50280
Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті
Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кету туралы шешім қабылдады.
15 қазан күні Қырғыз Республикасы президенті Сооронбай Жээнбеков елде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайға байланысты қырғыз халқына үндеу жолдады:
«Құрметті отандастар!
Ел астанасы Бішкектегі қоғамдық-саяси жағдай шиеленісіп тұр.
Кеше Жоғарғы Кеңес Үкімет құрамын бекітті, Қырғыз Республикасы президентінің тиісті тағайындаулар туралы қаулыларына қол қойдым.
Өкінішке қарай, агрессия басылмай тұр, менің шұғыл арада отставкаға кетуімді әлі де талап етіп жатыр.
Ағымдағы жағдай екі тараптың қақтығыс орнатуына септігін тигізуі мүмкін.
Бір жағынан — наразылық білдірушілер, екінші жағынан — құқық қорғау органдары. Әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары Мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануға міндетті. Мұндай жағдайдың соңы қантөгіске ұласатыны сөзсіз. Екі тарапты да провокацияға берілмеуге шақырамын.
Құрметті отандастар!
Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, елдің тұтастығы және біздің халықтың бірлігі мен қоғамда тыныштық орнауы бәрінен де маңызды. Мен үшін әр отандасымның өмірінен асқан қымбат ештеңе жоқ.
Мен билікке таласпаймын. Қырғызстан тарихында қантөгіс жасап, өз азаматтарына оқ атқан Президент ретінде қалғым келмейді.
Сол себепті отставкаға кету туралы шешім қабылдадым.
Жапаров пен өзге саясаткерлерді өз жақтастарын ел астанасынан алып кетіп, Бішкек тұрғындарының бейбіт өмірге оралуына мүмкіндік беруін сұраймын.
Ешқандай билік еліміздің бірлігі мен қоғамдық келісім тұтастығына жетпейді. Алла тағала бәрімізді сақтасын, жерімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын!»,- делінген мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланған үндеуде.