816
Нияз Тобыш: Иран қазақтарының жағдайы қиын
Нияз Тобыш: Иран қазақтарының жағдайы қиын
Қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында әулиелі мекен Маңғыстау өңіріне арнайы барып, Иран елінен көшіп келген белгілі аудармашы Нияз Тобышпен Иран қазақтары жайында әңгіме өрбіткен едік.
Нияз Тобыш – 1957 жылы Иран Ислам Республикасының Гонбед-Каус қаласында дүниеге келген. 1995 жылы байырғы атақонысы майлы қиян Маңғыстауға қоныс аударған. Білікті аудармашы. Ағылшын және парсы тілінің маманы. Иран мен Тұран арасындағы рухани алтын көпір деуге де болады. 2005 жылы шығыстың әйгілі туындысы «Тотынама» кітабын көне түрік тілінен аударған. Сонымен қатар шамамен бұдан 8 ғасыр бұрын әлемнің алғашқы жағрафиялық картасын сызып кітап жазған Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның «Жаһан нама» кітабын қазақ және ағылшын тіліне аударған.
– Иран еліне қазақтар қалай барды? Әңгімені осыдан бастасақ...
– Өткен ғасырдың басы, дәлірек айтсақ 1928-1932 жылдар арасында біздің маңғыстаулық адайлардың бір бөлігі әртүрлі себептермен Түрікменстанға қоныс аударды. Түрлі жағдайға байланысты ол жерге де жақсы орналаса алмады. Сол себепті елдің ақсақалдары мен белсенділері бастап, 2 мыңдай отбасы Иранға көшті. Содан бері міне, бір ғасырдың шамасы болды. Қазір қазақтар Гүлстан облысының үш қаласында тұрады. Түрікменстанның шекарасынан ары 70 шақырым жерде Гонбед-Каус деген қала бар. Кешегі 1995 жылдары Отанға оралу кезінде қазақтардың көбі сол Гонбед-Каус қаласынан келді. Сондықтан қазір ол қалада қазақтардың саны аз. Одан 90 шақырым әрі қарай жүрсек, қазіргі Гүлстан облысының орталығы Горган қаласы, одан әрі қарай 45 шақырым жерде Бендер-Түрікпен деген қала бар. Біздің Ақтау секілді теңізге тиіп тұрған қала. Сол жерлерде де қазақтар тұрады. Үш қалада жиыны 5 мыңдай қазақ өмір сүріп жатыр. Олар сол ортаға бейімделді.
Онда барған ағайынның алдынан шыққан қиындықтың бірі – 30 жылдай Иран елінің азаматтығын ала алмауы. Сол себепті білім алуы, мәдениет пен өркениетке ілесуі кештеу болды. Алғашқы оқығандар – Ислам Жеменей, Мұхаммед Ескелді, Қажымәмбет Шадхам қатарлы ағалар.
Олар өзінің еңбегімен сол жерге диаспора болып сіңісті. Қазір Иран елінің түрлі салаларында қызмет етіп жүрген қазақтар көп. Мен де сол ат төбеліндей қазақтың бірімін. 1995 жылы Қазақстанның елшілігі ашылды. Елбасы арнайы іссапармен барғаннан кейін атажұртқа көшуге қамдандық. Қазақстанның Ирандағы ең алғашқы елшісі Мырзатай Жолдасбеков ағамыз болды. Сол кісілердің көмегімен 1995 жылы қазан айында 70 отбасы байырғы атақонысымыз Маңғыстауға көшіп келдік. Бұл жерде де біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Бірақ расын айтқанда, Иран қазақтарының жағдайы қиын. Оның өзіндік себебі бар. Әсіресе, АҚШ пен Иран арасындағы түрлі санкциялардың да кері әсері мол. Ағайын сол қалт-құлт етіп отыр. Ол жерге барған қазақтардың қазір төртінші буын ұрпағы ауысып барады. Қазір Иран елінде шамамен 85 млн адам тұратын болса, оның 60 пайызы – яғни, 45 млн парсылар, ал 40 пайызы – әзербайжан және күрдтер. Ал осы сандармен салыстырғанда, қазақтарды санауға да келмейді. Теңіздің ішіндегі тамшыдай ғана. Сондықтан олар парсы тілінде білім алды, сол тілде сөйледі. Алдыңғы буын кеткеннен кейін, қазақтар өз ана тілінен айырылып бара жатқан жағдайы да жасырын емес.
– Тек тіл ғана емес, жалпы ұлттық болмысынан біршама алшақтап бара жатқандай...
– Иә. Бұл мәселені де кезінде көтердік. Ол жақта біздің консулымыз бар. Ондағы қазақтарға тіл үйретуге байланысты онлайн сабақтар және басқа да түрлі мәдени үйірмелер ашылды. Қазіргі жағдайда «байтал түгіл, бас қайғы» болып отыр. Жұмыссыздық барған сайын белең алды. Қазір ол жерде «қазақ тілін үйренем, қазақ болып қаламын» деген адам шамалы. Көбі күнкөрістің қамымен кетті. Әлбетте, оған да сөгіс жоқ шығар.
– Иран қазақтары кезінде арнайы шақыртумен байырғы атақонысы Маңғыстауға көшіп келді. Бірақ мұнда үй-күйсіз жүрген қандастар әлі де көп екен. Мұның сыры неде?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы әртүрлі жағдаймен тарихи Отаны Қазақстаннан жырақ жүрген қазақтарды елге шақырды. Көші-қон жақсы қолға алынды. Ол кезде Қазақстандағы жағдай қиын болғанымен, елдің пиғылы кең еді. Қазір ел болғанымызға 30 жыл болды, елдің жағдайы едәуір жақсарды. Алайда қазір өз күшімен келіп жатқан Иран қазақтарына мемлекет тарапынан көңіл көншітерлік көмек болмай отыр. Маған анда-санда ағайындар жылап келеді, бірақ менің қолымда ештеңе жоқ, қарапайым мұғаліммін. Тек құжаттарын аударып беруге ғана көмектесе аламын. Басқа ештеңеге жарамай отырмын.
Бұл адамдарға мемлекет тарапынан қолдау болмаса, жеке адам қолдап жарытпайды. 1995 жылдан бастап, алыс шетелден келген қандастарды баспанамен қамту деген бағдарлама жүріп жатты. Ал 2004 жылдан бері әр адамға 1 мың доллар көлемінде квота берді. Қазір бұл көмектер көзден бұлбұл ұшты. Сонымен, өз күшімен келген ағайын осында орналасып қалуға барынша тырысуда. Алайда жағдайы келмеген, шамасы жетпегендер қайтадан Иран еліне кері көшіп жатқан жағдай бар. Мұндай жауапты дүниені жасыруға болмады. Өйткені жоғарыда Ирандағы ағайынның жағдайын айттым. Енді біраз жылда олар парсы не түрікменге жұтылып, жоғалып кету қаупі басым.
– Қазіргі рухани ахуалы қалай?
– Сан көп болмағаннан кейін оның ішінен көп нәрсе шыға қоймайды. 1988 жылы Иран Ислам Республикасының 10 жылдық мерекелік шарасында қазақ жастарының басын қосып, өнер тобын құрып, республикалық сахнаға шығардым. Аздаған өнерпаз домбыра шертіп, ән айтты. Бұл осыдан қырық жыл бұрынғы оқиға...
Шын мәнінде, аздаған топтан мықты өнерпаз, ақын, жазушы, яки спортшы шығады деуге болмайды. Әрине, азды-көпті қалам ұстағандар бар. Бірақ қазір онда жалпы халықтың ахуалы ауыр, соның ішінде біздің қазақтардың да тұрмыс-тіршілігі мәз емес. Сондықтан бұл жерде рухани ахуал жайлы айтудың өзі қиын.
2015 жылы облыстық әкімшіліктің ұйымдастыруымен «Ираннан келген ағайын бізге не берді?» деген есеп беру кездесуін өткіздік. Көші-қон басшылары, Иран елінің осы жердегі елшілігі және зиялы қауымның қатысуымен мәдени шара өтті. Біз өзімізді-өзіміз мақтаған жоқпыз. «Шеттен келген қазақтар қоғамға пайдасы тиді ме, әлде масыл болды ма?» деген мәселені жиналған жұрт айтты. Рас-өтірігін білмеймін, сонда жиналған зиялы қауым «ең құрығанда салт-дәстүріміз келді, халық санын көбейтіп жатырсыздар» дегенді айтты.
Ал мен бұл жағдайға өз көкейімдегі шындықты айтқым келеді. Мәселен, Иран елінен келетін аз ғана қазақтан көп нәрсе күтуге болмайды. Ол жақтан көп ақшамен келетіндер аз.
– Ирандағы қазақтардың діни ахуалы қалай? Онда шииттік бағытты ұстанатын қазақтар бар ма?
– Иран еліндегі қазақтар – түрікмендермен қоян-қолтық араласып отырған ел. ХІ-ХІІ ғасырда ислам дінін қабылдаған ата-бабамыз қандай жолды ұстанса, ондағы қазақтар да сол жолдан айныған жоқ. Исламның сүнниттік бағыты, соның ішінде Имам Ағзам Әбу-Ханифаның мазһабын ұстанады. Жүз жылдан бері сол бағытта. Демек, Иран еліндегі шииттік бағыт оларға әсер еткен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ондағы қазақтар дәл қазіргі ҚМДБ-ның бағытымен бірдей.
– Ондағы ағайындар осы жақтың жазуын тани ма? Білмесе оны үйрететін орталықтар бар ма?
– Иран еліндегі қазақтар тек парсыша ғана хат таниды. Сондықтан кириллица әліпбиін білетіндер бірен-саран. Біз алғаш көшіп келген кезде облыстық білім басқармасы және қалалық білім басқармасының мамандары Иран елінен келген қазақтарға қазіргі қолданыстағы кириллица әліпбиін үйрететін тегін курстар арқылы көмектесіп тұрды. Соңғы кезде ол да жоғалды. Жастар, әсіресе мектеп жасындағы оқушылар әліпбиді тез үйреніп кетеді. Ал жалпы жұрт жаңа көшіп келген кезде көшенің атауын оқи алмауы қиын. Сондықтан ондай орталықтар қажет.
– Өзіңіз қазір немен айналысып жүрсіз?
– 1975-1979 жылдары Тегеран университетінде ағылшын тілі факультетін бітірдім. 40 жылдан бері ағылшын тілінің мұғалімімін. Иранда жүргенде 15 жыл ағылшын тілінен сабақ бердім. Қазақстанға келгелі 25 жыл ағылшын-парсы тілі пәнінен сабақ беріп келемін. Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы консулының тікелей қатысуымен Ш.Есенов университетінде «Парсы тілі кабинеті» ашылды. Негізгі мақсат – «Халықаралық қатынастар» саласындағы студенттерге парсы тілін үйрету. Аталмыш кабинетте ағылшын және парсы тілінен сабақ бердім.
2004-2005 жылдан бастап қолыма қалам алдым. Ағылшын және парсы тілі пәні және тарихи дүниелермен қатар аудармаларды қосқанда он шақты том еңбек жаздым. Иран елінің Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен қазақ-парсы тілдерінің 2 томдық академиялық сөздігін жазып шықтық.
Ал енді өз шығармашылығымдағы шедеврлерімнің бірі – шамамен бұдан 8 ғасыр бұрын әлемнің алғашқы жағрафиялық картасын сызып кітап жазған Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның «Жаһан нама» кітабын қазақ және ағылшын тіліне аудардым. «Жаһан нама» еңбегі парсыларға моңғолдардың шапқыншылығынан он жыл бұрын жазылған. Әлемнің алғашқы географиялық кітабы. Әуелі қазақша аудардым. 2012 жылы грант жеңіп алып, ағылшын тіліне аудардым. Жетекші ұстазым – шығыстанушы-арабтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Болат Көмеков болды. Ол кісі орыс тіліне аударды.
2018 жылы тамызда Каспий теңізінің құқықтық мәселелеріне байланысты Ақтау саммиті өтті. Оған Каспий жағалауындағы 5 елдің президенті қатысты. Сол келген 5 президентке мен аударған «Жаһан нама» еңбегім сыйлық ретінде тартылды. Жағрафиялық жағдайды талқылауға келген президенттерге 8 ғасыр бұрынғы әлем картасы жайлы еңбекті ұсынудың да өзіндік мәні бар...
Осыдан 8 ғасыр бұрын парсы тілінде жазылған әлемнің алғашқы географиялық еңбегі ешбір тілге аударылған жоқ болатын. Оны тіптен Еуропа да аударған жоқ.
Бір адамның түрткі болуымен, осыдан 20 жыл бұрын Ираннан («Тазкират аль Авлия» немесе «әулиелер шежіресі» деген) кітап алып келген едім. Ол шамамен 8-9 ғасыр бұрын өмір сүрген Шейх Фарисаддин Аттар Нишапури деген ғұлама ғалымның еңбегі. Онда 97 әулиенің айтқан ғибратты сөзі, өнегелі ісі жазылған. Барлығы 810 бет. Күн сайын 2 беттен аударсам, 400-дей күнде еңсеріп шығамын. Алла бұйыртса!
– Әңгімеңізге рақмет!
https://www.youtube.com/watch?v=hXF3zhDxK70&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly
Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР
Фото+видео Нұржан ТҰРҒЫМБАЙ