398
Қырғыздар тағы толқыды
Қырғыздар тағы толқыды
4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өтті. Кешкі сағат 20.00-ден кейін сайлаудың алдын ала қорытындысы мәлім болды. Сайлау биометрикалық төлқұжаттарды тіркеу арқылы электрондық жүйемен өткендіктен, нәтижені дереу-ақ білуге мүмкіндік туды. Сайлау нәтижесін жариялау сол сәтте онлайн беріліп тұрғандықтан, елдің бәрі үйлерінде отырып-ақ теледидардан, қол телефондарынан Орталық сайлау комиссиясының мәлімет орталығында (бұл үшін Бішкектегі бес жұлдызды «Хаят» қонақүйінің кең залы таңдап алынған) таблодағы цифрлардың тынымсыз көбейіп жатқанын көріп отырды. Сайлауға түскен 16 партияның төртеуі 7 пайыздық межені бағындырған. Олар: «Бірімдік» партиясы – 46, «Мекенім Қырғызстан» партиясы – 45, «Қырғызстан» партиясы – 16, «Бүтін Қырғызстан» партиясы – 13 депутаттық мандатқа ие болды.
«Бүтін Қырғызстан» – оппозициялық партия. Лидері белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Адахан Мадумаров. Саяси сахнаға он шақты жыл бұрын келіп, өлкеде болып жатқан оқиғаларға өзінің көзқарасын білдіріп жүр. Алдыңғы 2 партия осы сайлау қарсаңында әзірленіп, соңғы 1 жылдың көлемінде құрылған. Сайлау науқаны қарсаңында халық тани бастады. «Республика» да жас партия. Осы алдыңғы үш партияның билік тарапынан екенін елдің бәрі біледі. Таблоны көріп, 30 жылдан бері саяси істерге ат салысып жүрген «Атамекен» партиясының мүшелері «аһ» ұрып қалса керек. Оның лидері – Өмірбек Текебаев. Қазіргі қолданыстағы Конституцияның «атасы».
Сонымен, сол 4 қазан күні түнде-ақ сайлаудың алдын ала қорытындысы қалың жұрттың наразылығын тудырды. Тіпті, кешкі сағат 21.00-ден кейін социал-демократтар партиясының бірнеше өкілі транспорант көтеріп, Президент пен Жоғарғы Кеңес ғимаратының (Ақ үй) алдына барып митинг жасайтынын жария етті. Сол түні Парламентке өтпей қалған партияның өкілдері ертеңіне қарсылық шеруіне шығатынын интернет арқылы елге жариялады.
Айтқандай-ақ, 5 қазанда Бішкектің орталық алаңында «Социал-демократтар», «Мекеншіл», «Чоң қазат», «Реформа», «Мекен Ынтымағы», «Бір Бол», «Республика» және «Атамекен» партиялары сайлаудың алдын ала шығарылған қорытындысын жоққа шығаруды, сайлауды қайтадан өткізуді талап етті. Бұл бейбіт митингі болатын. Бірақ шерушілердің бір бөлігі түнге дейін тарқамай қойды. Кейбір мүдделі топтар тыныштық митингін өз мақсатына пайдаланып, құқық қорғау қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан, түнгі сағат 3-те Ақ үйді басып алды. Ақ үй отқа оранды. Шерушілердің бір тобы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратына шабуыл жасап, тергеу изоляторында жатқан бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевпен қатар бір топ адамды босатып алды. Ақ үй алынған соң, ұлттық қауіпсіздік қызметі шерушілердің алдында тізе бүкті. Сондай-ақ шерушілердің басқа топтары түрмеде жатқан белгілі саяси қайраткер Садыр Жапаровты да алып шықты. Бұл істердің бәрін таң атқанша атқарып үлгерді.
6 қазанда күн сәскеге көтерілгеннен бастап орталық алаңда шеру қайта күш алды. Бұл жолы тізгінді жастар қолға алды. Олар «Жастарға жол» және «Әйелдерге жол» ұранын көтеріп шықты. Негізгі талабы – жастарды мемлекеттік басқаруға тарту және «Люстрация заңын» қабыл алу қажеттігі. Шерушілердің бір бөлігі тағы да тарқамай, Жоғарғы Кеңестің жасырын жиыны болып жатқан «Достық» қонақүйіне барып, «Садыр Жапаров шығып бізбен сөйлессін» деп, түн жарымына дейін ол жерден кеткен жоқ. Садыр Жапаров бұл кезде «5 канал» телеарнасына сұхбат беріп жатқан. Осы қонақүйде Жоғарғы Кеңестің депутаттарының бір бөлігі жиналыс жасап, Жоғарғы Кеңестің төрағасы Дастанбек Жұмабековтің және премьер-министр Кубатбек Бороновтың өз ықтиярымен қызметінен босатуды өтінген өтінішіне байланысты спикерлік қызметке Мықтыбек Абылдаевты, үкімет басшылығына Садыр Жапаровты тағайындаған. Жиналысты басқа жақта өткізген Жоғарғы Кеңестің депутаттарының екінші бөлігі бұл тағайындауды мақұлдамады. Олар Үйлесім кеңесін құрып, төрағалығына Парламентке өтуге тиіс болған «Бүтін Қырғызстанның» лидері Адахан Мадумаровты сайлады. Мақсаты – «Елдік Үкімет» құру.
Сонымен, қазіргі кездегі легитимді биліктің бір бұтағы болып тұрған Жоғарғы Кеңес депутаттары ымыраға келе алмай отыр. Екінші бұтағы – Президент. Олар бір рет үндеу жариялап, бір рет теледидарға сұхбат бергеннен басқаға шамасы жетпей, оқиғаның аңысын аңдып отыр.
7 қазанда орталық алаңда митинг қайта жалғасты. Бұл күнгі ұран «Люстрация заңын» қабылдау, Президентті отставкаға кетіру болды. Сондай-ақ олар Садыр Жапаровтың премьер-министр болғанына наразылықтарын білдірді.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Бішкек