448
Жайқалған Жамбыл өңірі дамудың даңғыл жолында
Жайқалған Жамбыл өңірі дамудың даңғыл жолында
Тарихы тереңнен тамыр тартатын Тараз шаһарының қазақ үшін қашан да орны бөлек. Екі мың жылдан астам уақыт тарихы бар бұл өңір бүгінде дамуы қарқындап, елдің мәдени және рухани өмірінде елеулі орын алатын аймағына айналған.
Бердібек Сапарбаев облысқа әкім болып тағайындалғалы бері жұмыс сапарымен Тараз қаласын 40 рет аралап, аудандарға 55 рет іссапарға шыққан екен. Іссапар барысында аймақ басшысы тұрғындармен міндетті түрде кездесіп, туындаған мәселенің шешілуін өз бақылауына алады. Атқарылмақ істер көп, атқарылғаны да біршама. Өңірдегі халықтың ахуалы мен тыныс-тіршілігіне шолу жасап көрсек.
Биофармацевтикалық зауыт салынбақ
Өткен айда өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Гвардейск әскери қалашығы маңында салынып жатқан иммундық-биологиялық препараттар өндіретін биофармацевтикалық зауыттың құрылысымен танысқан болатын. Қазір зауыттың құрылысы қызу жүріп жатыр. Айта кетейік, аталған зауыт тиісті өндірістік тәжірибенің халықаралық стандарты бойынша иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығармақ. Қазір институттың коронавирус індетіне қарсы кандидаттық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енген және клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Сондай-ақ кәсіпорында пандемиялық тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакцина шығарылмақ. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталуы керек және жыл сайын биофармацевтикалық препараттың 60 млн дозасына дейін өндіру көзделіп отыр.Көп тілегі – көл болар
Аймақ басшысының бұған дейінгі Қордай ауданына іссапарында Отар ауылының тұрғындары ауылда мәдениет үйі мен спорттық-сауықтыру кешені бой көтеріп, «көгілдір отын» келсе деген тілек айтқан. Халықтың өтініші ескеріліп, артынша көп ұзамай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын «Байсын А» компаниясы 308 миллион теңгені және спорттық-сауықтыру кешенін «Тараз – Ісмер» компаниясы 323 миллион теңгені құрайтын жобалардың құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ал осы жолғы іссапарында Бердібек Сапарбаев Отар ауылында салынып жатқан ауылдық мәдениет үйі және спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Облыс басшысы ауыл ақсақалдарымен және ақ жаулықты аналармен амандасып, әңгімелесуді де естен шығарған жоқ. Оларды Отар ауылына «көгілдір отын» биылғы жылдың аяғына дейін келетінін айтып қуантты. «Қазір әлеуметтік желіде бәрі ашық айтылып сыналып жатыр. Жақсылықты көріп, бағалаған жақсы. Осының бәрі кім үшін? Ауыл тұрғындары сіздер үшін, қарапайым адамдар үшін жасалып жатыр», – деді Бердібек Сапарбаев. «Жоба бойынша газ құбыры әр көшеге тартылады. Оны үйге кіргізу құны бір отбасы үшін – 350 мың теңге. Бұл қаражат өздеріңізден шығады. Бірақ барынша жеңілдіктері қарастырылады. Мысалы, биыл 100 мың теңге төлеп, қалғанын келесі жылы өтеуге болады» деп түсіндірді аудан әкімі Рүстем Дәулет. Облыс әкімі алдағы жылы Отардағы орта мектептің қүрделі жөндеуіне де көңіл бөлетінін айтты. Оған қоса, өзге де ауылдарда түйінді мәселелер бар екенін, халықты жақсы бастамаларды қолдап жүруге, бірлікке шақырды.Білім нысандарының құрылысы еселенбек
2020 жылы облыс бойынша 22 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. 42 мектеп күрделі жөндеуден өткізілмек. Бүгінгі күнге дейін 6 білім нысаны пайдалануға берілді. 30 мектепте күрделі жөндеу жұмысы аяқталған. Қалған 9 мектепте 1 қарашада және 3 мектеп 11 қарашада аяқталады деп күтілуде. Ал жыл соңына дейін 7 мектеп, 1 мектепке және 1 мектеп-интернатқа қосымша ғимарат пайдалануға беріледі деп күтілуде (3 апатты, 1 үшауысымды, 2 оқушы орны тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектеп). Қалған 7 нысан келесі жылға қалдырылмақ. Облыстағы 285 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 278 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталды. Білім нысандарының құрылыс жұмыстары жалпы сипаттағы трансферттер есебінен (7 нысан), жергілікті бюджет есебінен (6 нысан) және «Ауыл – ел бесігі» (2 нысан), «Жұмыспен қамтудың жол картасы» (7 нысан) бағдарламалары аясында жүргізіліп жатыр.«Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларының жұмысы
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында облыс бойынша барлығы 64,2 млрд теңгеге 808 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 20 443 жұмыс орны құрылып, оның 10 264-і халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырады деп көзделген. Аудандар бойынша Тараз қаласында – 72 жоба, Қордай ауданында – 181, Жамбыл ауданында – 42, Мойынқұмда – 52,Таласта – 67, Байзақта – 135, Жуалыда – 27, Меркіде – 75, Тұрар Рысқұлов ауданында – 74, Шуда – 59, Сарысуда 24 жоба атқарылмақ. Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Қордай ауданын дамытуға қосымша 32 миллиард теңге бөлінді. Жаңа әлеуметтік нысан салынып, жолдар жөнделіп жатыр. Бүгінгі күні Қордай ауданы бойынша барлық жоба жұмыстарының 89 пайызы аяқталған. Нәтижесінде, 41 елді мекеннің 34-і газбен қамтылып, үлесі 83 пайызды құрады. Жыл соңына дейін халықты газбен қамту деңгейін 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыста 79 жоба бойынша көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда ауызсумен қамту жұмыстарының көлемі де 2,5 есе ұлғайған. Биыл 50 ауызсумен жабдықтау нысанының құрылысына 17,4 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 34 елді мекенде жаңа ауызсу құбырлары тартылып, 10 елді мекенде қолданыстағы су құбырлары қайта құрылатын болады. 2021 жылы – 34 елді мекенді, 2022 жылы – 26 елді мекенді, 2023 жылы 24 елді мекенді ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткішін 2021 жылы – 76,2 пайызға, 2022 жылы – 83,2 пайызға, 2023 жылы 89,7 пайызға жеткізу жоспарланған.Түрленген Тараз шаһары
Қазіргі кезде Тараз қаласында 800-ге жуық тұрғын үйдің тозығы жеткен, жөндеуді қажет етеді екен. Соған байланысты 2011 жылдан бастап «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі аясында тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2011-2019 жылдары аралығында 5 167,9 млн теңгеге 255 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2020 жылы республикалық бюджеттен 3 378,0 млн теңге қарастырылып, Тараз қаласындағы 80 көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тараз қаласындағы 163 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тараздықтар демалатын және серуендейтін жаңа орын – «Арбат» жаяу жүргіншілер аллеясы ашылды. Аллеяның ерекшелігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай бой көтерген биіктігі 30 метрлік «Қазақ халқына мың алғыс» монументін айтуға болады. Аллеяның ұзындығы 580 метрді құрайды. «Қазір қала ертегідей өзгеріп, түрленіп келеді. Көрікті орындар көбейді. Әр кеш сайын серуендейтін кезде, қайсысын таңдарымызды білмей абдырап қаламыз. Жерлестеріміз мұндай тамаша тартуларды ықыласпен қабылдап, оны күтіп-баптап ұстауға барынша ден қойып, ұзақ жылдар бойы сақталуына үлес қосады деп сенемін», – деді өзінің әсерімен бөліскен облыс орталығының тұрғыны Айгүл Сыздықова. Жалпы, облыстың қоғамдық-саяси ахуалы да тұрақты. Өңірдегі экономиканың барлық саласы жүйелі түрде дамып, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жаңа жұмыс орнының ашылуына мұрындық болып отыр. Мұның барлығы – жамбылдықтардың бірлігі мен қарқынды жұмысының жемісі.Ділда УӘЛИБЕК