Мінсіз министр қайда бар немесе вирустан жеңілген Біртанов

Мінсіз министр қайда бар немесе вирустан жеңілген Біртанов

Мінсіз министр қайда бар немесе вирустан жеңілген Біртанов
ашық дереккөзі
185
Пандемия әлем елдерінің медицинасы мен экономикасын ғана емес, саяси жүйесін де сынға ал­ды. Биліктің әр буынының осы күнге дейін атқарған істерінің салмағы тара­зыға тартылды, сапасы сарапқа түсті. Жұмысының кем-кетігі көзге ұрғандар қызметінен кетті. Солардың бірі, бірі ға­на емес-ау, бірегейі – Елжан Біртанов. Індетпен күресіп жүріп өзі де ке­сірлі кеселді жұқтырып алған экс-министр сол бойы жұмысына оралмады. Өз сөзіне сүйенсек, дерті асқынып, жауапты міндетін әрі қарай арқалап жүруге денсаулығы жарамады. Ал сарапшылар елдегі індетті ауыздықтауға, шатқаяқтаған денсаулық сақтау жүйе­сін аяқтан тік тұрғызуға Е.Біртановтың кәсіби қарым-қабілеті  жетпеді дегенді айтып жүр. Қалай болған күнде де, ем қабылдаймын деп ел назарынан таса болған Елжан Амантайұлы содан бері билікті маңайламады. 11 мамырда елімізде төтенше жағдай ре­жимі аяқталғаннан кейін коронавирус өршіп, ауруханалар науқастарға лық толған шақты жұрт  ұмыта қоймас. Қалай ұмытсын, кесірлі кесел біреудің ата-анасын жалмаса, енді біреуді бауырынан, баласынан, жарынан айырды. Дертіне шипа іздеген ел ішерге дәрі таппай сенделді. Індеттің адуыны артып, ауыздыққа көнбей кеткен сол сәтте Үкіметті шұғыл жинап кеңес өткізген Мем­ле­кет басшысы бұл жағдай «бірқатар ме­мор­гандардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты» екенін айтқан еді. Пре­зи­денттің сөзінше, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі орталық және жергілікті билік ор­гандарының жұмысын үйлестіре алмаған. «Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті бол­ғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы экс-министр жіберген тағы бір кемшілікті атады. «Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте бере­міз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдіс­те­меден бас тарттық. Міне, осындай әре­кеттер халық арасында күмән туғызады» деген еді Қазақстан Президенті. Сол кезде Президенттің бұл сөзін Елжан Біртановтың соңғы 3,5 жыл­дық жұмысына берілген баға деп тәпсірлеп, экс-министрдің отандық медицинаны түлетуге сіңірген бар еңбегін жоққа шы­ғару­ға тырысқандар да болды. Алайда бұрын-соңды естіп-білмеген індетке әлемнің ешбір елі дайын болмағанын, онымен күресудің тиім­ді жолын тапқанша мемлекеттердің бәрі қателік жібергенін, індет Еуропаның ең қуатты елдерінің өзін есеңгіреткенін ұмытпаған жөн. Сондықтан кінәнің бәрін Бір­тановқа үйіп-төгуге асықпай, оның ел ме­­дицинасының тізгінін ұстаған 3,5 жылда не істегенін, не істей алмағанын таразылап көрелік.

Цифрландырылған саланың сықпыты

Елжан Біртанов министр портфелін ұстамас бұрын 2015 жылдың қара­ша­сынан 2017 жылдың қаңтарына дейін вице-министр қызметін атқарды. Оның 2008-2010 жылдары да Денсаулық сақтау ми­нистрінің орынбасары болғанын көп­шілік осы күні ұмытқан болар. Мұны оқыр­ман есіне салудағы мақсат – Елжан Аман­тайұлының саланы басқаруда тәжірибесі жеткілікті екенін назарсыз қалдырмау. Ол бұрынғы министрлердің үлгі болар бастамалары мен мүлт кеткен тұстарын көңілге то­қып жүрді. Сала басшылығына келген ал­ғашқы сәттен бастап отандық медицинаны жаппай цифрландыруға ден қойғаны соның дәлелі. Ауруханалар қажетті техникамен жабдықталып, медициналық жүйе­лер іске қосылды. Халыққа ыңғайлы болу үшін әр өңірге арнап мобильді қосымшалар әзірленді. Біраздан уәде етілген электронды денсаулық паспорты толтырыла бастады. Министрліктің дерегінше, Біртановтың бастамасымен жүзеге асырылған бұл істерге ДДСҰ мен БҰҰ-ның мамандары оң баға­сын берген. Әріптесінің жұмысын бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұ­ма­ғалиев те жоғары бағалаған. «2019 жыл­дың қорытындысы бойынша, денсаулық сақ­тауды цифрландырудан келген эко­но­микалық тиімділік 22,6 млрд теңгеге бағала­нып отыр. Тарата айтсақ, дәрілік заттарды са­тып алуды цифрландыру есебінен 22,1 млрд теңге және қағаздан электронды фор­матқа көшу есебінен тағы 540,1 млн теңге үнемделді» деген еді ол. Алайда алғашқыда оң нәтиже көр­сет­кен іс уақыт өте келе ақсай бастады. Бұған дәрігерлердің жаппай оқу курстарынан өтпеуі, ауруханалар мен емханалардың қажетті техникамен толық жабдықталмауы себеп болды. Емханаларда дәрігердің қа­был­дауына жазылу қиындай түсті. Техниканың тілін түсіне бермейтін егде адамдар онлайн қыз­метті пайдалануға қарсылық білдірді. Олар емханаларға ескі тәсілмен жүгініп, ке­зек мәселесін күрделендірді. Damumed ар­қылы онлайн жазылғандар мен дәлізде «тірі кезек» күткендердің дауы толастамады.  width= Бұған қоса, компьютерлердің ескілігі, дәрігерлердің техника тілін жете мең­гер­меуі қабылдауға жазылған науқас­тарға қызмет көрсету мерзімін ұзартты. Ақ ха­латтылардың көп уақыты компьютерге шұқшиюмен, деректерді жүйеге енгізумен өтеді. Бір жерден қате жіберіп қоймайын деп техникаға телміріп отырып, науқас­тар­ды тексеруге, ем-домын тағайындауға уақыт жеткізе алмай қалатын дәрігерлер көбейді. Өйткені жүйе бойынша әр науқасқа небәрі 15 минут уақыт бөлінуі тиіс.

Ақсаған заң, уақыттан ұтылған ұжым

Биыл қабылданған Денсаулық кодек­сіне қатысты дау да Елжан Біртанов­тың ұпайын кемітті. 7 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жайлы айтып отырмыз. Соңғы рет мұндай құжат 2009 жылғы қыр­күйекте қабылданған. Арада 10 жыл өт­кенде оны заман талабына сай жаңғырту, жаңарту уақыт сұранысы болатын. Алайда Ден­саулық сақтау министрлігі жаңа заңды даярлауда көп қателікке ұрынды. Тәуелсіз сарапшылармен кеңесуді, ел арасында түсін­діру жұмыстарын жүргізуге енжарлық танытты. Кодекс жобасы өткен жылы халық қалаулыларының талқысына ұсы­нылғанда қоғамда үлкен дау туып, ел министрлік ұсынған түсініксіз талаптарға жаппай наразылық танытты. Әлеуметтік же­лілерде «көзі тірісінде құжатқа қол қойып үлгермеген азаматтардың ағзалары та­лан-таражға түседі», «екпе салдыру мін­дет­теледі, вакцинамен бірге ағзаға чип енгі­зіледі», «марқұмдардың ағзалары, тіндері мен эмбриондары шетелге экспортталады екен» деген әңгімелер желдей есті. Министрлік мұның бәрін жоққа шы­ғар­ғанымен, даурыққан жұртты сабасына тү­сіретіндей жөнді түсінік бере алмады. Ақы­рында депутаттар құжаттағы халықтың қарсылығын туғызған баптарды алып тас­тады. Қазақстандықтардың ағзасы туған-туыстарының рұқсатынсыз пайдаланылмайтын болды. Вакцинациялауды міндеттейтін бап та жойылды. Азаматтарға кез келген екпеден бас тарту құқығы берілді. Десе де, мамандардың пікірінше, ми­нистрліктің міндетті вакцинациялауды заң жүзінде бекіте алмауы коронавируспен күресті ұзаққа созып жіберуі мүмкін. Өйт­кені індетке қарсы тиімді вакцина қол­да­нысқа енсе, халықты оны егуге көн­діру оңайға түспеуі мүмкін. Осы тақырып төңірегінде түсіндірме жүргізетін «сарап­шы­лардың» көбеюі, екпенің зияны жайлы негізді-негізсіз болжамдардың толастамауы вакцина десе басын ала қашатындардың қатарын көбейткені жасырын емес. Ұлт саулығын ойлаған ақ халаттылардың көк­сегенін ел көкейіне қондыру министрліктің міндеті еді. Алайда «қолын мезгілінен кеш сермеген» Біртановтың ұжымы уақыттан ұтылды.

Індетті өршіткен қателіктер

Әлемді әуреге салған кесірлі кесел еш­кімді аяған жоқ. Біздің елімізді де сы­наудай-ақ сынады. Бастапқыда министр­лік індетпен күреске сақадай-саймыз, «на­конец-то» бізге де жетті-ау деп коронави­рус­ты қаймықпай қарсы алды. Стра­те­гиялық жоспары барын айтып, «індет өр­шіген кездің өзінде 3,5 мың адам ғана ауырады» деп болжады. Алайда уақыт өте келе індет жұқтырғандар саны еселене түсті. Алғашында тәулігіне 10 шақты адамнан індет анықталса, кейіннен министрлік 100-ден астам адамның кесел жұқтырғанын сүйіншілейтін болды. Індетке шалдық­қан­дар саны 3,5 мыңнан асып түскенде ведомство «бұл сәуірдің соңына дейінгі болжам бо­латын» деп ақталды. Әйтеуір не керек, та­мызда елімізде коронавирус жұқтыр­ған­дар саны 100 мыңға жетіп жығылды. Бұл көр­сеткіш арқылы Қазақстан індеттің ошағы болған Қытайды басып озды. Біртанов ұжымының коронавирус статистикасын симптомды және симптомсыз науқас­тар деп екіге бөлу тәжірибесі де жұртты шатастырудан өзге нәтиже бере алмады. «Көп шешімнің негізінде ауру мен оның та­ралуын дұрыс болжамау жатыр. Бұл дағ­дарыс жағдайында денсаулық сақтау са­ла­сының ресурстарын басқару мен бөлуге бай­ланысты мәселелерді туғызды. Ресурс­тарды басқару мәселесі медициналық кө­мекті қайта ұйымдастыруға әсер етті. Пан­демия енді басталған сәуір мен мамыр ай­ларын­да барлық науқасты ауруханаға жат­қызып, қолда бар қаржыны тауысты. Сол кезде медициналық көмекке қажеттілік күрт артты», – дейді денсаулық сақтау сала­сы бойынша консалтинг қызметін ұсы­на­тын Med Invest First компаниясының серік­тесі Марат Мамаев. Шындығында, бастапқыда ауруы расталғандарды ғана емес, індет жұқтыруы мүмкін деген күдікке ілінгендерді де жаппай ауруханаға жатқызған минис­трлік кейін дерті асқынып, өмір мен өлім ортасында жатқан науқастардың өзіне орын тауып бере алмай тосылды. Ауру­ха­наға бас сұға алмай жедел жәрдем көлі­гінде жан тәсілім еткендер қаншама. Вирустың ел ішін емін-еркін кезгені сонша, маусымда жедел жәрдем шақыртушылар саны күрт өсіп, жедел медициналық көмек бригадалары бір күнде 22 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетіп жүрді. Дене қызуын түсіретін дәрілерге, ан­тибиотиктерге қол жеткізу мұң бо­лып, қарапайым парацетомолдың өзі қас­қалдақтың қанындай қат дүниеге ай­налған шақ та маусым-шілде айлары еді. Ауруханалардан қайран болмаған соң өз бе­тінше емделмек болғандар дәріхана кезіп жүріп, індетті одан әрі тарата берді. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі тапшылығын сұраныстың күрт ар­туымен, тұрғындардың дәрі-дәрмекті қажет бо­лып қалады деген желеумен көп мөл­шер­де сатып алуымен түсіндірді. Шындығында, аса қажетті антибиотиктер, қызу түсіруші дә­рілермен республика өзін тек 15 пайызға ға­на қамтамасыз ете алады екен. Қалғаны – экспорт. Соның кесірінен індеттен емделушілерге қажетті препараттар алыпсатар­лардың қолында кетіп, нарықтағы құны 10 есеге дейін қымбаттады. Біртановтың қол астындағылар отандық фармкомпания-лармен шұғыл мәмілеге келіп, жағдайды реттей алмады. Дәрімен қамтудың ішкі резервтері жете пайдаланылмады. Індет ауыздыққа көнбей кеткен соң, Үкімет екін­ші мәрте қатаң карантин енгізуге мәжбүр бол­ды. Елжан Біртанов жағ­дайдың ушы­ғаты­нын талай мәрте айтып жүргенімен, ұжы­мы соған дайын болмай шықты.  Бас­қаны былай қойғанда, індетпен күрестің ал­ғы шебінде жүрген дәрігерлердің же­ке қор­ғаныс құрал­да­рымен толық қам­та­масыз етіл­меуі «са­қа­дай-сай» әзір­лігіміздің көр­сет­кіші болса керек.

Жемқор шенеуніктер шеруі

Пандемия Елжан Біртановтың тұ­сында енгізілген медициналық сақ­тандыру жүйесінің де біраз былығын әшкереледі. Жұмыс істейтін барлық қазақстандықтардың жалақысынан осы қорға жарна аударылатыны белгілі. Алайда МӘМС жүйесіне қатысушылардың өзі коронавирус тестінен ақылы өтуде, індет жұқтырғандар өз қалталарынан емделуде. Ал дамыған елдерде мұндай шығынның бәрі медициналық сақтандыру жүйесі есебінен өтеледі. Ел тұрғындары игілігін көре алмаған МӘМС қаражаты қайда кеткені Біртанов қызметінен босатылғаннан кейін анықталды. Ауруханаларда орын жетпей, ПТР-тест тапсыруға мүмкіндік болмай, медицина қызметкерлері қауіпті жағдайда жұмыс істегені үшін берілуі тиіс үстемеа­қы­ның әділетсіз төленгенін айтып шағым­данған тұста ақпарат құралдары ұйым басшылығының ізіне шам алып түсті. Қордың көлеңкелі істері Пре­зи­дент­тің құлағына жеткен соң көп ұзамай ұйымның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қызметінен алын­ды. Жылы орнынан айы­рылғанға дейін ол бірнеше ба­сылымға шыққан екен: әріп­тестеріміз оның қымбат зәулім үйде тұратынын, әйеліне қымбат сыйлық тарту ететінін жарыса жазыпты. Жұма­ғұ­ловтың Instagram-ды белсенді қол­данатын әйе­лі­нің «күйеуі өзіне он екі көлік әпергені» жайлы жазбасы дауды тіпті өршітті. Көп ұзамай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» бұрынғы басшылығына қатысты «сатып алынатын қызметтің бағасын көтеріп жазу арқылы қор қаражатын жымқыру» фактісі бойынша тергеу басталғанын хабарлады.  width= Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тағы бір мекеме – дәрі-дәр­мекті бірыңғай таратушы «СҚ-Фармация» ком­паниясының басшысы Берік Шәріп те қызметінен кетті. Ол шетелден келген гуманитарлық жүк ретінде қоймаларда айлап сақталған дәрі-дәрмекті ауруха­на­ларға дұрыс жеткізбегені үшін сынның астында қалды. Алматыдағы дәріхана­лар­дың бірінде Qatar Airways (Катар әмірі жө­нелткен гуманитарлық көмекті елге жет­кізген әуекомпаниясы) деген жазуы бар қораптар сақтаулы тұрғаны жайлы хабардан кейін компания шетелден келген гу­ма­нитарлық көмекті сатты деп айыпталды. Тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Берік Шәріптің қамауға алын­ғанын мәлімдеді.  width= Індет жағадан алып, елдің экономикасы тұралап, қазынадағы әр тиынның қадірі артқан тұста Денсаулық сақтау министрлігінде тағы бір шенеуніктің бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.  2018 жылдан бері Елжан Біртановтың орынбасары болған Олжас Әбішев темір тордан бір-ақ шықты. Ол министрлікте цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік еткен.  width= Қысқасы, індет жұқтыруына байланысты қызметінен кетпеген күннің өзінде Елжан Амантайұлы көп ұзамай орнын босатуға мәжбүр болатын еді. Өйткені қол астындағы орынбасары мен өзі бас­қаратын ведомствоға қарасты екі бірдей ме­кеме басшылары жемқорлықпен ұсталып жатқанда ол жылы орнында жайбарақат отырмайтыны анық. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, қол астындағы қыз­меткері жемқорлықпен ұсталған министр Президентке отставкаға кету туралы өтініш жазуға міндетті. P.S:Саясаттанушылардың пікірінше, отандық денсаулық сақтау жүйесінің пандемия кезіндегі қателіктерінің бәріне Біртановты кінәлайтындар – еліміздегі саяси жүйенің қыр-сырын жете білмейтіндер. Расында да, аймақ әкімдері басқарма басшыларын, бас дәрігерлерді өздері тағайындайтынын, қаржы әкімдіктің пәрменімен жұмсалатынын ескерсек, өңірлер тарапынан тапсырманы дұрыс орындауға деген ынта-ықылас болмаса, ешбір министрдің жұмысы өнбейді. Аймақтардағы ауруханалардың заманға сай жабдықталмауы, мамандардың тиісті дайындықтан өтпеуі, бөлінген қаржының қоғам игілігіне емес, ат төбеліндей топтың арманына жұмсалуы мінсіз министрдің өзін түбі жарға жығады.  

Серіктес жаңалықтары