ЮНЕСКО-да жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы: Қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді

ЮНЕСКО-да жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы: Қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді

ЮНЕСКО-да жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы: Қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді
ашық дереккөзі
50893
Дана Зияшева – ЮНЕСКО ұйы­мы­на жұмысқа қабылданған тұң­ғыш қазақ қызы. Білім, ғылым және мә­дениет салалары бойынша күллі әлем­ге гуманитарлық көмек жеткізетін атал­ған ұйымда 20 жылдай қызмет еткен ол Ирак, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Америка елдерінде азшылық топтардың жоғын түгендеп, кемтігін тол­тырған білікті қызметкер болған, тіп­ті ақпарат және коммуникация жө­ніндегі кеңесші лауазымына дейін кө­терілген. Қандасымыз бұл жұмыстан өз ер­кімен кетіп, 6 жылдан бері режиссерлік қызметпен айналысып келеді. Қа­зіргі таңда Лос-Анджелесте тұрып жат­қан Данамен арнайы хабарласып, сұх­баттасқан едік.  width= – Дана, ЮНЕСКО ұйымында 20 жыл жұ­мыс істеп, кейін режиссерлікке бет бұ­рып, Лос-Анджелеске қалай көшкеніңізді сөз етпес бұрын, алдымен Қазақстандағы журналистік қызметіңіз туралы сұрағым келіп отыр. ҚазҰУ-дың журналистика фа­культетін тәмамдаған соң, қандай отандық БАҚ-та жұмыс істедіңіз? – Негізі, мен жұмысқа 2 курстан бастап ара­ластым. Десек те, бірінші курстың соңында өндірістік тәжірибе бойынша Өскеменге барып, онда аймақтық радиостанцияда жұмыс істегенімді еш ұмытпаймын. Сол уақытта Зайсанда сегіз баллдық жер сілкінісі болған, алғаш рет сол оқиға туралы жазғаным әлі есімде. Студент кезімде «Икс Б» студиясында режиссердің көмекшісі болдым. Мұнда жүріп, 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Один час с Президентом» атты фильм түсірдік. Аталған фильмді әзірлеу барысында Елбасының өзімен бір­неше рет кездестім, сонымен қатар Асқар Ақаев, Олжас Сүлейменов секілді қайраткер­лер­мен сұхбаттастым. Жалпы, бұл уақытты кә­сіби мансабымдағы ең маңызды кезеңдердің бірі дер едім. Отандық БАҚ-ты сұрасаңыз, КТК телеарнасының таңғы жаңалықтар бөлімінде, кейін қылмыстық хроника туралы мәлімет тарататын бағдарламада жұмыс істедім, сон­дай-ақ қазақ басылымдарына шолу жасадым. Кейін Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне ауыстым, себебі ЮНЕСКО-ға жұмысқа тұруыма байланысты, ол жердегілер жақыннан тану мақсатында менің сонда жұмыс істеуімді талап етті. Оның үстіне, сол жылдары аталған ұйымға қызмет етуге бара жатқан Орта Азияның алғашқы өкілі болдым, сол себепті мені онда жай жібере салмай, алдымен жіті назарда ұстап, біліктілігімді тексерді. – Ел экономикасы шатқаяқтап тұр­ған 90-жылдардың басында ЮНЕСКО-ның Париждегі кеңсесіне жұмысқа ор­на­ластыңыз. Сол кездері елде қазіргідей емес, ағылшын тілін білетіндер кемде-ке­м екенін ескерсек, мұндай мүмкіндікке қа­лайша қол жеткіздіңіз? – Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң, елге келетін шетелдіктердің қарасы кө­бей­ді. Көбі ағылшын тілін білмейді, ал мен же­тік білмесем де, аз-маз түсінетін санаулы адам­­ның бірі болдым. Сондықтан шетел­дік­тер­дің қатысуымен өтетін шараларға бірдеңе ши­майлап келу үшін мені арнайы жіберетін. Мектепте оқи жүріп, ағылшын тілін өз бетіммен үйреніп жүрдім. Сөйтіп, 1992 жылы Ал­ма­тыда ЮНЕСКО шеңберінде тәуелсіз плюралистік БАҚ бойынша аймақтық азиялық се­минар өтті. Оған қайтсем де қатысуым ке­рек деп онда барудың жолдарын қарас­тыр­дым. Ақырында, сессия қатысушыларына кө­мектесетін клерк, яғни микрофон тасушы қыз­метіне орналасып алдым. Содан бір па-не­ль­­­­дік сессияда жас журналистерді әзірлеу мә­селесі сөз етілді.  Маған да қатысы болған соң, өз ойымды білдіру үшін микрофонды ұстап тұрған күйі қолымды көтердім. Сол кез­де сессияны жүргізіп отырған ЮНЕСКО өкіл­дері мен профессорлардың аң-таң бол­ғанын көрсеңіз ғой (күліп). Жұмыс барысында жаңалықты әзірлеуде ескі құрылғыларды қолданып, әбден әлекке түсетінбіз. Сол сессияда мұны тілге тиек етіп, жас журна­лис­тер­дің жұмысына кедергі келтіретін біраз нәр­селер мен өз ұсыныстарымды ортаға жайып сал­дым. Отырғандардың барлығына ұнаған болуы керек, сөзімді аяқтаған соң, ду қол ша­палақтады. Сосын мұндай халықаралық маңызы бар шаралар мен жобаларға қатысып, бір­неше жыл бойы ақша жинадым. Сөйтіп, сол қаражатыма Еуропаға саяхаттап, оның ішін­де Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның штаб-кеңсесіне тікелей бардым. Әлгінде Алматыда мені есіне сақтап қал­ған ұйым өкілдері танып, ЮНЕСКО ая­сын­да жас кәсіби мамандар бағдарламасына қа­былдау жүргізіп жатқанын, ол үшін сұх­баттасудан өту керек екенін түсіндірді. Қа­ра­сам, оған қатысу үшін әлемнің көптеген елі­нен келген жастар бір ай көлемінде арнайы дайындалып жүр екен. Ал мен ой­ла­ма­ған жерден келіп, құжат тапсырып, сұх­баттасу кезеңінен сәтті өтіп, ақырында жұ­мыс­қа қабылдандым. Қазір қарап отырсам, Еу­ропаға дер кезінде, дәл қажет уақытта барып­пын.  width= – Париждегі штаб-кеңседе бірнеше жыл жұмыс істеген соң, Иракқа қыз­мет­ке ауысыпсыз. Онда баруға өзіңіз сұран­дыңыз ба, әлде талап пен тәртіпке бағы­нып, сол мемлекетке баруға мәжбүр бол­дыңыз ба? – Негізі, Париждегі кеңседе білім, мә­де­ниет, ғылым, ақпарат және коммуникация са­ласындағы идеялар бойынша жұмыс істеу мен үшін таптырмас тәжірибе болды. Бұдан бө­лек, дипломатиялық келіссөздерге қаты­сып, біліктілігімді арттырдым. Біздің кеңсеге түрлі елдің патшалары мен президенттері келетін. Президент демекші, бірде Нұрсұлтан Назарбаев Парижге келгенде басшыларым «Ара­мызда жұмыс істейтін тұңғыш қазақ қы­зы бар» деп мені айтыпты. Сосын ол кісі ме­ні арнайы кездесуге шақыр­ды, сөйтіп сол жиын­да ЮНЕСКО-ға жұмысқа орналасуыммен құттықтап, жы­лы лебізін білдірді. Ел­ба­сыға бұл бірінші кездесуіміз емес, оған дейін жо­ғарыда айтып өткен фильмді әзір­леу барысында жо­лық­қанымызды айтқанымда, есіне түсі­ріп, атқарған жұ­мысымды мақтап, өзі­нің жоғары бағасын берді. Кейін 1999 жы­лы Париж­дегі басшылыққа келіп, мұнда жет­кілікті уақыт ең­бек еткенімді айтып, жаңа тә­жірибе жинақтау мақсатында қызмет бабымен тұрмысы төмен ай­мақтарға жіберуін өтіндім. Негізі, бастапқыда Конго мемле­кетіне барғым кел­ген, себебі сол уақыт­та бұл елде соғыс болып жат­қан болатын, сондық­тан он­­да жағдайы жоқ ба­лаларға білім беру ісіне кө­мектескім келді. Алайда мені Конгоға емес, ЮНЕСКО-ның арнайы бағдар­ла­масы бойынша жұмыс істеу үшін Ирак еліне, соның ішінде Солтүстік Күр­дістанға жіберді. Қауіпті аймақ са­налса да, мен онда жемісті жұ­мыс істеп, бірер жылдан соң, Шығыс Азия бойынша ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесші қызметіне жо­ғары­лап, ақырында Бейжіңге жұ­мысқа ауыстым. Онда ЮНЕСКО шең­берін­де Оңтүстік Корея, Сол­түстік Корея, Моңғолия және Қытай елдерінде жүргі­зілетін жобаларға жауапты болдым. Соның ішінде жұмыс бабымен Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесіндегі қазақтарға жиі баратынмын, онда мені екінің бірі танитын, әр бар­ған сайын өз үйіме барғандай сезіне­тінмін. Жалпы, Моңғо­лиядағы басты мінде­тім – азшылық топтар шоғырланған жерге те­ле­визиялық станция орнату болды. Бұл игі іс­ке өмі­рім­нің 5 жылын арнадым. Шынымды айт­сам, Баян-Өлгей­дегі атқарған жұмысым­ды мақ­тан тұтамын. Әсіресе, авст­ралиялық ма­ман­ды ертіп алып, екеуміздің телерадиостанция орнатуға қолайлы жер іздеу үшін дала кезгенімізді еш ұмыта қой­мас­пын (күліп). Ең үлкен жетістік деп сол өлкеде 1964 жылдан бері тұрған ескі станцияны бұзып, оның ор­нына жаңа спутниктік станция орнатқа­ны­мызды айта аламын. Бұдан бөлек, әр келген сайын ол жердегі балаларға қазақ тілінде кітаптар әкеліп тарататынмын. Мұнымен қоса, жазуға икемі бар студенттерді ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде бір-екі семестрге оқуға жіберуге келістік. Сосын сон­да тұрып жатқан қандастарымыз­дың қа­зақ тілінде кітап немесе басылым шы­ғаруға мүм­кіндігі жоқ екенін ескеріп, әріп­­тестері­мізбен бірге баспа станоктар тарат­тық. Ал жергілікті телеарна ашу жұмы­сы қомақты қаражатты талап ететіні белгілі, мұны ашу­дың қажеттілігін дәлелдеу үшін арнайы зерт­теу жүргіздік, жан-жаққа жа­рияла­дық. Баян-Өлгейдегі белсенділер мен Қазақстандағы зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, мә­се­ле көтердік, осылайша бір телеарнаның ашылуына мұрындық болдық. Негізі, тек Баян-Өлгей қазақтары емес, Қы­тайда жүр­генде Шыңжаңдағы қазақтарға да гумани­тарлық көмек көрсетуге атсалысқым келген, десек те оларға сол күйі жете алмадым.  width= – Қытайдан кейін, Орталық Америка бойын­ша ақпарат және коммуникация жө­ніндегі кеңесші қызметіне ауысып, Коста-Рика Республикасына тұрақтап­сыз. Десе де, дәл осы жұмыстан кейін өзі­ңіз көп жыл қатарынан еңбек еткен ЮНЕСКО ұйымындағы қызметіңізден босауды ұйғарыпсыз. Неге? – Иә, ЮНЕСКО қызметкері ретінде соңғы жұ­мыс істеген жерім Орталық Америка болды. Негізі, бас кеңсеміз Коста-Рикада орна­лас­қ­анымен, апта сайын Орталық Америкаға қа­расты әр­түрлі ел­дерге іс­са­пармен шы­ғып жүрдік. Бастапқыда мұн­­дағы мінде­тім журналис­те­­р­дің қауіпсіздігіне баса мән берумен байланысты болды. Сол уақытта Гондурас пен Мексика жур­на­листерінің арасында өлім-жітім көрсеткіші жоғары болатын. Бұдан бөлек, Латын Америкасын­дағы ең кедей мемлекет саналатын Никарагуаның бірнеше аймағына телера­диорталықтар мен кітапханалар аштық. Жалпы, ЮНЕСКО-да 20 жыл­дан астам уақыт жұмыс істеп, түрлі ұлт өкіл­дерімен ара­ласқандағы ұққаным – «біз – қа­зақпыз, ешкімге ұқсамаймыз», я болмаса «біз – ағылшынбыз, біздің жөніміз бөлек» деп астамсудың қажеті жоқ екен. Түрлі тілде сөйлеп, түрлі дін­ді ұстанғанымен, барлық адам бірдей, бәрінің психологиялық құры­лымы бір. Сізге тағы бір қызық айтайын, Па­нама арал­дары мен Колумбияның арасында орналасқан аралдар мен архипелагтарға гуманитарлық көмек көрсетуге бара жатқанда, өзімді шалғайда жатқан қазақы ауылға бара жатқандай сезінетінмін. Біз жақ­та ауылға кірсең, алдымен үлкендердің сәле­мін алып, хал-жағдайын сұрайсың ғой, әрі он­да құр қол бармайсың, міндетті түрде бір­деңе апаруың керек. Сол секілді мен де әлгі аралдарда тұрып жатқан үлкен қарттардың сәлемін алып, құрмет көрсетіп, әртүрлі сый­лық апаратынмын. Қариялардан «Сіздерде ауа райы жақсы екен! Сіз бүгін қанша балық ауладыңыз?» деп көңілін тауып, ізінше кел­гендегі мақсатымды, жобаның маңызын тү­сіндіретінмін. Әлемнің қай бұрышында жүрсеңіз де, алдымен дәстүрлі құндылық­тар­ды ескеріп, лайықты мінез-құлық танытып, құрмет көрсетсеңіз болғаны, кез келген адам­ның көңілін жібітіп, өзіңізге баурай ала­сыз. Ал, дәл осы елге келгенде ЮНЕСКО-дағы бе­­делді жұ­мы­сым­нан қа­лайша шы­ғып кет­ке­­німді сұра­саңыз, онда жүргенде небір қауіпті аймақ­тарға барып, ақы­рында ауру жұқ­тырып алдым. Сосын осы шап­қылағаным да жетер деп, талай жыл аянбай еңбек еткен жаныма ыстық аталған ұйымдағы қызметім­мен қош айтысуды жөн көрдім. Оның үстіне, сол кездері сценарий жазумен айналысып, Қы­тайдың өткені мен бүгінін байланыстыратын «Періште айдаһар» атты ертегіні жазуға тап­сырыс алғанмын.  width= – Сценарий демекші, әңгімеміздің ауа­нын шығармашылығыңызға бұрсақ. Режиссерліктен бұрын, Францияда жүр­геніңізде бастап жазған «Шок» атты ро­ма­ныңыз араға 12 жыл салып, 2016 жы­­лы жарыққа шыққанымен, бір жыл­дан соң, сатылымнан алынып тасталыпты. Неліктен? – Негізі, бұл романда француз ұлт­шы­лы­ның өмірі баяндалған. Ал Францияда мұндай ро­мандардың таралуына кедергілер көп. Бас­тапқыда өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс бол­ған кейіпкер туралы газеттен оқыған бо­латынмын. Сосын оның өміріне қызығып, кі­тап күйінде жазып шығаруды жөн санадым. Ро­ман кейіпкері Мьянмадағы  азшылық топ­тар, соның ішінде карен тайпасына кө­мек­тесіп, барын аямаған жан. Тек көпшілік оның та­мақ жоқтықтан каннибализммен айналыс­қанын алға тартып, мұны жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдап жүр. Десе де, бұл олар ой­ла­ғандай емес, оның жағымды сипаты басы­мырақ. Оқырманға мұны түсіндіру мақ­сатын­да карен тайпасының әйелі секілді киініп алып, Таиланд пен Бирманың шекара­сын өтіп, сол аймаққа әдейі бардым. Аталған кейіпкерге қатысты жұм­бақ жайттардың ара­жігін ажырату үшін оны 11 жыл бойы зерт­­тедім, десек те француздар мұ­ның байыбына барғысы жоқ. Сонша уақыт еңбек­теніп жаз­ған туындымның сатылымнан алынып тасталға­ны өкінішті.  width= – Жоғарыда айтып өт­кендей, жұ­мыс ба­бымен Коста-Рикада жүр­ге­ніңізде жер­гі­лікті жұрт­шы­­лыққа гума­ни­тарлық кө­мек көрсетіп қа­на қоймай, со­­ны­мен қа­тар олар жайын­­­да ки­­но тү­сіру идеясын іске асыруды көздепсіз. Осы ретте «Өмір қорғау­шылары» атты төл туын­дыңыздың тарихы туралы бірер сөз айта отырсаңыз. – Байқасаңыз, түрлі елге саяхаттайтын немесе жұмыс істейтін адамдар видеоға өз­дерін түсіріп, өздерін танытқысы келеді. Ал ме­нің ұстанымым басқаша. Мен тым қара­пайым адаммын (күліп). Экранда көрсе­тетін­дей өзімді қызықты адаммын деп есептемеймін. Сол себепті фильм арқылы өзімді емес, өз көзқарасымды танытуды жөн санаймын. Киноиндустрияға енді қадам басып жатқан мен бастапқы деңгейдегі режиссермін. Кино әлеміндегі тырнақалды туындымның тарихын сұрасаңыз, Коста-Рикада қызметте жүр­генімде набэ тайпасының әйелдеріне қатыс­ты жоба жасадым. Бұл әйелдер сөйлеуге жас­қанады, мысы басылып қалған. Осылайша, оларға жан бітіру мақсатында қолдарына микрофон беріп: «Сөйле! Осы аймақтағы ая­нышты өміріңді баянда, қандай мәселең бар, не айтқың келеді? Қысылмай, айт» деп қолқалағанмын. Бұған қоса, мен де олар секілді ұзын киім киетінмін, әрі бет-әлпетіміз де ұқсас. Бір қарағанда олар қазақтарға ұқ­сай­ды. Оған қоса, оларды компьютер, теледи­дар­мен қамтамасыз етумен айналысқанбыз, сөйтіп жүргенде жақсы байланыс орнаттық. Сөйтіп, бір күні олардың рұқсатымен кино түсіру идеясы туындады. «Өмір қорғау­шы­лары» киносын түсірмес бұрын, аталған аймақтың тыныс-тіршілігін зерттедім, отбасым­мен бірге бірнеше апта ранчода тұрдық. Түсірілім барысында небір қауіпті әрекеттерге барып, тіпті түннің ішінде жыландарды қуып, әбден әлекке түскеніміз бар. Дегенмен қиыншылықпен түсірілген бұл фильм әлемнің 80 елінде көрсетіліп, Бразилия, Индонезия, Нью-Йорк және Лос-Анджелестегі фестивальде жүлдеге ілікті.  width= – Жуырда Мәскеуде өткен кинофести­вальде Greatland атты екінші туын­дыңыз көрсетілді. Қазіргі таңда карантин себебінен аталған киноңыздың көпшілік назарына қашан ұсынылатыны белгісіз болғандықтан, мұның идеясы неде екенін айта отырсаңыз? – Бұл – саяси өмірге көзқарас есебінен туын­­­даған дүние. Байқап қарасам, Америкада болып жатқан абсурд театры секілді, адам­дар жақсы идея үшін күресетін секілді кө­ріне­ді, алайда айналып келгенде тота­ли­тарлық тәсілді қолданады. Саяси өмірге қа­тыс­ты өз алаңдаушылығымды кино арқылы жет­кізгім келіп, нәтижесінде өзін ұлы деп есептейтін, еш өлмейтін, тек әділдікті жақтайтын адамдардан құралған орта қа­лыптастырдым. Сондай-ақ мұнда жауыздар империясының өкілдері әділдікті ту еткен адамдардың көзін жою үшін вирус таратқысы келеді. Айта кетерлік жайт, бұл киноны 2017 жылы түсіргенмін. Сосын ойдан құрастырыл­ған бұл оқиғамызды биыл дүниежүзінің дегбірін қашырған індетпен байланыстырып, тизер арқылы Америка жұртшылығының қызығушылығын тудырттық. Мәскеудегі көрермен мұны жақсы түсінер деп ойладық, десек те оларға мұндай көпдеңгейлі киноны байы­бына барып түсіну қиынға соғып жат­қан секілді. Сырт көзге сылдыр сөз көрін­генімен, тереңіне үңілсеңіз, мұнда үлкен бір идея жатыр. Осы тұста айта кетерлік жайт, қазақстандық дистрибьюторлар бірінші ки­нома қызығушылық танытпаған, енді екінші туындыма да назар салмайын деп отыр. Қазіргі таңда киноны көрсету құқығына аме­рикалықтар таласып жатыр. Ал олар мұны сатып алған соң, біраз уақыттан кейін ресейлік немесе қазақстандық компанияға сатуды көздейді. Қазақстанның тумасымын, осында өсіп-өнгенмін, неге менің шығармашылығыма көңіл бөлмеске? Жалпы, біздің елде киноның сапасына емес, сенің кім екеніңе қарайды. Бәлкім, маған да Димаш Құдайберген секілді сыртқа шығып, сенсация жасап, сосын барып қана өзімді мойындатуым керек шығар. Әйтпесе, жерлестерімнен «Мынау біздің отан­дасымыз, шығармашылық жолын жаңадан бастап жатқан режиссер, наси­хаттайық, көмектесейік» дегенді естімедім. Шетте жүр­сем де, Қазақстанды ұмытқан емеспін. Алма­тының тумасы болсам да, ата-әжем саналы ғұ­мырын өткізген Орал өңірін жаныма жа­қын тартамын. Жалпы, алдағы уақытта «Ви­кингтер» секілді, қазақ тарихына қатысты ки­но түсіргім келеді, себебі өзім тарихқа әуес­пін, әрі біздің құн­дылық­тарды сипаттайтын әдемі туынды жасағым келеді.  width= – Әлеуметтік желідегі жаз­баңыз­дан Greatland-қа ұлыңыз Ар­ман­ның түс­кенін білдік. Ұлыңыз­дың жастайынан кино саласына бет бұр­ғаны ғой, демек? – Иә, Арман бес жастан бастап ки­­ноға тү­се бастады. Қытайда «Кунг Фу Хиро» ки­но­кар­тина­сына, өзім түсірген «Өмір қор­ғау­шылары» киносына түсті. Америкаға келген соң да, үш бірдей фильмге түсіп, жас та болса да, бар өне­рін көр­се­тіп, көпшіліктің көңілінен шы­ғып жүр. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары