303
Құс тұмауынан қауіп қандай?
Құс тұмауынан қауіп қандай?
Еліміздің теріскейіндегі өңірлерде үй құстары қырылып жатыр деген жаңалық халықты бір дүрліктірді. Бір індеттен тауы шағылып қалған жұрттың үрейленуі де – түсінікті жайт. Құс тұмауы 2003-2005 жылдары әлемнің бірқатар елдерін әуре-сарсаңға түсіргені де есімізде. Онымен қоса, коронавирус инфекциясымен қатар «қытайда тағы да қауіпті дерт адамдарға тарап жатыр», «Моңғолияда осынша адам оба жұқтырды» деген сияқты ақпарат ағыны толастамай кетті.
Сонымен, бұл құс тұмауы бізге қалай келді, ол сол баяғы жаһанды дүрліктірген дерттің нақ өзі ме, болмаса адамдарға жұға ма және басқа да осы қатарлы жұрт көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Құс індеті қайдан келді?
Тамыз айында Ресейде құстар қырылып жатыр деген ақпарат тарады. Атап айтсақ, құс тұмауының алғашқы ошағы 12 тамызда Омбы облысындағы Полтава ауданының Новотимофеевка ауылында тіркелген. Шамамен сол уақытта Крутинский және Нижнеомский аудандарының екі ауылында ауру расталды. Бір аптадан кейін індет тараған аудандар саны 10-ға жеткен.
Омбыдағы жұмыртқа нарығының 60 пайызын қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорын – Ертіс құс фабрикасындағы құстардың барлығы дерлік жойылды (шамамен 1.5 млн құс). Фабрика карантинге жабылды. Ресей сарапшылары бұл індет экономикаға орасан зор шығын келтіргенін, 2005 жылғы құс тұмауының бастамасы да мұншалықты болмағанын айтқан еді.
Енді сол құс тұмауы біздің елде тарай бастады деп дабыл қақтық. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды – осы 5 облыстың 26 ауданындағы 47 елді мекеніндегі құс індеттің шеңгеліне ілінді. Ал жеке аулада 12 926 бас құс өлген. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикаларында 41 мың бас құс қырылғаны тіркелді. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 27 елді мекенінде құс қырылды, соның ішінде 8 аудандағы 23 елді мекенде құс тұмауы анықталған. 17 қыркүйекте солтүстік өңірдегі 7 аудан (Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Мүсірепов және Жұмабаев) және Айыртау ауданының бір елді мекенінде құс өнімдеріне қатысты уақытша шектеулер енгізілді. Оған қоса 19-21 қыркүйек аралығында Бескөл құс фабрикасында 41 бас құс, Ақмола облысындағы 5 ауданның 9 ауылында 286 бас құс қырылған. Көп уақыт өтпей құс індеті Қостанайға да жетті. Қостанай облысының 6 ауданындағы 6 елді мекенде 505 құс қырылды. 19 қыркүйектен бастап құс және құс өнімдерін Железинск және Тереңкөл елді мекендерінен тасымалдауға тыйым салынды. 1463 бас құс қырылған Павлодар облысы Сарыкөл ауылдық округінде де осы тектес шектеулер енгізілді. Ал Қарағанды облысы Нұра ауданындағы елді мекенде үй шаруашылығындағы 43 құс қырылып қалған.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, құс тұмауының таралуына жабайы құстар себепкер болған. Күз келіп, құстардың жылы жаққа қарай көшуі жағдайды ушықтырған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеген болатын.
«Эпизоотиялық зерттеу көрсеткендей, бұл жағдай қазіргі кезде солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударатын жабайы құстардың өлімінен басталды. Ауру бір су қоймасын пайдалану арқылы таралған. Зертханалық зерттеулер жүргізіліп, жоғары патогенді құс тұмауы диагнозы қойылғаннан кейін барлық қажетті шаралар қабылданды», – деді вице-министр.
Адамға жұғуы мүмкін бе?
Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өкілі Тимур Сұлтанғазиев эпидемиологиялық жағдай толық бақылауда екенін айтты. Кәсіпорындардың 400-ге жуық қызметкері карантинге жабылған.
Оның сөзінше, «Вирус адамнан адамға жұқпайды. Адамдар ауруды тікелей құстардан жұқтырған жағдайлар өте сирек кездеседі, бұл ауру жұқтырған тірі немесе өлі құстармен тікелей немесе жанама байланыста болғаннан кейін орын алуы мүмкін. Ауруды құс өнімдерінен, ет немесе жұмыртқадан жұқтыру деректері тіркелмеген. Бүгінгі күні адамдар арасында құс тұмауын жұқтыру жағдайлары жоқ деуге болады».
Мамандар да, министрлік өкілдері де бұл құс тұмауы адамдарға қауіпсіз екенін айтады. Дегенмен, жабайы жарқанаттан тараған вирустың мутацияға ұшырап, адамзатқа залал болып төнгені тағы ойға оралады. Құс тұмауы да түрленіп, адамдарға қауіп төндіруі мүмкін бе деген заңды сұрақ туады. Осы сауалмен Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі вирусолог маман Батырбек Айтжановқа жүгінген едік.
«Мұндай жағдай әр жыл сайын болып тұрады. Бірақ биыл құс тұмауынан келген шығын көп және қырылған құстардың барлығы – шағын фермаларда. Аурудың ушығып кетуіне алдын ала вакцинация жүргізілмеуі себеп болған. Вакцинация құстар мен адамдар үшін қауіпті аурулардың таралуын болдырмайды. Ал ауру құстарды вакцинациялаудың мүлдем пайдасы жоқ.
Бұл вирус адамға бейімделмеген. Мутацияға ұшырау қауіпі жоқ. Тек ауру құспен тығыз байланыста болған адамдарға ғана жұғуы мүмкін», – дейді Батырбек Айтжанов.
Құс етінен бас тарту керек пе?
Құс тұмауы туралы хабар тарағаннан кейін халық құс еті мен жұмыртқадан бас тартып жатыр. Екінші жағынан тапшылық туындап, нарықта жұмыртқа қымбаттағаны туралы да ақпарат тарады.
Жоғарыда айтып өткен уақытша шектеулерден кейін Республикалық эпизоотияға қарсы топ құс өлекселерін жою жұмыстарын бірден бастап кетті. Солтүстік Қазақстанда 79 маман 72 техникамен, Қостанай облысында 61 маман 6 техникамен, Ақмола облысында 54 маман 6 техникамен, Павлодар облысында 58 адам 6 техникамен қырылған құстарды жою, дезинфекция жасау жұмыстарына кіріскен.
Вирусолог маман Батырбек Айтжанов дүкендерге сатылымға шыққан құс еті мен жұмыртқадан бас тартудың аса қажет емес екенін, ауру құстардың еті, жұмыртқасы нарыққа шықпайтынын айтты. Тек тұтынар алдында толық пісіру керегін ескертеді.
Статистикалық мәліметке сенсек, Қазақстанда 46,7 млн үй құсы бар, оның үштен екісі – құс фабрикаларында. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов қазір Қазақстанда 35 құс кешені нарықты жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
«Олар ішкі нарық сұранысын толық қамти алады және экспортқа шығарады. Қазақстандық құс фабрикалары жыл сайын бес миллиардқа жуық жұмыртқа өндіреді. Ішкі нарықтың сұранысы 106 пайыз қамтылған. Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға келетін болсақ, бес фабрика жұмыртқа шығарады. Карантин шаралары енгізілуіне байланысты екеуінің қарқыны төмендеді. Шектеулер болады, бірақ басқа құс фабрикалары қажеттіліктің орнын толтыра алады. Облыс қазір өзінен бөлек басқа аймақтарға да жұмыртқа тасымалдайды». Департамент директорының айтуынша, жұмыртқа тапшылығы болмайды.
Жағдайдың бақылауда екеніне және құс тұмауының адамзатқа төндірер қауіпі төмендігіне мамандар да, билік те сендіріп отыр. Яғни бұл – әр жылы ұшырасып отыратын құс ауруы. Қазіргі кезде ауру-сырқау туралы кез келген ақпаратқа ел дүрлігетіні айтпаса да түсінікті. Бейқам, бетпердесіз күнге жету – барша адамзаттың тілегі.