1503
Кітапхананы жабу кімге тиімді?
Кітапхананы жабу кімге тиімді?
Елордалық мәслихат депутаты Мирас Шекеновтің Нұр-Сұлтан қаласындағы кітапхана қорын цифрландыру, кітапханаларды орталықтандыру және біріктіру туралы пікірі қоғамның қызу талқысына түсті. Бір қалаға бір кітапхананың жеткілікті екенін айтқан депутат ғимарат үшін төленетін шығындарды азайту арқылы бюджет қаражатын үнемдеп, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту саясатын жүзеге асыруға болады деген пікір білдірді.
Мемлекет басшысы биылғы кезекті Жолдауында: «Пандемия және мемлекеттік органдар қызметшілерінің көпшілігін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру шаралары мемлекеттік аппаратты қысқартуға болатынын әрі қысқарту керектігін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды жеделдетуді тапсырамын» деген болатын. Президент олардың санын биыл 10 пайызға қысқартуды тапсырды. Осы орайда, Мемлекет басшысының қысқарту туралы бастамасын рухани саладан бастауды ұсынған депутаттың кітапханаларды жабу керек деген пікірі көпшілікті бейжай қалдырмады. Расында, бюджет қаржысын үнемдеу туралы сөз қозғалса, биліктегілердің рухани салаға бөлінетін қаржыны қысқартудан бастауы үйреншікті жағдай. Кітапхана экономикалық тұрғыдан көл-көсір пайда әкелмеуі мүмкін, алайда оның ұлтты, мемлекетті қалыптастыруда көзге көрінбейтін миссиясы орасан зор екені айдан анық. Халықаралық Túrkistan газеті аталған тақырып бойынша сарапшылардың пікірін білген болатын.
Гүлбадан МАДИБАЕВА, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры:
Ежелгі заманнан келе жатқан кітапхана дамыған заманда неге жабылуы керек?
– Халық сенім артқан депутаттың «Кітапханаларды жабу керек» деген сөзі осы салада еңбек етіп жүрген барша әріптестердің көңіліне тиді. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері өзінің қарсы пікірін білдіріп жатыр. Ежелгі заманнан келе жатқан кітапхана дамыған заманда неге жабылуы керек? Кітапхана – адамзаттың рухани сұранысын қанағаттандыратын орта. Оның қоғамға, руханиятқа, әдеби, мәдени әлемге ешқашан зияны болмаған. Кітапханаға бөлінген инвестиция бұл білім беру саласына, яғни қоғамның дамуына жұмсалған қаражат. Депутат айтқандай, елордадағы кітапханаларды жауып, тек біреуін ғана қалдырып, оның өзін цифрлы қор ретінде жасау өте үлкен еңбек пен уақытты қажет етеді. Цифрлы кітапхана жасау үшін де алдымен қағаз кітап болуы керек. Егер кітап болмаса оны қалай цифрландырасың? Мысалы, бір кітапты цифрландыру үшін алдымен автордың келісімі керек. Сосын келісімшарт жасалып, авторға қаламақы төленеді. Бір автордың бірнеше кітабы бар немесе том-том кітаптар бар 300-400 беттен тұратын. Сондықтан кітапханаларды жабу керек деп сарт еткізіп айтпас бұрын, осы мәселені біраз зерттеу керек еді. Жасы 50-ге дейінгі оқырман цифрланған кітапты смартфоннан, гаджеттен оқи береді. Ал жасы 50-ден асқан кісілер кітапты қолына алып, әр бетін парақтай отырып, иісін сезініп оқығысы келеді. Олардың сұранысын қайда қоямыз? Гаджеттен оқыған ақпаратыңды қазір ұмытып қаласың, өйткені бүгінгі заманда ақпарат толқынында керекті, керексіз мәлімет көп. Карантин жағдайында елордадағы кітапханаларға ата-аналар тарапынан кітапхананы ашу туралы көптеген өтініш түсті. Кей ата-ана баласының кітапханада отырып сабақ оқығанын қаласа, енді бірі карантин мезгілін пайдаланып баласына кітап оқытқысы келді. Үйінде 3-4 бала бар оқушылар кітапханаға келіп қашықтан сабақ оқып, үй тапсырмасын орындап жатады. Карантин кезінде кітапханаларға сұраныс азайды деген пікірмен келіспеймін. Оқырмандар тарапынан сұраныс жоғары, уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Кітапханалар есігін ашып, оқырман қабылдай бастаған кезде қуана келіп, 5-6 кітаптан оқуға алып жатқан жандарды көріп өзіміз де қуандық. Кітапхана қай жағынан алып қарасаңыз да, бюджеті аз саланың бірі. Қоғамға зиян келтірмейтін, керісінше рухани байлығымызды үстемелейтін даналық үйі. Кітапхана деген сөздің өзі санаға рух береді. Оны жабуды емес, санын көбейтіп, жұмысын жетілдіру бойынша қолдауды басты назарда ұстағанымыз жөн. Бүгінде кітапхана зиялы қауым өкілдерінің бас қосар тұрақты мекеніне айналды. Қоғам қайраткерлері, жас ақын-жазушылар, әр салада жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылып, бук-дейтинг жобалары іске асырылып жатыр. Қарап отырсаңыз, қоғамда үлкен дәрежеге шыққан тұлғалардың барлығы кітап арқылы өскен. Сондықтан мемлекет кітапханаларды сақтап қалуға, өсуіне, дамуына қаражат бөліп, қоғамға қажетті рухани даналық орталығы ретінде жасақтауы керек. Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, филология ғылымдарының докторы:Кітапхананы жабу туралы сөз қозғаудың өзі қоғамның шикілігін көрсетеді
– Кітапхананы жабу туралы ұсынысты ары мен ұжданы жетіп қалай айтты деген сауал тұр. Мына ел-жұрттың, ұрпақтың, халықтың көзінше соның келешегін қалай тыйып тастады? Кітаптың қадірін білмеу – анасының қадірін білмеу. Ал осыны мәслихат депутаты айтқан болса, ол қалай Отанының арын ойлайды? Соған таңмын. Кітапхананы цифрландыру мәселе емес. Электронды форматқа көшіру уақыт заңдылығы, күнделікті қажеттілік. Ал кітапхана ол мүлдем басқа мәселе. Адамзат адамзат болғаннан бергі қолы жеткен ең ұлы нәрсе – жазу мен кітап. Бұл сол ұлы жаңалықты жоққа шығару, халыққа жария ету дүниежүзінің барлық парламентінде болмаған оқиға деп ойлаймын. Соны мәселе қылып алып отыруымыздың өзі біздің қоғамның шикілігінде. Маған кітапханаларды жабу керек деп ойын айтқан ректорларды да білемін. Бұл мизаялыққа бет алған қоғамның дертінің дендеуі деп есептеймін. Нартай ӘШІМ, Knowledge Engineering компаниясының директоры:Кітапханалар мультимедиалық орталыққа айналуы тиіс
– Біздегі ұстаным бойынша кітапхана кітаптардың әйтеуір бір жинақталған қоры ретінде қарастырылады. Кітаптан бөлек фото, аудио, видео контенттерге аса мән берілмейді. Ал мына заманда бізге мүмкіндігінше кітаптардың барлығы цифрланып, электронды форматқа өткені керек. Кітаптар электронды форматқа өтпегендіктен қазіргі оқырманның кітапханаға өзіне қажет сирек кітаптар мен ғылыми еңбекті алуға ғана барады. Оқимын деген адамға кітапханаға байланып отырудың қажеті жоқ. Оқырманға керекті ақпаратты интернеттен табуға жағдай жасалу керек. Әсіресе, географиялық тұрғыдан шалғай аудандар мен алыс ауылдардағы кітапханалардың қорын дамыту идеясын іске асыру маңызды. Елді мекеннің тарихы мен бүгінгі жағдайына қатысты деректерді жинақтап отыру қажет болар еді. Егер осы қызметті ауылдағы әрбір кітапхана жүйелі жүргізсе, деректер қоры толыға түседі. Осындай ақпаратты жинақтау арқылы Уикипедия сынды энкциклопедиялық деректер жиналатын платформаларға ақпаратты қосып, жинақтауға болады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі заманауи кітапханалар мультимедиалық орталыққа айналуы тиіс. Кітапханалар студенттер мен ұстаздарға, оқытушыларға керекті кітаптарды халықаралық базалардан іздеудің жолдарын үйретсе, PhD ғалымдарға ғылыми зерттеу мақаласын халықаралық журналдарда жариялаудың тәртіптерін көрсетсе әлдеқайда нәтижелі болар еді. Бүгінгі таңда плагиат пен авторлық құқық мәселесі өзекті болып отыр. Мысалы, авторлық құқық мәселесі цифрлы дәуірде жан-жақты өзгеріп, дамып жатыр. Міне, бүгінгі заманауи кітапхананың қызметі осындай болуы керек. Мойындауымыз керек, тек қана кітап қоры ретінде кітапхана қызметіне қажеттілік пен сұраныс азайып бара жатыр. Болашақта адамдар тек сирек, көне кітаптар мен қолжазбаларды көру үшін ғана кітапханаға баратын болады. Сондықтан кітапханаларды коуоркинг орталыққа айналдырғаннан ұтылмаймыз. Осылайша, оқырмандарды жоғалтпай, керісінше санын арттыруымыз керек. Алматыдағы Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы осыған нақты дәлел. Кітапхана бүгінде кереметтей өзгеріп, балалардың бас қосатын орталығына айналды. Мысалы, мен Қазақстанда халықаралық әдебиетті қайдан алып оқуға болатынын білмеймін. Ал интернет арқылы шетелден кітап алуға екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Назарбаев Университетінің кітапханасы мықты, бірақ ондай кітапхана біреу-ақ. Тек қазақ тіліндегі кітаптардан бөлек, Қазақстан туралы, экономика, тағы басқа салалары бойынша жарық көрген кітаптарды жинақтайтын қор болуы керек.