520
Жайдарбек Күнғожинов: Каскадер болу үшін бір жыл тегін жұмыс істеу керек
Жайдарбек Күнғожинов: Каскадер болу үшін бір жыл тегін жұмыс істеу керек
Nomad Stunts – Голливудтан Болливудқа дейінгі әйгілі киностудиялармен жемісті жұмыс істеп жүрген қазақ каскадерлер тобы. 20 жылдық тарихы бар каскадерлер тобының негізін қалаған Жайдарбек Күнғожиевты әлемдік киноиндустрия саласы «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» үздік каскадер деп таниды. Nomad Stunts каскадерлері алғаш отандық және шетелдік үздік фильмдердің қойылымдарына қатысты.
– Каскадерлік өнерге цирк арқылы келгеніңізді білеміз. Өзіңіз жетекшілік ететін каскадерлер тобы шетелдік киностудиялардың үлкен қызығушылығын тудырып, сұранысқа ие болып отыр. Тәжірибелі каскадер ретінде еліміздегі өзге каскадерлердің еңбегін қалай бағалайсыз және отандық каскадерлер арасында бәсеке қандай деңгейде?
– 20 жылда біздің каскадерлер тобы біраз жұмыс атқарды, біршама жетістікке жетті. Командам қандай жетістікке жетсе де жаттығуды, дайындықты бір сәтке тоқтатқан емес. Біздің басты бәсекелесіміз – шетелдік каскадерлер. Өйткені Қазақстан Америка, Еуропа елдерінен алыста жатыр. Біздің команда мүшелері шетелге түсірілімге бару үшін алдымен виза жасатады, шақырған продакшндар біз үшін салық төлейді. Оларға аумақтық жағынан бізден жақын елдердің каскадерлерін шақырған арзанырақ. Бірақ бұған қарамастан біз әлемдік кино нарығындағы әмбебап каскадер болғандықтан сұранысқа ие болып отырмыз.
Отандық каскадерлер арасында да бәсекелестік қалыптасып келе жатыр. Шетелге шығып жүрген шағын топтар бар, бірақ байқауымша оларда жоспарлы жұмыс болғанымен, тәртіп аз сияқты. Шетелдік компаниялармен жұмыс істеу үшін дұрыс сөйлей білу, келіссөздер жүргізу маңызды. Сонымен қатар өз жұмысыңды сапалы етіп көрсете білу керек. Азды-көпті жетістікке жеткен соң босаңсып кетсең, еткен еңбегің далаға кетуі мүмкін.
– Кез келген адам каскадер бола ала ма? Командаңызға мүше болғысы келетін каскадерлерге қандай талап қоясыз?
– Бұрын каскадер боламын деп 1 жылда бір-ақ адам келетін. Біз Голливуд пен Болливудты бағындырғаннан кейін каскадер болсам деп хабарласатын жандардың қарасы көбейді. Соңғы жылдары бұл кәсіпке қыздар арасында қызығушылық пайда бола бастады.
Жастардың көбі 3-4 айда каскадерлік өнерді меңгеріп, ақшаны күреп табамын, Голливудта киноға түсе саламын деп ойлап келеді. Мұндай оймен келетін адамдардың біразы біздің топтың жұмыс режиміне шыдай алмайды. Өйткені біз алғаш қатарымызға қосылған жастарға 1 жыл бойы психологиялық, физикалық жүктеме береміз. Тіпті, 1 жыл бойы жалақы алмайтын кездер болады. Кейбірі ақшасыз қиын болғандықтан кетсе, енді бірі аяқ-қолы сынып, жарақат алған соң кетіп қалады. Каскадер болам деген жігіттерге біріншіден, акробатика, екіншіден, жауынгерлік өнер, үшіншіден, тәртіп, төртіншіден, шыдамдылық керек.
– Каскадердің бір күнін сипаттап беріңізші.
– Каскадерлер алғаш келгенде 24 сағат жұмыс істейді. Асықпай отырып түскі ас ішу дегенді ұмытады. Енді келген жас үйренушілерге жаттығу аз болады. Біз бірінші психологиялық жүктеме жасаймыз. Бір жетіден кейін физикалық жүктеме басталады. Таңертең сағат 8.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін тоқтамай жаттығады. Шыдай ма, шыдамай ма, осы кезде көрінеді. Кейде жұмыс істегенде, түсірілім барысында аз көлемде ақша табатыны болмаса, 1 жыл бойы жалақысыз жүреді. Осындай жүктемеге шыдаса, әрі қарай түсірілімге қатыса бастайды. Тәртіп пен жаттығудың арқасында 4-5 жылда Голливуд фильмдерінің түсіріліміне қатыса алады.
– Сіздің командаңызда каскадер қыздар бар. Дайындық барысында командаңыздағы қыздар мен жігіттерге бірдей талап қоясыз ба?
– Бүгінде командамда 10 каскадер қыз бар. Әйел адамның ағзасы, бұлшық ет массасы басқа болғандықтан біраз жаттығу жасатпаймыз. Мысалы, аттан құлау, атпен бірге құлау, 10 метрден құлау сынды жаттығуды жасамайды. Басқа жаттығулардың бәрін ерлермен бірдей жасайды. Қыздар көлікпен авария жасау, төбелес, жану, дублер болуды жақсы орындайды. Әрине, қыз баласымен жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары да бар. Әйел затының реакция танытуы басқаша. Қанша қиын болса да кәсібін сүйетін, өз ісіне шын берілген қыздар Голливуд пен Болливудты бағындырып үлгерді. Қазір екі қызымыз шетел фильмдердің түсірілімдеріне қатысып жүр. Көктемде екі қызымыз Румынияға барып Сэмюэл Л.Джексонмен бірге жұмыс істеп келді.
– Әйеліңізбен бірге ұлыңыздың да каскадер екенін білеміз. Алғашында олардың бұл қалауына қарсы болған жоқсыз ба?
– Иә, командамдағы қыздар арасында әйелім де бар. Екеуміз еңбек жолымызды цирктен бірге бастадық. Алғаш каскадерлік салаға келгенімде маған дубляж, трюк жасауға қыз бала керек болды. Әйелімнің жанымда бірге каскадер болғанына қарсы болған жоқпын. Қылыштасуды, төбелесуді, құлауды жақсы үйренді. «Кенже» фильмінің түсірілімінде жардан құлап тізесін жарақаттап алды. Сол жарақатын емдеп, операция жасаған кезде де өзім жанында жүргендіктен аса қатты уайымдамадым.
Ал ұлым Темірхан 5 жасында «Көшпенділерде» ойнады. Одан кейін де 4-5 фильмнің түсіріліміне қатысты, «Моңғол» фильмінде дублер болды. Кейін каскадер болғым келмейді, бизнес саласын таңдаймын деді. Сол кезде мен оны әскерге жібердім. Әскерде жүргенде жарты жылдан кейін анасына звондап «Мен ойландым, әкеммен сөйлесейін деп едім, мені жұмысқа алсын» депті. Өзім барып сөйлестім, каскадер болғысы келетінін айтты. 1 жыл сынақтан өтті, қазір Құдайға шүкір, бірге жұмыс істеп келеміз. Үндістанда, Жаңа Зеландиядағы түсірілімдерге қатысты, өзі Африкада және Румынияда Сэмюэл Л.Джексонмен бірге каскадер-актер болып жұмыс істеп келді.
– Өздеріңіз түсіріліміне қатысқан Disney ұсынған «Мулан» фильмінің прокатқа шығуымен ұжымыңызды құттықтаймыз. Продакшн өкілдері сізге канадалық актердің орнына рөл сомдауды ұсынып, нәтижесінде каскадер болып барып, актер болып қайттыңыз. Шетелдік түсірілім алаңында көп жүрген тәжірибелі маман ретінде «қазақ киносы қайткенде дамымақ?» деген сауалға жауап берсеңіз.
– Әрине, біздің кино мен шетелдің киносы әртүрлі. Шетелде кино көп түсіріледі, бірақ бәрі бірдей сапалы емес. Біз шетелдің жақсы киносын көріп жатырмыз. Еліміздің киноиндустриясын дамытудың бір жолы – кино туралы заң қабылдау. Бұл бағыттағы жұмыстар басталғанымен, аяғына жетпей тоқтап қалды. Кино саласындағы көптеген мәселелер шешілсе, шетелден әртүрлі мамандарды шақырып, сапалы кино түсірер едік. Мысалы, әйгілі киностудиялар жақсы кино түсіру үшін әлемнің мықты мамандарын бір түсірілім алаңына жинайды. Үздік компаниялар мықты каскадерлерді әлемнің әр түкпірінен алдыртады. Осы тәжірибені қолданып, біріккен жобаларды қолға алсақ, қазақ киносының жұлдызы жарқырайтын күн алыс емес деп ойлаймын. Осы орайда, Қазақстан, Германия, Ресей бірігіп түсірген «Моңғол» фильмінің сәтті шыққанын айта кеткім келеді.
Соңғы жылдары қазақтың киносы той тақырыбынан аса алмай жүргені де рас. Жастарға комедия рухани азық болмайды. Дәл қазіргі жағдайда бізге рухымызды жанып, намысымызды оятатын, қазақтың мықтылығын танытатын кино керек. Келешекте продюсерлікпен айналысып, шетелдіктермен бірлесіп жақсы кинолар түсірсем деген арманым бар.
– Каскадерлік – қауіпті кәсіп. Темірдей тәртіп, тоқтаусыз жаттығу, мықты дайындық, түсірілім алаңындағы стресс бәрі денсаулыққа әсер етеді. Өзіңіз жұмыстан бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Өмір бойы жаттығу, тәртіп, түсірілім алаңы отбасыңа дұрыс көңіл бөлуге мұрша бермейтін кездер болады. Жұмыстан қолым қалт еткенде каскадерлердің жаттығу базасына барамын. Ауылда ағаш кесу, жер қазу сынды физикалық жұмыстарды атқарумен қатар кітап оқимын. Өзім балық аулағанды жақсы көремін. Достарымызбен кездескенде жұмыс туралы сөйлеспейміз, тек алдағы жоспарымызбен бөлісіп, талқылайтынымыз бар. Бірақ жаттығуды ұзақ уақытқа тастауға болмайды. Сондықтан аз демалып, көп жұмыс істеуге тура келеді.
Биыл Taurus World Stunt Awards әлемдік каскадерлер академиясының жыл сайынғы премиясына номинант ретінде ұсынылдық, нәтижесін күтіп отырмыз. Жақсы жаңалық естиміз бе деп үміттеніп отырған жайымыз бар. Ендігі мақсат – шетелде экшн
фильмдер режиссері болуға ұмтылу.
– Каскадерлердің еңбегі елімізде және шетелде қалай бағаланады?
– Шетелде біздің еңбегіміз бен жұмысымызды жақсы бағалайды. Қазақстанда да жақсы бағалап жатады, өйткені Universal Pictures, Disney, Millenium Films киностудияларымен бірге істеген жұмысымызды көріп отыр. Бірақ осы кәсіп бойынша қомақты қаржыны шетелден ғана таба аламыз. Қазақстанда каскадерлерге көп ақша төлей алмайды. Ол ақша пәтерақы жалдауға ғана жетеді. Командамдағы жігіттер көлік пен пәтерді шетелден тапқан ақшаларына алды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ