278
Қырғыз елін дүрліктірген 10 күн
Қырғыз елін дүрліктірген 10 күн
Қырғыз Республикасында 4 қазан күні өткен парламент сайлауынан соң басталған наразылық пен абыр-сабыр әлі бәсеңдемей тұр. Шерушілердің негізгі талабы болған сайлаудың алдын ала қорытындысын жоққа шығару мәселесі Орталық сайлау комиссиясы тарапынан оң шешімін тапқан еді. Алайда наразылық жаңа сипат алып, мемлекет басшысы кетсін деген ұранға ұласты.
Шерушілердің екпіні саябырсығанда Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков билік тізгінін өз қолына алды. Ізінше 9 қазан күні Бішкек қаласында төтенше жағдай жариялау жөнінде жарлыққа қол қойып, коменданттық сағат енгізді. Бұған 9 қазанда Социал-демократтар партиясы Бішкек қаласындағы өз кеңсесінің алдында митинг өткеретінін хабарлағаны және ішкі істердің бұрынғы министрі Феликс Құлов және басқа да әскери адамдардың президент жағына шығуы себеп болса керек. Яғни, бұл – азамат соғысының алдын алу шарты болды.
9 қазандағы социал-демократтардың митингісіне партияны құрушылар: бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министр Сапар Исақов қатысты. Оларға экс премьер-министр Өмірбек Бабанов бастаған «Республика» партиясының мүшелері қосылды. Бұл акция Бішкектің орталық Алатау алаңында көтерілісшілер түрмеден алып шыққан Садыр Жапаровтың жақтастарымен болған қақтығысқа ұласты. Оқ атылып, социал-демократшылар тобы алаңнан кетті. Бірнеше оқ Алмазбек Атамбаев мінген машинаға да тиген. Бірақ оқ сауыты мықты көліктің корпусын тесе алмаған. Кейіннен оқты кімдердің атқаны туралы түрлі жорамал айтылды. Мәселен, Садыр Жапаров екінші рет премьер-министр болып бекітілгеннен кейін, журналистердің сұрағына берген жауабында, жақтастарын жаманатты ету үшін көлікке оқ атуды Алмазбек Атамбаевтың өзі ұйымдастырғанын айтқан еді. 9 қазандағы митингіден соң Алмазбек Атамбаев қамауға алынды.
Президент Сооронбай Жээнбековтың пәрменімен Суваналиев уақытша тоқтатылған қызметінен босатылып, оның орнына Жаныбек Қапаров тағайындалды. Ол Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы міндетін де қоса атқара бастады.
Қызмет орнын тастап кеткеніне байланысты хатшы Дамир Сағынбаев қызметінен босатылды. Сондай-ақ осы себеппен ҰҚМК-ның төрағасы Орозбек Опумбаев да қызметінен кетті.
Одан соң қырғыз парламентінің кезектен тыс төртінші сессиясы өтті, жаңа үкіметтің бағдарламасы және құрамы бекітілді. Оған сәйкес, Қырғыз Республикасының премьер-министрі болып Садыр Жапаров (осымен үшінші рет, бұрынғы екі шешім жоққа шығарылды) бекітілді. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді.
Сонымен қатар Жоғарғы кеңестің депутаттары Бішкек қаласында төтенше жағдай жариялау жөніндегі екінші жарлықты мақұлдады. Оған сәйкес, 12 қазан кешкі сағат 20.00-ден бастап, 19 қазан таңертеңгі сағат 7.00-ге дейінгі төтенше жағдай режимі заңды күшіне енді.
Парламенттің саяси дағдарыс кезіндегі кезектен тыс үшінші сессиясы Жоғарғы кеңестің төрағасы қызметіне депутат Қанат Исаевты сайлады. Бұрынғы төраға өз арызымен отставкаға кеткен болатын. Төртінші сессияны жаңа спикер жүргізді. Спикердің жаңа үкіметтің құрамын жариялауы кезінде министрліктер мен мекемелердің құрамы біршама жаңарғаны белгілі болды. Олардың көпшілігі 51 жасқа толмағандар.
Сессия аяқталғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң парламенттің ұсынысы бойынша президент Сооронбай Жээнбеков «Қырғыз Республикасының премьер-министрін және үкімет мүшелерін тағайындау жөніндегі» жарлыққа қол қойды.
Кезінде америкалық журналист Джон Рид 1917 жылы Ресейде болған Қазан төңкерісіне «Дүниені дүрліктірген он күн» атты кітап жазып, баға берген, сол сияқты шерушілер өз өлкесін 10 күн бойы дүрліктіріп, кеше ғана басылғандай болды. Өйткені тағы бір мәрте өтетін сайлау қалай және қандай тәртіпте өтеді: «бір мандаттық па, партиялық па, конституция өзгере ме, президент өз еркімен отставкаға кете ме?» деген сияқты мәселелер күн тәртібіне қойылды. Қазір президент кететін болса, сайлауды әділ өткізіп кетсін деген де пікірлер басым. Өйткені президенттің үкімет бекітілген соң отставкаға кетемін деген сөзі бар.
Мұндай жағдайда президенттің міндетін спикер атқаратын болады. Оның өкілеттігі Жоғарғы кеңестің IV шақырылуындағы депутаттардың өкілеттілігі тоқтауына байланысты, айдың аяғына дейін ғана жалғасады, өкілеттікке премьер-министр ие болады. Демек, президент сайлау бітіп, жаңа спикер сайланғаннан кейін ғана отставкаға кеткені ақылға сыйымды. Сосын жаңа президентті сайлау науқаны басталады.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғызстандағы тілшісі (Бішкек)