241
Министрдің «қысқарту қайшысы» ректорлардың ұйқысын қашырды
Министрдің «қысқарту қайшысы» ректорлардың ұйқысын қашырды
Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындау ережесіне өзгеріс енгізген болатын. Сол кезде жаңа ереже жоғары білім беретін мекемелердің жұмысындағы олқылықтардың орнын толтырады деген үміттің ұшқыны жылт еткендей болған. Ал 2019 жылы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық университеттердің басшыларын тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бастап аты бар да, заты жоқ жоғары оқу орындарымен күрес басталды, сең қозғалды. Жақында ғана Білім және ғылым министрлігі тағы бір академияны бас лицензиясынан айырған болатын. Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов ғасырға жуық тарихы бар университетті осы жағдайға оқу орнының басшылығы жеткізгенін айтқан еді.
Ректорларды тағайындау ережесінің өзгергеніне біраз уақыт өтті. Бір басшының былығын екінші басшы қостап отыр ма, әлде жаңа ереженің нәтижесі мардымсыз ба? Жоғары оқу орындарының жағдайы неге оңалмай отыр?
Лицензиясыз қалған оқу орындары
Өткен жылы Президент білім сапасы сын көтермейтін жоғары оқу орындарының санын азайтуды тапсырған еді, нәтижесінде биыл 25 университет 60 мамандық бойынша лицензиясынан айырылды. 36 жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бөлінген жоқ. Ал 5 университет жұмысын түбегейлі тоқтатты. Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша жоғары оқу орындарының нормативтік-құқықтық актілерді сақтамағаны анықталған. Талапкерлерді қабылдау, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, профессор-оқытушылар құрамын конкурс арқылы алмастыру, профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесін жоспарлау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау, диплом бланкілерін есепке алу сияқты жауапты жұмыстардың атқарылуынан жік шыққан. Министрліктің мәлімдемесіне сәйкес, лицензиясы қайтарылған жоғары оқу орындары «педагогикалық ғылымдар», «өнер», «гуманитарлық ғылымдар», «жаратылыстану ғылымдары», «техника ғылымдары», «қызмет көрсету» және «әлеуметтік жұмыс», «әлеуметтік ғылымдар» бағыты бойынша мамандар даярлаған. Жоғары оқу орындарын тексеру жұмыстары әлі де жалғасады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, еліміздегі жоғары оқу орындары 15 пайызға қысқармақ. «Жыл соңына дейін 24 жоғары оқу орнын тексеріп, тиісті шара қолданамыз. Талаптарды күшейттік. Тексеріс жүргізіліп жатыр» деп мәлімдеген еді Асхат Аймағамбетов. Жақында мұндай университеттердің қатары тағы бір оқу ордасымен толыққанынан хабардар болдық. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Тексеріс барысында профессорлық-оқытушылық құрамның дұрыс жасақталмағаны, оқу орнының өндірістік практика базаларымен, оқу-әдістемелік құралдар және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмегені, академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60 пайызы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған. Лицензиясынан айырылған университеттер мүлдем назардан тыс қалмақ емес. Бірнеше жоғары оқу орындары біріктіріліп, ел игілігіне жұмыс істей береді, тек дәрежесі сәл төмендейді. «Бір университетті жабу туралы сотқа жүгінгеннен кейін бірнеше университет бізге хабарласып, бірігуге ниеттері бар екенін хабарлады. Біз де бұл мәселені қарастырған едік. ЖОО-лар өз еріктерімен және дербес бірігулері қажет. Мұның мультипликативті әсері бар. Себебі біреулерінде кадр жетіспесе, енді бірінің спорт залы, тағы бірінде жатақхана және басқа да жағдайлары болмауы мүмкін. Ал біріккеннен кейін нақты бір әсерге қол жеткізіледі», – деді Асхат Аймағамбетов. Санды сапаға кері пропорционал десек, қажетсіз білім беретін керексіз университеттердің қысқаруын, әлбетте құптаймыз. Диплом таратумен айналысатын жоғары оқу орындары білім мен ақшаның жауына айналғалы қашан. Ал лицензиясыз қалған жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 15 мыңға жуық студенттің жағдайы тағы бір мәселе. Жыл соңына дейін университетсіз қалған білім алушылар саны арта түсетіні де анық.Студенттер қайтпек?
Бұл мәселе бойынша алаңдауға негіз жоқ екенін Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мәлімдеді. Оқытушылардың жұмысқа орналасуына қатысты да мәселе туындамайтын көрінеді. «Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа жоғары оқу орнына ауысуға рұқсат бердік. Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда, барлық студенттерді басқа оқу орындарына ауыстыру бойынша жұмыс атқарған болатынбыз, яғни мұндай тәжірибе бар. Профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізілетін болады» деп атап өтті комитет төрайымы Гүлзат Көбенова. Аталған мәселелердің шусыз, даусыз шешілгені, әрине қуантады, тек сапасыз сылдыр білім алған студенттердің текке кеткен уақыты мен қажыр-қайратына ішіміз ашиды. Іргетасы нық қаланбаған білімнің оңалып кетуі де екіталай. Басынан бастап бағытынан жаңылған кеме өрге жүзбейтіні бесенеден белгілі. «Балық басынан шіриді», жоғары оқу орындарындағы білімнің берекесіз болуына университет басшылығы ғана кінәлі ме? Ректорларды тағайындау әдісіндегі ауыс-түйістен үміт күтуге бола ма?Сайлау керек пе, таңдау керек пе?
2016 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшыларын тағайындау ережелері өзгертілген болатын. Жаңа ереже бойынша ректор лауазымына үміткерлер іріктеудің негізгі талаптарына толығымен сәйкес келуі тиіс. Талап бойынша үміткер екі кезеңнен тұратын ашық конкурстан өтеді. Әрбір кезеңде үміткер оқу орнын дамытуға бағытталған өз бағдарламасын ұсынуы керек. Ол бағдарламаны жоғары оқу орнының Бақылау кеңесі және конкурс комиссиясы қарайды. Сондай-ақ үміткер мемлекеттік кәсіпорын басшысын аттестаттау туралы ережеге сай болуы тиіс. Осылайша, ректорды тағайындаудың жаңа жүйесі аталған лауазымға қатаң талаптар қою арқылы ЖОО қызметінің сапасын арттырып, сайлаудың ашық және әділ өтуіне ықпал етеді. Бұған дейін университет ректоры Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалатын. Бұрынғы ереже бойынша, үміткер біліктілік сипаттамасының негізінде педагогикалық қызметтегі маман таңдалатын еді. Бұл жүйенің кемшілігі ретінде мерзімі көрсетілмеген келісімшарт жиі аталып жүр. Яғни, ректорлардың басым көпшілігі 2-3 жыл бойы, тіпті одан да ұзақ уақыт лауазымын ауыстырмаған және олардың 40 пайызы зейнеткерлік жасқа жеткен немесе асып кеткен. Өткен жылы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жоғары оқу орындары ректорларын тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша аталған мекемелердің бірінші басшыларын тиісті салаға жетекшілік ететін уәкілетті органдар тағайындайтын болды. Үміткерлер конкурс арқылы іріктеледі. Ректорларды конкурстық негізде тағайындау нәтижесінде қандай артықшылықтарға қол жеткіземіз деген сауалға министр Асхат Аймағам-бетов былай деп жауап берген болатын: «Біріншіден, ашық конкурс. Бұл кезеңде ректор лауазымы кандидатурасы талаптарына сәйкес келетін кез келген адам конкурсқа қатысуға өтініш бере алады. Екіншіден, айқындылық. Барлық кандидаттар тиісті ЖОО-ның Бақылау кеңесінде әңгімелесуден өтеді. Үшіншіден, бағдарламалар сайысы мен бәсекелестік. Төртіншіден, қоғам алдындағы жауапкершілік». Жоғары білім беру сапасының төмендеуіне білім емес, бизнес қуған саны көп университеттер тікелей әсер етіп отырған сияқты. Қазіргі кезде елімізде 131 университет, 781 колледж бар екен. Аз емес. Жұрттан қалмай, әйтеуір бір мамандықты игергенін куәландыратын бір жапырақ қағаз үшін «оқитындар» сондай жоғары оқу орындарының жұмысын дөңгелетіп келген. Білім және ғылым министрлігі жүргізген тазалаулардан кейін табыс көзінен айырылған талай университет басшылары министрге қырын қарап, қарсы команда қалыптастырып жатыр деген пікірлер желдей есті. Десек те, білім жүйесіндегі жаңа реформалардың нәтижесі оң боларына қауым ел үміт артып отыр.Ал әлемде қалай?
Әлемнің бірқатар елдерінде жоғары оқу орнын басқарушыларды әлдеқашан сайлау арқылы тағайындайды. Яғни, бұл анау айтқандай жаңалық емес. Мәселен, көршілес Ресейде бұл әдіс, тіпті патша заманында-ақ болған. 1905 жылы Николай патша бекіткен Жарлық бойынша, жоғары оқу орындарының ректорлары сайлау арқылы тағайындалған. Ал Қазан университетінде ректорлар сайлауы осы Жарлықтан 70 жыл бұрын енгізілген. Ал Түркияда ректорларды министрлік тағайындайды. Үш үміткердің кандидатурасы ұсынылады, олардың ішінен біреуін министрлік ректорлық қызметке тағайындайды. Ал Еуропада ректор таңдаулылар қатарынан болуы керек деген ереже бар. Еуропа елдерінде жоғары оқу орындарының басшыларын тағайындамайды, таңдайды. Мәселен, Оксфорд университетінде ректор сайлауы ең алғаш рет 1230 жылы өткен, содан бері оқу орны дәстүрінен жаңылмаған. Осыған қарап, мүйізі қарағайдай әйгілі университеттердің тәжірибесіне біртіндеп бейімделу жаман жаққа жетелемес деп ойлаймыз. Білім саласына жан-жақты ойластырылған, жүйелі реформа жетіспей тұрғалы қашан. Білімдінің мыңды жығарын қаншама ғасыр бұрын түсінген дамыған елдермен бірден тереземіз тең бола кетеді деу – әрине утопия, әзірге болмасақ та, ұқсап бағудың өзі жақсы жаққа бастайтын алғашқы соқпақ болар деген үмітіміз бар.