457
Әлем қазақтары ана тіліндегі ақпаратқа сусап отыр
Әлем қазақтары ана тіліндегі ақпаратқа сусап отыр
«Отандастар қоры», Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен Túrkistan халықаралық газетінің Atajurt айдарын таныстыру және алыстағы ағайынмен рухани-мәдени, ақпараттық байланыс орнату мақсатында алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастармен онлайн жүздесуі өтті. «Túrkistan қандастарға төрін ұсынады» деген Zoom платформасында өткен шараға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасының басшысы Мұхтар Кәрібай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсінбаев, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы Сырымбек Төлеу, халықаралық Тúrkistan газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай және әлемнің 30-ға жуық елінен қандастарымыз қатысты. Онлайн жүздесу барысында алыстағы ағайынға Тúrkistan газетінің қандастарға арналған Atajurt жобасы таныстырылды.
Еске сала кетейік, елге оралған ағайынды қолдау мақсатында «Nur Otan» партиясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қорының» бірлесуімен Тúrkistan газетінде қандастарға арналған Аtajurt жобасы қолға алынған еді. Жыл басынан бері газет тілшілері Аtajurt жобасымен қандастар көп шоғырланған Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына арнайы іссапармен барып, ондағы қандастарға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп келеді.
Аталған онлайн жиынға қатысқан қандастар мен шетелдегі мәдени орталықтардың жетекшілері өз ұсыныс-пікірлерін айтты.
Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, «Отандастар қоры» КеАҚ баспасөз хатшысы (модератор):
– Тúrkistan газеті – еліміздегі ең беделді қазақтілді басылымның бірі. Бұл газеттің өзіндік ерекшелігі – сараптамалық және тарихи танымдық тақырыптармен қоса қандастар мәселесі тұрақты жазылады. Басылым сонау 90-жылдары көші-қон саясаты енді қалыптаса бастаған тұста қандастарға арналған «Қоныс» қосымшасын шығарған еді. Оның заңды жалғасы ретінде Аtajurt жобасы жыл басынан бері өз жұмысын жүргізіп келеді.
Біздің мақсатымыз – шетелдегі қандастармен ел азаматтары арасында ақпараттық пікір алмасатын алаң қалыптастыру. Бұр ретте Тúrkistan газетінің Аtajurt жобасының орны ерекше. Сондықтан да біз жиынға қатысып отырған барлық қандасты осы жобаға атсалысуға шақырамыз.
Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы:
– Газетіміздің Аtajurt жобасында қандастарымызға қатысты әртүрлі өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, елге оралған кезде кездесетін әкімшілік кедергілер және әлеуметтік мәселелерден бөлек, мәдени-рухани жетістіктері де кеңінен қамтылды. Тек мақала ғана емес, қазіргі заман талабына сай бейнесюжеттер дайындалды. Баспасөз қандай да бір мекемеге тапсырма беруге немесе міндет жүктеуге құзыретті емес, әрине. Десек те, біз біраз кейіпкеріміздің мәселесінің оң шешім табуына әсер еткеніміз рас. Мәселен, Қытайдан көшіп келген қандасымыз, Қазақстан азаматы Қарақат Әбдеш күйеуі мен оның әкесі және екі інісі Қытайда жазықсыз сотталып, отбасы екіге бөлінгенін айтып, редакциямызға мұңын шағып келді. Өзі туыстарына бара алмайды екен, бір рет барғанда екі жыл үйқамақта ұстаған көрінеді. Өте қиын жағдай. Жап-жас келіншек, өрімдей балаларымен атажұртқа келіп, шарасыз күйде отыр. Жағдайды бүге-шүгесіне дейін баяндап, газетке мақала жарияладық. Ізінше халықаралық конвенцияларға сүйене отырып, екіге бөлінген отбасын қосуға ықпал жасауын сұрап еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған едік. Жақында хатқа жауап алдық, онда бұл мәселе бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай Елшілігіне нота жолдап, екіжақты кездесуде көтеретінін мәлімдеген.
Сол сияқты астана іргесінде негізінен қандастарымыз қоныстанған «Нұрбесік» деп аталатын шағын елді мекен бар. Шетелден қоныс аударған қандастарымыздың сол жерде тұрып жатқанына он шақты жыл болса да, әлі күнге дейін үй-жайларын заңдастыратын құжаты жоқ. Және елді мекенге бірде-бір коммуникация тартылмаған еді. Біздің редакция тілшілері бірнеше рет осы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, видеорепортаж жасап, газетке мақала жариялады. Әрі құзырлы мекемелерге сұрақты төтесінен қойып, хатты қарша боратты десем артық айтқан болмас едім. Нәтижесінде үйлерді құжаттандыру бірден реттелмегенмен, қазір сол елді мекенге жол салынып, ауызсу, газ тартылып жатыр. Тізе берсек, мұндай мысалдар өте көп. Қысқасы, заңымыздың құзыреті, газетіміздің пәрменділігі жететін жерге дейін аянып қалған тұсымыз жоқ.
Одан бөлек, газетімізде «Шетелдегі 100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Онда шетелдерде әртүрлі салада қызмет істейтін, әлемге әйгілі ірі компанияларда жұмыс істеп, табысқа жеткен, бірақ есімі жалпыға бейтаныс отандастарымызды газетімізге жазып, елге таныту, оны насихаттауды мақсат тұтқан едік. Алдағы уақытта қиыр қонып, шет жайлаған қазақтар жайлы материалдарды жинақтап, кітап қылып шығару жоспарымызда бар.
Еркін ҮЙСІНБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары:
– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Тúrkistan газеті – қазіргі заман талыбына сай отандық баспасөз саласында оқырманға жаңаша ақпарат беріп келе жатқан басылым. Аtajurt жобасы ел ішіндегі және шетелдегі қандастарымызға қатысты ақпараттарды оқырман назарына ұсынып келеді. Қоғам жылы қабылдаған газет жобасы болашақта қандастарымызбен отандастарымыздың пікір алмасатын медиа алаңына айналады деп сенемін.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мұндай оқырманға пайдалы жобаларды әрдайым қолдайды. Қаламгер қауым көтерген өзекті мәселелер өз шешімін табуына тілектеспін!
Мұхтар КӘРІБАЙ, Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасының басшысы:
– Сыртқы істер министрлігінің құрамындағы өзім басқарып отырған басқарманың құрылғанына биыл бір жыл толды. Біз әзірге Консулдық департаменттің құрамындамыз. Алда департамент әлде комитет ретінде дербес мекеме болып құрылады деп жоспарлап отырмыз. Ол кезде де «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз деген ойдамын. Қандастарға халықаралық деңгейде қызмет көрсетсек деген жоспарларымыз бар. Осы орайда, ақпарат құралдарының орны ерекше. Бұл ретте бүгінгі таныстырылымы өткізіліп жатқан Тúrkistan газетінің Аtajurt жобасы үшін атқарар жұмыс көп.
Сырттағы ағайындардың көбі төтеше және латын әліпбиін қолдануына байланысты, біздегі кириллицамен жазылған ақпараттың оқылуы қиын. Сондықтан сырттағы қандастарымыз үшін ақпаратты бірнеше әліпбиде жүргізу өте маңызды.
Сыртқы істер министрлігі және оның сырттағы барлық дипломатиялық мекемелерінің көмегімен Тúrkistan газетін шетелге таратуды қолдауға әзір.
Мағауия САРБАСОВ, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті:
– Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері сырттағы ағайынмен байланыс үзілген жоқ. Мейлінше жыл сайын артып келеді.
Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақтардың жалғыз Отаны бар, ол – қасиетті қазақ елі» деген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шетелдегі қандастарымызбен тығыз байланыс орнатып, оларға қолдау көрсетуді тапсырды. Бұл қолдаудың бір парасы – қандастарды ақпараттық қолдау мәселесі қашанда өзекті. Осыған орай 2020 жылдан бастап Тúrkistan халықаралық газеті қандастарға арналған Аtajurt жобасын қолға алды. Газет журналистері еліміздің әр өңіріне арнайы іссапармен барып, қандастардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жергілікті жердегі қордаланған түйткілді мәселелерді көтеріп, оң шешім табуына ықпал етті. Қандастарды құжаттандыру, білім беру, көші-қон және тағы басқа тақырыптарды қоғам талқысына салды. Одан бөлек, шетелдегі әлемдік ірі компанияларда жемісті қызмет атқарып жүрген отандастарымызбен эксклюзивті сұхбаттар жасап, кейінгі буын жастардың білімге қызығушылығын арттыруға жол ашты. Тúrkistan халықаралық газеті және газеттің веб-сайтында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» өткізген іс-шаралар мен жобалар туралы ақпараттар үнемі жарияланып тұрады. Сондай-ақ біздің де сарапшы мамандарымыздың мақалалары газетке жарияланып келеді.
Осы сәтті пайдалана отырып ел игілігі жолында қолына қалам ұстаған Тúrkistan газетінің ұжымына «Отандастар қоры» және жеке өз атымнан алғысымды білдіремін.
Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ:
– Осы тұста қосымша бір ақпаратты бере кетейін. «Отандастар қорының» төрт бағытты жұмысының бірі – ақпараттық қауымдастық. Әзірге шартты атауы – «Атажұрт». Ол – шетелдегі барлық қазақтілді ақпарат құралдарын бір ортаға біріктіріп, қауымдастық құру. Қазірдің өзінде «Отандастар қорының» зерттеуі нәтижесінде 77 ақпарат құралының дерегі жиналды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Келесі жылы індет тоқтап барыс-келіс қалпына келсе, қауымдастықты ашамыз деп жоспарлап отырмыз.
Сырымбек ТӨЛЕУ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы:
– Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Отандастар қорымен» бірлесіп, көптеген жобаларды іске асырып келеді. Бүгін де, міне, Тúrkistan газеті шеттен келген қандастарымызды қолдау бағытында олардың әртүрлі түйткілді мәселелерін шешуде көп жұмыс атқаруда. Шетелде тұратын танымал қандастарымызды газет бетінен үзбей оқып тұрамыз. Еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген, жетістіктерге жеткен қандастарды таныту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Атқарылған жұмыстарға алғыс айта отырып, алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін!
Мұрат ЕРМИШ, Еуропадағы қазақ қоғамдары федерациясының президенті /Швеция/:
– Тúrkistan газеті – бізге жеткен бірінші газет. Сондықтан да Тúrkistan газеті өте ыстық, жанымызға жақын. Аtajurt айдары құтты болсын! Өте жақсы жұмыс істеп жатырсыздар. Шетте жүрсек те сіздер арқылы мәлімет алып тұрамыз. «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына, Тúrkistan газетіне және барша қатысушыларге көп-көп рақмет.
Серхан ДИНЧТУРК, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі, «Қазақ елі» журналының баспагері /Түркия/:
– Біз Түркия қазақтары осында 70 жылдан аса өмір сүріп жатырмыз. Біздің ұйым қазір Еуропа елдерінде өмір сүретін қазақтарға арнап «Қазақ елі» журналын шығарып келеді. Журнал 4 жылдан астам уақыттан бері қазақ және түрік тілінде шығады. 80 млн жан саны бар Түркияға қазақ халқын таныту мақсатында шығарып отырмыз.
«Қазақ елі» журналы мен Тúrkistan газеті арасында байланыс орнатуға әзірміз. Жоғарыда атап өткен «Шетелдегі 100 жаңа есім» жобасы да қуанышты жаңалық болды. Біздің Түркиядағы қазақтар арасында Түркияға танымал көптеген азаматтар бар. Олармен де байланыс орнатсаңыздар құба-құп.
Тúrkistan газеті сыртта жүрген қандастарға мұндай іс-шаралар ұйымдастырып, үлкен жоба жасап, бізбен тығыз байланыс орнатамыз деген ізгі ниеттеріңізге алғыс айтамын.
Галина НҰРТАЗИНОВА, Германиядағы қазақтар бірлестігінің жетекшісі /Германия/:
– Тúrkistan газетінің Аtajurt жобасына қатысты бірер сауалым бар еді. Мен 30 жылдан бері Германияда тұрамын. Көптеген салада орыс тілі қажет болғандықтан тіліміз солай қарай ауып кетті. Сондықтан да біз Аtajurt айдарын қалай оқи аламыз? Қандай форматта, қай тілдерде шығады? Орысша шыға ма?
Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы:
– Газет аптасына бір мәрте шығады. Ал сайтымызда ақпараттар күнделікті жаңарып отырады. Газет орыс тілінде шықпайды. Келешекте ағылшын тілінде материалдарға орын беруіміз мүмкін.
Торғын ӘШЕНОВА, «Омбы қазақтары» газетінің қызметкері, /Ресей Федерациясы/:
– Біз Омбыда тұрамыз. Біз де осында өз күшімізбен «Омбы қазақтары» газетін шығарып келеміз. Газетіміздің шыққанына биыл 6 жыл толды. Газет айына бір рет шығады. Пошта арқылы Омбы қаласының 22 ауданына таралады. Қазақша және орысша жазамыз. Бір өкінштісі – қазақ тілінде жазатын авторлар аз. Сондықтан да егер мүмкіндік болса, атажұрттағы қаламгерлер бізге де материалдар ұсынып, ақпараттық қолдау білдірсеңіздер жақсы болар еді.
Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, «Отандастар қоры» КеАҚ баспасөз хатшысы (модератор):
– Шетелде жүріп, өз қаражатымен қазақ тілінде газет шығару ерлікке пара-пар жайт. Өз мүмкіндіктерімен мұндай газет шығарып отырған Нәзия Исакова, Қуаныш Елеутаев және Торғын Әшенова қандастарымызға зор алғыс білдіреміз!
Нұрлан УСМАНОВ, «Халық сөзі» газеті орыс бөлімінің жауапты хатшысы /Өзбекстан/:
– Өзбекстандағы қазақ мектептері үшін қолдан келгенше кітаптар шығарып жатырмыз. Соның ішінде бізде балаларға арналған әдеби оқулықтар тапшы. Осы мәселені ескерсеңіздер. Өзбекстан министрлер кабинетінің қолдауымен қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» деген газетіміз бар.
Зәуре СӘМИНОВА, Душанбе қаласындағы «Бәйтерек» қазақ қауымдастығының жетекшісі
/Тәжікстан/:
2021 жылға Тúrkistan газетіне жазылсақ...
– Душанбеде біздің «Бәйтерек» орталығында шағын кітапханамыз бар. Өзім қазақ тілінен сабақ беремін. Жыл сайын 30 шақты оқушыны қазақша оқытудамыз. Өздеріңіз білесіздер, осындағы қазақтардың тілі парсы тіліне ауып барады. Оларды 100 пайыз қазақша оқытпасақ та 70-80 пайызына қазақ тілін үйретудеміз. Одан ары қарай Қазақстанға барып, оқуға түсуі өздеріне байланысты. Ал сіздерге айтар ұсынысымыз мынау, бізде ауылды жерлерде де қазақтар тұрады. Онда интернет жоқ. Сондықтан бізге газеттің қағаз нұсқасы керек. Міне, 2021 жыл келе жатыр. Осыған орай, Тúrkistan газетіне жазылсақ. Пошта арқылы бізге жіберсеңіздер, қазақтар тұратын ауылдарға таратсақ деген ниеттеміз. Оспан НӘБИ, Баян-Өлгей аймағындағы қазақтілді бұқаралық телерадио орталығының директоры /Моңғолия/: – Моңғолия қазақтарының 90 пайызы елдің батысында орналасқан Баян-Өлгей аймағында өмір сүреді. Баян-Өлгей қазақ радиосы 1965 жылдан бері бір сағат көлемінде қазақша хабар таратып келеді. Атамекен Қазақстанмен байланысымыз қашан да тығыз. Қазақстандық телеарналардың барлығын OTAU TV арқылы көріп отырамыз. Одан бөлек, газет-журнал және кітаптар келіп тұрады. Оның оң әсері Баян-Өлгей қазақтарының ана тілін ұмытпауына зор үлесін қосты. Жапарбай ШАДКАМ, Зейнеткер, тәуелсіз журналист /Иран/:Ирандағы қазақтардың тыныс-тіршілігін газет тілшілері келіп, өз көзімен көрсе...
– Тúrkistan газетін бұрыннан білеміз. Газеттің көптен бергі оқырмандарының бірімін. Сайттарыңызды оқып отырамыз. Иран қазақтары жайлы да жазып тұрасыздар. Менің айтар ұсынысым: Иран қазақтары Қазақстандағы баспасөз беттеріне жақсы таныстырылмаған. Егер мүмкіндік болса, қазіргі пандемиядан құтылған кезде газет тілшілері келіп Ирандағы қазақтардың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысып, толыққанды материалдар жазсаңыздар дейміз. 80 млн халық өмір сүретін Иран елінде спорт және білім саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізген қазақ жастары бар. Олар туралы жазып, рухын көтеріп қойсаңыздар қуанар едік. Гауһар ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ, Иран телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосының директоры және Parstoday.com.kz сайтының аудармашысы, /Иран/: – Мен негізі Семейдің тумасымын. 10 жылдан бері Тегеранда тұрамын. Қазір қазақ тілінде күнделікті шығатын 30 минуттық хабарымыз бар. Негізінен Иранның жаңалығын береміз. Ал жаңадан ашылып жатқан айдар арқылы ақпарат алмасып тұруға әзірмін. «Шетелге шыққан әрбір адам елші» деген сөз бар ғой. Сондықтан мен де елімді Иран еліне таныстыру мақсатында әртүрлі іс-шараларға атсалысып жүрмін. Атап айтсам, қазақ әдебиетін парсы тіліне аударып, насихаттаудамын. Бір ғана мысал айтқым келеді, Ирандағы қазақтарға «Абай жолы» романы әлі толыққанды жетпегеніне көзім жетті. Мұндағы қандастар оқи алатын әліпбиімен Абай шығармалары жетуі қажет. Бұл мәселеге Қазақстан тарапы өзі атсалыспаса ол шешілмейді. Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы: – Өте бір қуанышты көңіл күйде отырмыз. Елордада отырып, дүниенің төрт бұрышындағы қандастармен салиқалы сұхбат өткіздік деп ойлаймын. Бұл сұхбатымыздың басы ғана. Өйткені әлі де мұндай мәдени-рухани байланыс одан ары нығая түсетініне сенімдімін. Жоғарыда біраз нақты ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның бәрі ескерусіз қалмайды. Тиісті жерлерге жеткізуге тырысамыз. Қазіргі жаһанға жайылған індет кезінде әлем қазақтарымен дидарласуға көпір болып отырған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қорына» алғыс айтамыз.Дайындаған Бақытбек ҚАДЫР