220
COVID-19: Италияда жаңа шектеулер енгізілді
COVID-19: Италияда жаңа шектеулер енгізілді
Италияда коронавирус жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты ел билігі жаңа шектеулер енгізді, деп хабарлайды ANSA агенттігі.
Жаңа тәртіп бойынша мэрлер 21:00-ден кейін қоғамдық орындарды жабу құқығына ие болады, ал мейрамханалардың жұмыс уақыты мен рұқсат етілген топтардың саны қысқарады.
Елде сенбі күні 10 925 адамнан індет анықталса, жексенбі күні 11 705 науқас тіркелді. Індет жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші күрт өскендіктен үкімет ел тұрғындарының байланысын шектейтін жаңа ережелер енгізуге мәжбүр болды. Италияның премьер-Министрі Джузеппе Контенің айтуынша, бұл жаңа оқшаулануды болдырмау үшін жасалған шара.
Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, пандемия басталғалы Италияда індет жұқтырғандар саны 414 мыңнан асқан. Індеттен 36,5 мыңнан астам науқас көз жұмды. Италия Еуропа елдері арасында өлім жағдайларының саны бойынша Ұлыбританиядан кейінгі екінші орында.
Ал әлем бойынша індетке шалдыққандар саны 39,9 миллионға жуықтады. Қатерлі вирустан 1 112 558 адам қайтыс болды.