Жансейіт Түймебаев, ҚР Түркиядағы елшісі: Достық қарым-қатынасымыз әлем саясатына ықпал етуде

Жансейіт Түймебаев, ҚР Түркиядағы елшісі: Достық қарым-қатынасымыз әлем саясатына ықпал етуде

Жансейіт Түймебаев, ҚР Түркиядағы елшісі: Достық қарым-қатынасымыз әлем саясатына ықпал етуде
ашық дереккөзі
354
Осыдан ширек ғасыр бұрын Тәуелсіздігімізді жариялағанымызда алғаш мойындаған бауырлас Түркия мемлекеті болатын. Мұстафа Кемал Ататүрік, Алыпарслан Түркеш, Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел сынды ер түріктің оғландары «Түркі ынтымағын» ту етіп, болашақ ұрпаққа аманаттап кетті. Бүгінде Түркия ғаламның ең ықпалды әрі дамыған елдерінің біріне айналды. «От қай жерге түспесін, мені де күйдіреді», – деп бір түрік ойшылы айтқандай, Түркиядағы жағдайға қарап алаңдайтынымыз рас. Соңғы кезде Түркияға қатысты алып-қашпа әңгімелер ақпарат айдынынан түспейді. Осы себептен Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты әңгімеге тартқан едік. – Жансейіт Қансейітұлы, түбі бір халықтармыз ғой. Қазіргі уақытта Түркиямен саяси қарым-қатынасымыз туралы не айтар едіңіз? Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас күн өткен сайын күшейіп, тұрақты түрде дамып, екі мемлекеттің ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге жетті. Түркия бауырлас мемлекет болғандықтан, достық пен бауырмалдықты берік ұстанады. Бұл ұстаным жоғары дәрежедегі саяси элитаның деңгейінде анық байқалады. Қазақстан да Түркияның әлеуетін, ішкі жағдайын жақсы білгендіктен, принципті түрде бауырластық ұстанымынан ауытқыған емес. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынастың күшеюіне барынша үлес қосып отырады. Сондықтан Түрік елі Қазақстанның Орта Азия көлемінде алдыңғы қатарлы мемлекет екенін мойындайды және өзінің осы аймақтағы ең маңызды серіктесі ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда Түркияның саяси элитасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған көреген саясатына, «көрші тыныш болмаса, өзің де тыныш болмайсың» деген ұстанымына қызығады. Елбасымызды түгел түркі жұртының темірқазығы деп санайды. Өйткені Елбасы екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынасқа зергерше мән береді. Түркі дүниесінің, түркі халықтардың тағдырына қалайша бей-жай қалмайтын болса, екі елдің ара қатынасына соншалықты алаңдайды. Қазақстан мен Түркия арасындағы үдемелі әріптестік екі жақты сындарлы сұхбатпен қатар, БҰҰ, ЭЫҰ, ОБСЕ, ШЫҰ, СВМДА және Түркі Кеңесі секілді басқа да бірлестіктер аясында көп жақты форматтағы оң бағыттағы байланыстары өз жалғасын тауып отыр. Былтырғы жылы «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2012-2015 жылдар аралығына арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы аяқталды. Жоспарға сәйкес, түрік кәсіпорындарының елімізбен инвестициялық және экономикалық ынтымақтастығын нығайту мәселесі мен елімізде Қазақстан-Түркия бірлескен индустриалдық аймақтарын құру жұмыстары қолға алынды. Бұл соңғы кезеңде атқарылған өнімді жұмыстардың бірі. Былтыр Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Қазақстанға ресми сапармен келіп, қаржы-экономикалық жағдайды дамыту мақсатында екіжақты келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы мен бизнес-форумға қатысты. Бизнес-форумға түрік бизнес қауымдастығының 150 өкілі қатысып, жалпы құны 776,3 млн АҚШ долларын құрайтын 20 инвестициялық құжатқа қол қойылды. Саяси қарым-қатынастың дамуына байланысты екі елдің басшылары жиі-жиі кездесіп отыратыны мәлім. Биылғы жылы 12-13 сәуір күндері Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ыстамбұлда өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитіне қатысып, екіжақты келіссөздер жүргізді. Аталмыш саммит «Бірлік пен ынтымақ әділеттілік пен бейбітшілік үшін» деген тақырыпен өтті. Оған ұйымға мүше 56 елдің өкілдері, соның ішінде 30-дан аса мемлекет пен үкімет басшылары қатысты. Қазақстан Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер үшін өзекті мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтіп, мазмұнды сөз сөйледі. Бірнеше өзекті мәселенің шешімін ұсынған Елбасыға Түркия президенті ғана емес, саммитке қатысқан барлық делегаттар өз ризашылықтарын білдірді. Халықаралық аренадағы ынтымақтастық пен өзара қолдау сыртқы саясаттың аса маңызды бағыттарын қамтитындығы аян. Осы тұрғыда Түркия Астананың «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесіне үміткерлігін қолдай отырып, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі жоқ Африка және Латын Америка елдерінде де атсалысты. Осындай шешуші кезеңде шынайы достық пен бауырмалдығын көрсетті. Сол сияқты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдар аралығындағы тұрақты емес мүшелігіне үміткерлігіне де қолдау білдірді. Бұл саяси қарым-қатынастың жемісі деуге болады. Ал енді Түркия мен Ресей арасындағы жанжалдың шешілуіне Қазақстанның қалай ықпал еткенін бәріміз білеміз. – Иә, Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа тоқтала кетсек. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың екі елдің көшбасшыларын татуластырғанын білеміз. Осы саяси процесстің қалай болғанын айтып бересіз бе? Сондай-ақ, қазіргі Түркия-Ресей қатынасы қай деңгейде? – Былтыр Түркияның Сириямен шекаралас аспанында ресейлік Су-24 әскери ұшағы атып түсірілгеннен кейін, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың әбден шиеленіскені мәлім. Ресей Түркияға қарсы санкциялар енгізіп, сауда-экономикалық және туризм салалары бойынша шектеулер қойды. Әлемнің назарын аудартқан екі ел арасындағы келеңсіз жағдай Түркияның экономика саласына, әсіресе, өндірістің төмендеуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық мөлшерінің күрт азаюына қатты әсер етті. Былтырғы жылмен салыстырғанда, Түркияға, соның ішінде, теңіз жағалауындағы демалыс орындарына келетін ресейлік туристердің саны 92 пайызға азайған. Сонымен кикілжің асқына берді. Ресей мен Түркия Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктестері әрі белсенді әріптестері екені аян. Әрі дос, әрі туыс саналатын мемлекеттер арасында шиеленіскен геосаяси жағдай Қазақ еліне де сөзсіз әсер етеді. Сондықтан бұған бейжай қарауға болмайды. Осы мәселені мұқият бақылауына алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бітімгершілік келісімнің алғышарттарын жасап, биылғы жылдың ақпан айында Қазақстанға ресми сапармен келген сол кездегі Түркия Премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездесті. Осы кездесуден кейін шұғыл түрде Ресей Федерациясының президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей-Түркия қарым-қатынасының нашарлауына қатысты пікір алмасты. Алайда В.Путин ахуалды Түркия жағы күрделендіргенін айтып, соған орай жағдайды түзеуге Түркия алғашқы қадам жасауы тиістігін алға тартқаны есімізде. Кейін жоғарыда айтып кеткеніміздей, Елбасы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының XIII саммитіне қатысып, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру мақсатында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Елбасының Ыстамбұлдағы жиынға қатысуы Ресей-Түркия қарым-қатынасына оңды ықпал еткені мәлім. Осы кездесуден кейін Түркия президенті Р.Т. Ердоған ресейлік әріптесі В.Путинге ресейлік ұшқыштың қаза табуына байланысты өкініш білдіріп, оның отбасынан кешірім сұрайтыны туралы жазылған хат жолдады. Мәскеу көп күттірмей бірден жауап берді. Жеті ай бойы Ресей және Түркия басшыларымен байланысты жиілеткен Елбасымыз тоқтап қалған орыс-түрік қарым-қатынасының түзелуіне тікелей үлес қосып, күш салды. Кейін Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа байланысты мәлімдеме жасап, Түркия және бүкіл түрік жұрты атынан екі ел арасындағы шиеленісті жағдайды шешіп, өзара қатынасты қалпына келтірген Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа алғыс білдірді. Содан соң Түркия президенті Р.Т. Ердоған Қазақ елінің көшбасшысымен телефон арқылы сөйлесіп, Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталған баға жетпес үлесі мен зор еңбегі үшін алғыс айтты. Түркия басшысы Елбасына Ресей президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлескенін хабарлап, Анкара мен Мәскеу арасын жақындату тұрғысынан көзделген қадамдар жүзеге асады деп үміттенетінін жеткізді. Әңгіме барысында Елбасыны жуық арада Түркияға сапармен келуге шақырды. Бұл – Елбасы бастаған дипломатияның жеңісі еді! Рас, бүгінгі Қазақстан есімді мемлекетті Елбасының арқасында әлем мойындап келеді. Сондықтан әлем назарын өзіне қаратқан екі ел арасындағы жағдайды қайта қалпына келтірген Елбасымыздың еңбегі орасан. Бүгінгі күні Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынас қайта қалпына келе бастады. Министрлер деңгейінде бірнеше кездесулер болды. Алғашқы кездесу Түркия Сыртқы істер министрі М.Чавушоғлу мен Ресей Сыртқы істер министрі С.Лавров арасында өтті. Ресей енгізген экономикалық санкциялар бірте-бірте тоқталады. Осы айдың 9-ы күні Түркия президенті Р.Т. Ердоғанның Ресейге ресми сапармен баруы жоспарланып отыр. Әрине, бұл жағдай тек қана екі ел арасындағы қарым-қатынасқа емес, жалпы түркі әлемінің дамуына әсер етеді. – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың дипломатиялық шеберлігін түркиялықтар қалай қабылдады? Түркиядағы таралымы 140 мың дананы құрайтын «Milliyet» газеті «Бұл тұлға іске араласты: Ердоған мен Путин әңгімелесті» атты материал жариялады. Осы мақалада Елбасының Түркия мен Ресейдің ымыраға келуіне қосқан рөлін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, «Önce Vatan» газетінің тілшісі Кемал Саллының қаламынан туған «Сізге шексіз алғыс, құрметті Н.Назарбаев» атты мақала жарық көрді. Аталмыш мақалада Анадолы жерін мекендеген 78 миллион «қазақ жұрты» атынан Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саясаты мен еларалық дәнекерлігіне алғыс айтылған. Түркияның рейтингі жоғары «sondakika.com» және «haber7.com» ақпараттық порталдары «Ол Ердоған мен Путинді татуластырды», «Түркия мен Ресей арасындағы сеңді бұзған», сондай-ақ, «Құттықтау және алғыс айту үшін Назарбаевқа соғылған қоңырау» атты ақпараттық сараптама материалдарын жариялады. Кейбір түрік сарапшылары Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеу Қазақстан Президентінің қолынан ғана келетіні жайлы болжап айтқан. «Ankara politikalar merkezi» атты сараптамалық орталық директоры Хасан Қанболат «Cihan» агенттігінің сайтында 2016 жылдың 22 қаңтарында ағылшын тілінде жариялаған өзінің авторлық «Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіс Назарбаев басшылығымен тарқатыла алады» атты мақаласында халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстанның орны мен рөлін атайды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Президентінің әлемдік аренадағы беделі әсіресе, Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіске байланысты дәнекер болуға мүмкіндік беретінін айтқан. Ал «Karar» газетінде «Ақсақал ықпал етіп, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартты» деп аталатын көлемді мақала жарық көрді. «Түрік-Ресей қарым-қатынасының қалыпқа келуіндегі сахнадан тыс жағдайлар белгілі болды. «Түрік әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Елбасы Н.Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы қатынастың одан әрі ушығуына жол бермеді» деп жазды басылым. Сондықтан Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынас әлем саясатына ықпал етуде. Әрине, Қазақстанның көп бағдарлы сыртқы саясаты және достық ұстанымы оның әлемдегі имиджінің дамуына зор үлес қосып отыр. – Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасы үнемі өсіп келе жатқанын жұрт біледі. Бірақ барлық мүмкіндіктер жүзеге асырылды ма? Сан-салалы сауда-экономикалық байланыстар екiжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектiсi екені мәлім. Түркия – Қазақстанның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2015 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 2,02 млрд АҚШ долларын құрады. Түркия алғашқы жылдары елімізде жеке кәсіпкерлік пен құрылыс саласының дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Қазіргі күні Қазақстанда 1500-ге жуық түрік фирмасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 млрд АҚШ долларынан асатын құрылыс жобасын жүзеге асырды. Осылайша Қазақстанның Түркия экономикасына қосқан күрделі қаржысы шамамен 20 млрд АҚШ долларына жетті. Осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасына, жалпы алғанда, шамамен 2 млрд доллар көлемінде түрік инвестициясы, Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 млрд доллар көлемінде инвестиция жұмсалды. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2015 жыл ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 2,02 млрд АҚШ доллары, оның ішінде 1,28 млрд АҚШ доллары – экспорттық үлес, 0,74 млрд. АҚШ доллары – импортты құрайды. Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы Түркияның салыстырмалы салмағы 3,3 %, экспортындағы – 3,1 % және импортындағы – 3,8 % шамасында. 2016 жылдың қаңтар-мамыр кезеңінде тауар айналымы 538 млн АҚШ доллары, оның ішінде 271 млн АҚШ доллары – экспорт, 267 млн АҚШ доллары – импортты құрайды. Дегенмен де өзара инвестициялар екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейді және әлі де барлық мүмкіндіктер толық жүзеге асырылған жоқ. Сондықтан экономикалық ынтымақтастықтың барлық мүмкіндіктерін дамыту және іске асыру мақсатында біраз жобалар қолға алынды. Сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жандандырудың маңызды қадамы – 2012 жылы құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің жұмысын және «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы шеңберіндегі әрекеттесуді белсенді түрде жалғастыру. Бұл қадам Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара іс-қимылдың экономикалық құраушысын одан әрі кеңейтуге жаңа серпін беруге бағытталған. Түрік өнеркәсібінің және тұтасымен алғанда, экономикасын дамыту локомотиві болып қызмет ететін Ұйымдастырылған индустриялық аймақтарды құруда Түркия орасан зор оң тәжірибе жинақтаған. Осы орайда 2011 жылы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында Қазақстанда бірлескен қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойылғанын атап өткім келеді. Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды Түркияда таныту іс-шаралары кеңінен жүргізілуде, сондай-ақ, ірі түрік бизнесін елімізге тарту жұмыстары да өз жалғасын табуда. 2013-2016 жылдары аралығында Түркияның Сакария, Қожаелі, Измир, Измит, Ескишехир, Невшехир, Трабзон, Ризе, Ыстанбұл, Мұғла, Ниде, Самсун, Хатай, Кония, Гиресун, Малатия, Маниса, Денизли провинцияларында инвестиция тарту мақсатында аймақтық бизнес-форумдар ұйымдастырылды. Соның ішінде, былтырғы жылы қыркүйек айында Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Еуразиялық экономикалық қарым-қатынастар қауымдастығы және Түркияның Мемлекеттік өндірісі мен кәсіпкерлерінің қауымдастығымен бірлесе отырып, «Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбы бойынша бизнес-форум өтті. Форумға Түркия Премьер-министрінің орынбасары Туғрұл Түркештің өзі бастап, 100-ден астам Түркияның алдыңғы қатарлы өндірістік саласының және бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысты. Аталмыш жиында түрік кәсіпкерлеріне Қазақстанның инвестициялық ахуалы туралы егжей-тегжей мәлімет берілді. Мұндай жиындар Түркияның түкпір-түкпірінде жиі ұйымдастырылып отырады. Жалпы есеппен алғанда, 2005 жылдан бастап 2015 жылдың ортасына дейін Түркиядан Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Аталған уақыт аралығында Қазақстаннан Түркияға құйылған тікелей инвестиция 976,1 млн АҚШ доллары болып бағалануда. 2015 жылдың қортындысы бойынша Астана қаласында елімізде белсенді жұмыс атқарған инвесторлар, атап айтқанда индустриаландыру картасына ерекше үлес қосқан, инвестициялық қызметін кеңейткен және жоғары технологиялық өндірісті дамытқан үздік 10 шетелдік инвесторлардың қатарында 3 түрік компаниясы болды: – «Anadolu Beverage Group компаниясы (Coca-Cola Içecek)», Астана қаласындағы алкогольсіз ішімдіктер өндірісімен айналысады. Бұл компания алғаш үштіктің ішінде; – «BTM Group» компаниясы, Алматы облысындағы құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс құрылымы; – «Abdi Ibrahim» компаниясы, Алматы облысындағы фармацевтикалық өндіріс орны. 2016 жылдың мамыр айында «Anadolu Beverage Group» компаниясы қосымша инвестиция салып, Астана қаласында екінші сусын өндіріп шығару зауытын ашты. Түркия Елбасымыздың жалпы түркілік бірігуге қатысты ұсынған бастамаларына ылайым қолдау білдіріп отырады. Түркі Кеңесінің аясында ұйымдастырылған шараларға жоғары лауазымды билік өкілдері белсене қатысады. Сауда-экономикалық және туризм саласы бойынша соңғы кезеңде Қазақстанның белді кәсіпкерлері Түркияның тәжірибесімен танысып әрі алмасып, бірқатар келіссөздер жүргізді. Осы тұста Қазақстанның Түркиядағы елшілігі Анадолы жеріне келетін іскер азаматтардың түрлі өндірістік орындар мен экономикалық аймақтағы тәжірибемен танысуға үнемі қолдау білдіреді. Түркияның өндірістік аймақтарын аралап, жергілікті кәсіпкерлік одақтарымен тығыз байланыс құрып, Қазақстандағы инвестиция жасау мүмкіндіктерімен таныстырып отырады. Жалпы алғанда, 2015 жылы Түркияның ірі бизнес-делегацияларының Қазақстанға сегіз ресми сапары, Түркия аумағында Қазақстаннан келген іскер топтардың сапарларын қоса есептегенде, инвестицияларды тарту бойынша он төрт іс-шара ұйымдастырылды. 2016 жылдың 17-24 қаңтар аралығында «Ақтөбе» ӘІК «ҰК» АҚ өкілдері және Батыс Қазақстан облысының өкілдері Анкара, Анталия және Ыстамбұл қалаларына ресми сапар шекті. Делегация мүшелері аталған қалаларда орналасқан индустриалдық аймақтардың қызметімен танысты және осы аймақтарда орналасқан кәсіпорындардың өкілдерімен кездесулер өткізіп, Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Түркиядағы сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы мен туризм салалары бойынша жеткен жетістіктері мен тәжірибесімен танысу мақсатында ағымдағы жылдың 27 мамыр мен 2 маусым күндері аралығында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Қазақстанның белді-беделді басылымдарының басшылары мен өкілдері Түркияның экономикалық даму тәжірибесімен, сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейдегі үлгісімен танысып, осы орайда өткен бірақатар басқосуға қатысты. Аталмыш шара Анталия қаласында Анталия губернаторлығы мен Батыс Ақ теңіз даму агенттігінің қолдауымен өтті. Қазақстан тарапынан «Түркістан» газетінің бас редакторы Ш.Пәттеев, «Президент және халық» газетінің бас редакторы М.Тоқашбаев, «Қаламгер медиа» ЖШС директоры Ж.Әшімжан, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ж.Шаштайұлы, «Ақтөбе» облыстық газетінің бас редакторы Б.Өтеулиев, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары Қ.Аманжол, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторының орынбасары С.Малдыбаев, «Өтүкен» журналының бас редакторы Н.Қуантаев, «Рейтинг» газетінің редакторы Ғ.Елшібай қатысты. Шара барысында қазақ қаламгерлері мен журналистері Анталия губернаторы Муаммер Түркер бастаған жергілікті билік өкілдерімен, сондай-ақ, Анталиядағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен және кәсіпкерлермен кездесті. Губернатор өңірдің сауда-экономикалық дамуы туралы мәлімет беріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың бауырлас елдердің экономикасына, мәдениет пен туризм салаларына оңды ықпал етіп отырғандығын тілге тиек етті. Қазақстанның ұстанған саясаты мен алған бағытының туысқан Түрік еліне үлгі екендігін атап өтті. Іс-сапардың аясында қазақстандық делегация биылғы жылы «Гүл және бала» тақырыбында ашылған «Анталия ЭКСПО-2016» көрмесін тамашалады. Батыс пен Шығыс елдерінің әртүрлі экспонаттарын көріп, Қазақстан атынан арнайы орнатылған көрмені аралады. Сонымен қатар, Анталиядағы еркін өндірістік аймақта орналасқан бірнеше өндірістік орындарда білікті кәсіпкерлермен кездесулер өтті. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылып отырған жұмыстармен жақыннан танысты. Батыс Ақ теңіз даму агенттігінің мұрындық болуымен Ақ теңіз университеті ауруханасының «медициналық туризмді» дамыту мақсатында атқарып отырған жұмыстардың таныстырылымы өтті. Жалпы, биылғы жылы әлемдік дағдарысқа қарамастан екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық белсенділігін жоғалтпады. – Түркияның қауіпсіздік және әскери салада тәжірибесі мол. Ал Қазақстан жас мемлекет, яғни түріктерден үйренеріміз көп. Екі ел арасындағы қауіпсіздік және әскери байланысымыз қалай? Қазақстан мен Түркияның өзара қауіпсіздік саласындағы іс-қимыл шаралары белсенде түрде жалғасуда. 2015 жылдың сәуір айында мемлекет басшыларының деңгейінде өткен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде 2015 жылдың 7-8 қыркүйек күндері аралығында Түркияға Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Н.Ермекбаевтың ресми сапары болып өтті. Сапар жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, Н.Ермекбаев Түркияның президентімен, Ішкі істер министрімен, Бас прокурорымен, Ұлттық барлау ұйымының басшысымен және Ұлттық қауіпсіздік ұйымының Бас хатшысымен кездесті. Сапардың шеңберінде өткізілген келіссөздерде екі елдің қауіпсіздігіне әсер ете алатын ғаламдық және өңірлік топтарға қарсы күресте бірлесіп әрекеттесу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынастарда әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық тереңдеп келеді. Қазақстан мен Түркия арасында әскери салада байланыс орнатуының негізгі бағыттары – әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанның әскерилерін Түркияның әскери оқу орындарында оқыту, қазақстандық әскери бөлімдерді жабдықтау және Қазақстанның Қарулы Күштерін реформалау үдерісіне жәрдемдесу. Түркиядан заманауи атқыш қаруларды, минаатқыштарды, көлік құралдарын сатып алудан басқа, Қазақстан аумағында әскери өнеркәсіп кешені өндірісін құру бағытында да ынтымақтастық дамып отыр. – Халықтарды, елдерді жақындататын сөзсіз руханият. Осы салада басқа елшіліктерге қарағанда қыруар жұмыстар атқарып отырсыздар. Екі ел арасындағы мәдени байланыстарымыз бұдан былай да нығая беретін шығар... Екі ел арасындағы мәдени байланыстарымыз да қарқынды дамып келеді. Тәуелсіздік жылдарында Түркияның ірі-ірі қалаларында Қазақстанға арналған мекемелер мен ескерткіштер, орталықтар мен көшелер ашылды. Өткен ғасырдың аяғында, 2000 жылдың басында Абай Құнанбаев пен Мағжан Жұмабаевтың, «Қазақтың күйші қызы» мен Қабанбай батырдың ескерткіштері ашылған болса, соңғы жылдары Абылай ханның ескерткіші бой көтеріп, Абылай хан атындағы саябақ ашылды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған монумент орнатылды. Сондай-ақ, Түркияның Невшехир қаласында «Қазақстан» атындағы, Анкара қаласында Абай Құнанбаев атындағы, Қыршехир, Гебзе, Адана сынды қалаларында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдар, Дина Нұрпейісова атындағы және Тәттімбет атындағы саябақтар ашылды. Бұл – екі ел арасындағы руханият саласындағы тығыз байланыстың, шынайы бауырластықтың белгісі, сондай-ақ, бауырлас түрік жұртының ықыласы. Былтырғы жылы ақын Сүйінбайдың 200 жылдығына орай Анкара қаласында Сүйінбай Аронұлы атындағы саябақ ашылған-ды. Әрине, Түркиядағы Қазақстанның елшілігінің басты мақсаты – қазақ рухани байлығын түрік жұртына таныстырып, бүкіл түркі дүниесіне паш ету. Осы бағытта биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бірқатар шаралар атқарылды. Ағымдағы жылдың 19-20 маусым күндері аралығында Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің ұйытқы болуымен қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбай Аронұлының бюсті ашылып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жасқа толуына орай халық­аралық конференция мен салтанатты концерт өтті. Қазақ руханияты мен Тәуелсіздікті Анадолу жерінде паш етіп, қарқынмен жалғасқан осы игі шара қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбай Аронұлы бюстінің ашылуымен басталды. Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың Түрік еліне сыйға тартқан Сүйінбай Аронұлы бюстінің авторы – белгілі мүсінші Нұрғалым Исабаев. Тарихи шара жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай жалғасты. Анкара қаласындағы Юнус Әміре атындағы мәдениет орталығында Қазақстанның дамуы мен ЭКСПО-2017 көрмесіне орайластырылған фотокөрме ашылып, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған халықаралық конференция өтті. Түрік зиялы қауым өкілдері мен қазақ делегациясы қатысқан жиында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Өнербаев, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак және Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы құттықтау сөз сөйледі. Қоғам қайраткері Ш.Беркімбаева, “Қазақ әдебиеті” газетінің Бас редакторы Ж.Шаштайұлы, Муғла университетінің доценті, ғылым докторы Әкрам Аян, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Т.Албеков және Гази университетінің доценті, ғылым докторы Жәмиля Кынаджы Жамбыл шығармашылығы мен өміріне егжей-тегжейлі тоқталып, Жамбылмен үндес түрік ақындарын салыстырып баяндама жасады. Бір миллионға жуық халқы бар Кечиөрен муниципалитетінің «Калаба Кент» атындағы алаңында қазақтың мәдениеті мен өнерін, салты мен дәстүрін түрік жұртшылығына көрсету мақсатында «Қазақстан үйі» атты үй-көрмесі салтанатты түрде ашылып, жыр алыбы Жамбылға арналған концерт өтті. «Адырна» фольклорлық-музыкалық ансамблі, «Алтынай» мемлекеттік би ансамблі мен Алматы облысы филармониясының әншілері Анкараның төрінде қазақ әнін әуелетіп, Сүйінбай мен Жамбылдың рухын асқақтатты. Биылғы жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен көрнекті қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт» атты романы, Қазақстанның белгілі ұйғыр жазушысы Ахметжан Аширидің «Идикут» атты романы, қазақ әдебиетінің классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» атты романы, әлемге әйгілі ақын Олжас Сүлейменовтің он түркі тілдерінде жыр жинағы, аудармашы-жазушы Мәлік Отарбаев аударып құрастырған «Сырлас буын» атты әңгімелер жинағы және түрік әдебиеттанушы-ғалымы Жәмиля Кынаджының қазақ романдарын зерттеу монографиясы жарық көрді. Бұл кітаптардың тұсаукесері рәсімі Анкарада өтті. Түрік зиялы қауым өкілдері қазақ руханиятына қызығушылықпен қарайды. Сондықтан саяси-экономикалық қарым-қатынастың дамуына қалайша мән беріп отырсақ, сол сияқты руханият саласындағы байланыстың күшеюі дипломатиямыздағы басты бағыттардың бірі. Түркияда қазақ салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін таныстырып, насихаттау жұмыстарын мұқият жүргізіп келеміз. Саяси ахуалға байланысты Түркиядағы ақпараттық басылымдар Қазақстанның жағдайын бақылап отырады. Сол сияқты руханиятты насихаттау мақсатында шығармашылық орталықтар мен бірлестіктердің мерзімді басылымдарымен тығыз байланыс орнатып, мәдениетіміздің, өнеріміздің інжу-маржандарын шығаруға атсалысамыз. Еуразия Жазушылар одағының ай сайын шығатын «Кардеш калемлер» журналында қазақ әдебиетінің бетке ұстар өкілдерінің шығармалары жарық көреді. Бұдан бұрын аталмыш басылым Қасым Аманжолов, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев, Сүйінбай Аронұлы сынды тұлғаларымыздың шығармашылығына бір-бір санын арнаған болатын. Жыр алыбы Жамбылдың тойы – қазақ сөз өнерінің тойы екені сөзсіз. Сол тойдың жалғасы ретінде Түркиядағы әдеби ортаға мәлім аталмыш журнал жуырда бір санын толығымен Жамбылдың шығармашылығына арнады. Журналға Жамбылдың өлеңдері мен өмірбаяны, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейіновтің «Мәдениетіміздің бәйтерегі», Анкара қаласы Кечиөрен муниципалитетінің мэрі М.Актың «Көңілге ортақ», Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлының «Ұлттық рухтың өкілі», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры У.Қалижанның «Феномен», академик С.Қирабаевтың «Жамбыл шығармашылығына жаңаша көзқарас», қоғам қайраткері Ш.Беркімбаеваның «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым», Мұғла университетінің оқытушысы, ғылым докторы Әкрам Аянның «170 жасқа толған Жамбыл Жабаев», «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Ж.Шаштайұлының «Жамбыл және заман», жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Ұлылардың үндестігі», Гази университетінің оқытушысы, ғылым докторы Жәмиля Кынаджының «Қос құрлықтың сарындары: қазақ ақыны Жамбыл мен Анадолу ақыны Пір Сұлтан Абдал», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Г.Орданың «Ұлы Дала жыршысы», Жамбылтану және халық ақындары институтының директоры Б.Ыбырайымның «Жамбылдың әзілдері», Памуккале университетінің оқытушысы, ғылым докторы Нергис Бирайдың «Жамбыл Жабаев, туындылары және Өтеген Батыр дастаны» атты Жамбыл шығармашылығын кеңінен насихаттайтын ғылыми-зерттеу мақалалар мен эсселер енген. Сол сияқты «Көроғлы» атты әдеби журнал биылғы санын қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арнап, ақынды кеңінен насихаттады. Сонымен қатар, Еуразия кітапханашылар одағының тоқсан сайын шығарып отыратын «Билги» журналы әр санында қазақ қаламгерлерінің әңгімелерін жариялайды. «Хедже» атты поэзияға арналған журнал да қазақтың қара өлеңін насихаттап, түрік оқырмандарына ақындарымызды таныстырып отырады. – Қызықты әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан

Жаңабек Шағатай

Серіктес жаңалықтары