тары­мен сабақтастығын қарастырып шықтым. Келтірілген ескі фотосуреттер мен қолөнер заттарының саны бірнеше жүзден асады. Санкт-Петербордағы атақты Кунсткамера му­зейі басшылары кітабымның макетін көрсеткенде риза болғандары соншалықты, қазақтар мен көшпенді өмір көріністері, ата-бабаларымыз тұтынған заттар түсірілген 200-ден аса ескі фотосуреттерді тегін пайда­лануға рұқсатын берді. Егер оларды сатып алсам, 6-7 мың доллардай болар еді. Қалай десең де орыс ғалымдары, мәдени қыз­меткерлері мықты, көңілдері ашық. Олардан үлгі алса болады. Мысалы, мен батыр атамыз Бауыржан Момышұлы салған ою-өрнектерді түсіріп аламын деп Жамбыл облысындағы бұрынғы Бурное селосына барып музейінде тұр­ған альбомын сөреден алып түсірмек бол­ғанымда директоры Астанадан рұқсат сұрауымыз керек деп бой бермеді. Кейін ке­ліңізге салды, содан ашық тұрған беттегі екі оюды түсіріп солармен ғана шектелдім. Қай­та-қайта бара беру артық уақытты талап етсе де, оюды түсіруге екінші рет тағы бардым.  width= – Кітапты жарыққа шығаруға демеу­шілік жасайтын қазақтың қалталы азаматтарының табылмағаны ма? – Кітапты жарыққа шығаруға келгенде қа­зақтың мен танитын дәулеттілері жерге қа­рап қалды. Экономикалық дағдарысты ай­тып сылтауратты. 4-5 адамның алдынан өт­кен соң тағы тауым шағылып қоя салдым. Жалпы, биыл 60-қа келген мерейтойымды елге осы кітабымды сыйлаумен атап өтсем деп ойлағанмын, сәті түспеді. Осы жылдың ақ­пан айында 20 жыл зерттеп былтыр жел­тоқсанда жарыққа шығарған «Жалаңаяқ Әз­дер – Абылай ханның пірі» атты кіта­бым­ның тұсаукесерінде Алматыдағы Еуразиялық қазақ-түрік ғылыми-зерттеу институтының басшысы ою-өрнектер жайлы зерттеп жүр­генімді естіп, кітабымның макетін көр­сетуім­ді сұрады. Қарап шыққан соң ол түрік тіліне аударып, Түркияда басып шығарайық деп ұсы­ныс жасады. Тіпті, қазақша нұсқасын осын­да шығарып кітапханаларға таратайық деді. Ал бірақ ол үшін менің орысша жазған ең­бегімді қазақшаға аудару қажет, ал бұл екі­нің бірінің қолынан келетін іс емес. Себебі екі тілде еркін, әдеби жаза алатын адам табу қиынның қиыны, ал өзім аударып шығу үшін бес-алты ай отыруым керек, оған жағ­дайым жоқ. Түріктер аз-маз қаржылай кө­мек­тесейік деп айтты, бірақ ол еркін көсі­­ле­тіндей қаражат емес. Сіз қазір кітапты неге басынан қазақша жаз­бадыңыз деп сұрағыңыз келіп тұр ғой, со­ған жауап берейін. Біріншіден, ғылыми жә­не басқа да деректердің дені орыс тілінде басылған, қазақша жоқтың қасы. Жалпы, қа­зақ ою-өрнектеріне қазақ ғалымдары өте немқұрайлы қараған, ал қолға алғандарының жазғандарын тіпті ғылыми еңбек деп атауға ауыз бармайды. Екіншіден, қазаққа қатысты көне және сапалы жәдігерлер, әсіресе фо­тосурет­тердің 90 пайызы Ресей музейлерінде сақтаулы. Кунскамерадан басқа да музейлер қолынан келгенше жәрдемін берді, жеңілдіктерін жасады. Үшіншіден, қазақ ті­лінде жарыққа шыққан зерттеудің сыртқа та­ралуы өте қиын, тіпті мүмкін емес десем ар­тық кетпеспін. Оның үстіне тек қазақтар емес «шалақазақтар» мен жалпы қазақ­стан­дықтар бұл кітапты қызығып сатып алса де­ген де ойым бар болатын. Бірақ бүгінгі қа­зақ­тар кітап сатып алмақ түгілі, кітап дү­кендерінің есігін өте сирек ашатынын ойлап, еңбегімнің тынысын тарылтқым келмеді.  width= – Ал графикаға қызығатын, өзіңізден өнер­дің қыр-сырын үйренгісі келетін жас­тар бар ма? – Менің шәкірттерім жоқ және болмайды да. Менің өнерім – Кеңес саясатының, білім беру саласының жемісі. Кеңес кезінде көр­кем­сурет мектебі, көркемсурет училищесі, со­дан кейін көркемсурет институты секілді са­тылардан өту керек болатын. КСРО-да мек­теп көп, училище одан әлдеқайда аз, ал инс­титуттар тіпті санаулы болатын. Жас суретшілер осы мектептердің бәрінен өтіп шың­далатын. Ал қазір қолы жеткен жастар мектеп бітіреді де, Жүргенов атындағы өнер ака­демиясына бірден түсе салады. Қолы жет­кен дейтінім, грантты тек жан-жақты білімді деген жанға береді, бірақ оның ішінде өнері асқаны емес, барлық пәннен озып шыққандарға ғана береді. Әрине, олардың ішінде суретке бейімдері емес, жалпы білімді дегендері грантқа ілігеді. Ал енді ақша төлеп оқуға кедей отбасынан шыққан небір мықты деген жастардың қолы жетпейді, содан онда ортақол жастар оқиды. Міне, осылайша  оқуға түскен жастардың бірталайы қарын­даш­ты өмірінде алғаш ұстағандар. Мысалы, мектеп бітірген қыз бала бірден балет билейтін жоғары оқу орнына түссе, одан балет бишісі шыға ма? Сол секілді қазіргі жастардың қолынан сурет салу келмейді, өнер тарихын тіпті білмейді. Мен 6-сыныптан бастап қосымша сурет мектебіне барып Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль мен Илья Ре­пин сынды атақты суретшілер жайлы дә­рістер өтіп, көзім ашылған. Ал енді мен шәкірт тәрбиелеймін бе, әлде оған әліпби үйретемін бе? Ар жағын айтпай-ақ қояйын... – Жалпы, талантты суретшінің бәрі атақты емес. Сіздің ойыңызша, суретшіге атақ не үшін керек? – Бізде суретшілердің ешқайсысы атақты емес. Олар кеңестік кезеңде атақты болған, себебі кеңестік саясат халықтың мәдениетін барынша жоғары көтеруді мақсат тұтты. Бүгінгі күнге салса, әуесқой суретші болған Әбілхан Қастеев түгілі академик атанған атақты Ханафия Телжановтың өзін ешкім білмей қалар еді. Жалпы, көркемсурет өнері қазаққа сырттан келді ғой, сол себепті халыққа оның керегі шамалы. Айтыс, көкпар болса, ол тіпті бөлек. Әншілер тойдың сәнін келтіреді, сондықтан оларды ел таниды. Ал суретшілердің бар-жоғы білінбейді. Сурет салып атың шықпақ түгілі бала-шағаңды қарны тоқ, көйлегі көк етіп өсірудің өзі өте қиын. Себебі таза қазақпын деген жандар сурет сатып алып үйіне ілмейді, көбінесе суретке «шалақазақтар» қызығады. Менің сатылған суреттерім тек солардың еншісінде, ал енді осындай мықты суретшіміз бар деп мақтанған қандастарым бірде-бір суретімді сатып алған емес. Тіпті, графика, салт-дәстүрлер жайындағы кітабымды зорға сатып алады, онда да көбінше сыйлауға деп ойлаймын. Себебі арзан, есесіне көзге ерекше көрінеді. Жалпы театр, кино, цирк секілді көр­кемсурет өнері де қазақ мәдениетінің өгей баласы ғой, аты бар да, заты жоқ. Егер батыс мәдениетіне тәнті, өзге тілде сөйлейтін қазақтар болмаса, менмін деген, бетке ұстар суретшілеріміз баяғыда далада қалар еді. Мұны осы саласының ішінде жүрген соң анық білемін. – Ең қымбат бағаға сатылған жұмы­сыңыз есіңізде ме? – Ең қымбат сатылған шығармам Лон­дондағы Кристи үйінде өткен қайырымдылық аук­ционында өз иесін тапты. «Алпамыс батыр» деген графикам болатын. Шамамен 110 мың долларға сатылды. Содан менің қолыма тигені 6 мың доллар болды. Бұл жұмысымды ұйымдастырушылар Алматыда өткен көр­меде он шақты жұмыстың қатарында сатып алған болатын. Сөйтіп, өзім өмірімде бір сәтте қолыма ұстап көрмеген қомақты қара­жатты қазақстандық мүгедек балалар қорына тапсырдым және мұны шынымды айтсам, мақтаныш тұтамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары